Ринат Зайытов: Ату жазасын енгізуге қарсы емеспін
Айтыскер аудандық ішкі істер бөлімінде өзіне не айтылғанын, не себепті халықты таратқанын Talim TV арнасына берген сұхбатында әңгімеледі.
Заң органдары Зайытовты ұстап әкеткен соң, айтыскер ел алдына шығып, митингке жиналған халықты таратқан болатын. Содан кейін жұрттың ойында «Билік Ринатқа не айтты?» деген сауал тұрды. Айтыскер:
«Дым болған жоқ, құрысын. Отырып, сұрайды. Бос әңгіме. Өйткені сені тергеп отырған милиция да, КНБ-щник та іштей ешқандай кінәң жоқ екенін біліп отырады. Өзі бишара қысылып отырады. «Білесің ғой, біздікі жұмыс қой, маған бұйрық берді» деп екі сөзінің бірі сол», – деді.
Сондай-ақ Зайытов неге митингте соңына дейін тұрмағанын түсіндірді.
«Тұрғанда не болады ал? Мысалы, көзімізге елестетіп көрейік. Дәл сол күні бүкіл Қазақстаннан 1 миллион адам шықты.
Үкімет кетіп қалды деп елестетейік. Не болады ол жерде? Менің заңды құқығым жоқ. Мен сайлауға түскен адам емеспін. Қазір мемлекетті басқарып кетемін деп айту да… Оны қалай басқару керектігін қайдан білесің? Наразылық білдіру, жалпы халықтың күші екенін көрсету өте қажет. Халық көшеге шыққан кезде биліктен адамдар звондай бастайды өзі. «Нендей талаптарың бар?» деп. Сол кезде халықты да ұстай алатын, мына жақпен де барып әңгімелесіп келетін кемі 10 адамнан тұратын топ керек.
Ал ана жерде жалғыз өзің тұрсың. Мұнда қаумалаған халық шуылдап жатыр. Менің даусымды ұрлады деп айта алмаймын, себебі сайлауға басқа адам түскен, ол ана жерде жоқ», – деді ол.
Жемқорлықты талай жырға қосқан Ринат оны жеңу үшін заңды күшейту керек, қажет болса, ату жазасын қайта енгізу керек дегенді айтты.
«Біз жемқорлық деп нені ойлаймыз? Әкім барады, тендердің шапкасын алады, сол ғана деп ойлаймыз. Сен мысалы, 10 сабынның бастығысың, директор емессің. Бір сабынды алып кетесің де: «Онда тұрған не бар? 9 сабынмен де көпіре береді ғой» дейсің. Бірақ үйге барғанда біздің есепшілер, директор, бәрі ақша жеп отыр дейсің. Сен өзің жеп отырсың ғой.
Біреуге барып: «Ұрлық жасадың, мынауың не?» – десең: «Бала-шаға асырап отырмын ғой, маған не дейсің? Осыны көре қалдың ба?» – дейді. Ең үлкен проблема осы.
Қазір мысалы, үкімет жаман деп жүрген Қазақстанда пәленбай жігіт бармыз ғой. Ал енді бәрімізді бір күнде билікке апарып қойса, бізде қандай жағдай болатынына кім кепілдік береді? Мыналар да жеді, бұларға көрсетем деген ой болуы мүмкін. Орыстар «С чем боролся, на то и напоролся» дейді. Өзің күрестім деген нәрсенің ортасына кіресің.
Жемқорлықты жеңу үшін ананы-мынаны істеу керек деген бос сөз. Қатты жазаны күшейту керек.
Осыдан 30 жыл бұрын бізде ату жазасы болды. Ал қазір соны енгізейік десе, бәрі үркіп қарайды. Өз басым қарсы емеспін», – деді Зайытов.
Айтыскер, заң дұрыс жұмыс істеп, судьялардың мойнына жауапкершілік артылса, біреуді жазықсыз соттаудан соттың да қорқатынын баса айтты.
uakytnews.kz