"Шаңды жорықтың" шындығы

"Шаңды жорықтың" шындығы

Ресей әкімшілігі тарапынан Абылай ханға жолданған нұсқау хатқа ханның өзі емес, оның атынан басқа лауазым иесі жауап беруіне қарағанда, өз бетімен шұбыра көшіп, басымен қайғы болып келе жатқан жазықсыз құба қалмақтармен бетпе-бет соғысқа кіруді Абылай өзіне ар санаған. Сөйте тұрса да, тату көрші әрі одақтас мемлекеттің ресми хатына жауап беру парыз әрі халықаралық қатынас әдебінің жөні екендігін ескеріп, өз атынан басқаға қол қойдырып жауап жазған деуге келеді.
«Үкімет жарлығына Нұралы тез жауап беріп, қазірдің өзінде қашқындармен соғысып жатқанын хабарлады. Айшуақ бастаған сұлтан-дардан да сондай хабар келді. Тіпті, билігінен айрылып, Кіші жүзге келіп пана тапқан Хиуаның бұрынғы ханы Қайып та орыс әскерлеріне қосылатынын жеткізді. Қазақ даласының шығысында Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз сұлтан, Ұлы жүздің сұлтаны Ералы, ең аяғы, бүкіл көршілерінен қанішерлігі мен көзсіз ерлігі асқан тау қырғыздары, яғни, буруттар да құба қалмақ көші қашан жетеді деп күтіп жатты. Міне, торғауыттардың маңдайына жазылған қанды қырғын осылай басталған еді. Ілеге жеткенше үзілмейтін шапқыншылық пен қарақшылықтың осындай зобалаңы жасақты әскер күйінде емес, қатын-балаларымен, табын-табын малдарын айдап, жүгін артып келе жатқан қалмақтарға сор болатын». (А.Левшин. Сол еңбек. 250-бет).
Ата жауы қалмақтың пұшайман жағдайын көрген қазақтар, ежелгі кекті көксеп, олжа іздеп, атқа қонады, Нұралы ханға септесіп, көшке шабуыл жасай бастайды. Ақиқаты сол, оларға Абылай хан бұйрық бермеген және шабуылшы қазақтардың қандай бір нұсқау күтіп отырмағаны, қанға сіңген ежелгі дағды бойынша, дабыл шыққан жерге ұрандап ұмтылатыны мәлім.
Зерттеуші Левшин Абылайдың бұл соғыстағы ұстанымына анық көз жеткізе алмаған. Сондықтан да «Ұлы жүздің сұлтаны Ералы да Абылайды күш қосып соғысуға шақырған еді, Абылай оған көмектескен де жоқ, қалмақтарға шабуылдауын тоқтатқан да жоқ» деп, екі ұшты пайым жасауға мәжбүр болған. Абылайдың Ералы сұлтанды неліктен қолда-мағанын ашық қалдырады.
Сәуірдің басында қалмақтар қайта көтеріле көшкенде, оларға Кіші жүздің қазақ жасақтары келіп тиіседі. Алғашқы алапат қақтығыс 1771 жылдың 15 сәуірінде болады. Обашы қазақтардың жазықсыздан-жазықсыз соғыс бастағанына наразы болып: «Біз өз бетімізбен кетіп барамыз, қазақтарда шаруамыз жоқ, тиіспеңдер, аман-есен өтіп кетейік» деп Нұралыға хат жолдайды. Ресей патшасынан жарлық алып отырған Нұралы Обашыға жауап хатында: «Сендер патшаға берген антты бұзып, дұрыс жасамадыңдар, көштің басын кері бұрыңдар. Патшамен татуластыруға ара ағайын болайын» деген мазмұнда өз ниетін білдіреді.
