Репрессия құрбандарын ақтау жұмыстары БҚО-да қалай жүргізілуде?

Репрессия құрбандарын ақтау жұмыстары БҚО-да қалай жүргізілуде?

Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі жұмыс­тың алғашқы қорытындысы шыға­рыл­ды. Баспадан екі жинақ жарық көрді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі Батыс Қазақстан облысының өңірлік комиссиясы өткен жылдың басында әкім қаулысымен құрылған. Комиссия құрамындағы 9 зерттеушіге ведомстволық арнайы архивтердегі құпия құжаттармен жұмыс жасау үшін рұқсат берілген.

 

Өңірлік комиссия шеңберінде 7 ба­ғыт бойынша жұмыс тобы құрылып, жетекшілер бекітілген. Сондай-ақ тұр­ғындар арасында сауалнамалар ұйым­дастыру, елді мекендердегі ақсақалдар мен өлкетанушыларды, тарихшы мұға­лім­дерді, кітапхана және музей қызмет­керлерін тарта отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандары есімдерін, тың деректер мен фактілерді анықтау бойынша жүйелі жұмыс басталып кетті.

 

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұ­рағаты қорында ақтауға жатпайтын тұл­ғалардың 566 ісі, қуғын-сүр­гін­ге ұшы­­раған, сот органдары ақтаған тұлға­лар­ға қатысты 7 177 іс және Германияда әс­кери тұтқында болған және өз еліне қай­­­та оралған бұрынғы КСРО азаматтарына қатысты 851 іс сақтаулы екен. Ал Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының арнайы мұрағатында «Арнайы қоныс аудару және жер аударылғандардың жеке істер коллекциясы» сақтаулы. Оның ішінде арнайы қоныс аударушыларды есепке алған 1 437 құжат, жер аударылғандарды есепке алған 703 құжат, арнайы қоныс аударушылардың 199 жеке ісі, жер ауда­рылғандардың 1 243 жеке ісі бар. Әрине, комиссия қарайтын істердің басым бөлігі Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде екені сөзсіз. Мұнда мешіттердің жойылуы бойынша 20 қорда 25 945 іс, ұжымдастыру бойынша 24 қорда 55 483 іс, босқындар бойынша 5 қорда 1 186 іс, тәр­кілеу бойынша 8 қорда 3 055 іс, ашар­шылық бойынша 7 қор ішінде 150 іс бар.

 

Көріп отырғанымыздай, атқарылатын жұмыс ауқымы өте үлкен. Бұл алдағы бір­неше жылға созылатын тынымсыз еңбек деуге болады. Саяси қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау жөніндегі қызметтерді былтырғы тамыз айынан бері DANA ғылыми-зерттеу орталығы жүзеге асыруда. Сөйтіп, жобаға қатысушы ғалымдарға облыстық бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде еңбекақы, іссапар шығын­да­ры төленіп, сайт жасақтау, іздестіру жұмыстары мен кітап шығару бойынша жұмыс жүруде. «Мемлекет басшысы тарихымызды түгендеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қа­жеттігін айтты. Сондықтан бұл комис­сияға өте үлкен, ауқымды міндет жүктеліп отыр. Өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүр­гін большевиктік-сталиндік биліктің кінә­сінен бастау алған. Қазақ даласындағы реп­рессия халқымызға орасан зор адами және экономикалық шығын мен зиян әкел­ді. Оның салдары осы күнге дейін жады­мыз­дан кетпейді», деді өңірлік комис­сия­ның отырысында сөйлеген сөзінде Ба­тыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқа­лиев.

