Бізге беймәлім Бесіктөбе

Бізге беймәлім Бесіктөбе

Қазақ даласының әрбір төбесінің астында бүгіп жатқан бір құпия бар секілді. Бағзы заманнан бергі кезеңнің шежіресіне айналған сол төбелер жайлы елдің ішінде айтылатын әфсана аз емес. Ертеден құймақұлақ қарттардың айтатын құнды әңгімесіне құлақ түріп үйренген біздің ұрпақ үшін өткен тарихқа ойша оралу тәрізді. Өкініштісі, біз көп жағдайда тек аңызға сүйеніп жатамыз, тасқа басылған дүние жоқтығынан кейбір жайларды ауызба-ауыз тараған әңгіменің желісімен пайымдаймыз. Көне заманнан көшпенді тіршіліктің қазанын қайнатқан қазақ халқы үшін дала пәлсапасы – өте бір орны бөлек дүние. Сондықтан атадан балаға аманатқа айналып, әлі күнге дейін жұрттың жадында сақталып келе жатқан сол бір әфсаналар сырына тереңірек үңілгіміз келеді...
Түркі жұртына ортақ ордамыз – Түркістан шаһа­ры­нан Отырар ауданына бет түзейтін тасжолдың бойымен Арыс­танбаб кесенесіне жүріп келеміз. Жол жүрген адам жан-жағына көз салады. Біз де көліктің тере­зе­сі­нен даланың келбетін тамашалап келе жатқан едік. Бір сәтте төбе үстінен бесіктерді көзіміз шалып қалды. Бұл көрініске еріксіз таңданыс білдірдік. Көлікті тоқ­та­тып, аталмыш көрініске тағы бір мәрте зер салдық. Кө­зіміз алдаған жоқ екен. Төбе үстінде шынымен-ақ бос бесіктер тұр. Олар неліктен бұл жерге қойылған? Бізді бірден-ақ осы ой мазалай берді.
Төбе жақтан келе жатқан қарт кісіден жөн сұрадық. Жер­гілікті жердің азаматы екен. Өзінің білетінін бізге баяндап берді.
«Бұл жерді Бесіктөбе деп атайды, – деді ол кісі әң­гімесін бастап. – Көнекөз ақсақалдардан естігеніміз аз емес. Әрине, оның әрқайсысы әртүрлі. Біреулер осы орын­да қаланың орны болған дейді. Жаугершілік за­манда қас дұшпандар бесіктегі балаға дейін қырып сал­ғ­ан көрінеді. Бос қалған бесіктерді көрген жұрт сосын Бесіктөбе атап кеткен деседі».
Осы әңгімесін айтқаннан кейін аз уақыт үнсіз қалған қария қайтадан әңгімесін сабақтай түсті. Біз де көкейге қонақтаған сауалдарды қойып жатырмыз.
– Аға, жаңа өзіңіз аталмыш атаудың шығуына бас­қа да себептер болуы мүмкін екенін айттыңыз. Енді со­ны тарқатып әңгімелеп бересіз бе?
– Өздерің жол үстінде жүрген көрінесіңдер. Уа­қыт­та­рыңды алмаймын ба? – деді ол кісі бізге сұраулы жүз­бен қарап.
Әңгіменің қызығы енді басталған секілді. Біз ерте­ден жеткен әфсананы тыңдау үшін сәл кідіруге тура кел­ді.
– Айта беріңіз, аға. Әңгімеңізді тыңдағымыз келіп тұр.
Осыдан кейін әлгі кісі бізге зер сала отырып, өзінің есті­ген әңгімесін одан әрі өрбітті.
– Ерте заманда осы маңда бір ерлі-зайыпты ғұмыр кеш­кен екен. Екеуі де тату-тәтті өмір сүрген екен. Өкі­ніш­тісі, олар бір перзентке зар болыпты. Қанша жыл отас­са да, шаңырақтың шаттығына айналатын сәби сүйе алмапты. Пәниден бақилыққа көшетін шақ ту­ған­­да ерлі-зайып­тылар Жаратушы иемі­з­ден жал­ба­рын­ған­ға ұқсайды. «Біздің пер­­зент беруді тілеген тілегімізді бер­медің. Ен­ді екінші тіле­гімізді бер. Біз пәниде бірге өмір сүрдік. Бақиға да бір күнде аттансақ» деп. Жа­ра­ту­шы иеміз бұл тілектерін қабыл етіп, қос бейбақ бір күн­де өмірден өткен екен.
Артында қалған ағайын оларды бір­ге осы төбенің басына қояды. Кейіннен ауыл­дағы ел-жұрт шетінеген бала­ны осы төбеге қойып жү­ріпті. «Олардың көзі тірі­сін­де пер­зенттері болмады. Енді мәң­гілік ме­кендерінде жал­ғыз­сы­рамасын» деген ниетпен солардың қасына жерлеп келіпті. Қайсыбір замандарда онда үш жүзге жуық бейіт пайда болған көрінеді. Уақыт өте ке­ле сәби сүйгісі келген жұрт бұл орынды Жа­ратушы ие­міз­ден бала сұрап келер ме­кен­ге айналдырып алған екен.
Әңгімешіл ағамыз бір сәтке үнсіз қал­ды. Біз де ол кісінің үнсіздігін бұзғымыз кел­ген жоқ. Бірер сәттен кейін қайтадан сөзін жалғаған ағамыз:
– Бұл жердің аталуында осындай сыр жа­тыр. Әрине, бәрі де бізге аңыз күйінде жеткен. Анық-қанығына уақыт төреші, – деді әңгімесін аяқтап.
Енді біз де көп бөгелуді жөн көрмей, алға жылжуға қам жасай бастадық. Ақ­са­қал­мен қоштасар сәтте тағы бір сауалды қойып үлгердік:
– Осы жерге перзент сұрап келген адам­­дардың тілегі қабыл болғанын көр­ді­ңіз бе? Олардың арасында танитын кісілер бол­ды ма?
– Мен Арыстанбаб кесенесінің арғы жағындағы Отырар ауданының орталығы – Шәуілдір ауылында тұрамын. Ес біл­гелі осы төбеге келіп, сәби сүйген адамдарды та­лай көр­дім. Сондықтан да бұл орынды киелі жер деп санап, әрлі-берлі өткенде дұға жасап тұрамын, – деді ағамыз бізбен қош­тасып.
Біз ілгері жылжыдық. Ойымыздан Бе­сік­төбе жайлы ай­тылған әңгіме кетер емес. Әрбір төбесі құпияға толы қазақ жерінің киелі екенін ұғынғандай болдық. Жалпы, Оты­рар ма­ңында көптеген көне шаһар орын­дары бар. Осы жер­лер­де Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Мардан-Құйық, Көк-Мар­дан және өзге де қалалардың орны қалған. Бәл­кім, бұл төбе де беймәлім шаһардың орны шығар. Дегенмен Бе­сік­төбе туралы мәліметті толығырақ білу мақсатында бір­ша­ма кітаптар ақтарғанмен, тұшымды дерек­терге кезіге қой­ма­дық. Үлкендерден сұрастырдық. Олар да мардымды мә­лі­мет айта қойған жоқ.
Бесіктөбе бізге әлі де белгісіз күйінде қалып отыр. Оның жұмбағын кім шешеді екен?..

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста