Қатты мен тәтті немесе Раушан коммунистің бүгінгі сіңлілері
Қазақ әйелінің аса ақылды болмысы деп әрқайсымыз Абайдың әжесі Зерені танып өстік. Зере – иісі қазақтың бар әжесінің жиынтық бейнесі. Бойындағы мейірімін бар немересіне тең дарытып, олардың аналары – келіндерінің артық мінезін керегінше тиып отыратын Зере – біздің ұғымымызда қазақ әжесінің символы болды. Бірақ ол кезде балалық шала ойымыз ол дәрежеге жету үшін әйел адамға қаншалықты ақыл мен парасаттың, ұстамдылықтың қажет болатынын байыптаған жоқпыз. Солай болуы тиіс секілді еді.
Ауылдағы үйдің тіркеуінен шығып қаладағы баласының үйіне тіркеуге отырған апамыз «Алтын алқа» алу үшін тиісті орындарға құжат тапсыруға келген. Әкімшіліктегі қыздар, алқаңыз бір ай шамасында дайын болады, –депті. Әдетте асығыс-үсігіс аяқталатын таңғы шай апамның әңгімесінің қызығымен ұзаққа созылады.
– Баяғыда «Алтын алқаны» сегізден көп бала тапқан әйелдерге беруші еді, ол кезде біз «Күміс алқа» алғанбыз, бүгінгідей емес, күмісті екінің бірі алатын-дағы, алтын алғандарға қызыға қарайтынбыз.
Қақпаның ашылғанын естіп терезеге қарадым, енемнің ауылдан келгенін сезгендей көрші апа кіріп келеді екен. Үйдің есігін ашып алдынан шықтым.
– Қалыңыз қалай, апа? Құрбыңыздың келгенін сезіп қойдыңыз-ау...дер кезінде келдіңіз...
– Жақсымысыңдар, иә... Апаң келді ме?
– Кіріңіз.
Енем анда-санда біздің үйге келгенде әңгімелесіп тұратын құрбысын орнынан тұрып қарсы алды.
– Келіңіз, жоғары шығыңыз. Келін, шәйіңді ысытып әкеле ғой.
– Кеп қалдыңыз ба? Ауыл-аймағыңыз, шалыңыз аман ба? Шалыңыз болғасын оның қасынан көп шықпайсыз. Біз болсақ анда-мұнда жүре береміз.
Шәйді ысытуға барғанда тағы бір шәугімге шәй қойдым...
– Препискам қаладағы ұлдың үйінде ғой, әлгі алқаға қағаздарымды алып келгем. Біраз уақыт күтіңіз деді. Өзіңіздің хал-жағдайыңыз қалай? Бала-шағаңыз аман ба?
– Менікі алтау ғой, соның бірі ауылда қалып еді, паспорты болмайды, метіркесі керек деген соң, Оралға барып алып келдім. Енді бір балам болғанда күміске жетер едім деп ойлаушы едім міне, заман өзгеріп, күміске жететін болдым.
– Бұл да бір Құдайдың есіркегені... Ендігілер алты баланы да таба алмайды ғой. Бойларына біткендерінен, тастап қоятындары көп....
– Біздің заманымызды айтсаңызшы, денсаулығымыздан айырыламыз, баға алмай қаламыз деп қорқу жоқ. Туа беріппіз ғой...
Екеуі бірінің сөзін бірі іліп алып кетіп, арасында қай баласын қалай босанғанын айтып, келіншек күндеріне бір барып келеді.
Бәлнисаға барып қаралуды білмейтінбіз ғой, туар туғанша бір қолымыз отта, бір қолымыз суда жүре беретінбіз. Толғақ жиілегенше сиырды сауып, бұзауды кіргізіп кетейін деп ойлайтынбыз. Күйеулер босануға бара жатыр екен демейді... Қазіргілер туар туғанша қаралып жүреді. Жеті баланың бірде-біреуінде біздің шал роддомға бармапты...
– Айтпаңыз, қазіргілерге «Алтын алқа» түгілі, басынан алтын құйсаң да біз секілді тумайды...
