ҚАҒИДАТЫ МЫҚТЫ ҚАЙРАТКЕР
БҮГІН ШӘМШӘ КӨПБАЙҚЫЗЫ БЕРКІМБАЕВА ДҮНИЕДЕН ӨТТІ
1985 жылы университетті бітіріп, Алматы облыстық «Жетісу» газетіне қызметке тұрған кезім. Газетіміз облыстық партия комитетінің органы болғандықтан, біздің үлкен басшымыз обкомның идеология жөніндегі хатшысы Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаева болатын. Қызметке жаңадан ғана келген тәжірибесіз журналист болғандықтан алдымда қалам тербеудің қыр-сырын үйренетін және өмірдің бүге-шігесін түсінетін көп мәселелер тұрды. Сол кезде облыс басшылары өткізетін жиналыстарда және әртүрлі конференциялар мен семинарларда Шәмшә Көпбайқызын жиі көретінмін. Көпшілік алдында қызметтік этиканы сақтау мәдениеті мен екі тілде бірдей жосылта сөйлейтін шешендігіне тәнті болатынбыз. Сонымен қатар Шәмшә Көпбайқызы келе жатқан кезде жаңа ғана абыр-дабырға басып тұрғандар саптай тізіліп, меңіреу тыныштық орнай қалатын. Осындай көрініске көз сала тұрып, басшымыздың беделі мен ол кісіге деген көпшіліктің ерекше құрметінің белгісін аңғару қиын емес еді. Және де бас редакторымыз обкомдағы бюро және басқа да жиналыстан келген сайын Шәмшә Көпбайқызы тарапынан берілген сын-ескертпелер мен тиісті тапсырмалар туралы айтқанда біздер идеологиялық хатшымыздың іскерлік деңгейі қандай екенін айқын аңғаратынбыз.
Өкінішке орай, Шәмшә Көпбайқызымен көп қызметтес бола алмадық. Себебі, арада бір жылдан аса уақыт өткенде атақты Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалды да, қазақ даласын қара түнек басқандай күйге түстік. Көп ұзамай Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбеков бастаған жігіттердің сот залындағы қасқайып тұрған суретін бергені үшін «Жетісу» газетінің бас редакторы Мамадияр Жақып ағамыз қызметтен босап қана қоймай, партия қатарынан шығарылды. Редакцияны қара түнек басқандай күй кештік. Бұл аздай, Шәмшә Көпбайқызы да облыстық партия комитетінің хатшысы лауазымынан босап, мектеп директорына дейін төмендетілді. Кәдімгідей жетімсіреп қалдық. Сөйтсек, Шәмшә Көпбайқызы көтеріліске қатысқан жастар бірдеңеге ұрынып қалмасын деген ниетпен оларды сабырға шақырған кезде әлгілердің ішіндегі ержүрек біреуі: «Апай, шыныңызды айтыңызшы. Сіздің қолыңыздан не келеді осы?» деп сұрақты төтесінен қойса керек. Ойланып қараса, шынымен де орынды сұрақ. Орталықта қылышын қайрап Геннадий Колбин тұрғанда, ал облыста оның сойылын соғып, бірінші хатшы Марат Меңдібаев отырғанда ұлт мүддесі жолында күресіп береке таппайтынын түсінді. Сонымен қатар екіжүзділік танытқан сатқындар мен жағымпаздар да қарасын көбейте бастады. Бұған қоса тар жолға тіреліп, тайғақ кешкен сәтте жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтын белгілі. Сондықтан да Шәмшә Көпбайқызы өзі үшін әділетті шешім қызметтен кету деп қабылдады. Себебі, ел басына күн туған сын сағатта не қоғамға, не халқына пайдасы тимейтін мансаптан гөрі мансапсыз қалғанның өзі әлдеқайда абырой деп санады. Осы күннен бастап ол қандай қызметке барса да ең бірінші өз-өзіне: «Менің қолымнан не келеді?» деген сұрақтан бастауды өзінің қағидаты етіп ұстанатын болды. Иә, шенеунік ретінде Шәмшә Көпбайқызының қолынан көп нәрсе келді және келеді де. Өкінішке орай, кейіпкеріміздің мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі елге сіңірген еңбегін тізбектейтін болсақ, ол бір мақаланың ауқымына сыймайды, әрине. Сондықтан да осы мақаламда Шәмшә Көпбайқызының өзім куә болған ұлтжандылық пен адамгершілік қасиеттеріне және парасаттылық пайымына ерекше тоқтала кеткенді жөн көрдім.
