Оралда 12 жастағы қызды зорлаған А.Марченкоға судьяның қатысуымен өткен сотта алқабилер алқасының шартты жаза кесуі қоғамды дүр сілкіндірді. Бала құқықтарын қорғайтын ұйымдар мен кәсіби заңгерлер үкімнің заңсыздығын алға тартып, бұл іске прокуратураның апелляциялық өтінішхат түсіруін күтіп отыр. Бір айта кетерлігі, «Мой город» порталының мәліметінше, әу бастан сотқа іс Қылмыстық кодекстің 120-бабы, «Кәмелетке толмаған баланы зорлау» бабымен түскен, бірақ кейін Қылмыстық кодекстің 122-бабы, «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер» бабына ауыстырылған. Екі бап та азғындық пен қылмыс үшін жаза, бірақ неге екеуіне екітүрлі үкім шығады?
Жаза қылмысқа емес, жәбірленушінің моральдық келбетіне берілген бе?
«НеМолчи.kz» қоғамдық ұйымының мәліметінше, 2018-2019 жылдары кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы қылмыстар едәуір азайған еді, бірақ соңғы уақытта бұл қылмыс түрі өршіп барады. Бұған не себеп? Мамандар мұның себебін сенім телефондарының жаңа жүйеге көшуімен қатар, педофилдерге беріліп жатқан жеңіл жазамен түсіндіреді. Жалпы, Қылмыстық кодексте балаларға қарсы сексуалды сипаттағы қылмыстарды реттейтін 4-5 бап бар. Атап айтсақ, 120-бап, Бала зорлау; 121-бап, Нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері; 122-бап, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер; 123-бап, Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету; 124-бап, Жас балаларды азғындату. Бұл баптардың ең осалы – 122-бап. Бұл баптан басқасының бәрінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал ҚК-тің 122-бабы бойынша бас бостандығын шектеу ғана көзделген?! Яғни, қылмыскер шартты түрде сотталып, бостандықта жүреді. Шындап келгенде, Бас прокуратура жариялаған «Педофилдер картасынан» дәл осы баптың жиі қолданылғанын байқаған едік. Тіпті, кезінде 5 жасар баланы зорлаған 78 жастағы кісінің де егде жасын есепке алып, шартты түрде соттаған еді. Ал Оралдағы педофилия қылмысы бойынша сотталушының кәмелет жасына толмаған баласы бар екен. Мұны да алқабилер ескерген көрінеді.
Бала құқығын қорғайтын ұйым өкілдері өткен ғасырдың 1959 жылдары қабылданған Қылмыстық кодекске түбегейлі өзгерістер қажет дейді. «НеМолчи.kz» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дина Таңсәрі ең алдымен істің сотқа дәрежесі ауыр баппен түсіп, ауырлығы орташа бапқа ауыстырылғанына наразы. Ал қоғамды шулатқан үкімге байланысты БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желідегі парақшасында «жазаны алқабилер тағайындады» деп ат-тонын ала қашып отыр. Журналистермен өткен онлайн брифингте судья Шара Зайнуллина: «Істі қарау барысында алқабилер алқасы басым дауыспен жәбірленушімен жыныстық қатынас оның келісімімен болды деген ұйғарымға келді. Жәбірленуші өзінің физикалық және психикалық дамуына қарай жыныстық қарым-қатынастың не екенін түсінді. Сотталушы зорламады, керісінше, 16 жасқа толмаған адаммен келісім бойынша жыныстық қатынас болды», – деп мәлімдеген еді. Судьяның істі бұлай түсіндіруі «Немолчи.kz» қоғамдық қоры өкілдерін алаңдатып отыр. Олардың айтуынша, біріншіден, істі ҚК-тің бір бабынан екінші бабына ауыстырған алқабилер емес, судьяның өзі. Қылмыстық-процестік кодекстің 656-бабының, 11-тармағына сәйкес, «судья сотталушының іс-әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша саралауды алқабилердің қатысуынсыз анықтайды» делінген. Яғни, бар дау осы жерден басталған.
Екіншіден, қоғамдық ұйым өкілдері «заң осал, баламен 14 жасқа дейін ғана емес, 16 жасында да, 17 жасында да жыныстық қатынасқа түсуге болмайды» деп наразылық танытып жатыр. Ал «12 жастағы қыздың «келісімімен» жыныстық қатынасқа түскен А.Марченко мұның қылмыс екенін білмеді ме? Құқықтанушы Дина Таңсәрі бұл істі қайта қарау қажет дейді:
– Неге біздің соттар жәбірленушінің моральдық келбетіне қатты қарайды? Қылмыскердің азғындық қылмысына көзін жұмып қарау үшін бе? Бес жасар балаға да секс туралы әдемі әңгіме айтып, кейін оны азғындық, нәпсіқұмарлық әрекеттер үшін пайдаланған дұрыс па? Бұл жерде бала өзін азғындық қылмыс үшін пайдаланғанын түсінбейді де, ал қылмыскер өзінің жасап отырған қылмысы қатаң жазаланатын зорлау емесін біліп, баланы өзінің теріс мақсаттарына пайдаланады. Ал мұндай азғындықты басынан кешкен баланың ертеңі не болады? Егер ересектер баланың психологиялық күйзелісін, жан жарасын емдемесе, онда жасөспірім үйден қашып, ұстарамен денесін жарақаттап, үнемі үлкендерге қарсы шығып жүреді, – дейді. Дина Таңсәрі судьяларға төтесінен сауал қояды: «Сонда жыныстық қатынастың не екенін түсінетін 11 жастағы қыз бастан өткен жағдайға өзі жауапты ма?»