 

Оның айтуынша, өңірлік комиссияларды құрудың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының Жарлығын толық орындап, ұсыныстар әзірлеуі үшін осы уақытқа дейін құпия болып келген немесе әлі белгісіз, ұмытылған деректерді, фактілерді табу, жинау, репрессияның түрлері мен механизмдерін анықтау, ауылдардағы қуғын-сүргін орталықтары мен орындарын, құрбандардың санын, аты-жөнін анықтау және зардап шеккендер туралы осы мәселеге қатысты басқа да ақпарат жинау, талдап-сараптау. Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмысының алғашқы нәтижелерін жария етті. Мәселен, 2021 жылы өңірлік комиссияның 3 отырысы, жұмыс тобының 8 жиыны өткізілген. Саяси қуғын-сүргін мәселесіне қатысты ақпарат және жұмыс тәжірибелерімен алмасу мақсатында Ақтөбе, Атырау, Қос­­танай, Маңғыстау облыстарымен аймақ­­тық семинар ұйымдастырылса, өт­кен жылдың қыркүйек-қазан айлары ара­лы­ғында республикалық Жобалық кеңсе ұйымдастырған 11 семинарға өңірлік комиссия мүшелері қатысып, жетекші­лік ететін жұмыс тобы тақырыптары бо­йын­ша баяндама жасаған. Батыс Қазақ­стан облысындағы бір ерекшелік – сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жө­ніндегі қызметті жүргізу Жобалық кең­се форматында DANA ғылыми-зерт­­теу орталығына тапсырылғаны. Бұл өте сәтті шешім болды. Өйт­кені бұл орталық 2012 жылдан бері ғылыми-зерттеу және тарихи танымдық жұмыспен жүйелі айналысып келеді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы өңір тарихына қа­тысты көптеген зерттеу еңбектері жария­лан­ған DANAqaz тарихи-таным­дық журналы­ның бүгінге дейін 58 саны жарық көр­ді. Сондай-ақ Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Орынбор қалалары ар­­хив­­терінен алынған материалдар негі­зін­­де Күнбатыс Алашорда зиялылары мен өңір­дің баспасөз тарихына қатысты 9 кі­тап жарыққа шықты. Ал осы жоба шең­берінде арнайы мәліметтер базасы жүк­телген www.batysmura.kz тарихи та­ным­дық, ғылыми-зерттеу порталы іске қо­сылды. Бұл интернет-ресурста саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша 5 бөлім жұмыс жасайды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен қызығушылық та­нытқан тұлғаларға порталға кіріп онлайн сауалнама толтыру мүмкіндігі жа­салған.

 

Өңірлік комиссия жұмысына ерекше жан бітірген бір оқиға – жергілікті ғалым-мамандардың Алматы қаласына екі апталық іссапары болды. Оралдық зерттеушілер Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Мемлекеттік комиссияның Алматы бөлімшесі, Жаңалық ауылында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музей кешені, Президент Архиві, Ұлттық кітапхана, Алматы қаласының Полиция департаменті мен ҰҚК-нің арнайы ар­хив­­тері, Алматы қалалық мемлекеттік архиві сынды орталықтар мен архивтерде жұмыс істеп, өңір тарихына қатыс­ты тың деректермен танысты. Ғылыми іс­сапар нәтижесінде алматылық ғалым-ма­мандармен, архив қызметкерлерімен өңір тарихын зерделеу бойынша байланыс орнатылып, архивтерден 4 000 беттей құжат көшірмесі әкелінді.

 

Жалпы, осы уақытқа дейін жүргізілген ғылыми ізденушілік жұмыстар нәтиже­сінде сан түрлі саяси мотивтер бойынша репрессияға ұшыраған жандардың тізімі жасақталуда. Атап айтқанда, 1920-1930 жылдары облыс аумағындағы көтерілістер мен халық наразылықтарына қатысқаны үшін репрессияға ұшыраған 170 адам, күштеп ұжымдастыру кезінде қудаланған 500-ге жуық бай-кулак пен шаруа, күштеп қоныс аударылған 3 500 адам, қудалауға ұшыраған 1003 дін өкілі (896 мұсылман, 107 христиан), ІІ дүниежүзілік соғыс тұтқындары қатарынан 2 939 адамның тізімі жасалды. Бұл тізімді жұмыс топтары мұқият зерделеп, толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссияға жолдайтын бо­лады. Сонымен қатар жұмыс тобы өкіл­дері облыс аумағында саяси қуғын-сүр­гінге ұшырағандардың жерлеу орындарын, НКВД лагерьлері болған жерлерді іздестіруде. Бұл бағытта далалық экспе­дициялар мен танымдық бағыттағы іздесті­ру жұмыстары өңірдің Теректі, Тасқала, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында жүргізілді.