Ол кезде менің өмірдегі ең үлкен қамқоршым әрі ұстазым болған марқұм нағашым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаев ағам тірі болатын. Желтоқсан оқиғасының ызғары басылмаған көңілсіз күндердің бірінде Кәкімжан ағамның үйіне келген едім. Желтоқсанның ызғары Кәкімжан ағамды да айналып өтпей, біраз түртпекке түсіп жүрген кезі еді. Себебі, Желтоқсан оқиғасына қатысты жазықсыз қызметтен кеткен біраз ректорларды «Талдықорған облысының тумасы, орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болған кезде Қазыбаевтың қойған кадрлары» деген желеулер де айтылып жатты. Бұл жөнінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері әрі ғалым Көпжасар Нәрібаев аға өзінің естелігінде өте жақсы жазып өткен болатын. Әрине, ол бөлек әңгіме.
Түскі астың үстінен түсіппін. Қарасам, дастархан басындағы қонақтардың ішінде Шәмшә Көпбайқызы отыр екен. Кәкімжан аға мені қонақтарға: «Менің жолымды қуған жалғыз жиенім» деп таныстырды. Сөйтсем, Шәмшә Көпбайқызы Кәкімжан ағаммен туған ағалы-қарындастай жақсы сыйласады екен. Және де Кәкімжан ағаның басшылығымен идеология саласында бірге қызметтес болғандықтары да бар. Сол күннен бастап мен Шәмшә Көпбайқызын Кәкімжан ағамның үйінен жиі көретін болдым. Шынайы сыйластықтарына қатты қызығатынмын. Өкінішке орай, көп ұзамай Кәкімжан ағам қайтыс болып кетті. Нағашымның қайтыс болуы мен үшін өмірдегі үлкен сабақ болды, әрине. Бір күннің ішінде оңым мен солымды танып, бірнеше жасқа есейгендей күй кештім. Мен сол кезде ғана мына фәни дүниені жалған деп неге айтатынына көзім жетті. Себебі, Кәкімжан ағаның көзі тірісінде табалдырығын тоздырып жүрген талай шалбар киген азаматсымақтар нағашымыздың көзі кеткеннен кейін іздерін суыта бастады. Орынша жеңгеміз болса ауыр қайғыдан көпке дейін еңсесін көтере алмады. Бұл өте ауыр көрініс еді. Сол кезде Орынша Жолмұратқызының жанына желеу болып, еңсесін көтеруге, бойына жігер беруге тырысқан адамның бірі және бірегейі осы Шәмшә Көпбайқызы болатын.
Әр жамандықтың бір жақсылығы болады деген емес пе. Сәтін салғанда көп ұзамай әділеттілік салтанат құрып, Шәмшә Көпбайқызы мектеп директорынан оқу министрінің орынбасары қызметіне көтерілді. Сол кезде Орынша апайдың «Ұстаз жүгі қашанда ауыр» атты кітабының қайта толықтырылған нұсқасын баспадағылар Зақаш Камалиденовтың нұсқауымен шығартпай жатқан болатын. Бұл проблеманы Шәмшә Көпбайқызы өз қолына алып, аталмыш кітапты көп ұзатпай-ақ 30 мың таралыммен шығартып берді. Сол кездегі Орынша апайдың көптен бері күңіренген бетіне қан жүгіріп, риза болған келбеті әлі көз алдымда. Және де қуанышты көңіл-күй үстінде отырып:«Шәмшәның іскерлігіне және азаматшылығы мен адамгершілігіне шалбар киген он жігіт татымайды» деп айтқаны әлі есімде.