Бастарындағы орамалдарын қаттылап байлап, самайларын жауып қойып, әңгімелерін әрі қарай жалғай берді. Өздерін-өздері күтіп баптауды білмей, бала үшін, шаңырағының іргесін бекіту үшін өмір кешкендерін, күйеулерінен таяқ жеп алса да, кетем дегенді айтып туламай, іштерінен қарғап-сілеп жүріп, бар ашуларын қазан қайнатумен шығарғандарын еске алды. Таяқ жеген кездерінің өзі олар үшін қызық естелік секілді.
– Сол қауқардың бірі де қалмады ғой қазір оларда, тіпті бізсіз тамақ батпайды. Кейде шалға Құдай сені менің артымнан қалдырмасын деп қоям. Келінге қараған күн қай жақсы дейсің...Мен ғой баласын бағып берсем де сиям ғой,– деп енем шалына қалжыңдайтынын айтты.
– Бала демекші, жақында босанған бір туысымыздың келінінің екі баласы бар еді. Теріс келіп қалып, үшіншісін ішін жарып алған. Күнім-ау, соған дәрігерлер, ақыры ішіңді тіліп алған соң жатырыңды неге тіктіріп тастамадың, депті. «Неге?» деп сұраған келінге, сонда бала көтермейсің. Бізде байдың келіншектері сол үшін де ішін жарғызады депті. О несі ей?..
– Ниеті құрғырлардың өздерімен кетсін. Біреудің баласын нан тауып беріп бағатындай, не шаруалары бар екен. Е-е-е несін айтасыз қызық заман ғой...
Енді құрбылардың әңгімесі жайлы диванда жалғасты.
Қанмен бітер тектілік пен тәрбиемен берілер ибалылыққа қоса, әйел болу үшін бар жағдайдың байыбын білер болжағыштық пен түбін күтер төзімділік керек екен. Бұл – өмірдің өзі үйретер ұзақ сабақ болса керек. Тыңдай алған жан аналық биікке көтеріліп артынан ерген ұрпағына сол сабақтан тәлім беріп кетері кәміл. Әже болмысы біздің санамызға Зере болып сіңсе, Ұлжан – сол замандағы барлық ананың бейнесін танытқан. Әр шығарманы қай жаста оқысаңыз сол жастағы ұғымыңызға сай кейіпкердің болмысын танисыз. Бала оқырманның жүрегін ана болып жаулаған Ұлжан, есейе келе Құнанбайдың әйелі болу мен қатар, Зередей енеге келін болудың сырына қанықтырады. Әйелге тән ашу мен әйелге тән қайтымның ара жігін ашып түсінуіңізге жол көрсетеді. Құнанбайға жар болған Ұлжанмен Абайға ана болған Ұлжанның өткен өмірінен түйген ойын Құнанбай қажыға аттанардағы диалогтан ұғынасыз:
– ...Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа бейімдеген сайын, дүние кеңейе береді екен. Өзің болсаң кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босата бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екесің. Осы көңіл мені жеңгеніне көп болған!..
...Мен де көп қатынның бірімін. Мен де олар шеккен алай-дүлей, қиқы-шойқының бәрін іштей кешіп өткемін. Жалғыз-ақ, әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Менің жақсылығым болса, сол сенің де жатың емес, өз тәнің бе деп білем. Сен – сен болмасаң, мен – мен болмасам керек. Мінім болсын, өзгем болсын, бір жағы өзіңнен еді...