 

– Қазақстанда 1927-1953 жылдары 103 мың адам жазаланып, 25 мыңдай адам атылған деген дерек айтылады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыс­тары барысында осы деректердің нақтылығына көз жеткізіп, төгілген жас пен қанның әділетсіздіктен екенін тағы бір мәрте дәлелдейміз. Халықты соғыссыз-ақ, өз билігі миллиондап қырып, жер беті­нен жойып жіберердей жасаған геноцид әрекеті үшін кінәлі болған ата-әжелерімізді ар алдында, болашақ ұрпақ алдында ақтау жұмыстарына атсалысу біз үшін үлкен құрмет, абырой болмақ. Осы қайырлы істі атқарудың Президенттің Жарлығымен пәрмен беріліп басталуы істің нәтижелі аяқталар деген сенімді арттыра түседі, – деді Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы, DANA ғы­лыми-зерттеу орталығының директоры Жантас Сафуллин.

 

Жоғарыда айтылғандай, өңірлік комиссия Орал мен Алматы қалаларындағы архивтерден көптеген тың дерек анық­тады. Жантас Сафуллиннің ойынша, мұның бәрі барлау, қай жерде не ба­рын бағамдау. Алдағы уақытта осы архив­тердің бәрінде жүйелілеу қажет болады.

 

Сапар барысында Ш.Уәлиханов атын­дағы тарих және этнология институтының басшысы Зиябек Қабылдинов респуб­ликалық деңгейдегі танымал ғалымдармен бірнеше семинар-кеңес, кездесу ұйым­дас­тырып, көп қолдау көрсетті. Ал Қазақстан Рес­публикасы Орталық мемлекеттік архи­вінің директоры Сәбит Шілдебай мен DANA орталығының басшысы Жантас Сафуллин болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шарт жасасты. Бұл келісім нәтижесінде Орталық архив қорында сақталған тарихи құжаттар негізінде Батыс Қазақстан облысы тарихына қатысты жинақтар жарыққа шықпақ.

 

Енді өңірлік комиссияның аз уақыт ішінде атқарған жұмысына шолу жасап көрелік. Осы кезге дейін көпшілікке Батыс Қазақстан облысында 1930 жылы болған Жаңақала көтерілісі ғана белгілі болатын. Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу тобына жауапты топтың жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Есқай­рат Хайдаров облыстық Полиция депар­таментінің арнайы мұрағатынан бұрын көпшілікке беймәлім болып келген халық наразылықтары мен баскөтерулерін анық­тады. Мысалы, 1930 жылы Жымпиты ауданының №15 және №19 ауылында Ғаббас Досмұхамедов бастаған 16 адам тұтқындалып, бесеуі – ату жазасына, 11 адам – 3-10 жылға концлагерьлер­ге жабылған. Осындай айып 1930 жылы Орда ауданына қарасты Сүйіндік және Қасымтау ауылдарының 9 тұрғынына да тағылып, 5-10 жыл мерзімге концлагерьге жіберілген. Сол сияқты ұжымдастыру саясатына қарсы шыққан Шыңғырлау ауданы №16 ауылының 16 тұрғыны 1933 жылы 3-8 жылға сотталса, 1930 жылдары Қазталов және Фурманов аудандарында ұсталған «контрреволюциялық ұйымның» 2 мүшесі – өлім жазасына, қалған алтауы – 10 жыл мерзімге еңбекпен түзеу лагеріне кесілген. Кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша да жаңалық көп. Қазақстан бойынша 1928 жылы жүргізілген байларды тәркілеу тізіміне Орал округінен 71 бай енген болатын. Осы 71 байдың 11-іне қатысты қо­сымша қылмыстық іс көтеріліп, олар 1929 жылдың көктемінде Пенза қаласына жер аударылғаны анықталды. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында жоғарыда айтылған 71 бай­дан бөлек тәркілеуге ұшырағандар тізім­дері анықталуда. 1929-1932 жылдары тәр­кіленгендер тізімі табылды. Болашақта архив құжаттарымен біріктіріп, жинақ шығару жоспарланды.

