Түркілік ақпарат кеңістігі қанат жайып келеді
Түркияның Ыстамбұл қаласында Түркі кеңесінің «Тұғырлы тарихы бар жарқын болашақ» медиафорумы өтті.
Түркі кеңесі – түркітілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым. Тамырын 2009 жылдан алатын ұйымға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдері мүше. Түрікменстан Түркі кеңесіне әлеуетті мүше мемлекет болып саналса, Мажарстан – бақылаушы мемлекет. Бұған дейін Түркия елінен Халил Ақынжы және Әзірбайжаннан Рамиль Гасанов Түркі кеңесінің бас хатшылары болса, қазіргі таңда бұл міндетті Қазақстаннан Бағдат Әміреев атқарып отыр.
Түркі кеңесі медиафорумына қатысушыларға Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі арнайы құттықтау бейнеролигін жолдауынан бұл іс-шараның қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.
Медиафорумда арнайы сөз сөйлеген Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев түркі әлемінің ғасырлардан бері саяси, географиялық, идеологиялық және мәдени жағынан маңызды екенін айтты. «Қазір тарихта бірінші рет түркі әлемі ретінде ортақ саясаты, географиясы, мүдделері, мақсаттары және ортақ ақпарат алаңымен бірлесіп, біртұтас қозғалатын жағдайға келді. Бүгінде маңызды күш ретінде біртұтас түркі әлемі туралы айтуға болады», – деді ол. Сондай-ақ бас хатшы Түркиядан өзге мүше елдер биыл Тәуелсіздіктерінің 30 жылдығын тойлап жатқанын еске салып, осы шеңберде елдеріміздің тәуелсіздіктерін бірінші болып мойындаған Түркияда осындай форум ұйымдастырылуы 12 қараша күні Ыстамбұлда болатын Түркі кеңесінің VІІІ Лидерлер саммиті қарсаңында маңызды екеніне тоқталды.
Түркия Президенті аппаратының коммуникация басқармасы төрағасы Фахреттин Алтун өз баяндамасында: «Алдымызда әділетті мағынасыздандыруға, құнсыздандыруға, елеусіздендіруге және қауымды мәдени, экономикалық және идеология жақтан бодандық астына алуға тырысқан, яғни бір сөзбен айтқанда, бір жалған индустрия бар. Біз жалғанға және дезинформацияға қарсы шындықтың жағында болуды моральдық қағидаларымыздың дәстүрі ретінде қараудамыз», – деді. Сондай-ақ ол: «Осы таңда біздің міндетіміз – Түркі кеңесі ретінде цифрлық фашизмге, алпауыт империализмге және мәдени жалған индустрияға қарсы таралым каналдарымызды күшейту. Осы тұрғыдан алғанда Түркі әлемінің болашағы үшін күрес жүргізуіміз керек», – деді.
Қазақстандық делегацияны бастап барған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев медиа саласы мамандарын оқытуды ұйымдастыру және бірлескен контент құру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ медиафорумның басты тақырыбы – түркітілдес халықтардың жалпы тарихының ішінде қандай аспектілерге көңіл бөлуге болатынына тоқталды. Болашақта түсірілетін сериалдар, фильмдер болсын, солардың ішінде қандай маңызды мәселелерді шешуге болатынына осы форумда жан-жақты сараптама жасалғанын айтты. Еліміздің саяси-экономикалық және мәдени жетістіктеріне тоқтала отырып, медиа саласындағы жаңалықтарымен бөлісті. Түркітілдес мемлекеттердің медианарығында алдағы уақытта ынтымақтастықты нығайту үшін қандай шараларды қолға алу керектігін айтып өтті. Телеарналардың бір-бірімен тәжірибе алмасу жайы сөз болды.
Түркі кеңесі медиафорумының бірінші күнінде сериалдар өндірісін жолға қою мен тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Қазақ елінде түсірілген «Томирис» фильміне туыстас түрік ағайынның ерекше ықылас білдіргенінің куәсі болдық.