Жалпы, кез-келген жұмыр басты пенденің адамгершілігі адамның басына ауыртпашылық түскенде сыналатыны хақ. Қолыңда қызмет барда алдыңда құрдай жорғалап, тақтан тайған күні артыңнан тас ататын пенделер аз емес, әрине. Осы орайда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев ағамыздың Шәмшә Көпбайқызы жөнінде айтқан мына бір әңгімесі өзіме қатты әсер етті. Бердібек Мәшбекұлы ол кезде оқу министрінің орынбасары қызметінде жүрген кезі болса керек. Сол кезде бір министрде алты орынбасар болыпты. Бір күні жаңадан тағайындалған министр келген бетте еш себепсіз Бердібек Мәшбекұлын қызметтен босатады. Бердібек Мәшбекұлы сөзге келместен кабинеттегі қағаздарын жинастырып, кетуге жиналады. Жан-жағына қараса, қанша жыл министрлікке сіңірген еңбегін елеп-ескеріп жатқан ешкім байқалмайды. Тіпті кеше ғана бірге қызметтес болған орынбасарлардың да бірде-біреуі ләм демейді. Бұл әрине, Бердібек Мәшбекұлының көңіліне қатты келеді. Сол кезде адамгершілікке жатпайтын мынандай бейқамдыққа шыдамаған Шәмшә Көпбайқызы: «Жолдастар-ау! Бердібектің министрлікке сіңірген еңбегі бар емес пе. Соны ескеріп, жылы сөз айтып, неге шапан жауып шығарып салмаймыз?» депті. Осылайша, Бердібек Мәшбекұлын министрліктен Шәмшә Көпбайқызының ұйымдастыруымен тиісті қошеметпен шығарып салса керек. Бердібек Мәшбекұлы осы оқиғаны әрдайым жылы сезіммен еске алады.
2019 жылы Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдық мерейтойына байланысты конференция өтті және «Өнегелі өмір» сериясымен Кәкімжан аға жөнінде естеліктер жинағының тұсаукесері болды. Айтулы мерейтойлық шараға Шәмшә Көпбайқызы да келген болатын. Конференция біткеннен кейін университеттің сол кездегі ректоры Ғ.Мұтановқа ұлттық қауіпсіздік органының генерал-лейтенанты Әділ Шаяхметов ағамыз аталмыш сериямен Шәмшә Көпбайқызы жөнінде де кітап шығару мәселесін құлаққағыс жасады. Бұл жағдайды Шәмшә Көпбайқызы білмейтін еді. Ректор сөзге келместен қолдай кетті. Кітапты шығару филология ғылымының докторы, профессор, белгілі ақын Бауыржан Жақыпқа тапсырылды. Содан арада бір аптадай уақыт өткенде Әділ Шаяхметов аға телефон шалып, Шәмшә Көпбайқызы жөніндегі кітаптың тезірек және мазмұнды шығуына ат салысуымды тапсырды. Мен дереу Бауыржан Жақып досыма телефон шалдым. Сол кезде Бауыржан: «Беке, Шәмшә Көпбаевнамен өзің сөйлесші. Мен ана жолы телефон шалып айтқанмын бар жағдайды. Қайта-қайта мазалай бергенім ыңғайсыз сияқты» деді. Көп ойланбастан Шәмшә Көпбайқызына телефон шалдым да, кітап шығаруға байланысты өз ойларымды айта бастап едім, Шәмшә Көпбайқызы сабырлы түрде: «Бекен, ниеттеріңе рахмет айналайын. Қазіргі уақытта өзімнің жаныма жақын бір туысқаным сырқаттанып жатыр еді. Сондықтан да мұндай кезде сол кітапты шығару мәселесін құп көріп тұрған жоқпын» деді. Мына сөзді естігенде таң-тамаша қалдым. Өзінің жеке мүддесін ысырып тастап, сырқаттанып жатқан адамның көңіліне қараған адамгершілігіне және азаматшылығына сүйсіндім. Себебі, кітабын шығара алмай, демеуші іздеп, талай табалдырықты тоздырып жүргендерді де көзіміз көрді. Сонымен қатар елге сіңірген ешбір еңбегі жоқ болса да, өзін насихаттау жолында кітап шығартып, мақалалар жаздыртып, жалған бедел жинап жүргендерді де білеміз. Осы орайда Шәмшә Көпбайқызының өз атын тарихта қалдыратын рухани дүниеден бас тартуы екінің бірінің қолынан келмейтін жағдай, әрине. Өкінішке орай, Шәмшә Көпбайқызы жөніндегі естеліктер енді жазылары хақ. Ол жайлы айтылатын жақсы лебіздер Шәмшә Көпбайқызына бақи дүниеде мол сауабын тигізер деп ойлаймын.
