Адам – жердегі жалғыз ақыл иесі. Саналы тіршілік. Бұл біздің түсінікте. Бәлкім, бізден тыс әлемде өмір сүріп жатқан саналы тіршілік болуы ғажап емес. Марсқа сапар енді ғана басталды...
Сана – адамның қоғамда болып жатқан құбылыстарды өзінде қабылдай отырып, ішкі «менімен» ойдың таразына салып салмақтап қарайтын психологиялық объектісі. Объекті деп қарастыру қателік болар, алайда бүгінгі қоғамда санаға субъективті тұрғысынан қарай беріп, оның шынымен де бізге қалай әсер ететінін, бізге ең керек құрал екенін ұмытып кеттік.
Қазақтың құдайдан тілейтін бір тілегі бар: «Е, Құдайым, бала бер. Бала берсең – сана бер! Сана бермесең ала бер!» дейді. Бұған дейін де сөздің құдіреті мен қасиеті туралы тартысты дүниелер жаздық, түсіндіріп көрдік. Кеше сөзге тоқтаған қазақтың, бүгін іске тоқтауының өзі мұң болды.
Бала – ұрпақ. Ұрпақ – елдің келешегі. Саналы ұрпақ – елдің гүлденуі. Түсінікті. Ендеше, ұрпақтың санасымен жұмыс жасау керек. Баланың жеп-ішкені, киген кимі мен мектепке аман-есен барып келетін жолының картинасын ғана көретін ата-ана, неге ұрпағының санасымен санасып көрмейді, неге олардың ойлау қабілеті, ішкі мидың нейрондарымен жұмыс жасамайды?
«Құлдық сана» деген қазір біздің қоғамда соқыр ішек секілді шошайып шыққан теория бар. Мәңгүрттің кебін киіп, түйенің терісін басымызға орамасақ та, өзіміз сол теріні жоқ жерден іздеп, аңсап тұрамыз. Мысалы, балам костюм киіп билікке барса, басқарса, көп ақша тапса, үйі, күйі, көлігі болса, құдалардың алдында ұялмай қасқайып тұрып той жасасақ, бай-бақуатты болсақ... Бұл таптаурын болған ойлардың бір емес, бүкіл елдің миында айналуы, жаппай сананың құлдырауына алып келеді. Сананың құлдырауы дегеніміз, жоқтан өзгеге таң қалып, түк көрмеген адамдай аңқиып отыру.
18 миллион адамның бәрі ақылды болуы керек деген түсінік жоқ. Табиғат әркімді жеке дара тұлға ретінде бөлек-бөлек қылып жаратты. Осы 18 миллионның болмағанда 100 тұлғасы ортақ сана туралы ойланса, ортақ шешім жасау, елдің келешегі үшін, халықтың ертеңі үшін ойланса жеткілікті. Жүздің артынан мың ерсе, мыңның артынан түмен қол ерсе, сананың қалыптасқаны деген сол. Ал сол 100 тұлғаның атын атап бере аласыз ба? Әркім өзінің «идеал» көріп жүрген таныстарын, достарын іздей бастайды. Ең ақыры еліне қызмет етіп жүрген адамдардың ісіне адал баға беруден де қалдық. Кім жақсы, сені мақтайтын адам жақсы.
Алашордалықтардың «Алаш» деген алып мемлекет құрып, Жапониядан үлгі алуға ұмтылғаны, осы ортақ мақсат-мүдденің, миссияның жолындағы саналы әрекеттері еді. Ахмет Байтұрсынұлының өзі жазғандай бірі – аққу, бірі – шортан, бірі – шаян болып, Әлихан – Жапонға, Ахмет – Батысқа, Міржақып – Шығысқа тартып, алауыз болып отырса, олардың діттеген дүниесі орындалар ма еді? Әрине, жоқ. Ең басты құрал – идея және миссия. Бұл екеуінің жолында қасық қаның қалғанша еңбектенсең, таптаурын болған үй мен күйдің мәселесі көк тиын болып қалар еді...
ОТБАСЫ – ОТАННЫҢ БЕСІГІ
Отбасы құндылығы біздегі сақталған ең қасиетті дәстүр. Әрбір отбасында ұрпақ өсіп келеді. Сол ұрпақ ертең Отанның тізгінін ұстайды, елдің дамуына үлесін қосады. Ұрпақ үй ішінде жүріп тәрбие алуы керек. «Баланы – жастан, қатынды – бастан». Дәл осы түсінікті неге екені белгісіз, біздің азаматтар былай түсінеді: баланы ұрсып, әйелді ұрып тәрбиелеу керек. Балаңа шамаң жетпесе, әйеліңе шамаң жетпесе «еркек» емессің. «Бабаларымыз сондай» болған деп бөсетінін қоспағанда, санасына әлі келмеген еркектің бұл әңгімесі ақыры абыройын белдегі баласына, жолдағы анасына жығып берді.