«...олар шеккен алай-дүлей, қиқы-шойқының бәрін іштей кешіп өткенмін». Ұлжан айтқан қиқы-шойқы жол бар әйелге тән. Сол жолдан бір әйел нәзіктігін сақтап, биіктеп өтеді, енді бірі шаршап-шалдығып өтеді. Бірақ одан әйелдің аналық тілегі мен аналық мейіріміне селкеу түспесе керек. Әйелдің ерге сүйеу болғаны – елге сүйеу болғаны. Бұл ұғым бар әйелдің, әсіресе, қазақ әйелінің ой-санасына жастайынан сіңірілген Құнанбай-Ұлжан заманына ерекше тән еді. Әйел осы ұғыммен биік, осы ұғыммен дара тұра-тұғын. Көркем шындыққа сүйенсек, сол заманға тән бұл түсінікті өзгерткен заман қазақ жеріне кейін келді. Өз дәуірінің сипатын анық бейнелеген «Раушан коммунист» қазіргі тәуелсіз елдің ұрпағы үшін аса оқылымды болмаса да бірталай қыз-келіншекке жол көрсеткені рас. Раушанды қазақ әйелінің қалыпты тұрмыс тіршілігінің басқа арнаға бұрылғанын көрсеткен алғашқы кейіпкер десек болар. Қазақ қалпына ғасырға жуық уақыт бұрын түскен бұл өзгерістің залалын да пайдасын да кейінгі ұрпақ тең тартты. Оттың басынан, ошақтың қасынан алыстаған әйелдің өне бойына менмендік сыналап еніп кетті. Бүгінгінің көзқарасымен қарасаңыз, Раушанның іс әрекетінен еш сөкеттік көрмейсіз, өйткені ол кезеңнің әйелге деген көзқарасынан бүгінгінің көзқарасы тым алшақ.
«Қатынды арбаға салып қыдыру – Бәкеннің ойынша, елдің әдетінде жоқ нәрсе, Бата оқыр, төркіндеу сияқты ерекше жұмыстар болмаса, әйелдің үйден шығып жүруінің өзі ерсі ғой деп ойлады. Ауылындағы Тымақбайдың қатыны екі жылдан бері мешел ауру. Тымақбай салдыр-салақ адам. Елдің әдет-ғұрпын, есіне да алмайды. Дәрігерлер ауруды жазады дегенді есіткен соң, қатынын арбасына салып алып, Тымақбай қалаға шапқылайды да тұрады. Ауылдың еріккен адамдары Тымақбайды келеке қылады «Қатынжанды» дейді, «Қатынынан қорқады, қатынының айтқанын екі қыла алмайды», – деп те есептейді. Сол есептеуінің ішінде Бәкеннің өзі де бар.
Шіркін, не көрінді екен?! Өлсе сондай бір қатын табылмайды деп қорқа ма екен? Арбасына салып алып шапқылауға жұрттан ұялсайшы! – деп талай айтқан.
Бәкеннің өз айтқаны өз басына келгенін қарапайым тәсілмен түсіндірген жазушы, сол замандағы әйел өмірінің қадірсіздігін де анық айтқан. Бұрымдының өмірінің осы қадірсіздігіне деген наразылық өмірге Раушан секілді кейіпкерді алып келген еді. Раушанның ойынша, әлемнің отбасы ошақ қасынан өзге қызығын көруге әйел де лайық болатын... Бірақ, бүгінгі әйел өмірдің қызығы мен шыжығына бірдей батып, қырық түрлі бейнеде көрініп жүр. Ол енді отбасы ошақ қасының ғана емес, қоғамның да бірталай ауыртпашылығын мойнына артып алды. Жоғарыда келтірген Ұлжанның Жалғыз-ақ, әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Менің жақсылығым болса, сол сенің де жатың емес, өз тәнің бе деп білем. Сен – сен болмасаң, мен – мен болмасам керек, деген сөзіндей сөз қазіргі әйелдің аузынан шықпайды. Себебі, олар еріне осыншалықты риясыздықпен сенім арта алмайды. Бүгінгі әйелдердің көп бөлігі тек өзіне сенеді. Бұрындары жиі айтылатын «Мал таппайтын еркек жоқ ұқсауын айт» деген сөз өз тұғырынан әлдеқашан түсіп қалды. Бүгінгі мал – ақшаны екі әйелдің бірі табатын болды. Сосын да олар өз тәуелсіздігін алға тартуға бейіл. Тіпті, мал таппаған еркектің есіктегі басын төрге сүйрейтін әйелдер де бар арамызда. Көп уақыттан бері әйел адамның еріне «Сүйеу болуының» сипаты осылай өзгерді. Әйел – ер адамның тылдағы сақтаулы күші секілді ері барда алдына шықпайды, жоқта оның жүгін тайсалмай атқарады. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Соғыс жылдары жайлы жазылған кез келген қазақ қаламгерінің шығармасын алсаңыз, бүгінде «нәзік жандылар» аталып жүрген аналарымыздың барлығы дерлік «Мылтықсыз майданда» күрескенін түсінесіз. Олар үшін ер азаматтың қадірі бүгінгіден әлдеқайда биік, әлдеқайда қастерлі. Қай тұрғыдан алсаңыз да дәл сол кезеңде «Сен – сен болмасаң, мен – мен болмасам керек» деген Ұлжанның аузындағы сөздің шындығы дәлелденген еді. Ер адам болмаса, әйел адамның өмірінің мәнсіздігін әр адам іштей ұғынған сондай жылдардың болғандығын бүгінгі жаулықтылар өкінішке орай көп еске ала бермейді. Оған әйелдің өзінен бұрын, барша адамның түсінігін басқа бағытқа өзгерткен қоғам себепші болса керек. Адам қоғамға емес, қоғам адамға билік жүргізуде. Бірде сырқаттанып ауруханада жатып емделуіме тура келді. «Кемедегінің жаны бір». Пенденің бір уақыт тәубаға түсіп денсаулықтан артық байлық жоқ екендігін, сезіндіретін бұл жерде шаршаған адамдарды кездестіру қиын емес. Шағын операциядан соң мені палатаға әкеліп жатқызды. Жансыздандыратын дәрінің әсерінен әлсіреп ұйықтай бергенмін, мені тоқтамай сөйлеп жатқан ашулы әйелдің дауысы оятып жіберді. Неге сонша наразы болды деген ой көкейімде тұрса да сұрауға әлім жоқ. Бірақ, тыңдамау мүмкін емес.
– Осыдан бұлар соны істеп көрсін, мен не көрсетер екенмін. Ауруды емдей алмаған соң тапқан амалдарын қарашы. Пусть только попробует. Осынша атақты аурухана бола тұра, сырқатымды емдеуге шамасы келмегені несі?.. Мен бұлардың айтқанына келіспеймін, мына жерден шығып, емдейтін жер тауып, қанша ақша сұраса да беріп сырқатымның дауасын табам да мұндағылардың қолынан дым келмейтінін дәлелдеймін.
Ашулы әйелдің тоқтайтын түрі көрінбейді. Палатадағы өзге қыз- келіншектер мен секілді емес сұрауға шамалары бар болса да «Қандай диагноз қойды, неге ашулысыз» деп сұрауға дәттері бармайтын секілді. Мүмкін сырқатының атын біліп тұрғасын жанын жаралағылары келмеген болар. Арада біраз уақыт өткенде, шашын сарыға бояған қазақ келіншектің емдеуші дәрігері келді.
– Сіз неге сонша ашуландыңыз? Сұрағыңыз болса, құр айғаймен қасыңыздағы науқастардың мазасын ала бермей, бізге айтыңыз.
– Мен шалдыққан сырқатты емдеудің өзге жолы жоқ дегенге сенбей отырмын. Бұл ауруға шалдыққан әйелдің барлығы жатырынан айырыла берсе, не болғаны...
Ашудың артында ашыну бар еді, ол ашыну сыртқа жас болып шықты.
– Мені тыңдаңыз,– дәрігер сыпайы қалпынан ажырамай сөзін әрі қарай жалғай берді.
– Түсінесіз бе, жатырдың қабынуы тым асқынғанда оның ішіне ірің толып кетеді. Біз оны сорып алатын күшті дәрілерді қолданғанымызбен, араға уақыт салып ол қайтадан толады. Ірің басқа дене мүшелеріңізге тарамас үшін біз жатырыңызды ампутация жасауға мәжбүрміз. Ал егер бір курс ем қабылдап болған соң бала көтеріп, босансаңыз қайталамауы мүмкін. Әрине, мен оған кепіл бола алмаймын, бірақ тәжірибемізде сондай жағдайлар кездескендіктен сізге солай кеңес беруге міндеттімін. Шешімді өзіңіз шығарасыз. Ашуланудың адам жүйкесіне қатты әсер ететінін білесіз ғой, сондықтан сабыр сақтауыңызды сұраймын. Мұнда мәселе сіз ойлағандай ақшаның көмегімен шешілмейді. Бәрі Құдайдың қолында.