Иә, Шәмшә Көпбайқызының бойындағы адамгершілік қасиеті ғана емес, ерлерге тән ержүректілігі мен қағидатшылдығы туралы да көп естіген едім. Соның бірі Желтоқсан оқиғасы кезінде танылды. Ел басына күн туған аласапыран кезіндегі алақұйын жағдайдың шет жағасын өзіміз де көрдік. Талай адамдар жазықсыздан-жазықсыз қызметтен босатылып, партия қатарынан шығарылды. Жастарымызды ішкіш, нашақор етіп көрсетіп қана қоймай, бірінен соң бірін оқудан және жұмыстан шығарып, түрмеге қаматып жатты. Сол бір жауапты да қиын кезде орта және арнаулы оқу министрі, марқұм Көпжасар Нәрібаев аға мен обком хатшысы Шәмшә Көпбайқызын орталық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Ерік Асанбаев шақыртыпты. Екеуі шақырған уақытында келсе де, кіре алмай, қабылдау бөлмесінде біраз отырып қалса керек. Бір кезде «қолы босаған» бөлім меңгерушісі кірген бетте қатулы үнмен:
-ӘміровР.С.(шет тілдері институтының ректоры), БайболовС.М.(құрылыс және архитектура институтының ректоры), Мамыров Н.К(халықшаруашылық институтының ректоры) бүгіннен бастап қызметінен босатылды,- депті министр Көпжасар Нәрібаевқа қарап. Содан кейін басын Шәмшә Көпбайқызына бұрып:
-Обком бізді қолдайды,- депті сенімді түрде. Сол кезде мынандай бейбастыққа шыдамаған Шәмшә Көпбайқызы:
- Жоқ, олай емес, мен қолдамаймын. Олардың не кінәсі бар? Қандай айып тағып отырсыздар? – деп бөлім меңгерушісінің сөзін қағып тастапты. Обком хатшысынан мынандай қарсылықты күтпеген Е.Асанбаевтың өңі бозарып, тұтыға сөйлеп:
- Бірінші хатшымен (М.Меңдібаев) келісілген, сіздің сөзіңіз шешуші бола қоймас,- депті өз сөзіне сенімді түрде. Мынандай шектен шыққан әділетсіздік Шәмшә Көпбайқызының шамына қатты тиіп кетсе керек:
-Менің сөзімді тыңдамасаңыз, онда мені неге шақырттыңыз? – деп орнынан атып тұрған бойда есікті тарс жауып, шығып кетіпті.
Міне, аталмыш оқиға жөнінде Көпжасар Нәрібаев ағамыз осылайша өте әдемі жазыпты. Бұндай ерлік әйел адам емес, кез-келген бөріктінің де қолынан келе бермейтіні ақиқат. Қызмет пен мансап жолында жағымпаздық пен жарамсақтықтан аса алмай, ел алдында абыройдан жұрдай болған талай бөріктілерді білеміз. Біліп те жүрміз. Ең сорақысы, өздерін еркекпіз деп өзеусірейтін талай қандастарымыз Желтоқсан оқиғасы кезінде өзінің халқына қарсы оқ атты, қаншама жастардың тағдырларын тәлкек етті. Қыздарымызға дейін көк мұздың үстіне отырғызып, итпен талатып, шашынан сүйреді. Соны жасағандар арамызда әлі де жүр. Пендешіліктің пешпентін киген сондай екіжүзділерге қарап отырып, Шәмшә Көпбайқызы сияқты нағыз ел зиялыларына риза боласың. Желтоқсан оқиғасының зардабын шеккен адамдардың бірі Шәмшә Көпбайқызы. Алайда ол арзан бедел жинап, өзін жарнамалауға баратын адамдардың қатарына жатпайды.