Қазақтың арғы бабасы туралы әңгімені неге солардың ғылымға әуестігінен, неге солардың ұлт үшін күрескер болған санасынан бастамаймыз? Жұдырықпен жұмылып іс тындыру керек, ұрғаннан ұры да ұрлығын қойып кетпейді.
Баланың бетіне тиген шапалақтан, әйелдің басына тиген таяқтан сана өсіп кетер болса, біздің ел әлемдегі ең мықты 30 ел түгілі, ондық ішінде жүретін еді ғой. Ал жағдай олай емес, ендеше оңбай қателестік. Құлыпты ашу үшін таяқ пен ұрыс көмектесе алмады. Кілті қайда? Кілті – санада.
Саналы болудың жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Тым ақылды болып кеткен қоғамның адасып кететіні тағы бар. Ал ондай жағдайда не істеу керек?
САНАНЫҢ САҚШЫСЫ – ИДЕОЛОГИЯ
Идеология – жүректен кіріп, денені бойлай, қан тамырлар арқылы мидың нейрондарына тікелей шабуыл жасайтын, тіпті адамның өзі байқамай қалатын құдіретті қару. Ол адасып бара жатқан сананың нағыз қорғаушысы, сақшысы.
Қазір қоғам ашық кеңістікте өмір сүріп жатқан, ұшарын жел, қонарын сай білетін жағдайда тұр. Кімнің идеологиясы жүреді, соған бас ұрады, соған құл болады.
Қазақ қоғамына ең бірінші сана керек, сол сананы сақтап қалатын идеология қажет. Қазақ ұлтының санасы құлдық түсініктен арылған күні сана оянады. Сананы ояту үшін көкірек көзін шелден тазартып алған дұрыс. Сана оянған кезде идеология қалыптасуы керек. Біздің қоғамның басты идеологиясы – ұлт дейтін қасиетті ұғымды сақтай отырып, соның ұстанған ұстанымын қолдау, дәстүрі мен салтынан жаңылмау, сенімін сыйлау, тарихын құрметтеу, мәдениетін игеру.
Қазақтың алдағы жылдар ішінде дамуына осы бір формула әсер етуі керек: (қазақ+сана+идеология+даму)
Еркіндік – қасиетті ұғым. Алайда, сананың шектен тыс еркіндігі азғындыққа бастайды. Сол үшін идеологияға бағынуы қажет. Ұлттың ертеңі үшін жасалатын үлкен миссияның идеологиясына бағыну дегеніміз, құл болу деген сөз емес. Қайта дәуірлеу, қайта ояну жолындағы жаппай халықтың санасының оянғанын көрсетеді.
Белгілі бір мүдде жолында ұлттық идеологиядан нәр алып, сананың түкпіріне жасырынған микроптардан тазару арқылы біз жетістікке жете аламыз.
Қарапайым бір мысал, әлемдегі ең үлкен марапаттардың бірі «Нобель» сыйлығы. Қазақ руханиятының, қазақ мәдениетінің асыл діңгегі болып отырған әдебиет неге он шақты мүйізі қарғайдай жазушылардың басын қосып, ұлт мүддесі үшін деген идеологиямен ортақ бір роман жазып шықпасқа?! Қарымды он жазушының тоғызына жағдай жасалсын, тек біреуі ғана автор ретінде көрініс беріп, әлемдік «Нобельді» алсын. Оның артында тек он жазушының абыройы емес, бүкіл елдің әдебиетіне, мәдениетіне деген көзқарас жатыр.
Әдебиет негізінде, білген адамға рухани жан дүниенің емшісі ғана емес. Ол да идеологиялық қару. Керек болса атом секілді жарылып, бір-ақ автордың шығармасы, бүкіл бір елдің даңқын асқақтатып жіберуі мүмкін. Міне, не айтқым келіп отыр.
Ал сол он жазушының басын қосу үшін ең бірінші саналы тұлға керек. Ол тұлғаның оларға жеткізе алатын ұлттық идеологиясы, жүргізе алатын саясаты болуы керек. Қалғанын он жазушы қатырады. Қатыра алмаса, өздеріне сын.
ТҮЙМЕДЕЙ ТҮЙІН
Ақ дастархан басында қонақта отырсыз. Су жаңа сатып алған қымбат көйлегіңіздің қарын тұсындағы қос түймесі ағытылып мазаңызды алды. Ағытылған түйменің артынан іштен киген жейдешіңіз, не кіндігіңіз көрініп мазаңызды алды. Ақыры месқарыннан емес, қос түйменің ағытылып кете беретініне назданып, тұрып кеттіңіз...
Міне, дәл осылай Қазақстан сана мен идеологияны жаңғыртып, берік ұстанып алмайынша, амалсыз есіктен шығып кете беретін болады. Ал, қаршыптап дамып жатқан әлемдік арена үшін ашық тұрған есіктен кімнің шығып жатқаны қызық емес, кімнің кіріп келгені жаңалық.
Марғұлан Ақан