Шоқан Уәлиханов әкесіне жолдаған соңғы хатында не деп жазды
Шоқан Уәлиханов қазақ байларының озбырлығын сынап, қазақ халқына білім беруді мақсат етті. Қалың бұқараның мүддесін қорғады
Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Шоқан Уәлихановтың балалық шағы
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 1835 жылы қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде туған. Шын аты – Мұхаммедқанафия. Әжесі бала күнінде "Шоқаным" деп еркелетіп, Шоқан аталып кеткен.
Шоқан Уәлихановтың ата-бабалары ежелгі сұлтандар әулетінен тарайды. Оның арғы атасы, Орта жүздің ханы Абылай Ресеймен сауда және саяси байланыста болған. Абылайдың үлкен ұлы Уәли де бұл байланысты жақсы қолдаған. Уәли – Шоқан Уәлихановтың туған атасы.
Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы Құсмұрын округінің аға сұлтаны болды. Омбыда Сібір казак әскери училищесін тәмамдап, орыс армиясында полковник шенін алып, қазақ даласын басқару аппаратында бірсыпыра жауапты қызмет атқарды. Сібір қырғыздары облыстық басқармасының кеңесшісі, Көкшетау округінің аға сұлтаны болып істеді. Ресейге сіңірген еңбегі үшін оған өмірлік мұра ретінде дворян атағы берілді.
Ал анасы Зейнеп Уәлиханова – белгілі Баянауыл биі Шорман Күшіковтің қызы, Баянауыл округінің аға сұлтаны Мұса Шормановтың апасы. Зейнеп 7 ұл – Шоқан, Жақып, Мақы, Махмет, Ахмет, Қозыке, Қоқыш және 2 қыз - Ұрқия, Рахияны дүниеге әкеледі.
Шоқан Уәлихановтың шоқтығы биік ғалым болуына әкесі Шыңғыс, әжесі Айғаным ықпал еткен.
Г.Н. Потанин жазған Уәлихановтар әулетінің шежіресінде Уәли ханның екі қыстауы болғаны айтылады. Бірі – Көкшетаудың шығысындағы Хан көлінде, екіншісі – Сырымбетте болған. Уәли хан мен оның ұрпақтарына мұра ретінде қалған бас орда Бурабайда болды. Сырымбет деген жер Уәлидің кіші әйелі Айғанымнан туған балалардың иелігіне тиеді. Шоқанның әкесі Шыңғыс осы Айғанымнан туған. Айғаным ақылды, көреген, бірнеше шығыс тілін меңгерген, орыс мәдениетімен таныс, жергілікті халық ортасында беделі жоғары адам болады.
Шоқанның балалық шағы осы Сырымбет тауының баурайында өткен.
Шоқан Уәлиханов Обаған бойындағы Күнтимес ордасында әкесі ашқан ауыл мектебінде мұсылманша хат таниды. Бала Шоқан білімге құмар болған, тарихи аңыз-әңгімелерге қызыққан. Жастайынан данагөй билердің әңгімелерін, ақын-жыраулардың өлең-жырларын тыңдап өскен.
Омбыдағы Кадет корпусы
1847-1853 жылдары Шоқан Уәлиханов Омбыдағы Кадет корпусында оқыды. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ұштауда бұл оқу орнының мәні ерекше. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген. Корпустың оқытушылар құрамында білімді және прогресшіл ой-пікірлі адамдар көп болған.
Кадет корпусына алғаш түскенде Шоқан орыс тілін білмепті. Бірақ өзінің зеректігімен тілді тез үйреніп алған. Өзі қатарлас оқушылардан анағұрлым озық оқыған.
Шоқан Уәлихановтың корпуста бірге оқыған досы және кейін үлкен этнограф-ғалым болған Г.Н.Потанин: "Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді... Оған талайлар назар аударды. Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып-ақ сурет сала білетін", - дейді.
