Құнанбайдың Сеңгірбаймен күш сынасуы
Құнанбайдың серті
Бұл әңгімені ұзақ жылдар Бөрілі мұражайының меңгерушісі болған шежіреші Бекен ағаның (Бекен Исабаев) аузынан көп естіп едім. Бекен аға Мұхтар Әуезовті көрген. «Абай жолы» роман-эпопеясына қазақтың ұлт руханиятына лайық кейбір тарихи деректердің енгізілмей қалғанын да айтып отыратын... Сондай бір әңгіменің бірі – Құнанбайдың Сеңгірбаймен күш сынасуы.
Құнанбайдың өзі де айтқан: «Елімнің менде өтелмес қарызы бар. Мені екі өлім ажалынан, екі айдаудан алып қалған елімнің тілеуі», - деген сөзі бар.
Құнанбай да 15 жасынан бастап күреске түсіп, ел арасындағы өзі құрлы балуан дегендерді жығып, балуан атанған. 18 жас шамасында Құнанбай жауырыны жерге тимеген Көтібақ руынан шыққан 15 жасынан әйгілі боп, атағы жайылған Сеңгірбай балуанмен күресу ойында болады. Сеңгірбайдың Құнанбайдан жасы үлкен, әрі туысы жақын. Сеңгірбайға келіп:
- Қайсымыз жыққанымызды ешкімге айтпалық, жықсам да жығылсам да ат шапан айып берейін, сізбен оңаша күресейін деп едім, - дейді.
Сөйтіп Шыңғыстаудың қазіргі Жарқымбай биігі деген сайында екеуі кездесіп күреседі. Бірақ қайсысы жыққанын ешкім білмейді. Олар да сертті бұзбаған.
Ат пен шапанды Сеңгірбай алады. Уәдеге берік адамдар сырларын ішке сақтап ешкімге тіс жармады. Сеңгірбай өлген соң:
- Қайсыңыз жықтыңыздар?- деген замандастарына Құнанбай:
- Секең өлді деп уәдені бұзғаным лайық емес, - деп жауап берген екен.
«Уәде – құдай сөзі», «Ердің екі сөйлегені – өлгені», «Ер екі сөйлемейді» т.б. деген тәмсілдің түйіні осы. Уәдеге беріктік деген осылай болса керек.
Кәзіргі заманда біздің жоғалтып алған ең қымбат құндылығымыз – уәде, ант, жауапкершілік. Осылар жоғалғаннан кейін сенім жоғалды. Адамның адамгершілік деңгейі серт пен сенімнен тұрады. Серт жоқ жерде сенім жоқ. Сенім жоқ жерде мейірім, махаббат, құрмет жоқ. Тіпті бір үйде тұрғандардың арасында сенім қалмай барады...
Біз жауапкершілікті осылай жоғалттық!
Алмахан Мұхаметқалиқызы
«Абай хикаяттары» жинағынан