Заңгер ретінде халқыма айтар кеңесім
Қазіргі еліміздегі өзекті мәселелердің бірі жер мәселесі. Әлемдегі жер көлемі бойынша 9-ыншы орында тұрсақ та қазаққа жер жетпейді. Аталған мәселеге қатысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі Бақытжан Базарбек есімді заңгердің фейсбук парақшасындағы жазбасын оқырман назарына ұсынады.
Қазіргі қазағымның табиғаты
Ел аралап, жер аралап, қазағымның жеке психологиясын терең білдім демесем де, көп нəрсе түсінген сияқтымын. Кей сөздерім сізге ұнамайтын да шығар, мен өзгелерге ұнау үшін жазғаным жоқ, кей сөздерім жүрегіңізге батуы мүмкін, батса, ойым дұрыс жеткені. Сірə, осы постты оқып, миына тоқыған азаматтар, өмірге деген көзқарастарын күрт өзгертпесе де, бұл көзқараспен алысқа бармайтынына көзі жетсе, ойым мұратына жетті деп есептеймін.
Жер саласында заңгермін десең, «қазақ аузыңа жақсы», — демейді, «ісіңе сəттілік тілеймін», — демейді «жер алып бере аласың ба», — дейді. Тойғаннан кекіріп жүрген қазағым да, құйрығындағы іш киімінің жыртығына қарамастан той жасап, керіліп жүрген қазағым да «жер, жер», — деп жүр. «Жерім жоқ», — деп зарлап жүрген қазағым сол жерді алу үшін ақшасын далаға шашпай, тойғаннан құтырған шенеуніктің қалтасына тықпай тенгелеп жинаса, өз қалтасынан əдемілеп көзі түскен жерін алар еді. Əкімдердің мастанып құтыруына керек десеңіз, біз, жəй азаматтар кінəліміз. Жер керек болса, заңды ашып қарамаймыз, заңгерді іздеп қауғаланбаймыз, одан заң кенесін де қажет етпейміз, бар білеріміз - сол ауыл, не аудан əкіміне жинаған тергеніңді, тыққан -пыққаныңды, үйінде қарны аш, сауатсыз қалған балаңа, іш киімін бір жылда бір рет ауыстыратын қатыныңа қарамай, көзі аш жалмауыздардың аузына тыққаннан, көзін аша алмай жүрген қазақ.
Жер саласында заңгермін десең, қазақ ішкен асын жерге тастап визиткаңды алып, телефон нөміріңді жазып алуға тырысады. Ал мектеп мұғалімімін, сантехник не сыпырушымын десең, борбайы лас болса дағы оған қарамай көкірегін керіп, жаныңа жуымайтын қазақ.
Жер саласында заңгермін десең, ең біріншіден «әкімге қалай шығуға болады, оңай шешілетін жолы бар ма, беретін нәрсесін берейік, жүреміз ба заңға сәйкес», — деп жүрген сорлы қазақ... Мерзімін жер кодексіне сəйкес күту керек болса «заңның аты заң, егер мерзімі сондай болса заң бойынша болсын, заңның аты заң», — демейтін қазақ. Егер болмайтын шаруа болса, «заңмен тиым салынса, заңмен тиым салынған тірлік, заңды бұзбаймын», — демейтін қазақ...
Қашанғы қазақ сорлы, заңды белшесіне басып жүрер?! Сəл ақшасы қолына түскен қазақ соған мастанып, əкім мен жер бөлім бастығына құсардай ауызы мен бар қуыс-қуысына ақша тығып берер, қалғандары сорланып 10 сотық жерге тізімге де тұра алмай жүрер, бассыздар заңға қарамай жерді басып алар, үй соғып алар, содан кейін өмір бойы оны заңдастыра алмай жүрер...
Қашанғы, өз елімізде қазағымның жер иелері жасыл технологияның жаңа үрдістерін қолданып,жаңа экологиялық технология жолдарымен шөлейттенген жерлерді игеріп, оны құнарлы қылып, жоқтан бар қылып, қайта өзге ұлтқа дария дəрежемізді көтерердей тіршілік жасайды?!
Қазағыма кеңесім
Заңгер ретінде халқыма айтар сөзім, кеңесім:
жермен мұқтаж болсаң, жер керек болса, санаңды түзе, көзқарасынды өзгерт;
заңды ашып қара, құқығыңды нақтылап біліп ал, оны біліп алсаң қаншама ақшаң əкім не жер бөлімі бастығына бос, ауаға кеткенін байқайсын.
жеріңді, үйіңді заңдастыра алмай жүрсең ақшаңды сұмпайылардың қалтасына балаларыңның ауызынан жырыл алғанша, сол ақшаңды балаларыңның біліміне, сауаттылығына жібер. Заңды оқы, құқықтық сауатыңды көтеріп алсаң, заңның өзі заңдастырудың амалын көрсетеді. Заңи жолын таба алмасаң, сотқа бар.
нақтыланбаған, сыбыс сөздер, қауесет əнгімелер, кемпір-шал, қатын өсек əнгімелерге сенбе!!!!! Тек заңды жолмен жер кадастрі ақпараттарына, Бас жоспар, құрылыс жүргізу жобаларына, əділет органдарыңың құқықтық кадастрі жəне өзге ақпарат көздерінен жерге, үйіңе қатысты ақпаратыңды алуға тырыс. Оған заң жоо береді. Оған тосқауыл жасаған, қалтаңа сілекейін ағызып отырған шенеуніктен құқықтық жолмен қорғана біл, құқығыңды қорғай біл. Ақшаңды бос, өзгенің қалтасына шашпа, өзіңді, заңды жолмен ақпарат алу, заңды жолмен жеріңді, үйіңді рəсімдеуге үйрет. Балаңды, қызыңды, көршіңді, досыңды үйрет. Үнгірден шық. Тек солай ғана қоғам өзгереді. Тек солай ғана қазақ өзгереді.
Айтқаным, жазғаным жүрегімнің мұңы, қажет десеңіз зары деуге болады. Оны түсінетін адам ғана, түйсігіне тоқыр.
Жүрегіне батып, намысы оянып кеткен қазақ, айтқан сөзімде жан бар екеніне көзі жетер, бассыз, өтірік көкірек қазақ маған қайта шабар......
Əйтеуір өзгеге мазақ болмасақ, болғаны...