Иә, еліміз егемендік алған отыз жылға жуық уақыт ішінде білім және ғылым министрлігін кімдер басқармады десеңші. Олардың ішінде педагогика мен ғылымға қатысы жоқ адамдардың да болғаны шындық. Сондықтан да осы саладағы жасалған реформалар әрдайым тиісті шегіне жетпей, кенжелеп қалып жатты. Сондай күндердің бірінде аталмыш министрлік тізгінін Шәмшә Көпбайқызы ұстады. Сол кезде осы тағайындаудың дұрыс болғанын қуанышпен қабылдаған интеллигенция мен зиялы қауым өкілдері өте көп болды. Себебі, Шәмшә Көпбайқызы шенеунік қана емес, мұғалім, мектеп директоры, облыстық оқу бөлімінің басшысы, оқу министрінің орынбасары сияқты барлық сатыдан өткен нағыз кәсіби маман болатын. Министр қызметіне кіріскен бетте білім мен ғылым саласындағы қордаланып қалған көптеген проблемалардың шешімін тауып, жаңа арнаға бет бұрғыза білді. Әсіресе, ауыл мектептеріне ерекше көңіл бөліп, жабылып қалған ирнтернаттарды қайта ашқызды. Қазақ мектептерінің көптеп ашылуына және материалдық-техникалық жағынан тиісті дәрежеде жабдықталуына ерекше мән берді, ұлттың рухын көтеретін рухани дүниелерді жаңғыртуға ден қойды. Өкінішке орай, үкіметтің отставкаға кетуіне байланысты Шәмшә Көпбайқызы да басқа қызметке ауысты. Білім мен ғылым саласындағы біраз бастамалары аяқсыз қалды. Ал енді зейнет демалысына шыққанға дейін Қазақ қыздар педагогика университетінің ректоры қызметінде жүріп, университетті биік белеске көтере білді. Шәмшә Көпбайқызы аталмыш университетке басшы болып келгенге дейін министрліктен орынды-орынсыз әртүрлі тексерулер келіп, оқу орнында қызмет істейтін мұғалімдердің әбден ығырын шығарады екен. Ал енді Шәмшә Көпбайқызы он жылдай ректор болып отырған кезде университетке бірде-бір тексеру келмей, ешкімді мазаламаса керек. Қазіргі уақытта осы жағдайды тамсана айтып, еске алатындар өте көп. Бұл әрине, Шәмшә Көпбайқызының талай жылғы қасықтап жинаған беделі мен жұмысты жақсы ұйымдастыра білетін адал еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Жалпы, Шәмшә Көпбайқызының негізгі мамандығы ұстаз болғандықтан, ұстазға, ұстаздарға деген құрметі ерекше. Себебі, біздің бәріміздің тағдырымыздың дұрыс қалыптасуына ықпал ететін ата-анадан кейінгі екінші тұлға – ол ұстаз екенінде дау жоқ. Ұстаз туралы әңгіме айтқан кезде ұлы қолбасшы Александр Македонскийдің: «Я своему отцу обязан тем, что живу, Аристотелю обязан тем, что живу достойно» деген қанатты сөзі еске түседі. Осы орайда, Шәмшә Көпбайқызының өмір жолында ұстаздары көп болды. Солардың бірі және бірегейі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров аға. Қаршадай қыздың болашағына үлкен сенім артып, бар жоғы 32 жасында Алматы қаласындағы Совет аудандық (қазіргі Алмалы ауданы) партия комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындау сол заманның талабы бойынша үлкен ерлік еді. Себебі, сол жылдары 32 жасында әйел адам тұрмақ, ер адамдардың өзі аудандық партия комитетін басқару өте сирек құбылыс болатын. Тіпті, Желтоқсан оқиғасы кезінде де Шәмшә Көпбайқызына ағалық ақылын айтып, дұрыс бағдар берген азаматтардың бірі осы Асекең болды. Өкінішке орай, желтоқсанның ызғары көп ұзамай Асанбай ағаны да қатты шарпып өтті. Қаншама уақыт жазықсыздан-жазықсыз қамауда отырды. Осы орайда, ұстазының басына қиын іс түскен кезде жанын шүберекке түйіп, жанашырлық танытқан адамдардың бірі және бірегейі Шәмшә Көпбайқызы екенін айта кеткеніміз орынды болар. Яғни, сын сағатта басқалар сияқты ұстазынан хабар үзіп, іргесін аулақ салған жоқ. Қазіргі уақытта Асанбай ағаның жолдасы Бәтима апаймен де туған жеңгесіндей сыйласып тұрады. Әсіресе, мына бір көрініс көз алдымда қалып қойды. Бірде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат әрі әдебиетші ғалым Әділ Ахметов ағам 70 жылдық мерейтойына шақырды. Тойға Асанбай ағаның жолдасы Бәтима апай мен Шәмшә Көпбайқызы да келіпті. Бір қарасам, Шәмша Көпбайқызы Бәтима апайға үлкен құрмет көрсетіп, құшағына басып тұр екен. Осындай әдемілікпен өрнектелген сыйластыққа тамсана қарап қалыппын. Міне, түсінген адамға бұл да бір өмірдің үлкен мектебі екенінде сөз жоқ.
