Шақшақ Жәнібек батыр
Қазақ елі тарихында жан-жақты қырымен танылған тарихи тұлға - Жәнібек Қошқарұлы (1693-1752).
Батыр, қолбасшы, рубасы (старшын), би, шешен, қоғам қайраткері, тархан, елші, мәмлегер Шақшақ Жәнібек туралы мәліметтерді қолжазба қорынан, Ресейлік архив құжаттарынан, кездестіреміз. Қаһарман өмірі Ш.Ш. Уалиханов, М. Тынышпаев, Р.Б. Сүлейменов, В.А. Моиссев, А.И. Левшин зерттеулерінде сөз болады. Жәнібек хақында арнайы зертеу еңбектері де бар.
«Абылай хан» жинағына кірген Мәшһүр-Жүсіп аңызы да батыртануда өз үлесін қосатын бір дерек көзі болып табылады. Сондай-ақ М.Ж. Көпейұлының әлі баспа бетінде жарияланбай жүрген архив материалдары да арнайы салыстырып қарастыруды міндеттейді. Өйткені Мәшһүр қолжазбасы шежіре нұсқаларымен ғана шектелмей ара-тұра әзірше ешбір зертеулерде кездестірілмеген тарихи фактіні де ұсынады «…1750-Абылай хан мен өр Жәнібек орыспен сауда араластыру үшін Тройцкідегі базар аштырған».
1907 ж. Қазаннан басылып шыққан «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабында М.Ж. Көпеев қазақ зиялыларының арасынан алғаш рет Шақшақұлы Жәнібек …т.б. батырлардың қалмақтардан азат еткен қазақ жерін патшалы Ресейдің басып алып отарлап жатқанын ашық сынайды.
Қаһарманның өмір сүрген жылдарын нақты көрсете алмаймыз. Энциклопедиядан оның 1751 ж. қайтыс болғаны туралы ғана мәлімет берілген.
Мәшһүр-Жүсіп те ақпарат тапшылығынан батырдың қай жылы туып, қай жылы өлгенін көрсете алмаған, тек қазақ арасындағы Жәнібектерді сипаттауда оның жоңғар қоңтайшысы Қалдан Шерінмен замандас болғанын ғана атап өтеді: «Және бір сөз бар көп ортасына салатұғын. Біз бұрыннан естуші едік; «Үш Жәнібек болған, — деп,- бірі — әз Жәнібек, бірі — өр Жәнібек, бірі — қыз Жәнібек». Әз Жәнібек- Жиренше шешеннің заманындағы хан.
«Жаны биік ноғайлының ханы болған. Жайық бойында ордасы болған. Мұның хан күнінде қазақта бұған қараған», деседі.
Өр Жәнібек – Шақшақ немересі. Жәнібек қалмақ ханы Қалдан Шерінмен замандас болған.
Қыз Жәнібек Керейден шыққан. Өзін өмірінде жан ашуландыра алмаған. Орысқа бағынбаған бодамсыз Керейді бастап аудырған бетінде жолшыбай жолаушылықта қаза тапқан. Бұл үшеуінен басқа Жәнібек аты қазақтан көп шықты…».
Осы орайда, С.Шүкірұлының болжамы назар аудартады. 1710 ж. жоңғарларға қарсы кең көлемді шабуылға Жәнібектің 17 жасында араласқан хақында ел аузындағы аңыздарда жиі айтылуына қарағанда ол 1693 ж. туған. 1752 ж. жазға салым қазіргі Торғай обылысы, Жанкелдин ауданындағы Тосын құмында дүниеден өтіп, сүйегі Түркістандағы Яссауи кесенесіне жерленді.
Академик М.Қ. Қозыбаев еңбегінде Жәнібектің көшіп қонған жерлері хақында мәлімет берген: «Аңырақайдан кейін… Жәнібек – қыста Сыр, Торғай, жазда Ор, Елек, Орынборды…жайлайды».
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы мен «Қазақ халқының қаһармандары» жинағы шежірелеріндегі өзгешелік салыстыра зерттеуді міндеттейді:
1) Арғын – Тәнбісопы –Елемес – Үсембай – Ермен – Шағыр – Аманжол – Шақшақ – Көшей – Қошқар – Жәнібек. («Қазақ халқының қаһармандары»);
2) Аманжол – Көшей – Шақшақ – Қошқар – Жәнібек. (Мәшһүр нұсқасы)
Ата-тегін таратуда шежіре үлгілері Жәнібектің әкесі Қошқар деп мәлімдейді, бірақ халық жадында ол «Шақшақұлы Жәнібек» атанып кеткен.
