Қозғал, қазақ! Солтүстікке…
Қыркүйектің алғашқы күнінде «алғашқы қоңырау» соғылып, еліміздегі жаңадан салынған мектептер жүздері бал-бұл жайнаған оқушыларды қабылдап жатқанын барлық телеарналар, басылымдар жарыса көрсетіп, жазып жатады. Бұл өзі тәуелсіздігіміздің жемісіне шүкіршілік ететін, ертеңгі күнімізге сенім ұялататын, көңіл толқытар қуаныш. Биыл мәселен бірінші сынып табалдырығын 370 мыңнан астам бүлдіршін аттады. Бұл өзі үлкен бір қаланың тұрғыны ғой. Жаңа елордаға қоныс аударып келгенімізде Ақмола тұрғындарының саны мұнан да аз болатын. Шүкір, тәубе дейсің осындайда.
Ұлтымыздың қайнары – Оңтүстік Қазақстан облысында жаңадан 25 мектеп салынды, 25 жылдыққа – 25! Білім ордалары әлі де салынуда, жыл аяғына дейін беріледі, себебі, үш ауысымда оқитын 37 мектеп болса, апатты жағдайдағы білім ошақтары – 98. Жалпы, оңтүстікке әлі де 200-дей мектеп қажет. Оңтүстік өңірде биыл 73 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттады, облыс әкімі Б.Атамқұлов оларға бір-бір шыбық шаншуды тапсырды, бұл жақсы бастама. Әр шәкірт ағаш отырғызып, мектеп бітіргенше күтімге алса зәулім дарақ, қалың орман жайқалып тұрар еді ғой. Алматыдағы «Мамыр» шағын ауданындағы мектептің бірінші сыныбына 40-45 баладан қабылдап жатыр екен, Астанада да солай. Жамбыл жерінде жаңадан 5 мектеп салынды, бірақ мұның өзі үш ауысым мәселесін шешпейді. Орын жетпей, баласын мектепке орналастыра алмай сарсаңға түсіп жүрген ата-ана тәуелсіз телеарналардың басты қонағы қазір. Ағымдағы жылы іске қосылатын 92 мектептің 31-і үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешу үшін, 29-ы апатты ғимараттардың орнына, 14-і оқушы орнының тапшылығын жою үшін, 13-і ыңғайластырылған мектептердің орнына, 5-уі білім ұясы жоқ елді мекендерде салынды. Шүкір, оңтүстікте, батыс аймақта осылайша мектеп, бала-бақша жетіңкіремей жатады, себебі өсу бар, табиғи өсім бар. Ал бүкіл елде ше?
Білім және ғылым министрлігінің ресми мәліметтеріне жүгінсек, биыл мектептер желісінің саны өткен жылмен салыстырғанда 34 бірлікке азайған, яғни 48 мектеп жабылды, 11 мектеп ашылды. Нормативке сай келмеуіне, яғни бала саны жетпеуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысында – 14, Павлодар облысында – 12, Ақтөбе облысында – 6 мектеп жабылған. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Бірлік ауылы кезінде 500-дей тұрғыны бар гүлденген, өркендеген елді мекен болған екен. Сосын жұрт кете бастаған, мектеп тоғызжылдыққа, соңыра бастауышқа айналған, ал 2013 жылы оқитын бала болмағандықтан білім ордасына құлып салынған еді. Сол мектепке биыл жан бітті, Білім күні қоңырау соғылды, бастауыш мектепке бес бала баратын болды. Бұл Үкіметтің арнайы бағдарламасына сәйкес оңтүстіктен қоныс аударған 10 отбасымен бірге келген қуаныш. Ал солтүстікте әлі де жүзден астам мектеп жабылу қаупін күтіп отыр. Үміт – Үкіметте.
Үкіметтің ішкі көші-қонды жүйелеп, жұмыс күшін дұрыс бөлуді реттейтін қанатқақты жобасына сәйкес 463 отбасына бөлінген квотаның 22-сі Қостанай, 40-ы Шығыс Қазақстан, 101-і Солтүстік Қазақстан, 300-і Павлодар облыстарына тиесілі. Неге осы өңірлер таңдалған? Себебі, Шығыс Қазақстан өңірінен жыл сайын 35 мың адам көшеді, келушілер мұнан да аз, жалпы, бес жылда тұрғындар 40 мың адамға кеміген. Ал Солтүстік Қазақстанда көші-қон осы бағытпен кете берсе 2030 жылға қарай қазіргі 570 мың тұрғыннан 300 мың ғана қалады. Қостанай мен Павлодарда да келушілер кетушілерден басым болмай тұр. Бұл өңірлердің бәрі де мал ұстап, егін салуға аса қолайлы, оның үстіне өндірісі де дамыған, ең бастысы, шекаралық аймақтар. Үкімет бағдарламасына сай қоныс аударушыларға тұрғын үй мен жер телімінен бөлек жылыжай және бау-бақша шаруашылықтарын дамыту үшін несие беру көзделген. Көшіп келу шығындарынан бөлек 5-6 жаны бар отбасы Үкіметтен орта есеппен 500 мың теңгеге жуық көмек алады, 5 жылға 5 миллион теңгедей несие де ала алады, бірақ кері көшсе түгел қайтарады. Бұларға егін саламын десе жер телімі де беріледі.
Әрине, Үкімет едәуір қаржы бөлетін болған соң квотаны көбейтпейді, 463 отбасы әрі кетсе 3 мыңдай ғана жан. Бұл қарқынмен селдіреп қалған солтүстіктегі өңірлерді толтыру қиындау. Үкіметтің «Серпін-2050» бағдарламасына сәйкес педагогика, ауылшаруашылығы, медицина, техникалық мамандықтарға 3162 грант бөлініп отыр, бұл студенттердің көпшілігі орталық және солтүстік аймақтағы университеттерде білім алады, оқу бітірген соң сол өңірде қалады деген үміт бар. 1200-ден астам оралман да солтүстікке қоныстанбақ. Біз осыдан жиырма жылдай бұрын шетелден келген алғашқы көш Түркістан маңындағы «Достық» ауылына жайғасқанда «Отанымыз – тек оңтүстік қана ма?», онсыз да тығыз өңірге оралман неге қаптап келеді деп дабыл қаққан едік. Өкінішке қарай, оған билік құлақ аса қойған жоқ, туыстары осында, әрі жылы жер ғой деген сияқты жауап естідік. Барлық қазақ бір-біріне туыс, тек оңтүстік қана емес, елдің барлық жері жылы, тек ауа райы емес қабылдайтын ортаның, жергілікті биліктің қабағы жылы болуы керек. Қазақтың кең-байтақ жері барша қазақстандыққа ортақ. Бәрімізге жер ортақ, ел ортақ, ең бастысы – мүдде ортақ. Үкімет қазір бұл бағдарламасын жарнамалап, жалаулатып жатқан жоқ, себебі, квотаны ұлғайтуға қазына мүмкіндігі кем, бүкіл әлемді дағдарыс жайлаған. Дегенмен, өзі бас болып ірі меншік иелерін, жекелеген қалталы азаматтарды осы мақсатқа жұмылдырып қана қоймай, мемлекет көмегінсіз-ақ өз еркімен қоныс аударғысы келетіндерге жергілікті биліктің баспана, жұмыс, жер телімі жөніндегі жанды көмегін үйлестіре алса Үкімет ұрпақтар алдында өшпес бедел, ұпай жинар еді. Сонда Үкіметтің ғана емес, ұлттың да ұпайы түгел болар еді…
Еркін ҚЫДЫР,
«Егемен Қазақстан»