Оқудың соңғы жылдарында Шоқан саналы, терең ойлы, жан-жақты білімді, өзіндік қөзқарасы қалыптасқан, туған халқының мұң-мұқтажын пайымдап, түсіне алатын, оған барынша пайдалы қызмет етуге әзір екенін танытты. Орыс және дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілерімен танысып, ғылыми пайымдау, тұжырымдар жасай білді. Оның зерттеушілік қабілеті де осы корпуста оқып жүргенде оянған. Жазғы демалыс кездерінде ол ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді, халық жырлары мен дастандарын жазып алумен шұғылданған. Мысалы, Шоқан Уәлихановтың алғашқы жазып алған шығармаларының ішінде "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" жыры болған.
1852 жылы орыс тілі мен әдебиеті тарихының оқытушысы Костылецкийдің көмегімен Шоқан Уәлиханов көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.Н.Березинмен танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан.
Шоқан сабақтан тыс уақытта сол кезеңдегі саяхатшылардың өмірі мен ісі туралы жазылған еңбектерді көп оқып, зерттейді. Мұның өзі оған қатты әсер қалдырады. Ол саяхатшы болуды, соның ішінде Орта Азияны аралап, зерттеуді мақсат етеді.
"Еуропаға ашқан терезе"
Кадет корпусындағы жора-жолдастары Шоқанды үлгі тұтады және Шоқан олардың Еуропа мәдениетіне бет бұруына себепші болған.
"Бізден жасы кіші болса да, өзімізбен салыстырғанда, ол үлкен сықылды еді, біз оған қарағанда бала тәрізді едік. Өзінің бізден артық білетінін, не біздерден білім жағынан жоғарылығын білдіруге тырыспаса да, жолдастардың арасында болатын жай әңгімелердің өзінде-ақ оның білімінің бізден артықтығы танылып қалатын. Жалпы жолдастарына, соның ішінде маған, ол еріксіз "Еуропаға ашқан терезе" сықылды болды", - деп жазған еді Потанин.
Шоқан Уәлиханов кадет корпусын 1853 жылы 18 жасында бітіреді. Содан кейін Омбыда әскери қызметке қалдырылады. Бір жылдан соң Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарын басқаратын генерал-губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, Орта Азия мен халқының тарихын, этнографиясы мен географиясын зерттеуге белсене араласады.
Шоқан Уәлихановтың саяхаттары
1855 жылы Шоқан Уәлиханов генерал Гасфортпен бірге ұзақ саяхатқа шығып, Аягөз, Тарбағатай, Қапал тауларын аралады. Алматы, Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетауға соғып, Омбыға оралады. Осы сапарында көп нәрсені зерттеп, дәптерге түсіріп, Жетісу өлкесіндегі саяси-шаруашылық туралы бірталай деректерге қанығады. Осыдан кейін ол "Тәңір (құдай)", "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы" еңбектерін жазады.
1856 жылы қырғыз халқының тұрмысын, Ыстықкөл маңын зерттейтін экспедицияға қатысады. Ыстықкөл жағасын, Күнгей Алатау, Сарыжаз, Алматы, Қапал тауларын кезіп, осы маңды қоныстаған халықтардың әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын, әдеби мұраларын зерттеп, бай мағлұмат жинайды.
Экспедиция мақсаты – Ыстықкөл көлінің бассейніне топографиялық түсірілім жасау, қырғыз халқымен танысу. "Біз экспедицияға қатысу құрметіне ие болдық және осы тас дәуіріндегідей қырғыздар арасында екі ай тұрып, олардың аңыздары мен тілдерін зерттей отырып, түрлі оң мәліметтер жинай алдық", - деп жазды Шоқан Уәлиханов.
Шоқан Уәлихановқа Жетісу мен Тянь-Шаньда кездескен ерте заманғы мәдениеттің өте сирек ескерткіштері үлкен әсер етті. Оны, әсіресе Ыстықкөлдегі ертедегі қала мәдениеті, суландыру жүйелерінің қалдықтары, сәулет өнерінің ескерткіштері, балбал тастар қатты қызықтырды.
Құлжаға сапары
Шоқан ру аралық қырғыз қақтығыстарын реттегенше, коллекция жинағанша Петербургте Ресей мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынастар мәселесін шешуде оның білімін пайдалану туралы мәселе шешілді. Шоқан Уәлиханов Құлжа қаласына дереу аттану нұсқауымен орыс дипломатиялық миссиясының құрамына алынды. Миссия мақсаты – қытай өкіметімен келіссөз жүргізу арқылы Қытаймен сауда қатынасын қалпына келтіруге қол жеткізу. Құлжа қаласына сапар "Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы" еңбегінде көрсетілген.