Бірақ, қайтсе де Ресейден іргесін аулақ салуға бекініп, біржола бет түзеген Обашы Нұралы ханның бұл сәлеміне құлақ аса қоймайды, көш ілгерілей береді. Және көштен оздырып, Абылайға елші аттандырып, көмек сұрайды, өздерінің алдағы жоспарын хабарлайды: «Көштің жүретін жолынан қауіпсіз дәліз жасап, Қытай шекарасына аман-есен өткізіп жібер. Ақысына қалмақтың 100 жақсы қызын беремін» деген мазмұнда тілегін білдіреді. 1771 жылғы 16 сәуірде князь Урусовтың Астрахан губернаторы Н.Бекетовке жазған хатында осы оқиғаларға байланысты біраз жайлардың беті ашылған. Хаттың ықшам мәтіні мынадай:
«10 сәуір күні қазақтың Кіші жүзінің Нұралы ханын Мұғаджар тауындағы Бухаруга өзенінде тауып, сіздің хатыңызды тапсырдым. Бір-неше күннен кейін хан хатқа жауап берді. Мен келердің алдында Нұралы өзінің бес ұлымен, інісі Айшуақ сұлтанмен қосылып, жанында бірнеше қазақтары бар, шығысқа ауып бара жатқан қалмақтардың алдын орап, тоқтатпақ болыпты. Сондай-ақ, Маңғышлақ деген жердегі інісі Ералы сұлтанға, қазақтың Орта жүзінің Абылай сұлтанына, Ұлы жүздің қазақтарына және бүкіл қазақ халқына қалмақтарды тоқтату туралы жар салыпты, хат жіберіпті. Нұралы сұлтан өзінің інісі Айшуақ сұлтанмен және көп қол бастап, қалмақтарды Ембі деген жерде қуып жетіп, 150 адамын тұтқындапты.
...Қазақтың Нұралы ханы қалмақ ханы Обашымен және басқа да билік иелерімен жақындық байланысы жоқ, олар қашаннан да бір-бірімен жауласып келеді. Тек қана менің естігенім, қалмақ билеушілері Шерең мен Бамбар Абылай ханға хат жазыпты: «Еділ бойынан Шығысқа, Қытайға қарай ауып бара жатқан қалмақтарды қазақ жері арқылы аман өткіз, [ақысына] қалмақтың жүз жақсы қызын береміз» депті. Шерең мен Бамбар өзінің аймақтарын бастап, Обашының алдында 20 шақырымдай озып кетіп барады.
Қазақтардың өзара әңгімесінен естігенім, Қытай императоры Абылай сұлтанға хат жазып, «Астрахандағы қалмақтар бізге келе жатыр, олардың жүретін жолын ашып қой» деп талап етіпті-міс. Оған Абылайдың не деп жауап бергенін білмейміз, бірақ осы естігеніміз шындыққа ұқсайды. (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 1-тізбе, 173 –іс, 213-218-пар).
Тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізіліп отырған бұл құжат абылайтануда басы ашылмай келе жатқан «Шаңды жорыққа» байланысты мәселені айқындап беруге көмектеседі деп санаймыз. Мұның мәнісі, осы уақытқа дейін орыс, қазақ тарихшылары тарапынан Еділ қалмақтарының Қазақстан даласы арқылы үдере көшуіне Абылайдың көзқарасы қандай болғандығы туралы кесімді ғылыми тұжырым жасалмаған болатын. Мысалы, А.Левшин: «... қазақтар өз күшімен қалмақтарды тоқтата алмады, тіпті, тоқтатқысы да келмеген еді. Олар қалмақ көшін үздіксіз шабуылдап, өзіне керек олжасын түсіріп, тұтқындарын көбейтіп алған. Сағыз өзені бойында Айшуақ сұлтан бір тобын талқандады, екінші бір көшті Ор өзені бойында Нұралы қырып-жойды. Мұғаджар тауларының сілемінде, Жем өзені аңғарында Нұралы тағы да олжалы болды. Абылай сұлтан [қалмақ көшін] бірнеше рет шауып, жеңіске жетті... Ұлы жүздің сұлтаны Ералы да Абылайды күш қосып соғысуға шақырған еді, Абылай оған көмектескен де жоқ, қалмақтарды шабуылдауын тоқтатқан да жоқ» деп қана жазуына қарағанда, оның қолына Абылай алып отырған Обашының да, Қытай императорының да хаттары туралы мағлұмат түспеген. (Описание киргиз-кайсацких... Ч. ІІ. 251, 256-беттер).
