Шығыстанушылар ұлттық дипломатияның құрылуына зор үлес қосты
Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиясының басым бағыттарының бірі – шығыстық, яғни азиялық бағыт. Еліміздің геосаяси жағдайына орай қалыптасып отырған сыртқы саясаттағы және сыртқы экономикалық қызметтердегі шығыстық бағыттың басымдыққа ие болуы заңды құбылыс. Әлемдік деңгейде де біртіндеп евроцентризмнен шығыстық бағытқа бет бұру үрдісі белең алуда. Шығыс үдемелі түрде дамып отырған демографиялық және экономикалық қарқынымен ғана емес, сарқылмас ғылыми ілімдердің де ошағы ретінде өзіне тартуда.
Елбасымыздың «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында ендігі меже – тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі дамыған ТОП-30 мемлекеттердің қатарына қосылу екені көрсетілген. Қазақстанның әлемнің ең дамыған, өркениетті, алпауыт мемлекеттер қатарына қосылуы үшін еліміздің жарқын болашағының кепілі, өркениетті елдің кемел келбеті, тәуелсіздік тұғырын нық ұстайтын білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі буынның, білім беру саласы қызметкерлерінің қасиетті міндеті, парызы.
Шығыстану ғылым және білім саласы ретінде алғаш рет Еуропадағы отаршылдық дәуірінің басталу кезеңінен пайда болған. Шығыс елдерін отарлау мақсатындағы практикалық мақсаттардан туындаған алғашқы қарапайым ілімді игеруден біртіндеп ғылыми зерттеу және білім саласындағы тілді игеру салаларын дамыту дүниеге келді. Сол кезден бастап батыстың отаршыл елдерінің бірқатарында шығысты зерттеу орталықтары қалыптасты. Отаршылдар шығыс қоғамына қатысты құнды дерек көздерін, кітаптарды елдеріне алып кетіп, соның негізінде батыс елдерінде зерттеулер жасалып, бай дерек қорлары мен кітапханалар, зерттеу орталықтары пайда болды.
Қазақ халқы үшін шығысты тану, оның тілдерін білу, мәдениеті және әдебиетімен таныс болу бұрынғы замандардан бар үрдіс. Ертерек замандардағы қазақ даласынан шыққан ғұламаларды айтпағанның өзінде, бергі замандағы Абай, Шәкәрім, Шоқан сияқты ғұламаларымыз шығыстың бірнеше тілін біліп, шығыс ғұламаларының шығармаларымен таныс болған, оларды қазақшаға аударған.
Қазақстанда шығыстану білім беру саласы ретінде өзінің дербес дамуын тек тәуелсіздіктің сәл алдында, 1989 жылы біздің университетте шығыстану факультетінің дүниеге келуінен бастау алады. 1994 жылы шығыстану факультетінің алғашқы түлектері қанат қақты.
Шығыстық бағытты басты назарға ала отырып шығыстану факультеті осы жылдар ішінде шығыс елдерінің тілі мен әдебиетін, діні мен ділін, тарихы мен саясатын, қоғамы мен экономикасын зерделеген мыңдаған түлектерін даярлап шығарды. Университетімізде педагогтардың Әбсаттар Дербісәлі, Кеңес Қожахметұлы, Әбдіғали Шөпеков, Мәрзия Мәженова, Гүлжан Рамазанова, Клара Таджикова, Өтеген Күмісбаев, Гүлнар Надирова, Герман Ким т.б. ұстаздардың қазақстандық шығыстанушылар мектебі қалыптасты. Олар құлшынысқа толы, жігерлі де патриоттық сезімдері жоғары жастардың маман ретінде қалыптасуына, ұлттық дипломатиямыздың құрылуына зор үлестерін қосты. Бұл ұстаздар шығыс елдерінің тілі мен әдебиетінен, тарихы мен саясатынан дәрістер оқып, жан-жақты білім беруге тырысты. Сондай-ақ сол кездегі шығыстанушы маман педагогтардың тапшылығына орай, университетке шығыстанушы орталықтарда білім алып, түрлі салада қызмет атқарып жүрген Бахтияр Тасымов, Мұхтар Тілеуберді, Бағдат Әміреев, Сайлау Батыршаұлы, Ақылбек Қамалдинов, Асхат Оразбай сияқты шығыстанушы мамандар жұмысқа шақырылды. Олардың барлығы дерлік кейін қазақстандық дипломатияның, сыртқы саясаттың бүкіл бір дәуірін қалыптастырған тұлғаларға айналды. Шығыс елдерінің тілдері, мәдениеті мен саясаты туралы еңбектер жазды. Дипломатиялық қызметте жүрсе де, педагог ұстаз деген қасиетті қызметін ұмытпастан шәкірттерінің қызметте шыңдалуына үлес қосып, қазақстандық дипломатия мектебін қалыптастырып келеді.
