Сығанақ қаласы маңында үш зауыт болған
Алтын орданың салтанаты асқан Сығанақ қаласының тарихта айтарлықтай ізі бар. Қазіргі Қазақ мемлекетінің шегіндегі Көк орданың астанасы болған қала орнының өзімен түбі түріктің бәрі сағынысып көріседі десем, асыра айтқандық емес.
Сол Х-ХІ ғасырларда Сығанақ қаласынан қашық емес Нәнсайдың сол жағалауында Күйеутам, Бестам, Жүніс секілді қалалар болған екен. Бестамды белгілеп алар болсақ, Шиелі ауданының орталығынан 18-20 шақырым қашықтықтағы Оңтүстік батыс бетіндегі жазықтықта кезінде туын тіккен қала қаңқасы. Бұл қаланың басты ерекшелігі мынада: бұл жерде үш зауыттың орны анықталған, - дейді белгілі қаламгер Нұрмахан Елтай. Оның айтуынша, бірі - темір қорытатын, екіншісі - кірпіш күйдіретін пеші бар зауыт, ал үшіншісі - керамика-сыр зауыты.
Кейбір болжамшылар, зауыт санын 7-ге жеткізеді. Сонау жылдары археологиялық қазба жүргізген зерттеушілер осы қала орнынан қыш-құмыра сынықтарын, өңделмеген гипс, тас қайрақ және шақпақ тастардың бірнеше түрлерін тапқан. Зауыт орындарынан мыс теңгелердің кезігуі мұндағы көмбенің жұмбақ тұстарын қоюландыра түседі. Полиметалл рудалары сынықтары және диірменнің ерекше түрінің де қалдық астынан табылуы осындағы зауыттардың кең ауқымды екендігін білдірсе керек.
Бестам қаласының өз заманында ірі мәдениет және өнеркәсіп орталығы болғандығына ой жетектейтін дәлелдемелер ізденген жанды қызықтыра түсетіндігі сөзсіз. Оның стратегиялық маңызы бар екендігіне Нәнсай бойындағы ертедегі керуен жолының Сығанақ қаласына тірелуі дер едік. Бұл жөніндегі жергілікті жерде айтылатын аңыздар осындай ойға жетелейді.
Айтпақшы, Бестамдағы құрылыс қалдықтары арасынан әк-балшықты бор мен ақ шақпақ (кварц) тасты диірменде майдалап қосу арқылы алған деген дерек көзі де қызықты емес пе?! Мүмкін, келешекте өркениет көшіне қажетті әлгіндей материалдарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік туар.
Өкініштісі, 1921 жылғы көктемдегі су тасқыны кезінде Нәнсайға дейінгі аралық түгел су астында қалып, көптеген дәйектемелер жойылды немесе жер астына кетті. Кеңес үкіметінің көзжұмбайлықпен қарауы салдарынан қажетті тарихи дәлелдемелер, дәйектемелер көмескілене бастағаны да жасырын емес. Кезінде атақты ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Бестам қорғалсын!» деген мақала жазып, шырқырады.
Алайда, қозғалыс қуаты болмады. Бестам қаласының сол кездегі белгілерінің өзі көзден де, көңілден де өшіп барады.
«Ата-бабалардың өнері, көптеген уақиға тарихы сондай қалалармен анықталатын түрі бар» деген еді Әуелбек Қоңыратбаев өз жанайқайында. Бестамның тау бетінде негізгі қорғаны болған көрінеді. Олар - сыртқы су қорғаны, екінші топырақ қорғаны және ішкі 2-3 метрлік дуал қорғаны. Кейінгі көзге шалынған аумағының өзі 10 гектардан асатын қала өз құпиясын әлі аша қойған жоқ.
«Мәдени мұра» аясында зерттеу жұмыстары жүргізілсе, бұл өз тарихымызға қосылған мол олжа болар еді»,-дейді Нұрмахан Елтай.