Қытай шенеуніктерімен келіссөз жүргізіп, делегация достық қатынас орната алды. Құлжа мен Чугунчакта елшілік ашылды.
"Кешкі сағат жетіде Қайта өзгерту қарсаңында, біз яғни бесінші тамызда біз Құлжаға қарай жол тарттық. Бірінші Борохуджира қарауылынан бастап Құлжаға дейін қайырсыз, шөлді, құмды жер болды. Мына бізге, орыстарға, осындай шөл далада тұру ойымызға да келмес еді, мұндай жерде қоныс аударушылардың біреуінен де айырылмай қалай тұруды білмес те едік", - деп жазды Шоқан Уәлиханов 1856 жылы Сапар күнделігінде.
Тапсырманы орындап, экспедицияда үш ай болып, Шоқан Уәлиханов өз білімін кеңейтті, досы Потанинмен бірге мұрағатқа бас қойды.
"Манас" дастаны
Шоқан Уәлиханов 1856 жылы аса көрнекті ғалым, белгілі географ П.С. Семенов-Тян-Шанскиймен танысты. Ол жас қазақ ғалымның қабілетіне шын ниетімен сүйсіне қайран қалды. 1857 жылы Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынысымен Шоқан Уәлиханов Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданды. Шығыс Қазақстан мен Жетісуға, қырғыз еліне жасаған сапары Шоқанның ғалым ретіндегі даңқын арттырды.
1857 жылы Шоқан Уәлиханов Алатау қырғыздарына сапар шегіп, оның тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын зерттеді. Қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны "Манасты" жазып алды.
"Манас", - дейді Шоқан, - қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан, ертегілерінен жиналып, бір адам – Манастың төңірегіне топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол даланың "Илиадасы" тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, әдет-ғұрпы, жағрафиясы, діни дәрігерлік ұғымдары, шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған".
"Манас" жырын бірінші рет баспаға ұсынып, орыс ғалымдарына таныстырған да Шоқан.
Шоқан Уәлиханов тарихи маңызы бар шығармаларға көп көңіл бөлді. Жазуы жоқ елдердің өткен тарихы мен салтын тану үшін ұзақ желіге құрылған, күрделі эпостардың үлкен мәні барын түсінді.
Қашқарияға сапары
1858-1859 жылдары Шоқан Уәлихановтың Қашқарға сапары оның ғалым, ағартушы ретіндегі еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты.
Даңқты саяхатшы Марко Поло мен Гоестен кейін (XVI ғасыр) ол жерді ешбір ғалым зерттемеген еді. Бұл жерлер Еуропа үшін жұмбақ еді. Баруға ниет қылған Батыс Еуропа ғалымдарының көпшілігі бақытсыздыққа ұшырады. Мәселен, Шоқаннан бір жыл ғана бұрын Қашқарияға барған атақты географ Адольф Шлагинтвейт Қашқария әкімі Уәлихан төренің қолынан қаза тапқан.
Міне, осындай қауіпті сапарға 1858 жылғы 28 маусымда Шоқан Уәлиханов шықты. Ол үлкен жолға Семей көпесінің керуенімен бірге шыққан. Уәлиханов бұл сапарына басын тақырлап, үстіне шапан киіп, Әлімбай көпес деген лақап атпен шыққан.
Бұл сапарында Шоқан күнделік жүргізіп отырған. Бұған ол өзінің жолшыбай көрген-білгенін, атап айтқанда, Орталық Тянь-Шаньның, Ыстықкөл бассейнінің, Нарын, Арпа, Атбас, Шатыркөл және Тарим өзенінің географиялық жағдайын, табиғат байлығын, ауа райын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін жазады. Шоқанның бұл күнделік дәптері Ресей Ғылым академиясының архивінде осы күнге дейін сақтаулы.
Саудагер ретінде Қашқарияға құпия барған Шоқан өлкенің экономикалық саяси құрылымын зерттеп, оның тарихы мен этнографиясынан көптеген материал жинайды.