Дәрігердің аяғының дыбысы әр келіншектің жүрегінің қағысы секілді тықтық етті де шығып кетті.
Бәріміз ішімізден уһ дегенбіз. Уайымдама, деген сөз барлығымыздың жанарымызда тұрғанымен, ауызбен айтуға жүрексіндік. Ашуы тарқаған келіншек бұл жолы шын жылады. Жылап отырып өзінің қаржылық жағдайының жақсы екенін, сөйте тұра бір ғана баламен шектелгенін, оның өзі 18 жасқа келіп қалғанын, жас кезінде ұл туып алмағанын айтып өкінді. Жатырымды алып тастауға келісім берсем, мені күйеуім тастап кетеді ғой, деді бір уақытта. Осы кезде арамыздағы үлкеніміз, «қой олай деме, сен оның қызының анасысың , жаман ойға ырық берсең оның әр ісі мен сөзі саған күдік тудырып, өзіңнен алыстатып аласың», – деп басу айтты.
– Сіз білмейсіз ғой қазіргі қыздар ақшалы еркекті іздейді. Ер адамға да жас қыз алған жақсы емес пе. Жасым қырықтан асқанда өйтіп, досқа күлкі дұшпанға таба болар жайым жоқ.
Әйелдік болмыстың мазмұны осы ма еді? деген сұрақ көкейіме келсе де оның жауабын іздеуге батылым жетпеді. Ауруханада жатқан әр әйелдің өз түсінігі өзі танымы өздеріне ғана тән бөлек әлем. Қазіргі заманның әйелдері үшін қалауы мен міндеті қатар тұрады. Бұрынғы замандағыдай бәйбіше, тоқал, жас тоқал болуға көніп, қалауын кейінге ысырып міндетін ғана атқармайды олар. Міндетін атқара жүріп қалағанына жетуге ұмтылады. Күйеуім мені ғана жақсы көрсін деген эгоистік сезім бұрынғыларда болмаған ғой. Тіпті, ол заманда ондай ұғымның иісі де шықпаған болар. Оларда, тіпті жалғыздық деген де түсінік болмаған сияқты. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деген ұғым бар адамның миында берік сақталғандай ол кезде. Ал кейінірек, Раушан комунистің сіңлілері оқып, білім алып көзі ашылған соң, оқымаған жігіттерге жоғарыдан қарап, өздерінің ақылы жеткен өреге бойлай алмайтындардан бойларын аулақ ұстайтын болды. Біздің қазақ та қызық, барған жерінде біреудің қолына қарап қалмасын деп ұлын қойып, қызына білім беретін кезі де болды. Ондағы ойлары ер адамның жолы кең, екі қолына бір күрек табылады дегені еді. Бірақ сонысы көп қыздың бағын байлап, біраз ұлдың өрісін де өресін де тарылтып қойды.
Біздің палатадағы келіншектердің ең жасы күрд келіншек еді. Екі баласы болғандықтан келіншек дейміз ғой, әйтпесе, 20 дан жаңа асыпты. «Сонда сен қанша жасыңда тұрмысқа шықтың», – дейміз біз әлгіге, «мектепті бітірмедің бе», – деп те бастырмалатамыз. «15 тен асқанда», – деп жымияды ол. «Әйелдерге оқып не керек, балаларымыз оқысын. Бәрібір әйелдің бақыты бала мен отбасында» деп қояды. Біз оның сөзін іштей мойындасақ та, қоғамның көшінен қала алмайтынымызды, үйде отырып қалсақ ер адамдар бізді басынып кететінін айтып біраз даурықтық. Әрқайсымыз өз танысымыздың басынан өткен түрлі жағдайларды айтып, ешкімге сенуге болмайтынын, тағы да қайталадық. Онымыз күрд келіншектің көңіліне қылаудай әсер етпеді.