Міне, бұл оқиға туралы ХҮІІІ ғасырдағы қазақ тарихының білгірі атанған зерттеушінің пікірі осындай болатын. Кейінгі тарихшылар автордың беделіне қарап, біліктілігіне шек келтірместен, осы тезистерді негізге алып, қайталап, жорамал-жобамен түрлі қорытындылар жасап келді.
Айталық, Абылай осы соғыста «ауып бара жатқан қалмақтарды төтесінен шабуылдап, жеңіпті» деген тұжырым басым және Абылайдың қаһарман қолбасшылығының бір көрінісі ретінде көрсетіледі. Шынында солай ма?
А.Левшин: «Абылай сұлтан бірнеше рет шауып, жеңіске жетті»... немесе «Ералы да Абылайды күш қосып соғысуға шақырған еді, Абылай оған көмектескен де жоқ, қалмақтарды шабуылдауын тоқтатқан да жоқ» деп жазады. Бұл сөйлемдердегі ой қорытындыларының тиянағы осал, тіпті екі ұшты екендігін байқау қиын емес. Негізгі және маңызды сұрақты: «Сонда Абылай өзі бастап барып, Еділ қалмақтарының көшін шабуылдаған ба?» деп ашық қоятын болсақ, авторлар оған жауап бермейді.
Дәл осы кезде Еділ бойын тастап, Қытайға қарай бет алуға дайындалып жатқан Обашы, Шерең, Бамбар сияқты құба қалмақ көсемдерін қазақ жерінен аман өткізіп жіберу жөнінде император Цянлунь атынан да Абылайға талап қойылғаны да жоғарыдағы құжаттан көрінеді. Оған қосымша дәйек ретінде мына деректі де ұсынамыз.
1772 жылғы 2 қыркүйекте Құлсары батырдың генерал И.А.Деколонг кеңсесіне жазған хатында соның алдында ғана Абылай ханға Цин императорынан Абылайға елші келіп кеткені жөнінде мағлұмат бар. Және де Құлсары батырдың Абылай төңірегіндегі мәселелерді анық білгені күмән туғызбайды. Ол былай деп жазған: «[Еліне қайтып бара жатқан] Қытай елшісіне Абылай ертіп жіберген екі қазақ таяуда қайтып оралды. Олардың айтуынша, Қытай шекарасында қазақтарды тоқтатқан қытай әскерінің генералы олардан: «Ресейде қалған Еділ қалмақтары осылай қарай бет алды ма, қытайдың қол астына келе жатыр ма?» деп сұрапты. Қазақтар: «Білмейміз, көрген жоқпыз» депті. Бұдан соң генерал: «Қытайдың қол астына келе жатқан Еділ қалмақтарын қазақ жерлері арқылы бөгетсіз өткізіңдер, бұл жөнінде Қытай патшасының атынан Абылайға тапсырылған» деген. Цин императорының мұндай талабына Абылайдың нақты қалай жауап бергені туралы дерек қолымызда жоқ. Әйтеуір, Қытайдың тілегін орындаудан бас тартпағаны мәлім.
Сонымен, Абылайдың алдында төрт тарапты жауапты міндетті салмақтап шешу таңдауы тұрды:
1) Ресейдің бұйрығын орындап, құба қалмақтарды шабуылдап, Еділ бойына кері қайтару;
2) Қытайдың талабы бойынша оларға тиіспей, аман өткізіп жіберу;
3) Обашының тілегін ескеріп, Ресей қысымына шыдай алмаған сорлы босқындарға тиіспей, олардың атамекеніне жетуіне бөгет жасамау;
4) Тарихи әңгімелерде айтылатын уақ Баян батыр бастаған қазақтың әскер басшыларының: «Ата жауымызды талқандап, малын малданып, адамдарын құлданайық» деген таза пендешілік ұсынысы тағы бар.