 

Күштеп ұжымдастыру және 1930 жыл­дардағы ашаршылықтан жойылған немесе жапа шеккендерді анықтау бо­йын­ша жұмыс тобының жетекшісі, та­рих ғылымдарының кандидаты Бақ­ты­лы Боранбаева тапқан деректер ел ішін­­де күштеп колхоздастыру, ұжым­дас­тыру және мемлекетке ет, ас­тық даяр­­лау науқандары кезінде асы­ра сіл­­теушілік, бұрмалаушылық, оз­быр­лық, дөрекілік көрсету әдістері қолда­ныл­­ғанын дәлелдейді. Мысалы, қазақ ауыл­дарында бай, кулактарды тап ре­тінде жою кезінде Азғыр ауданы, Жи­делі ауылындағы Құталиев Жұбалы, Нұр­мұхаметов Дүйсекеш, Жолин Баймұкат, т.б. кедейлер тұтқындалып, мал-мүлкі тәр­кіленген. Тіпті әйелдердің іш киімдері, ас қасықтарын түгел тартып алып, бала­ларының киімдерін сыпырып, тыр жа­лаңаш қалдырып кеткен. Осы сынды озбыр­лықтар кесірінен Қаратөбе ауданында Құлғазиев Мұхамедияр, Дибарова Күлсана, Сайдушев Сұлтан бастаған 19 мұғалім жұмыстан бас тартып, өзге округке кететінін мәлімдеген. Ұжымдасты­ру­­ға қарсы шыққаны үшін тұтқындал­ған Азғыр, Жиделі ауылдарының 131 тұр­ғынына түрлі сот үкімі шығарылған. Ұжым­дастыруға қарсы шыққан Заураль, Камен, Теплов аудандарының 320 тұр­ғыны (балаларымен бірге) Азғыр, Орда, Жаңақала аудандарына құм тоқтату, балық аулау жұмыстарына жіберілген. Бұл адамдарың кейінгі тағдыры белгісіз, зерттеуді қажет етеді.

 

Алаш партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға жә­не қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды анық­тау бойынша жұмыс тобының же­текшісі, тарих ғылымдарының канди­даты, доцент Альфия Байболсынова Батыс Қазақстан облыстық Полиция депар­таментінің архив қорындағы Алашорда үкіметіне қатысты құпия құжаттармен, Мәжит Шомбалов, Ғаббас Досмұхамедов, Салық Омаров, Арон Қаратаев, Төлеген Иманғазиев, Айтқали Аблаевтың істерімен танысты. Алайда бұл істердің әлі құпия болуына байланысты ашып айтуға, не жазуға мүмкіндік жоқ.

 

Жұмыс тобының мүшесі, Жымпиты музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшы­баева 1929-1956 жылдары Сырым ауданы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған 224 адамның аты-жөнін анықтаған.