Әлеуметтік желіде Жоғарғы сот өкілдері де әділетсіз үкімге алқабилерді кінәлап отыр. Ал қоғам белсенділері мен заңгерлер қазір ақталатын заман емес, әлі де күшіне енбеген үкімді жойып, педофилге қатаң жаза тағайындау қажет дейді.
Алқабилер институты – дәрменсіз құрылым ба?
Сотқа, құқық қорғау органдарына түбегейлі реформа қажет деп санайтын заңгер Ләззат Кендебайқызы қыркүйекте депутаттарға осал заңды қатайтатын ұсыныстарымен шықпақ ниетте. Оралдағы кәмелет жасына толмаған балаға қарсы қылмыс жайында Ләззат Кендебайқызы:
«Ата-анасының, не қорғаушысының келісімінсіз кез келген құқықтық салдары бар әрекет жасауы – заңсыздық боп танылатын кәмелетке толмаған баланың ересек адаммен жыныстық қатынасқа келісім беруі – заңға қайшы болатыны неге қылмыстық заңнамада ескерілмеген? Тап сол заңда көзделмесе, сол заңның аналогиясы қолданылуы керек емес пе? Ол жайттар неге педофилге жаза тағайындалғанда ескерусіз қалған? Алқабилер кәсіби судьяның қатысуымен үкім шығарады. Сол кезде судья заңның осы қағидаларын ескертуі тиіс еді. БҚО-дағы заңсыз үкімге алқабилердің ғана емес, соттың да тікелей қатысы бар деп есептеймін», – дейді.
Оралдағы «педофил ісі» бойынша кімдер алқаби болды? Заң бойынша, 25 жасқа толған, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы жоқ, судья болып және құқық қорғау органдарында жұмыс істемейтін ел азаматтары алқаби бола алады. БҚО-дағы сотталушы А.Марченконың сотында 10 адам алқаби болған, оның 7-уі – әйел, 3-уі – ер азамат. Заңгер Ләззат Кендебайқызы балаға қатысты іс-әрекеттің бәрі ауыр дәрежедегі қылмыс болып саралануы қажет деген пікірде. Ол, сондай-ақ алқабилер институтына сын көзбен қарайды.
– Жалпы, алқабилер соты маған о бастан-ақ ұнамаған. Қажеті жоқ дүние. Әйтеуір, әр елге еліктеп біреудің қаңсығын таңсық етіп отырамыз. Түкке тұрғысыз тәжірибе енгізіп, оған қыруар қаржы бөлеміз, – дейді. Заңгердің айтуынша, алқабилер кәсіби заңгер емес, заң нормаларын білмейді. Бұрын-соңды қылмыскермен жұмыс істемеген соң, олардың психологиясын түсінбейді. Жылап, еңіреп отырған сотталушыға сеніп, эмоцияға берілуі мүмкін. Себебі темір торға түскен адам қандай жолмен, айла-әрекетпен болсын, бостандыққа шығуды ғана ойлайды.
Түптеп келгенде, елімізде 2007 жылдан бастап енгізіле бастаған алқабилер сотын қазақтың көне тарихында болған билер сотымен де салыстырған билік өкілдері де табылған болатын. Бүгінде Қылмыстық кодекстің кейбір баптарынан өзге аса ауыр қылмыстық істерді қарай алатын алқабилер соты педофилдерге қатысты неге жұмсақ үкім шығарады? Мұны мамандар судьяға тәуелділігімен де түсіндіреді. Баспасөзді шолып көрсеңіз, еліміздің түкпір-түкпірінде судьяның қысым жасап, ақтау не жазалау үкімін шығаруды талап еткен кездері де жария болған.
Қоғамда сот жүйесіне, құқық қорғау органдарына сенім азайып барады. Жақында танымал саясаткер Мұрат Әбенов Facebook парақшасында: «Қапшағайда күдікті педофилді басынан атып, өлтіріп кеткен. Бұл ақшаға сатылатын сот жүйесіне белгі болуы керек» – деп жазған еді. Расында да, соңғы жылдары елімізде заңның осалдығы, судья біліксіздігінің кесірінен ел азаматтары балаға қарсы қылмыс жасағандарды өз қолдарымен жазалау әрекетіне көшкен сияқты. 2016 жылы Түркістан облысында кәмелет жасына толмаған бала бірінші сынып оқушысын зорлады деген ақпарат тарап, ауыл тұрғындары күдікті тұратын ауылға баса-көктеп кірмек болған. Жол-жөнекей үйлер мен көліктерді өртеген. 2017 жылы астанада алты жасар қызды шешіндіріп жатқан еркекті байқап қалған бір топ жұмысшы азғынды ұстап алып, аямай соққыға жыққан. Сәтбаев қаласы мен Балқашта да ұсталған педофилдерді полиция өкілдері ұрып-соққан. Биыл Ақтауда бір топ жігіт күдіктіні ұрмақ болып үйінің маңында жиналған. Мамандар педофилдерді жазадан «құтқарып отырған» Қылмыстық кодекстің 122-бабын қолданыстан мүлдем алып тастауды немесе оған қатаң өзгерістер енгізуді ұсынады. Дәл осы баптың үкімі халық наразылығын туғызып отыр.
Кәмшат ТАСБОЛАТ