Ғаламаты көп қасиетті Ғайыперен қырық шілтен
Әрбір тасын қозғасаң тарих болып сөйлейтін оңтүстік өңірінде қасиетті орындар, әулиелі мекендер көптеп саналады. Соның бірі «Ғайыперен қырық шілтен» әулие жайлы жиі естігенімізбен, нақты тарихын біле бермейді екенбіз. Әйтеуір халық арасында «жапсарлас тұрған екі алып тастың арасынан адамдар өтеді екен, күнәсі қыруар пенде тас арасында қысылып қалып, күнәсі аздар өтіп кетеді, тас арасынан жылан, арыстан секілді қорқынышты елестер көрінуі мүмкін, қысылып қалғандар құрбандыққа мал атап, әрең босайды екен» деген ел аузындағы әңгімені бала кезден көп еститінбіз..
Он сегіз мың ғаламның құбылысы шоғырланған мекен
Ғайыперен қырық шілтен – арабтың, көне түркінің және парсының сөздерінен құралған ғажап тіркес. Арабтың «ғайыбы» «жоқ болып кету», «көзден тасалану» деген мағыналарда жұмсалады. «Шілтен» парсы тілінде «қырық тән немесе қырық дене» деген ұғымды білдіреді. Бұған қоса, мынадай да діни жорамалдар бар. Жалпы, әулиеліктің жеті сатысы бар. Оның ең жоғарғысы – құтып, екінші сатысы – әруақуль муқаддас, үшінші сатысы – Ғайыперен қырық шілтен болып саналады. Қырық шілтеннің құрамында қырық әулие болады. Әулиелердің ұлықтары Ғайыперен қырық шілтенмен бірігіп, Жаратқанды ұлықтап намаз оқиды екен.
Осыдан бір мүшел жыл бұрын әулие басына барып, екі тастың арасынан өткеніміз бар еді. Бірақ ол кезде бұл тастың тарихына тереңірек үңіле қоймаппыз. Жуырда сол қасиетті мекенге тағы да арнайы ат басын бұрдық. Алла тағала сол тастың арасынан екінші қайтара өтуді нәсіп етіпті.
Ғайыперен қырық шілтенге апаратын асфальт жол екі жақтан да төменге құлдилап барып, түйіскен жерінен тағы да сайға қарай жетелейді. Бір ғажабы, жол төмен қарай ентелей түскенімен, әдеттегідей тежегішті емес, газды басуға тура келеді. Өйткені жылдамдық өз-өзінен төмендей береді. Бұл құдіретті бұрыннан байқайтынмын.
Бізді Ғайыперен қырық шілтен әулиенің қызметшісі күтіп алды. Өзін Жиентай Мырзатайұлы деп таныстырған азамат жол бастап, әулиенің қасиеті мен тарихын таныстырды.
Кез келген қазақтың ұғымында Ғайыперен қырық шілтен бейнесі – зарыққанға медет, тарыққанға күш-қуат беретін ғаламат. Халық ауыз әдебиетінде, Қобыланды, Алпамыс батыр жырларында, қисса-дастандарда бұл ғаламат көп кездеседі. Адамата-Хауанаға дейін табиғаттың заңын, тіршіліктің көзін көрсеткен де осы Ғайыперен қырық шілтен деп айтылады. Алақандай жерде он сегіз мың ғаламның бүкіл құбылыс белгісі шоғырланыпты.
Адамата – Хауана тасы
Құдайдың құдіреттілігі болар, шынында да, алақандай жерден неше түрлі бейнелердің тас мүсінін көруге болады. Адамата мен Хауананың, ұшқан құс пен жүгірген аңдардың бейнесі бір Алланың құдіреттілігімен жоқтан бар болған, ғайыптан пайда болған дейді. Ғайыперен осы тұрған күш-құдірет, ал қырық шілтен – көзге көрінбейтін қырық бір ата.
– Қырық бір атаның біріншісі, міне, босаға, – деп бастады Жиентай Мырзатайұлы бір-біріне жақын жатқан екі тасты көрсетіп. Ұл бала үйлену, қыз бала тұрмыс құруы қажет, бұл жерден босағаның берік, шаңырақта ынтымақ-берекенің болуын сұраймыз. Өлі риза болмай, тірі байымас, «бисмиллаһир рахмани рахим» деп босағадан оң аяқпен аттап кіреміз. Осы босағадан қайтып шыққанша өзіміздің бала-шағамыздың амандығын, келешегімізді, арман-мақсатымызды сұраймыз.
Босағадан аттағаннан кейін алдымызда тұрған қасиетті тұт ағашына тоқтадық. Бұл жерден тамырланып өсетін жеміс-жидек, дән-дақылсыз бізге күн жоқтығын білдіреді екен.
Әулиедегі ең үлкен қасиетті белгілердің бірі – Адамата мен Хауана. Бұл жерде еркек – жел, дауыл, от, суға шыдамды, әйел затының пірі, қорғанышы. Ата Ананы қорғап тұр. Тастағы мың сан тесіктер Ананы оттан, судан қорғаған Атаның қырық тесік шапанын білдіреді.
Ана – үйге жаралған, ана – от басы, ошақ қасы. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазаннан аумайтын белгі бар. Бұл – төрт құбыламыз түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын деп тілек тілейтін жер. Одан сәл әріректе нәресте белгісі бар. Нәрестелі, перзентті болу сұралады. Осы тұста ата-анаға бас иіп, құран оқылып, екеуінің ортасынан, атаның қолтығынан өту рәсімі орындалады.
Қазығұрт – тіршіліктің бастауы
Нұх пайғамбарымыздың уақтысында бүкіл жер жүзін топан су басқаны туралы аңыз көпшілікке аян. Нұх пайғамбар Алланың қалауымен кемесіне күллі тіршілік атаулыны салып, Ғайыперен қырық шілтен әулиенің күшіменен Қазығұрт тауының басына қайырлаған деседі. Осы жердегі кемеге ұқсас бейнетас – пайғамбар кемесінің белгісі. Нұх пайғамбар кеме тоқтаған жерге қазық ұрып, «Қазығұрт» тауының атауы осылай дүниеге келген екен. Топан судан кейінгі тіршіліктің осы тұстан басталатыны аңызға арқау болған. Ғайыперен қырық шілтен топан су астында қалса да бүлінбеген деп айтылады.
Әулие қызметкерінің жол бастауымен жалпақ тастың жанына жақындадық. Бұл – көзге көрінбейтін аталарымыздың, қырық бір әулиенің дастарқан белгісі екен. Дастарқанның кең, берекелі, мол болуын тілеуге болады.
Зиярат соңында Ғайыперен қырық шілтен әулиенің босаға алдындағы бір арнаға тоғысқан үш бұлақтың – көз суы, құлақ суы және өңеш суы ем болсын деп ішіледі. Үш бұлақтан аққан қосынды судың адамның ішкі құрылысына ем болатын қасиеті бар дейді.
Ғайыперен қырық шілтен жайлы қысқаша білгеніміз осы болды. Аңыз түбі ақиқатқа тірелері белгілі. Әрине, Аллаға серік қосу – күнәнің үлкені. Бірақ әулиелі жерге зиярат ету Аллаға серік қосу болмаса керек. Біз тілекті тастан емес, әулиені дәнекер ете отырып, Алладан сұраймыз.