Нұралы хан өз қолымен қалмақ көшін өкшелеп, оқтын-оқтын соғысып қалып, еріп отырады. Маусымның ортасына қарай қалмақ көші Балқашқа бет алған жолда Бетпақдаланың ұлы шөліне ілігіп, қатты күйзеледі. Адамдар да, мал да қырыла бастайды. Орта жүз руларының жасақтары да үдерген көшке әлсін-әлсін соқтығады.
Оқиға болып жатқан жерге Абылай да келеді. Бірақ, құба қалмақ көшімен соғысу үшін емес. Бәлкім, қазақ батырларын тежеп, әділетсіз соғысты тоқтату үшін келген десек, дұрыс болады. Бұл жөнінде сәл кейінірек жазамыз, шындықтың бетін ашамыз. «Мойынты өзені бойында еру болған қалмақ көшін Нұралы ханның, Абылай ханның, Орыс сұлтан мен Әділ сұлтанның 50 мыңдық қалың қолы қоршап алды» делінген орыс деректерінде. Тұйыққа тірелген Обашы Абылай ханға елші жіберіп, хат жолдайды. «Сендерге бодан болайық, әкеле жатқан 1 мың тұтқынды сауғаға берейін, келіссөз жүргізейік» дейді.
Осы араға Шоқан Уәлихановтың кейін ел аузынан жазып алған әңгімесінен үзінді келтірейік. ӘРИНЕ, АҢЫЗДЫҢ АТЫ – АҢЫЗ, БІРАҚ МҰНДА ТАРИХИ ОҚИҒАНЫҢ КЕЙБІР ЖАҚТАРЫН АША ТҮСЕТІН МАҒЛҰМАТ БАР: «Қазандай қауқиған түлкі тымақты, таудай қара қал-мақ, жеті кісі елші бастап келген екен, атынан түсіп келіп, [Абылай] ханға сәлем береді.
«Алла жар! Уса мен Серен хан жіберді. Қалмақ-қазақ ежелден бір туған едік, «ақ үйлі» аманат әкелдім. Кессең, басым міне, алсаң – малым әне, дат, тақсыр!» дейді.
Хан оның сөзін аяғына жеткізбей: «Әрі кет!» дейді де, батырларын жинап, кеңес қылады. «Ақ үйлісін» алайық, бірақ, содан кейін өздерін талқандайық» дегендей сыңай білдіреді.
Сонда Баян батыр тұрып: «Жоқ, «Ақ үйлісін» алмаңдар! Алданбайық. Қалмақтар [орысты да], Қытайды да алдап келеді, бізді де айламен алдаусыратып отыр» дейді.
Хан өз пікірін екі рет айтты, Баян да екі қайталады. Ханның аты – хан, өз сөзінде қалды. [Сонымен, «Ақ үйлісін» алып, қалмақтарды шабатын болды]. Қалмақтар қозы көш жерде (8-9 шақырым) тоқтап, еру болыпты. Екі күн күтеді, келмейді, «ақ үйі» де, өздері де жоқ. Сөйтсе, олар екі күн бұрын қозғалып, ілгері жүріп кеткен екен. Баян батыр бір мың жігітпен соңынан қуады, қалмақтар Қытай шекарасына кіріп кеткен екен. Осылайша, қапы қалған қазақтар елге қарай қайта бет алған жолда, сай-салада шашылып қалған қалмақтардың өлігінен бүлінген бұлақтан су ішіп, ұшынады. Ауыр дерттен (қара тышқақ тиіп) көп сарбаз қаза табады, Баян батыр да қаза болады».
...Нәтижесінде Обашы үш күнге мұрсат алып, ақтық жауабын бермек болады. Ұрыс тоқтап, аз-кем тыңайған қалмақтар үшінші күні түн ішінде тыныш, алаңсыз жатқан қазақ жасақтарына тұтқиылдан шабуыл жасап, бетін қайтарып тастап, көшті ілгері бастай береді.