Мына оқиға әлі есімнен кетпейді. 2003 жылы қызметтен босап, біраз жұмыссыз жүріп қалған едім. Сондай күндердің бірінде білім және ғылым министрлігіне қатысты бір проблемаға тіреліп қалдым. Министр өзім жақсы танитын Шәмшә Көпбайқызы болатын. Алайда, қабылдауына барайын десем, кіре алмай қаламын ба деп жүрексіндім. Сонымен қатар көптен көрмегендіктен бе, ұмытып қалған жоқ па екен деп те ойладым. Содан амал жоқ, Қуаныш Сұлтанов ағама телефон шалдыруға тура келді. Қалай дегенмен де алдына жүрексініп барған едім. Мен ойлағандай емес, Шәмшә Көпбайқызы өте жылы қарсы алды. Жылы жымия күлді де: «Бекен, сен неге Қуаныш ағаңа телефон шалдырасың? Мен сені өзім де жақсы танимын ғой. Кез-келген уақытта келе бер, есік ашық» демесі бар ма. Мына сөзді естігенде күз болып жүрген көңілім жаздай жадырап сала берді. Келген мәселемді де асықпай тыңдап, сөзге келместен шешіп берді. Тіпті, құрметтті қонағы сияқты бір шыны шәй да ұсынды. Министрден көрген мынандай құрметке көңілім марқайып сала берді. Бұған қоса әңгіме арасында Орынша апайдың жаңа кітабын шығарып беретінін құлаққағыс жасады. Кейіннен айтқан сөзінде тұрып, аталмыш кітапты шығартып берді. Сонымен қатар Орынша апай еңбек ететін Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін де көп қолғабыс жасады.
Шәмшә Көпбайқызы қазақ әдебиеті мен өнерінің де үлкен жанашыры болатын. Атап айтсақ, қазіргі «Қала мен дала» газетінің алғашқы шығарылуы кезінде газетке қаржылай көмек көрсеткен және таралуына ықпал еткен Шәмша Көпбайқызының ұлтжанды әрекеті туралы газеттің бас редакторы Думан Бықай ініміз сүйсіне айтқаны есімде. Сонымен қатар Қыздар педагогикалық университетінде Мұқағали өлеңдеріне байланысты өткізіліп жатқан жыр сайысында жеңімпаздарға берілетін сыйлықтың мөлшері жетіңкіремей қалса керек. Сол кезде бұл жағдайды белгілі ақын ініміз Серік Қалиев Шәмшә Көпбайқызына құлаққағыс жасапты. Оны естіген Шәмшә Көпбайқызы дереу өзінің үйіне жүргізушісін жіберіп, әлі тағып үлгермеген алтын алқасын алдырыпты да, жеңімпаз қыздардың біреуіне табыс етіпті. Міне, нағыз мырзалық пен ұлтжандылық дегеніңіз осындай болса керек.
Иә, осылайша өз басым өмір жолында Шәмшә Көпбайқызы сияқты парасаты биік зиялы қауым өкілімен таныс болғанымды және өмірлік ұстанымынан үлкен тағылым алғанымды мақтан тұтамын. Себебі, Шәмшә Көпбайқызының бойынан әрдайым адамгершілікті, парасаттылықты, ұлтжандылықты және сабырлылықты көріп, өзім үшін жаңа мектептің есігін аштым. Сонымен қатар «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сияқты, ел тағдыры мен ер тағдыры қыл үстінде тұрған мезетте қандай позиция ұстану керектігін көңіліме түйдім. Бұған қоса шынайы сыйластық пен кіршіксіз көңілдің қалай болуы керектігін ұғындым. Сол үшін де Шәмшә Көпбайқызы сияқты адамдардың бойынан ұшқындаған шамшырақ сәулесінен жылу алып, шуағын сезінген тағдырыма ризамын.
Шәмшә Көпбайқызының бүгінгі қайғылы қазасы жөнінде белгілі қоғам қайраткері әрі әдебиетші ғалым, өзіміздің ұстазымыз Уәлихан Қалижан ағамыз «ФБ» парақшасында: «Жаны мен ары биік, иманжүзді, қазақ қыздарының падишасы саналатын Шәкеңнің рухы өлмейді» деп жазыпты. Осылайша, Қасиетті Рамазан айында қазақтың біртуар қызы фәни жалғанның есігін жапты. Артында талай жылдарға мұра болатын игілікті істері қалды. Сіздің сабырлы мінезіңізді, салиқалы сөзіңізді, аналық ақылыңызды сағынышпен еске алатын болдық. Алдыңыз пейіш, артыңыз ырыс болып, нұрыңыз пейіштің төрінде шалқысын, Шәмшә Көпбайқызы!
Бекен Нурахметов