Қазақтан неге абадан азамат шықпай жатыр?
Қазақтың ұлттық тамаша ерекшеліктері туралы ел арасында таралған аңызға бергісіз әңгімелер көп. Сондай әңгіменің бірін таяуда әлеуметтік желіден естіп, «апырай-ә» деп қалдық. Мұның қаншалықты қисынды екенін, бұған байланысты кімнің не айтатынын білмедік, дегенмен ол туралы да газет бетінде жариялауды ұйғардық. Ал әңгіменің толық мазмұны төмендегідей.
«Қазіргі заманда қазақта неге ірі тұлғалар, Абай, Шәкәрім сияқты даналар тумайды? Осыны ғалымдар зерттеп көрген екен, – дейді әңгімеші. – Бүгінде қазақтың әйелдері еркектер ұсақтап кетті деп айтады. Ақиқатында да солай, еркектер ұсақтанып кеткен. Қандай да бір әйел ерін патшадай ұстаса, патшаның әйелі болады, қандай да бір әйел ерін құлдай ұстаса, өзі құлдың әйелі болады дейді.
Соны ғалымдар неге бұлай болды деп зерттепті. Негізі әрбір еркектің генінде абадан жүреді екен.
Ал абадан деген не? Мұны қазақ арасында екі түрлі айтады. Бірі абаданды қасқырдың күшігі десе, бірі арыстанның күшігі дейді.
Қазақта «Болар бала – боғынан» деген сөз бар ғой. Сол сияқты күшік кезінде үйірді ұстап қалатыны белгілі болған күшікті абадан дейді. Ол кішкентай кезінен белгілі болады екен. Сол күшікті абадан дейді. Яғни болашақта ел басқарып қалатын адамды да, балалардың ішіндегі мықтысын абадан дейді екен.
Енді мұны неге еркекке балап айтатынына келсек, ол былай: Бұрынғы заманда да, қазіргі заманда да үйленгенде жасы өзімен қатар әйел алады. Еркек, мысалы, 20-да болса, 20 жастағы әйел алады. Ал еркекте биологиялық сағат ұзағырақ болады да, әйелде қысқалау болады. Биологиялық сағат деген – белсенділік уақыты, адамның пайдалы жасы. Абадан әрбір еркектің белінде болады. Ол 6 ұлдан кейін шығуы мүмкін немесе 6-шы ұлдан кейін болуы мүмкін екен.
Ғалымдар неге бұлай болатынын зерттепті. Анықталғаны – 20 жастағы еркек 20 жастағы әйелді алса, 30 – 35 жасқа келгенде әйелдің туу мерзімі тоқтайды, ал еркекте керісінше, қуаты толысып, пісіп тұрады екен. Бұл – еркектің ақылы мен жасының, ақылы мен денсаулығының екеуі теңескен кезі, уақыты. Осы кезде еркектен сапалы ұрық шығады, осы кезде еркектен абадан туады екен.
Сіз бірінші әйел алдыңыз делік. 6-шы ұлды тудырамын дегенше әйелдің уақыт мерзімі бітіп қалады. Ал еркекте, керісінше, қуат көп. Сондықтан абадандар екінші, үшінші әйелден болады екен. Мысалы, Абай – екінші әйелден, Шәкәрім – үшінші әйелден туған дейді.
Бірінші әйел баланы көп туған кезде де ішінен абадандар шыққан. Мысалы, Менделеев отбасында 17-ші бала болған. Менделеев кім? Оны дүние жүзі біледі. Химияда қандай нәрсе болса да Менделеев кестесі арқылы шешіледі. Яғни Менделеев – өз заманындағы абадан.
Қысқасы, қазір бізде неге абадан шықпайды, неге ірі тұлғалар шықпайды дегеннің шешуі осы екен. Әрбір еркектің бойында абадан кетіп жатыр. Әрбір еркек абадан шығаруы керек. Ал қазіргі заманда абадан екінші, үшінші әйелден шығады екен».
...Бұл азамат осылай дейді. Ой салатын, қызықты болғандықтан жұртшылық бұл жөнінде оқырман назарына ұсынғанның әбестігі жоқ болар деп ұйғардық.
Р. ҚЫДЫР