М.Ж. Көпейұлының шежіре сөздерінің бір құндылығы – бір мезгілде өмір сүрген бірнеше Жәнібектердің жіктелініп көрсетілуі. Шақшақ Жәнібектің қара қалмақтың сырттан батырын жеңген аңыз оқиғасының баяндауының соңында Мәшһүр жазбасы керей Жәнібекке тоқтала өтеді «…Керейден бір Жәнібек деген батыр шығыпты. Шақшақ Жәнібектің жиені екен деп естіген едім. Бұл қыз Жәнібек атаныпты».
Енді бір нұсқада: «Шақшақ ұғылы Қошқар. Қошқар ұғылы Жәнібек батыр. Қара балуан Жәнібек басқа, батыр Жәнібек басқа. Екеуі де тоқал арғыннан шығып, бірінен-бірі дөкей болған ерлер. Батыр Жәнібектен Дәуітбай. Дәуітбайдан мосы батыр», деген дерек жазылған.
М. Ж. Көпеевтің хандар шежіресінің бір үлгісінде Жәнібектің шешесі «Қатаған қырғыны» оқиғасы кезінде Қошқарға берілген Тұрсын ханның қос қызының бірі деп берілген. Алайда уақыт алшақтығы (1628-1695) Тұрсын ханның қызын батырдың әжесі ретінде ғана пайымдауымызға жол береді.
Ресей архив құжаттарында батырдың тарихи өміріндегі саяси-әскери жақтары кең суреттеледі. 1723-1725 ж. Ақтабан шұбырындыдан соң ол жоңғарларға қарсы бытыраңқы қимылдаған жекелеген жасақтардың бірін басқарды. 1731 жылдың қысында Сәмеке, Барақ сұлтан, Әбілмәмбет, Жәнібек бастаған 6000 мың қол Жоңғарияға басып кіреді. Еділ қалмақтарына қарсы 1738 ж. Әбілхайыр, 1740 ж. Есет, Нұрбай батырлар, Әбілмәмбет, Күшік, Барақ сұлтандар ұйымдастырған жорықтарға белсене қатысады. 1746 ж. Әбілхайыр, Есет, Нұралылармен бірге қарақалпақтарға, 1750 жылдың қысында Айшуақ, Батыр сұлтандармен бірлесіп, Хиуаға жорық жасайды.
Осындай әскери қолбасшылық қызыметімен қатар Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы қазақ қоғамында саяси қайраткер, елші, мәмлегер ретінде көзге түседі. В.А. Мойсеев пікірінше, Жәнібек даладағы ықпалды адамдардың бірі болған. «Орыс» партиясын ұстанған. 1736 жылы 23 ноябрде Орта жүз билеушілерінің бірі есебінде Ресейге бодан болуға ант берген. Өз ара жасасқан келісім-шартын орындап, Жәнібек батыр 1837-1838 жылы Ресейге қарсы Башқұрттардың бас көтеруіне әскери көмекте көрсетеді.
1741 – 1742 жылы Абылайдың тұтқыннан босатылуына ат салысады. Осыған байланысты жүргізілген орыс-қазақ жоңғар келіссөздеріне Ресей бағытын ұстанғаны үшін 1743 жылы 11 шілдеде императорша Елизавета Петровна жарлығы бойынша оған тархан атағы берілді. 1743 жылы 11 қарашада Қалдан Серен жіберген Тор би елшісінің Абылай сұлтан орнына аманат берілсін деген ұсынысына қарсы шығады. 1748 жылы 2 қазанда Кіші жүзге Нұралыны хан сайлауға қатысады. Елші мәлімгер ретінде 1742 жылы қазақ-жоңғар, қазақ-башқұрт бейбіт келісімдерін жасасады. 1749 жылы Әбілхайыр балаларына Барақ сұлтанды өлтіруіне жол бермейді. И. Неплюев, В.А. Урусовтармен келісе отырып, өз ара тұтқындарды қайтару, айырбастау, тоналған орыс керуенінің шығының толтыру мәселелерін реттейді. 1749 жылы Кіші жүз ханы Нұралының әкесі Әбілхайырдың кегін алу үшін Севан Доржымен некелік одақ құруына қарсы болады.
Мәшһүр аңыз-әңгімесінде Жәнібек батыр Абылайдың қара-қалмақ Қатысыбанға қарсы жорығына қатысып, бас батырлар сайысында қатысады, қалмақ елінің Сырттан батырын, жайсанын жеңгені айтылады.
Жәнібек батыр шарушылық істерімен де айналысқан. 1739 жылы 22 қазанда Орта жүздің Жайыққа өтуін сұраған өтініші, 1743 жылы Урусовпен Ресейдің шекаралық қалаларымен тікелей сауда жүргізу келісімін жасауы, керуен жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі бұған дәлел бола алады. М.Ж. Көпейұлы жазбаларында бұл мәселе туралы мәлімет сақталынған: «…1750-де Абылай хан мен өр Жәнібек орыспен сауда араластыру үшін Тройцкіден базар аштырған».
bigox.kz