Бір танысым, осы кавказдықтарға қарасаң, қашанда орамалдарын тастамайды, мойындары мен саусақтарына алтынды толтырып тағып алып үйде сиыр сауып жүреді, – деп күлгені, есіме түсті. Оның сөзінің жаны бар еді. Шариғаттың өзі әйел адамның тек күйеуі үшін ғана сәнденуіне рұхсат етеді. Мен оған олардың шариғат заңымен жүретінін айттым. Іле, әйелдің қоғамдағы орнының осынша шарықтап тұрған заманында да әйедерінің ұстанымдарын сақтап отырған ұлттың ділінің беріктігінің сыры неде дегенді ойладым...
Қара шашын сарыға бояп сәндеген келіншектің ашуы батқан күнмен бірге ақырындап басыла берді. Әліптің артын бағатынын өзгеміз айтқызбай түсінгенбіз. Палатаның қалыпты өмірі қайта келіп бір-бірімізбен жақсырақ таныса бастадық. Жаңа күннің бесін уақытысына таман тағы бір келіншекпен толықтық. Мінезі жайлы болғанмен, бұйығы келіншек бірден араласып кете қоймады. Екінші күні оның да диагнозының сары шашты келіншектікіндей екенін білдік.
– Мейлі, – деді ол. Екі ұлымды жастай жетім қалдырғанша ампутациясына келіскенім артық. Өзіміз бір бөлмелі жатақханада тұрамыз, тапқанымыз соның электр жарығы, суы, жылуы мен ішіп жеміміз, киім-кешегімізден артылмайды. Осынша жыл балаларым қатардан қалмасын деп жұмыс істеп тапқан ауруым бұл. Дәрігерге әне барам, міне барам деп жүріп осы халге жеттім. Жұмыс күндері білінбейді. Менің ауыратынымды әбден біліп алғандықан, сенбі-жексенбі болса балаларым, тез жұмыс күні басталса екен деп тілейді. Енді тусам оны қалай асыраймын, одан да кетер күйеу кете берсін.
Дауысынан ашыну да, өкіну де байқалмайды. Тек болған іске болаттай бекіген мойынсұну бар.
Сенімсіздік. Бір жастықта басы түйіскен екі адамның бірі мұнша неге сенімнен айырылды екен. Бір күннің немесе бір-екі отбасының күмәні емес бұл. Қоғамның алуан жылдар бойы өзі қалыптастырған көзқарасы еді... Біреуге шын ниетімен сене алмайтын адамның қорқақ келетіні бар. Бұл қорқақтық мына екі келіншек қана емес бүгінгінің көп әйелінің көңіл түпкіріне мықтап жасырынған. Ебін тапқаны, табыстылары ондай күн туа қалса, нырай қалмайын деген оймен жинақ кассасына салым салып та жүреді.
– Он твой муж? Который приехал в джипе?
Ойымды қасымдағы керуетте орналасқан орыс қызға сұрақ қойған, сары шашты келіншектің сөзі бөліп жіберді.
– Или родственник?
– Жоқ, – деп қысыла жауап берді орыс қыз.
– Түсінікті.
Сырқатының бет алысына беймаза боп жүрген келіншекке бұл жауап ұнамады. Өз төсегіне кетіп үнсіз қалды. Ол қойған сұрақтың жауабын өзгеміз тыңдадық.
– Жасым болса келіп қалды, енді мені іздеп ақ боз атты ханзада келмейтіні белгілі. Ал мына кісінің жасы үлкен, ұлты басқа болғанмен, өзіме деген қамқорлығы жақсы. Білімім орта болғасын жұмыс табу да қиын, маған гүл сататын екі дүңгіршек алып берді. Әпкем екеуміз сонымен жан бағамыз. Қаладан алыс тұрамыз, қолымызда кәрі шешем, мектепте оқитын інім бар. Өзімнің жасымдағы жігіттер маған бұлай қамқорлық жасай алмайды ғой, оның үстіне олардың қатары сиреп кетті.
– Шешең қарсы болған жоқ па?
Жасы үлкен апайдың сұрағы бұл.