– Қазақ халқының тарихи «Томирис» фильмін түрік тіліне тәржімаладым. Осы форум аясында фильмнің режиссері Ақан Сатаев пен бас кейіпкер Томиристі сомдаған актриса Альмира Тұрсынмен жүздесудің сәті түсті. Бұл мен үшін өте қуанышты жағдай. Неге десеңіз, «Томирис» жедел, қалай болса солай аударыла салатын фильм емес. Өйткені фильм якут, саха диалектісінде, небір тарихи кейіпкерлердің технологиясымен жасалған, – деді Анкара қаласындағы ТРТ мемлекеттік телерадиокорпорациясының қазақ тілі редакциясының қызметкері Уфук Тузман. Жақын арада «Томирис» фильмі ТРТ мемлекеттік түрік телеарнасында көрсетілмек.
– Мажарстан Түркі кеңесі жұмыстарына бақылаушы ретінде қатысып отыр. Венгр халқы жалпы түрік дүниесінің ортасынан шыққаны кейде ескеріле бермейді. Түркілермен ғасырлар бойы бірге өмір сүрген көшпелі халық Еуропаның ортасына көшіп барып, қоныс тепкен. Біраз уақыт сол бірлігіміз үзіліп қалды. Қазір бұрынғы бірлігімізді қайтадан жандандырып, қалпына келтіру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бәріміз де осы саясатты қолдап, мүмкіндігінше көмектесіп келеміз, – деді Венгрия Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері, түрколог ғалым Дәуіт Сомфай Қара.
– Венгрияда мажарлармен бірге, қыпшақтар да ХІІІ ғасырдан бері өмір сүріп келеді. Қазақтарда да қыпшақ деген ру бар. Өкінішке қарай, Венгрияда қыпшақ тілі ұмытылып кеткен. Біздің ата-бабамыздың тіліне ең жақын үш тіл бар: олар – қазақ, қарақалпақ және ноғай тілдері. Біз бір-бірімізді өте жақсы түсінетін едік. Өкініштісі, Мажарстандағы қыпшақтар өз тілінен айырылып қалды. Түркі халықтары бірлікте болсақ, бәлкім, Мажарстандағы қыпшақтар да қазақтардан өз ата-бабаларының тілін үйреніп алады деп үміттенемін.
Түркі кеңесіне мүше мемлекеттерден медиафорумға 350-ден астам БАҚ өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, киноиндустрия, мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі блогерлер мен журналистика факультетінің студенттері қатысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары Дандай Ысқақұлы, Сансызбай Мәдиев, Айгүл Рамазан, Айнұр Сләмғажы және журналистика факультетінің студенттері Әзімбек Қойлыбай мен Алина Төрехан да медиафорумға қатысып, түркітілдес елдердің рухани байланысын жақсарту мақсатында ұйымдастырылған шарадан үлкен ой түйіп қайтты.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, сыншы:
– Сәкен Сейфуллин 1926 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті» кітабында: «Біз осындай ұлы халық едік. Ақсақ Темірдің, Тоқтамыс ханның, Едігенің билікке таласуы салдарынан қайта-қайта соғыса беріп, түркі әлемі әлсіреді. Әбден әлсіреген кезде орыстар келіп, Астраханның түбінен кесіп тастады. Түркі әлемінің бел омыртқасы үзіліп түскендей болды. Түркия мен Әзірбайжан батыста, денесі Орта Азияда қалып қойды. Содан бері Түркі әлемі есін жия алмай келеді», – дейді.
Өткен ғасырдың соңында КСРО империясы құлаған кезде Түркі әлемі тарих сахнасына қайта шықты. Соның бірі – осы түркілік бірлік мәселесі. Бірлік мәселесі көп айтылады, бірақ сол бірлікке қол жеткізе алмай келеміз. Кімнің сөзі, идеясы басым, кім ақпаратқа ие – сол әлемді билейді. Ұзақ уақыт бойы біздің санамызды орыстың сөзі мен идеялары билеп келді. Түркі әлемін, түркішілдікті жоққа шығару үшін біздің санамызды өзгерткен. Тәуелсіздік алғалы қайтадан өз қалпымызға келе бастадық. Бірақ әлі күнге дейін шешілмей жатқан мәселелер көп.