Сапалы дипломат кадрларды даярлауда ұстаздар жас маманның бойына жан-жақты терең білімді, жаңа жағдайларға тез бейімделе білу дағдысын, жылдам әрі салмақты шешімдер қабылдай білуді, мәселелерді мемлекеттің сыртқы саясат доктринасына қайшы келмейтіндей етіп шеше білуді үйретуге тырысты.
1994 жылы шығыстану факультетінің шығыстану бөлімін бітірген алғашқы түлектердің дені мемлекеттік қызметтерге алынып, жас тәуелсіз еліміздің заманауи мемлекет ретінде қалыптасуына олар да кірпіш болып қаланды. Олардың барлығы дерлік тәуелсіз мемлекетіміздің әртүрлі салаларындағы – СІМ, ҰҚК, кеден, шекара, коммерциялық құрылымдарға қызметке кетті. ҚР СІМ-де алғашқы қызметтерін қарапайым кіші қызметкер мен тілмаштықтан бастаған олар қазір біздің мақтанышымызға айналған, маман ретінде өздерін толық таныта білген азаматтарға айналды. Олардың қатарында Қазақстанның Азия және Африка елдеріндегі төтенше және өкілетті елшілері Қайрат Лама Шариф, Азамат Бердібай, Берік Арын, Ержан Мұқаш, Арман Исағалиев, Бақыт Батыршаев сияқты түлектеріміз Араб елдерінде, Шахырат Нұрышев, Ғабит Қойшыбаев ҚХР-да, Ерлан Әлімбаев Үндістан Республикасында ҚР төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарды. Қазіргі күнде Шахырат Нұрышев СІМ бірінші орынбасары, ал Ерлан Әлімбаев СІМ орынбасары қызметтерін атқаруда, жапонтанушы Батырхан Құрмансейіт қазір СІМ төтенше тапсырмалар жөніндегі арнайы елші, қытайтанушы Нұрлан Аққошқаров Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы Қазақстанның арнайы тұрақты өкілі қызметтерін атқарып отыр. Бұдан басқа да СІМ, ҰҚК т.б. мемлекеттік қызмет саласында абыройлы түлектеріміз жетерлік. Ғылым мен білім саласында қаншама түлектеріміз еңбек етуде. Міне, бұл тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан қазақстандық шығыстанушылар.
Отыз жылдан астам тарихы бар шығыстану факультеті осы жылдар ішінде ғылыми кадрларды даярлауда өз үлесін қосып келеді. Ғылым мен білім беру саласында да алғашқы түлектеріміз шығыс тілі мен әдебиетінен, тарихы мен саясатынан дәріс беріп, әрі өздерінің ғылыми ізденістерімен жетістікке жете бастады. Қазір ғылым докторлары мен кандидаттары және жаңа форматтағы философия докторы (PhD ) дәрежесіне ие болғандар саны жыл сайын артып келеді. Шығыстану мамандығы бойынша шығыс елдерінің филологиясы, тарихы, саясаты, сыртқы саясаты, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қоғамдық өмірі туралы зерттеу жүргізіп, еңбектерін жариялай бастады. Ғылыми зерттеу бағыттары Қазақстанның сыртқы саясат доктринасын қалыптастыруға, халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін сараптауға септігін тигізер еңбектер деуге толық негіз бар.
1996 жылы елімізде Ғылым академиясы жанынан Шығыстану институты ашылды. Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі шығыстанулық зерттеулердің дені осы институт арқылы жүруде. Академиялық ориенталистиканың бір саласы – шығыс археографиясымен белсенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырған бұл ұйымның тындырғаны айтарлықтай көп. «Мәдени мұра» бағдарламасына белсене үн қосып, соның арқасында шетел мұрағаттары мен кітапханаларында жинақталған қазақ тарихына қатысты материалдарды тауып, оны талдап, саралап, ғылыми аударма жасап халыққа ұсынды, бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Ал шеті ойылмай жатқан тарихи мұраларымыз әлі де жетерлік. Шетелдік тарихи құжаттар қоры мен кітапханаларда зерттеуін күткен дүниелер қаншама. Ол үшін жүйелі де мақсатты бағдарлама құрып, мемлекеттік қолдау арқылы осы тарихи мұраларымызды зерделеу кезек күттірмейтін мәселе.