– Бірден қолдай қоймағаны рас, кейіннен «Тек өзің опық жеп қалмасаң болды», – деді.
– Әй, шеше байғұс-ай,– деді де, апай теріс қарап жатып қалды. Онысын өз қызым осы күйге түспесе екен деп тілеп жатқаны шығар деп ұқтым.
Бұдан бір ғасыр бұрын Есенейдің құрығынан құтылар амал жоқ екенін түйсінген Ұлпан сол құрықты елінің пайдасына жұмсап еді-ау. Менімен жасы шамалас мына қызға қарасам, әйелдігін сақтап қалу үшін осы қадамға барған секілді. Баяғыда үлкен кісілер «әйел адам жалғыз жүре берсе еркектеніп кетеді»,– деуші еді... Бала көтеріп, ана атанбаса бұл жүрісінің мәнсіз екенін айтып, көршім ем-шара қабылдауға кетті.
– Міне көрдіңіз бе? Осындай тәрбиесіз қыздар ер адамдардың барлығын есіртіп қойды. Бұл қайтіп ана болады? Қандай тәрбие береді?Ақымақ?
– Қайтесің?.. тағдыр ғой. Әйтпесе, ол осы өмірді қалайды ғой дейсің бе?
– Қойыңызшы, сіз де... Бұл қызға адвокат болып... Ашушаң келіншектің орыс қызға сұрақ қойғанының мәнін енді түсіндік. Көршім ем-шарадан келгенше оның шешімі мен тағдыры біршама талқыға түсті.
Көршіммен тағдырлас бүгінгі қыздардың жанкүйзелісі – Есенейдің ел-жұрты құрақ ұшып қабылдаған Ұлпанның азабы мен қиындығынан бөлектеу... Заманы басқа салғанмен қоғамы, ортасы, дос-жараны қабылдамаған тасадағы тағдыр олардікі. Өзгелер күстаналауға бейім болғанмен, басымызға салмасын деп, айтқан жерден жырақта болғанын қалайды. Демек, ол тағдырдың ащы екенін мойындайды.
Тұрғындары кеңдікке ұмтылатын, бірақ адамдары кең бола алмайтын қызық қоғам біздікі. Ал әйел үшін қилы қоғамда да қызық қоғамда да әйелге тән нәзіктігі мен кеңдігін сақтап қалу – ең жауапты іс. Бүгінгі әйел, ер адамның алдында бас шұлғып бағынбағанымен оның иығына түскен жүкті бірлесіп көтеруге даяр. Олар мұны Ұлы Отан соғысы кезін айтпағанның өзінде бертіндегі нарықтың қыспағы алқымнан алғанда көп жүкті ала мүшекпен арқалап жүріп мойындатты. Бірақ бүгінгі бейбіт заманның ағыны ол күндерден қатты. Заманның алуан түрге құбылған уақытында нәзіктігін сақтап қалуды мақсат еткен әйелдердің бүгінгі қатқыл, тасбауыр қоғамда күшті болмасқа әбдісі жоқ. Күшті боламыз деп те табиғатынан алыстап бара жатқандай. Әйелдері күшті болған сайын ер адамдар оларға арқа сүйеп, кететін сыңайлы.
Таңғы астың орнын жинастыру, баланың жаялығын ауыстыру секілді ұсақ-түйек шаруалармен жүріп басыма осындай ойлар келіп еді. Түс мезгілі жақындап қалған екен, ас бөлмеге келсем, енем, құрбысына өздерінің мал бағып көшіп-қонып, ауыл ішінде көп болмағанын балаларының енесінде болғандығын, енесінің қолындағы абысынының өз балаларымен қосып, енемнің балаларын да бағып өсіргенін. Шиеттей бала-шағаның кірін жуып, тамағын пісіріп арасында өз жұмысына барып үлгергенін. Соның бәріне бір ауыз ләм-мим демей көндіккендігін айтып, марқұмның әруағына ризашылығын білдіріп отыр екен.
– Е-ее ол заманның келіндері кең еді ғой, – деп жатты.
Назым Дүтбаева
writers.kz