Осы жиында Қырғызстанның жағдайы айтылды, Қырым татарларының жайы сөз болды. Мысалы, Қазақстанның жағдайын айтар болсақ, еліміз тәуелсіздік алған кезде халқының 38-ақ пайызы қазақтар болды. Халықтың басым бөлігі орыс тілінде сөйледі. Астанамыз Алматыда бір ғана қазақ орта мектебі бар еді. Егемен ел болғаннан кейін көптеген жетістіктерге жеттік. Дегенмен ұлттық санамыз әлі күнге дейін түркілік деңгейге жете қойған жоқ. Түркілік ақпарат кеңістігі әлі өзінің лайықты орнын ала алмай жатыр.
Түркі әлемі деген тұтас бір қоғамдық ұйым керек. Түркілік ұлттық құндылықтарды, түркілік рухты насихаттайтын, аз ұлттарға көмектесетін, Ресей, Қытай, Иран, Ауғанстан, тағы басқа мемлекеттерде өз тілін, әдет-ғұрпын ұмытып кеткен бауырларымызды қорғайтын, соларға рухани көмектесетін түркілік әлем ұйымын құру керек. Өзіміздің ұлы халық екенімізді, қолымыздан көп нәрсе келетінін дәлелдеуге тиіспіз. Жаһандану заманының сұрқы жаман. Әр екі аптада бір тіл, бір ұлт жойылып жатыр. Соның ішінде түркітектес халықтар да бар. Соларды сақтап қалу үшін де біз бірігуіміз керек.
Сансызбай МӘДИЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы:
– Өткен ғасырдың 30-жылдары Әзірбайжанда түркі елінің тіл мамандарын жинап, үлкен конференция өткізгенде ұлы ұстазымыз Ахмет Байтұрсынов төбесі көкке жеткендей болған. Қазақ елінің мерейі өсіп, басымыз қосылатын болды деп үміттенген. Міне, қазір бүкіл түркі дүниесінің баспасөз құралдарының басын қосып, бәріміз бірігіп келелі мәселелерді шешуге талаптануымыз өте құптарлық жайт. Бұл ретте Түркі кеңесінің төрағасы ретінде Бағдат Әміреевтің де сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Алдағы уақытта осындай басқосу әлі де дами түседі деп ойлаймын. Бұл жиынға қатысқан адамдардың әрқайсысының өзіндік салмағы бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен қатысқан ғалымдар, магистрант-докторанттар өте ерекше сезімде болумен қатар, қаншама елден келген әріптестерімен байланысын нығайта түсті. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан мен Мажарстанның оқытушы-профессорларымен алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз деп ойлаймын.
Екіншіден, бұл жиында үлкен мәселелер қозғалды. Түркітілдес мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдарына бұрын-соңды болмаған серпіліс тудыруға жағдай жасалды. Қазіргі таңда түркі елдерінде, жалпы, мұсылман елдерінде болып жатқан жағдайларды бұрмалау, тіпті көпе-көрінеу қаралау әлемде белең алып тұрғаны рас. БАҚ-тың өтірік ақпарат таратуға бейімделгені соншалық – тіпті тұтас бір мемлекеттерді жоқ қылып жатыр. Мұндай жағдайда «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші, бірлі-жарым болып, жеке-дара ештеңе бітіре алмаймыз. Сол үшін түркітілдес халықтар бірігіп, осындай жағдайларға тосқауыл қоятын болсақ, болашағымыз жарқын болары сөзсіз. Мысалы, Әзірбайжандағы Таулы Қарабақта болған қақтығыстың өзі көп нәрсеге көзімізді жеткізді. Таулы Қарабақ оқиғасы осы өтіп жатқан медиафорумда көп айтылды. Мұндай жағдай кез келген мемлекеттің басында болуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта БАҚ-тың басын біріктіріп, әлемде шындықпен ғана атымыз шыққан халық ретінде ақиқат ақпаратты таратуға барымызды салуымыз керек. Жалпы, медиафорумның үлкен әсері болды.
Медиафорумға қатысушылар ТРТ мемлекеттік телерадиокорпорациясының сериалдар түсіру алаңымен танысып, Босфор бұғазына саяхаттап, Айя Софья мешітінде болды.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
Алматы – Ыстамбұл – Алматы
«Qazaq universiteti» газеті, №39, 2021 жыл