Орталық Азиядағы ең ірі мемлекеттердің бірі – егемен Қазақстан аймақтағы көшбасшы елге айнала отырып, бүгінде өзінің шынайы тарихын қалыптастыруда және әлемнің көптеген елдерімен белсенді қарым-қатынас ұстануда. Қазақстанның шығыс елдерімен өзара қарым-қатынастарын, шығыстың мәдениеті мен экономикасын, тіпті қазақтардың өз төл тарихын зерттеп, зерделеуі үшін де шығыстанушы мамандарға деген сұраныс әсіресе қазіргі таңда аса қажет деп есептейміз.
Шығыс елдерінің қазіргі кезеңдегі жаһандану мен әлемдік шаруашылық-саяси жүйеге қарай интеграциялану дәуіріндегі олардың тарихының іргелі мәселелерін саралау, сондай-ақ қазіргі замандағы шығыс елдерінде жүріп жатқан тарихи-саяси үрдістерді олардың тарихи тәжірибесі мен өркениеттік ерекшеліктерін ескере отырып, соған сәйкес, шығыстанушылардың кәсіби түсініктерін қалыптастыру ғалымдардың алдында тұрған жауапты міндет.
Кез келген мемлекет басқа елдің тарихын зерттеуге өз елінің мүддесі тұрғысынан қарайды. Әлемдегі шығысты зерттеуге бетбұрыс немесе ориентализм ғылым және білім саласы ретінде дамуы отаршылдық заманынан бастау алғанын жоғарыда айттық. Батыс пен ресейлік ориентализм осы мақсатта пайда бола отырып, бүгінге дейінгі кезеңде ірі-ірі классикалық ғылыми мектептер қалыптастырып, адамзат игілігіне аса бай зерттеулер мен құнды деректер топтамасын қалыптастырды. Шығыс елдерін зерттеу ісі бұл елдерде қазіргі таңдағы әлемдік геосаяси жағдайларға, заманның даму бағытына орай жаңа сипатпен дамуын жалғастыруда. Сондай-ақ шығыс елдерінің өздерінде де отарсыздану дәуірі басталғалы бері дербес тың зерттеулерін дүниеге әкелуде. Шығыстану ілімі туралы отаршылдық сипаттағы еңбектерден, қасаң тұжырымдардан өзгеше, дербес шығыстық сипаттағы теориялар мен концепциялар қалыптастыруда, яғни шығысты шығыстық көзбен зерделеу белең алуда.
Ал тәуелсіз Қазақстанның шығыс елдерін зерттеудегі негізгі міндеті – қазіргі әлемде қалыптасып отырған геосаяси жағдайды еске ала отырып, Қазақстанның мүддесі тұрғысынан зерделеу мәселелерін айқындау. Мысалы, Қытаймен ғасырлардан бері тарихи байланыстардың түрлі кезеңдерін бастан өткере отырып, еліміз қытайтану ғылымы мен білімін жан-жақты дамытуға мүдделі. Тәуелсіз Қазақстанның шығыстағы алып көршісі – Қытай қоғамының қазіргі кезеңдегі дамуы әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси салалардағы елеулі өзгерістері әлем назарын өзіне аударып отыр. Қытай ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап, Дэн Сяопиннің реформалық саясатын табысты жүргізу нәтижесінде қазіргі күнде «әлемнің екінші экономикасы» деген атқа ие болып отыр. Жаһандану үрдісі қытайлық қоғамның дамуына айтарлықтай ықпал етуде. Қытайлық социализмді ұтымды жүргізе отырып, социалистік Қытай дамудың өзіне тән жаңа қытайлық моделін қалыптастыруда. Сондықтан бұл елдің қоғамдық дамуы мен саяси жаңаруының ерекшеліктерін айқындау біз үшін өте маңызды. Ең бастысы, Қытай біздің елдің ғасырлар бойы тағдыр қосқан көршісі. Қытаймен байланыстарымыз ежелгі заманнан келе жатыр, ал қазіргі күнде бұл тіпті өзекті. Екі ел арасындағы стратегиялық, саяси, сауда-экономикалық байланыстар дамуда. Сондықтан Қытай елін жан-жақты зерделеудің қаншалықты қажет екені айтпаса да түсінікті.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда шығыстану ғылым саласы ретінде де, білім беру саласы ретінде де даму үстінде, еліміздің ішкі-сыртқы саясатының мүддесінен шығатын, еліміздің бет-бейнесін сырт елдерге таныта алатын мамандар баршылық. Тек оларға барынша мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, олардың білім мен ғылыми зерттеу саласындағы талпыныстарына бағыт-бағдар беріп отырсақ, еліміздің шығыстанушы мамандары шетелдік әріптестерімен терезесі тең дәрежеде өздерін көрсете алары сөзсіз.
Нұржамал АЛДАБЕК,
шығыстану факультетінің профессоры, т.ғ.д.
«Qazaq universiteti» газеті, №40, 2021 жыл