1859 жылдың 12 сәуірінде Уәлиханов Верныйға қайтып оралады. Экспедиция қорытындысы бойынша ол "Алты шаһар немесе Қытайдың Нан Лун провинциясындағы (кіші Бұқара) алты шығыс қаласының жағдайы туралы" (1858-1859) есеп әзірлеп, жазып шығады. Оның бұл еңбегін Ресей мен басқа елдердің шығыстанушылары жоғары бағалап, көп ұзамай ағылшын тілінде де аударылып басылады.
Шоқан Уәлихановтың Қашқарға барған сәтті экспедициясынан кейін оның аты Омбыға ғана емес, Петербургте де шықты. Көп ұзамай ол жақта оны есеппен іссапарға дереу жіберу талап етілді.
Оған сыртқы істер министрлігінде, бас штабта назар аудара бастады.
Петербург кезеңі
1859 жылдың аяғында Шоқан Уәлиханов Петербургке барып, онда 1861 жылдың көктеміне дейін болды. Бұл жылдар Шоқан өмірі мен ғылыми-шығармашылық қызметінің аса елеулі кезеңі.
Шоқан Уәлиханов Қазақстан мен Орта Азияның, Шығыс Түркістанның карталарын жасаумен айналысты. Шығыс елдерінің қолжазбаларын мұқият зерттеді. Оны Орыс географиялық қоғамы Шығыс тарихы туралы дәріс оқуға шақырып тұрды.
Петербургте Шоқан Уәлиханов орыс халқының белгілі ғалымдары, ақын-жазушылары және қоғам қайраткерлерімен танысып, достық байланыс орнатады. П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, Г.Н.Потанин, Ф.М.Достоевский, С.Ф. Дуровтармен ол Сібірде жүрген кезінің өзінде-ақ достасады. Ал Петербургтегі таныстарының ішінде орыстың атақты ғалымы Д.И.Менделеев, ғалымдар В.В. Вельяминов-Зернов, А.Н.Бекетов, ақындар: ағайынды Курочкиндер, А.Н. Майков, П.Я.Полонский, Шығыс зерттеу ғылымының мамандары П.И.Лерх, И. Н.Березин, В.П.Васильев тағы басқалары болады.
Алайда Петербургтың ылғалды ауа райы оның денсаулығына жақпады. Денсаулығының нашарлауына байланысты Отанына оралуға мәжбүр болды. Ол Омбыға барып, даладағы жергілікті баскару ісін қайта ұйымдастыру жөніндегі шараларға қатысты. Оның негізгі ойлары "Қырдағы мұсылманшылық туралы", "Қырғыздардың көші-қоны туралы", "Сот реформасы туралы жазбаларда" баяндалады.
1864 жылы Шоқан Уәлиханов генерал Черняевтың Оңтүстік Қазақстанға жасаған әскери экспедициясына қатысады. Бірақ әскери қызметі ұзаққа созылмады, генералдың жергілікті халыққа шектен тыс қатыгездік жасауы салдарынан әскер қатарынан өз еркімен кетті. Содан Верный қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің ауылына барып (бұрынғы Талдықорған облысы, Шоқан атындағы шаруашылық) тоқтайды. Сонда үйленіп, тұрып қалады. Жұбайының есімі – Айсара, балалары болмаған.
Өмірінің соңғы күндері
Ауылда жүргенде Шоқанның ескі өкпе ауруы қайта қозып, 1865 жылы 10 сәуірде Тезек төренің ауылында қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемес тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады.
Өмірден өтер алдында ол әкесіне соңғы хатын жолдаған: "Маған менің қымбат туыстарыммен және достарыммен енді кездесу бұйырмапты...Сау болыңыздар, барлығыңызды құшақтадым. Жетісуға келіңіздер, өздеріңізбен бірге менің байғұс Айсарамды алып қайтыңыздар, оны ілтипат пен қамқорлыққа бөлеңіздер".
Шоқанның ақырғы тілегін орындау үшін 1865 жылдың жазында Көкшетаудан Алтынемелге керуен жіберілген.
Шоқан Уәлихановтың жесірі Айсара оның ағасы Жақыптың әйелі болды, өсиетіне қарай оны Сырымбетке алып кетті.