Қалмақтардың серт бұзған мұндай опасыздығына ашынған Абылай хан бастаған қазақ әскері шын мәнінде шабуылға шығып, қалмақ әскерін талқандайды. Бірақ, қалдықтарын ұстамайды да, Ресейге кейін қайтармайды да. Қытай шекарасына қарай өткізіп жібереді. Алайда, қалмақ көші Жоңғар жеріне жеткенше алапат шығынға ұшырады. «Обашы жиырма неше күнге созылған шайқастан кейін Сарыбелге бұрылып, сол жердің оңтүстік шекарасына жеткенде, алдынан 100 мыңнан астам қырғыз алдарынан сау етіп шыға келді, – делінген Қытай дерегінде. – Обашы Сарыбелдің солтүстік шекарасына шегініп, одан әрі басып өткен бес жүз шақырымнан астам шөл даладан бір тамшы су, бір тал шөп таба алмады. Бұл кезде күн ысыған болатын. Адамдар жылқы мен сиыр бауыздап, қанын ішті. Ел арасында оба тарап, 300 мың адам қырылып, малдың оннан үш, төрт бөлігі ғана қалып, он неше күнде сол шөл даладан әрең қашып шыққан». (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. І том. Алматы, 2005. 238-239-беттер. Қытайдың «Сиюй ту чжи» (Батыс өлке карталары мен сипаттамалары) деген кітабынан. Қытай тілінен қазақшалаған Ж.Ошан).
Долбармен алғанның өзінде сол жолда 100 мың адам шығын болған екен. Жол азабына көне алмағандардың кейін қашқандары да кездескен. Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатында бұл қашқындардың орыс бекіністеріне келіп айтқандары хатталған көп құжат жатыр. Соның біразын жариялап та отырмыз.
Мысалы, 1773 жылғы 26 қаңтарда қазақ тұтқынынан қашқан Дерегар деген Еділ қалмағы Ресей шекара әкімшілігіне мынадай мағлұмат берген:
«...Балқаш көліне жеткенімізде атымыздың аяғы сынып, қазақтардың қолына түстік. Мені сибан керей болысының қазағы Қожаназар Сәттібай иеленді. Жағдайым жаман болды. Қожаназар менен әйелін қызғанып, ұрып-соқты, қорлық көрсетті. Содан соң, еріксіз қашып шығып, орыс бекінісіне келдім. Мен де бұрын Ресейдің азаматы болғанмын...» (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 1-тізбе, 184 –іс, 235-пар). Бір айдан кейін хатқа түскен екінші бір құжаттан уақ Баян батырдың қайтыс болғаны туралы дерек табамыз. Қазақ тұтқынынан қашып шыққан қалмақ әйелі тілмәш сержант Иван Шарин арқылы жауап алғанда, мыналарды айтқан:
«Менің атым Жарга Бардазамаева, 40 жастамын, бұрын Еділ бойында, Енатьев бекінісіне қарсы мекенде, Дотбир Дундуков княздің қарауындағы елде тұрғанмын. Жайлауда 15 жасар қызым ауырып, оны емдету үшін Обашы ханның еліне баруға мәжбүр болдым. Ол ел шығысқа, бұрынғы жоңғар жеріне жаппай ауып бара жатыр екен. Мен солармен бірге кеттім. Балқаш (Балхасы) көлінің жағасына келгенде атымыз өлді, 30 шақты адам жаяу қалдық. Бізді қазақтар ұстап алды да, ауыл-ауылға таратып бөліп жіберді. Мен Абылай сұлтанға қарайтын уақ болысының ел ағасы Баян батырдың иелігінде болдым. Баян батыр қайтыс болардың алдында мені өзінің інісі Хабин Тулту Булуковқа (Бөлек?) берді. Осы уақытқа дейін сонда болдым. Ол елде жағдайым қиын болды. Басқа қалмақтар сияқты мен де бұрын Ресейдің қоластында болғандығымнан қашып шықтым. Түн ішінде бір түйені ұстап міндім. Приозерный станицасына бір шақырым қалғанда түйені далаға тастап, өзім Баян аулаға жаяу келдім...(Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты. 1-қор, 1-тізбе, 184-іс, 216-пар).