 

Сонымен қатар Батыс Қазақстан об­лысы аумағындағы жазалау лагерьлері орындарын анықтау жұмысы да жүруде. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Батыс Қазақстан облысы бойынша Саяси тұт­қындар лагерьлері ГУЛАГ жүйесінде қызмет жа­саған. Орал округінде Каменлаг, Безы­мянлаг және Салават лагерьлерінде 2-5 мыңға дейін тұтқын ұсталған. Атап айт­сақ, Каменлаг қазіргі Саратов облысымен (Ресей) шектес Тасқала ауданы аумағында болған. 1940 жылы құрылған Безымянлаг Батыс Қазақстан облысы мен Самара облысы (Ресей) шектескен аумағында орналасқан. Ал АЛЖИР жү­йесінің Оралдағы бөлімшесі Салават ла­гері Орал қаласындағы орталық қалалық түрме жанында қызмет жасаған. Мұнда 1937 жылғы 15 тамыздағы арнайы бұйрық бойынша «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелерін қамаған.

 

Бүгінде облыс аумағында НКВД-ның айыптау және жазалау үкімі орындал­ған бірнеше орын анықталды. Олар – Қазталов ауданындағы Шильная Балька ауы­лы, қа­зіргі Бәйтерек ауданының Дариян, Ша­пов, Янайкин поселкелері, Ақжайық ауданының Бударин, Жаңабұлақ ауылдары, Шыңғырлау ауданының Ащысай елді мекені, Бөрлі ауданының Бөрлі по­сел­кесі, Теректі ауданының Федоровка по­селкесі, Тасқала ауданың орталығы бұрынғы Каменка поселкесі. Бұл жерлерде қылмыстық іс жүргізу процестері өткізіліп, үкім сол жерде орындалған.

 

Жантас Сафуллин осындай үкім жүр­гізілді деген орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді ұсынып отыр. Егер боздақтар сүйегі табылып, нақты анықталса, ол жерлерді қорғауға алып, ескерткіш белгі орнату қажет.

 

Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы да соңғы бірнеше ай ішінде мыңнан аса дін өкілінің аты-жөнін анықтады. 1920 жылдан басталған қудалау кезінде «Кеңес үкіметіне жат элементтер» тізіміне кірген дін қызметкерлері сайлау пұрсатынан айы­рылып, жер аударылған. Біразы шетелге (негізінен Ресейге) бас сауғалаған. Ал 1930 жылдардың басында «босқындарды ел­ге қайтару» бағдарламасымен елге орал­ған бұл тұлғалардың көбі 1937-1938 жылда­ры репрессияның екінші толқынына ұшы­рап, қатаң жазаға (көбіне ату жазасы) ұшыраған. Осы деректер жинақталған «Сенім үшін сергелдең» атты кітап жарық көрді.

 

1939-1945 жылдары фашистік Гер­мания, Финляндия және басқада Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқын­дарды ақтау бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «Память народа» мен «Обд-Мемориал» сайттары арқы­лы 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғы­сында істі болып, айыптылар ротасына жіберіліп, алдыңғы шепте қаза тапқан 29 батысқазақстандықты, соғыс жылдары әскери бөлімдерде жүріп, істі болып, ауыр жазаға кесілген (ату жазасы) 49 сарбазды анықтады. Соңғы тізімдегі 46 адам ақталмаған. Сондай-ақ соғыста тұтқынға түсіп, кейін босатылған 572 ба­­тыс­қазақстандық анықталды. Соғыс жыл­дары майданда істі болып, сотталған батысқазақстандық 110 адамның құжаты табылды. Бұл сарбаздардың тағдыры тым ауыр. Мысалы, Жымпиты ауданы бойынша соғыс жылдары тұтқынға түскен 68 адамның 57-сі тұтқында қайтыс болған. Теректі ауданынан тұтқынға түскен 35 адамның 32-сі концлагерьде қаза тапқан. Бұрынғы Тайпақ ауданы­нан тұтқынға түс­кен 64 адамның 49-ы тұтқында қайтыс болған. Ал неміс концлагерьлерінен аман қалып, елге келген жерлестерді тағы бір тозақ күтіп тұрды. 1946 жылы соғыста тұтқында болғаны үшін 613 оралдық Оң­түстік-Орал әскери трибуналының үкі­мімен 7-25 жылдар аралығына сот­талған. Олардың арасында да әлі күнге ақтал­мағандар бар.

