Әдетте, ХVІ-ХVІІІ ғасырларда елді сыртқы жаудан қорғаған қазақ батырларының шайқастарға көтеріп шығатын туы болғандығы жиі айтылады. Бірақ олардың бізге жеткені мардымсыз.
ХVІІІ ғасырда жоңғарларға қарсы күрескен батыр, мәмілегер Жәнібек Қошқарұлы ұстаған тудың жұрнағы Торғайдағы музейлер кешеніндегі қадірлі жәдігердің бірі. Бұқар жыраудың «Қара керей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, ормандай көп Орта жүз, содан шыққан төрт тірек» деген дуалы сөзінен-ақ, Жәнібек батырдың өз заманында қандай ірі тұлға болғандығы байқалады. Сол Жәнібек батырдың жауға қарсы шапқанда алып шыққан сары туының қиындысы бүгінге жетіпті. Музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекеева тудың ХХ ғасыр басына дейін бүтін болғанын айтады.
− Торғайдағы құймақұлақ ақсақалдардан жеткен әңгімелер бойынша, осы ту ХХ ғасырдың бас кезіндегі аласапыран уақытта Жәнібек батырдың шөпшегі, Шолақтың Оспаны деген кісіде болған екен. Кейін осы туды көпшілік емес пе, тәбәрік көріп, жырта бастайды ғой. Сол тудың қиындысы ғана бізге 1993 жылы музей ашылғанда жетті, – дейді Гүлбану Сәрсекеева.
Тудың қиындысын музейге Алматыда тұратын, бүгінде 90 жасқа келіп отырған Ғалия Бектемісова деген әжеміз тапсырыпты. Жәдігердің оның қолына түсуі де қызық. Өткен ғасырдың 50-жылдары Жәнібек батырдың ұрпақтары болып келетін торғайлық, белгілі баспагер Әбдірәшит Бектемісов туған жеріне қыдырыстап барады. Келіншегі Ғалия екеуінің отбасында нәресте болмай жүр екен. Сонда торғайлық бір ақсақал оларға осы тудың жұрнағын «батыр бабаңнан қалған қасиетті зат еді, алып кет, келін ұл табар» деп ырымдап беріпті.
− Расында, Алматыға барған соң Ғалия апамыз бала көтеріп, ұл табады, онан кейін өмірге қыз бала келеді. Бірақ ұлы қызылшадан шетінеп кетеді де, қызы аман өседі. Қазір анасы сол қыздың қолында. Музей ашылғанда Ғалия әжей жәдігердің осы тарихын айтып, тапсырып еді, – дейді Гүлбану.
Тудың жұрнағын келушілер ұзақ қызықтап тұрады. Оның қандай матадан жасалғаны музей қызметкерлеріне әзір белгісіз. Бір қарағанда тоқылуы кенеп тәрізді. Ғасыр қойнауынан жеткен тудың қиындысы ұлы даланы қорғаған, ат үстінде көз шырымын алған, тұлпары ауыздықпен су ішкен батырлар ерлігінің куәгері екені сөзсіз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан» Қостанай облысы,
Жанкелдин ауданы