1773 жылғы 26 ақпан. Қазақ тұтқынынан қашқан Еділ қалмағы Даразы Шарытовтың айтқандарынан:
«1771 жылы мамыр айында ...Балқаш көліне жеткенімізде, атымыздың аяғы сынып, қазақтардың қолына түстік. Мені керей болысының қазағы Сегізбай алып кетті.
...Қазақтардан естігенім: Абылай сұлтанға Қытайдың ханы елші жіберіп, қолындағы қалмақтарды босатып, қытай жағына беруді сұрапты. Оған Абылай сұлтан: «Менің қолымда біраз Еділ қалмақтары бар екені рас. Олардың көбі кәрі, ауру, бала-шаға, әл-қуатсыз адамдар. Басқаларын қазақтар бөліп-бөліп алып кеткен. Және де бұрынғы кезде қалмақтар қазақтарға көп жаулық көрсетіп, қазақтарды қырған, талап-тонаған. Сондықтан, қазақтар бұл қалмақтарды оңайлықпен бермейді» деп жауап беріпті. (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 1-тізбе, 184-іс, 235-пар).
Бұл көштің Қытайға аман-есен жетуіне Цин үкіметінің мүдделі болғаны басы ашық, дәлелденген нәрсе. Әлбетте, қытай билігі Ресеймен арадағы қатынасты шиеленістіріп алмас үшін, мәселені құпия ұстаған, Абылайға жасырын хабар беріп, аңысын аңдып отырған. Ақыры, бұрынғы жоңғар жеріне аман жеткен қалмақтарды қытай әскері мен қызметшілері қарсы алып, кемін бүтіндеп, бұрынғы қоныстарына, кейін Шың-Жан деп аталған аймаққа бөліп-бөліп орналастырған.
«Қазақтардан құтылдық-ау, дегенде (1772 ж.) торғауыттарға тұтқиылдан тау қырғыздары шабуыл жасап, көп шығынға қалдырды, қаншама кісісін тұтқын қылды. Қанішер әрі жыртқыш буруттар қалмақтарды қытай шекарасына дейін, яғни, жоңғарлардан босаған «жаңа шеп» деп алатын жерге дейін қуып барды. Осы жерде Обашы, Еділден мәртебелі билеуші ретінде аттанған сыйқынан айрылып, қорлық көрген, өз басын әрең аман алып келген пенде ретінде Қытайға берілді. Оларға Қытайға жеткендегі саны Ресейден шыққандағының жартысынан да аз еді. Қалғаны жолда қырылды» деп жазады А.Левшин. (Аталған еңбек, 252-бет).
Еділ қалмақтарының көші туралы қытай деректерінде, атап айтқанда, Чуньюань Циши-и есімді маньчжур қаламгерінің ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында жазылды делінетін «Сиюй цзун чжи» атты кітабында Абылай басқарған қазақтар туралы мына деректер бар: «Қазақтар ... вандарының есімі Абылай. Оны қол астындағылардың барлығы «Абылай би» деп атайды. Жерлері кең, жан саны мол, малдары көп. Байларының жылқысы мен сиыры он мыңнан есептелінеді, қойларына сан жетпейді.
...Торғауыттар бұрын орыстарға қараған. 1771 жылы бұлар басқа діндегі орыстармен шығыса алмай, Обашы есімді басшылары елінен жасақтаған 100 мыңнан астам әскерін бастап, шалғайдан Ілеге (Құлжаға) келіп, қытайға бағынады. Бұлар қазақтар мен қырғыздардың жерлерінен өткенде, сол елдермен соғысқан, одан тыс жолда келе жатқан көш арасында жұқпалы ауру тараған. Осындай себептерден олар Ілеге жеткенде 40-50 мыңдай ғана адамдары қалған. Патшамыз олардың шалғайдан келіп бағынғандығын ескере отырып, жан-жаққа орналастырып, олардың талаптары орындалсын деп ұйғарған. Қазіргі Іле жерінде патшамыздың осылардың бағынып келуіне арнап тасқа қашатып жаздырған естелігі орнатылған» (Бұл кітапта келтірілген бұл деректер сол кезде емес, кейінде, басқа авторлардың материалдарына сүйене отырып жазылғандай, шашырандылау әсер қалдырады – З.Т.)