 

Ахмедияр Батырханов айыптылар ротасында қаза тапқан 29 адам, ату жазасына кесілген 49 адам, сотталған 110 адам және 253 соғыс тұтқынын – барлығы 441 адамды ақтауға ұсыну қажет деп санайды. Бұл топтың алғашқы нәтижелері де өткен желтоқсан айының соңында жеке кітап болып жарық көрді.

 

Қазақстанға күштеп көшірілгендерді анықтау, 1920-1940 жылдар аралығында мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қа­зақстаннан кетуге мәжбүр болған бос­қын­дарды ақтау бойынша жұмыс тобы­ның жетекшісі, өлкетанушы Айболат Құ­рым­баев Қазақстан Республикасы Бас про­куратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі ко­ми­теті Батыс Қазақстан облысы бойын­ша басқармасының арнайы мұраға­тын­да оты­рып, ондағы «арнайы қоныс аудару және жер аударылғандардың жеке істер кол­лек­циясын» сүзіп шық­қан. Мұның ішін­де арнайы қоныс аудару­шылардың

1 437 есепке алу құжаты, жер ауда­рыл­ған­дардың 703 есепке алу құ­жаты, ар­найы қоныс аударушылардың 199 же­ке ісі, жер аударылғандардың 1 243 же­ке ісі сақтал­ған. Қазір басқарма қыз­­меткерлерінің көмегімен жасалған сарап­­тамалық кесте бойынша тізімде ақ­тал­­маған тұлғалар­ды ақтауға ұсыныс әзір­ленуде.

 

Ж.Сафуллин саяси қуғын-сүргінге ұшы­­рағандардың көбі Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Ресейдің облыста­рына және Башқұртстан аумағына бо­сып кетуге мәжбүр болғанын, ол бос­қын­дарға қатысты сақталған ауызша дерек­терді жинақтау үшін арнайы іссапар ұйым­дастыру қажеттігін айтады. Бұл ұсынысты облыс басшысы да қолдап отыр. Сондай-ақ облыстық Полиция депар­таменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағаттарындағы құпия құжаттарымен жұмыс істеу тәр­тібін зерттеушілерге ың­ғайлы ету үшін өзгерістер жасау керек. Зерттеуші құпия құжаттармен жұмыс істегенде жазған дәптерін тапсырып кетеді. Ондағы мәліметтерді қайта қолға алып, ақтауға ұсыныс беру үшін көп уақыт кетуде. «Осыған байланысты маман­дарымыз әзірге бұл архивпен жұмыс істеу­ге құлықсыз. Жалпы, зерттеушілерге архив­тің құпия құжаттарымен жұмыс істей­тін мамандарға рұқсат беру тәртібіне өзгеріс қажет», деді Ж.Сафуллин.

 

Мемлекеттік комиссияның бір бағы­ты – «1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуро­па елдерінде қамауға алынған қазақстан­дық әскери тұтқындарды ақтау» деп аталады. Осы орайда тауқыметі фашизм концлагерьлерінен артық болмаса, кем түспеген большевиктік концлагерь тұт­қындарын назардан тыс қалдырмау керек деп санайды Ж.Сафуллин.

 

Президенттің тапсырмасынан бас­тау алған комиссияның алдында тұрған міндеттер сан алуан. Облысқа қатысты іздестіру-зерттеу жұмыстарын еліміздің барлық өңірінде, шекаралас Ресей аума­ғында жүргізу, санаттар бойынша статис­тикалық мәліметтерді толықтыру және қайталап тексеру қажет. Ең бастысы, рес­публикалық ауқымда да, жергілікті дең­гейде де толық қолдау бар.

 

 

 

egemen.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста