ҚАЗАҚТАР ЕҢБЕГІ НЕГЕ ЕСКЕРІЛМЕДІ?
Биыл Ресей императорлық географиялық қоғамының құрылғанына 175 жыл толды. Айтулы күнді Ресей Федерациясында атап өтіп жатыр, өйткені географиялық қоғамның мемлекет мүддесі үшін сіңірген  еңбегі орасан. Елдің  ғылымы мен білімін дамытудағы орны мен рөлі, қосқан үлесі өз алдына жеке тақырып.  1845 жылы құрылған ғылыми қоғам бірінші күннен бастап өзінің алдына қойған мақсатына пәрменді түрде қол жеткізді. Зерттеу аясын кеңейту және отарлау саясаты үшін қажетті ақпараттар мен материалдарды жинақтау үшін Сібір, Кавказ, Балтық бөлімдерін іске қосты. Ол түсінікті де, өйткені отарлаушы мемлекеттің ұстанымы өзінің құрамындағы халықтарды тиімді басқарып, шаруашылығын дөңгелету еді. Сол себепті, империя Орынбор экспедициясын басқарған  И.К.Кириловтың «орыс емес халықтарды оның этнографиясын жақсы білу арқылы табысты басқаруға болады» деген пікірін бір сәт естен шығармады. Десек те, ғылыми қоғам ғалымдары мен шенеуніктері зерттеулер жүргізуге ынталы болды. Сондықтан да ғылыми қоғам әуел баста империяның түкпір-түкпірінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын әртүрлі салаларда және империяның орталық аудандарынан өзге шет аймақтарда да жүргізді.
Императорлық орыс географиялық қоғамына мүше болған тұңғыш қазақ Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов еді. Шоқан  1857 жылы 21 ақпанда орыс ғалымы П.П.Семеновтың ұсынысымен қоғамның толық мүшесі болып қабылданды. Ғалым, этнограф, саяхатшы Шоқанның өмірі мен қызметі осы қоғаммен тығыз байланысты болды. Шоқан Қашқарияға, Жоңғарияға, Алатау қырғыздарының жерлеріне саяхат жасады. Осы өлкелердің тарихы мен мәдениетін,  этнографиясын, табиғат жағдайы мен жер қыртысын зерттеп, талай атақты ғылыми еңбектерді дүниеге келтірді. Патша үкіметі жас ғалымның ғылыми жетістіктерін жоғары бағалады. 1860 жылы Санкт-Петербургте Шоқан орденмен марапатталып, әскери шені де жоғарылатылды. «Шығыстану көгінде құйрықты жұлдыздай жарқ еткен» Шоқан қоғам мүшесі ретінде қыруар жұмыс атқарып, зерттеулер жүргізіп,  рухани мол мұра қалдырды. Шоқан еңбектерін жарыққа шығаруда да географиялық қоғам мүшелері тер төкті. Кеңестік кезеңде Қаныш Сәтбаев бастаған ұлт зиялылары халықтың тарихы мен салт-дәстүрін ғылыми түрде зерттейтін арнайы институт құруды қолға алды.
Шоқаннан кейін қоғамға 1861 жылы 20 ақпанда Салық Бабажанов мүшелікке қабылданды. Салық та зерттеуші ретінде қоғамның дамуына өз үлесін қосты, еңбектерін жариялады. Солардың бірі &ndash 1860 жылдың 2 желтоқсанында жазылған «Қырғыздардың қырғыздар туралы жазбалары». Мақаласында Кіші жүзде Жәңгірдің хан болып билік басына келгеннен кейінгі уақыттағы ордада бірқатар мәдени, шаруашылық  өзгерістердің орын алғандығы баяндалады. Автор қазақ қоғамындағы білім беру сипатының және мазмұнының өзгергендігіне назар аударған. Жәңгір ханның өркениетке, жаңашылдыққа  бағытталған қадамдарын  сипаттаған. Салық Жәңгір ханның заман талаптарына үн қосып,  қазақтар арасында жаңа үдерістерді енгізуге ұмтылғандығы жайында жазған.
1868 жылы РИГҚ-ның Орынбор бөлімі ашылды. Бөлімнің алғашқы мүшелері В.Н.Плотников, Т.Сейдалин, Н.М.Бекчурин, Р.Г.Игнатьев, И.А.Киреевский және т.б. болды. Бөлім «Жазбалар» атты басылымын шығарып тұрды, алайда ол төртінші шығарылымынан кейін тоқтап қалды. Орынбор бөлімінің ең үздік мүшесі қазақ ағартушысы, педагог, жазушы, этнограф Ыбырай Алтынсарин болып саналады. Ыбырай қоғамның толыққанды мүшесі болмаса да ұзақ уақыт бойы В.В.Григорьев және Н.И.Ильминский тәрізді белгілі орыс шығыстанушылардың жетекшілігімен қызмет етті. Патшалық Ресей жергілікті халықтан шыққан зияткер, білімді өкілдерін үнемі бақылауда ұстады.
РИГҚ-ның Орынбор бөлімінің белсенді мүшелерінің бірі &ndash сұлтан Тілеу Сейдалин болатын. Орынбор кадет корпусын тәмамдаған ол жергілікті патша өкіметі мекемелерінің шенеунігі қызметін атқарды. Т.А.Сейдалин орыс білім беруі мен мәдениетіне үйренудің  қазақ халқы үшін маңызды деп санаған зиялы өкілдерінің бірі еді. Ол «Неплюевтік кадет корпусы туралы жеке естеліктер» деген мақаласын жазды. Онда қазақтардың руға бөлінушілігін сынады. «Торғай өзені бассейні бойындағы егіншіліктің дамуы туралы» этнографиялық тұрғыдағы мақаласын бөлімге ұсынды. Қазақ библиографиясының маманы А.Е.Алекторов еңбекке «өте жоғары дәрежеде жазылған және толық назар аударатын мақала» деген пікір білдірді. Тілеу қазақ заңнамалық дәстүрін  және фольклорын зерттеуге ден қойды. Оның жинақтаған материалдары Сәлімгерей Жантөринмен бірлескен жарияланымда 1874-1875 жылдары баспадан шықты. Ғылыми қоғам қазақ халқы өкілдеріне ғылым мен білімге араласуға, өздерін зерттеуші ретінде танытуға мұрындық болды. Орынбор бөлімінде аталғандардан өзге С.Бабажанов, М.Тәукеұлы, Б.Дауылбаев қазақ халқының этнографиясы мен тарихын зерттеу арқылы қомақты үлес қосты. С.Бабажнов және Б.Дауылбаев Орыс императорлық географиялық қоғамының күміс медалімен марапатталды. ХІХ ғасырда С.И.Тілемісов, М.Я.Жарасбаев, М.А.Асатов, Б.Қ. Қарпықов, Ү.К.Күнтеков, Н.М.Саванбаев, Д.Б.Беркімбаев, Б.Л.Наурызбаев қоғам мүшелері ретінде танымал тұлғаларға айналды. Ә.Бөкейханов география қоғамының сүйемелдеуімен кіндік қаны тамған қазақ даласының тарихын көп зерттеді.
Семей орыс географиялық қоғамы мүшелерінің бірі &ndash ұлт зиялысы Райымжан Мәрсеков еді. Райымжан 1902 жылдың  22 желтоқсанында Семей бөлімшесіне мүше болуға өтініш білдіріп, қызметкер ретінде қабылданған. Осы бөлімшенің тағы бір мүшесі Алашорда үкіметі басшыларының бірі, Том технология институтының түлегі, тұңғыш профессор, математик Әлімхан Ермеков болды. Петербор университетін алтын медальмен бітірген, заңгер Жақып Ақбаев, Мұхаммед Хамитов, Арынғазы Абылайханов Семей бөлімшесінің мүшелері ретінде зерттеулер жүргізген. Осылайша кәсіптері әртүрлі ұлт зиялылары ғылыми қоғам арқылы қазақ халқын танытуға атсалысты. «Бұратана қырғыздардың»  өзіндік тарихы мен мәдениетін, оның ерекшеліктерін көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылықтың назарына ұсынды. Өкінішке орай, олардың еңбектері туралы ұзақ уақыт бойы айтылмады. «Аға» ұлттың өкілдері «інілері» және олардың сіңірген еңбектері туралы айтуға мүдделі болмады. Тек тәуелсіздік қана өшкенімізді жаңғыртып, өлгенімізді «тірілтті». Тарихи сабақтастықтың жібін жалғады. Ләйім, сол жіптің сабағы тек ғылымда ғана емес, қоғамның барлық салаларында үзілмегей!
О.МҰХАТОВА,
З.САДВОКАСОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
бас ғылыми қызметкерлері.