Қалмақ тарихшысы Е.В.Дорджиева: «Еділ қалмақтарының келе жатқанын қытайлар білді ме? Әлде бұл қалмақтарды Қытай үкіметі шақырды ма? Немесе, әйтеуір, келіп қалған көшті мүсіркеп қарсы алып, тиісті көмегін берді ме?» деп, осындай үш тарапты мәселе қойып, оларға анық жауап бере алмайтынын мойындайды. «Мұндай хатты жазу үшін алдымен Пекин билігінің келісімі керек болатын. Бірақ, Қытай бодандығына толық көнетін-көнбейтіндігіне анық көзі жетпей тұрып, Қытай патшасы қалмақтарды қалай шақыруы мүмкін?» (Дорджиева Е. В. Исход калмыков в Китай а 1771 г. Элиста, 2002. 47-бет) деген күдігін білдіреді.
Ал, шын мәнісінде, біздің қолымыздағы құжатқа қарағанда, Қытай императоры құба қалмақтарды арнайы шақырмаса да, олардың Ресей қарауынан шығып, Қытай қол астына ауа көшіп келу ниетін қолдаған. Не себепті десек, жоңғарлардан босаған жерлерді өзінің ежелгі қонысы деп таныған Абылай бастаған қазақтар бұл қоныстарды күшпен, баса көктеп игере бастаған. Демек, бұл жерлерді қазақтарға бермейтінін үзілді-кесілді мәлімдеген Қытай патшасы, Ресейден қысым көріп, өз бетімен жалынышты болып келе жатқан құба қалмақтарды орналастыруға ниеттенгені шындық болуы әбден мүмкін. Бұл дерек қалмақ зерттеушілерінің қолына түспеген, сондықтан, қалмақ көші жөніндегі Қытай ұстанымы жөнінде қисынды болжау жасаумен шектелгенін көреміз.
Екіншіден, құба қалмақ көшінің алды шекарадан кіргенде-ақ, бос-қындарға құрмет көрсетілгеніне қарағанда, Қытай патшасының ниеті қандай екенін байқауға болады. Атап айтқанда, арып-азып келген көшті қытайлықтар жақсы қарсы алған, Обашы және басқа да білікті нояндардың иығына шапан жауып, алдына мал салып, қонысқа жер кесіп берген еді.
Дәл осы жерде тек Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ хандығының іс жүзіндегі билігі қолында тұрған Абылайдың саясаткерлігін тағы да байқаймыз. Ол мыналардан көрінеді; 1) Қытай үкіметінің тілегін де орындаған; 2) Обашының тілегін де орындағысы келген; 3) Ресей патшалығының да бетін қайтармай, тілегін орындаған сынай танытқан.
Жоғарыдағы қолда бар деректерге қарағанда, құба қалмақ көшіне байланысты Абылайға үш жақтан талап-тілек келіп түскен, оларға Абылайдың қалай қарағанын айттық. Ең бастысы, Еділ бойын тастап, Ресейден қысымшылық көріп, ата қонысына келе жатқан қалың қалмақты бөгетсіз өткізіп жіберуге Абылайдың ықыласты болғанына көзіміз жетіп отыр. Мұның екінші бір, бәлкім, ең басты дәлелі, Абылайдың келісімін алмаса, қалмақ көсемдері өз басын, қалың елін құрбандыққа шалып, қазақтың қаһарлы қалың қолына қарсы, көзсіз тәуекелге баратын жөні бар ма еді? Абылай келіспей, уағда бермеген болса, қанша қарулы-жарақты болса да, психологиялық түрде үрей арқалап, қашып келе жатқан қалмақ қолын талқандап тастауға Абылайдың әлеуеті жететінін Обашы білмеді ме? Білді. Көштің келе жатқанынан хабардар болып, Ресей жағынан жедел бұйрық алып отырған Абылай Обашыны өткізбеймін десе, алдынан қарсы шығып, көш соңында қуа соғысып келе жатқан Нұралы қолына көмек берер еді ғой.
Ал, Нұралы болса, Обашының: «Қазақтарда біздің шаруамыз жоқ, өз бетімізбен тыныш ауып бара жатырмыз» дегеніне қарамастан, аз әскермен қалмақ көшін тоқтатпақ болады. Осыған байланысты, «Абылай Нұралыны неге тежемеген? деген сұрау да тууы мүмкін. Нұралы қолының қалмақтардың соңына түскені рас, бірақ бұл – Кіші жүздің шағын қолы ғана. «Өз жоғын жоқтап, қашқын қалмақтарды орыс әскері өзі неге қумады»? Сондықтан, Нұралы да орыс үкіметіне көз қылу үшін ғана көшке еріп, анда-санда қуа қақтығысып қалып отырғанға ұқсайды. Орысқа керек болмағанда, алты аласы, бес бересі жоқ қашқын қалмақтармен соғысып, орынсыз шығынға қалу кімге керек? Бәлкім, осы себеппен Нұралыны тежеген Абылай шығар.
Алайда, құба қалмақтардың сол күндердегі көсемі Обашы тарапынан Абылайдың адамгершілік ниетін танымай, жұмсартып айтқанда, сенімсіздік жасалуы, дәлірек айтқанда, опасыздық жасауы қалың жұртты орны толмас қасірет пен зор шығынға апарып соқты. Бұл, әрине, өкінішті, алайда, болар іс болды. Абылайды еріксіз қантөгіске мәжбүрлеген бір ғана қателіктің салдары осындай.
Кейін Қытай мұрағатынан табылып отырған құжатта Абылай айтыпты деген сөздерді оқып, сөз болып отырған мәселеге байланысты Абылайдың ұстанымына нақтырақ көз жеткіземіз. Қытай өтіп, бұрынғы жоңғар жерін мекендей бастаған Обашы кейін бізге беймәлім бір себеппен Абылайға Дауа деген адамын жіберіп, хабарласқан. Сонда Абылай хан оған айтыпты:
«Сендердің Обашы хандарыңмен екеуміз тетелес, қандас едік. Қонысымыз шалғай болды да, тіл табыса алмадық. Обашы енді Ежен ханға бағынып, менің қарашаларыма бөгет жасамайтын болды. (Еділ бойындағы қазақ-қалмақ соғыстары туралы – З.Т.) Бұдан былай хат-хабар алысып, сәлемдесіп тұрайық». Дауаны қолға түсіріп, тергеуге алған «сауысқандай сақ» қытайлықтар Обашы мен Абылай арасындағы бұл байланыстан қауіптенген. «Дауаны Абылай бізге тыңшылыққа әдейі жіберіп отырған жоқ па екен? Абылайдың сыртынан тергеп жатқанымызды өзі естісе, оның күдіктенуі мүмкін. Бұл – қазақтармен қарым-қатынастағы өте маңызды іс», – деп сол адамның сыртынан қатаң бақылау қояды. Бұдан былай «Дауаны Абылаймен де хабарластырмау керектігін» де ескертеді…(100 құжат (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттар). Аударған және құрастырған Қ.Салғараұлы. Алматы, «Санат», 1998. – 76-77-беттер).
Осынау қайғылы оқиғалар жөнінде Абылайдың ұстанған саясатын, құба қалмақ көші аяқталғаннан кейін атқарған жұмыстарынан да көруге болатын сияқты. 1772 жылғы 2 қыркүйекте Құлсары батырдың генерал И.А. Деколонг кеңсесіне жазған хатында көрсетілгендей, «Ресей үкіметінің нұсқауымен Абылай ханға Кіші жүздің Нұралы ханынан елші келіп кеткен. Елші Еділ қалмақтары алып кеткен түркімендер мен татарлардың қазақ қолына түскен ер-әйелдерін жинап, Ресей жағына қайтаруға келіпті. Абылай бұл мәселені өзі қалтқысыз шешуге ынталы екенін айтып, елшіні кері қайтарды. (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты. 1-қор, 1-тізбе, 190-іс, 149-153-парақтар).

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста