Орбұлақ шайқасының тарихта орыны бар

Орбұлақ шайқасының тарихта орыны бар

Қазақ елінің тарихында неше түрлі қиын-қыстау, ауыр жағдайлар да, халқымыздың рухын көтерген, кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай ұлы жеңістер де болды. Аталарымыздың жаумен шайқастағы ерліктері ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып тарап, осы күнге дейін жұрттың жадында жатталып қалды. Солардың бірі Орбұлақ шайқасы. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты Алматы облысы әкімшілігінің Жастар саясаты басқармасы Жоңғар Алатауының Панфилов ауданына қарасты Орбұлақ шайқасы өткен тарихи жерлерге туристік сапар ұйымдастырды.
«Орбұлақ шайқасы» – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұзаққа созылған азаттық соғысының бір үзігі. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында Жәңгір сұлтан басқарған 600 қазақ жауынгері мен 50 мың жоңғар қолын басқарған Эрдэни Батыр қонтайшы арасындағы шайқас. Орбұлақ шайқасын қазіргі заманның тарихшылар Фермопила түбіндегі шайқаспен, ал Жәңгір сұлтанды Леонид патшамен теңестіреді. Шын мәнінде осы екі оқиғаның бір-біріне ұқсас жерлері көп. Ежелгі гректерден келе жатқан аңыз бойынша Спарта патшасы Леонид өзінің 300 әскерімен бір жағы теңіз, екінші жағын тау қоршаған жіңішке жерде, тар өткелде Ксеркстің 80 мыңдық әскеріне қарсы тұрады. Ал Жәңгір сұлтанның 600 қолы жоңғардың 50 мың әскерін Орбұлақ тұсында тоқтатып, бестен бір бөлігін қырып жіберген. Бұл тарихи оқиға әлі де болса тереңірек зерттеліп, тың деректермен толықтыруды қажет етеді. Сондықтан болар Орбұлақ шайқасына әлі тиісті көңіл аударылмай жатыр. Ал гректер болса Фермопиль шайқасы өткен жерге 1955 жылы үлкен мемориалдық ескерткіш орнатты. Кейіннен, 2003 жылы Орбұлақ шайқасының 360 жылдығына орай тарихи оқиға болған жерге ескерткіш тас қойылды. Содан кейін көп айтылмай жүр еді, биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерейтойы қарсаңында осы тарихи шайқасқа қатысты Алматы облыстық әкімдігінің Жастар саясаты басқармасы және «Бес қару» қоғамдық қорының бастамасымен Орбұлақ шайқасы болған жерге арнайы медиа-тур ұйымдастырылды. Бұл шара қазақтың тарихи мұраларын зерттеп жүрген тарихшылар мен журналистерге, этнотуризмнің дамуы мәселелерімен айналысып, этнографиялық ұйымдардың өкілдеріне бағытталғанмен, негізгі мақсат – Қазақ хандығының құрылуындағы тарихи оқиғалардың тізбектерін халыққа тарату, тарихи сананы тереңдету, кейінгі ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастыру болып табылады.
Жақында Астана, Алматы, Талдықорған қалаларынан жиналған әртүрлі саланың өкілдері Орбұлақ шайқасы өткен жерге барып, елі-жері үшін қалың жауға қарсы тұрған қазақ батырларының аруағына зиярат ету үшін (жергілікті тұрғындардың айтуынша Жәңгір сұлтанның жерленген жері де сол маңда екен) Жаркент қаласына арнайы сапармен келді. Оларды Алматы облыстық әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев, Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаев, Орбұлақ шайқасын жан-жақты зерттеп жүрген белгілі жазушы, осы өңірдің тумасы Бексұлтан Нұржекеев ағамыз бастаған бір топ жергілікті азаматтар қарсы алды. Қазақстан мен Қытай елінің арасындағы алтын көпірге айналған жасамыс Жаркент мейрамханаларының бірінде түстенгеннен кейін, батыр бабаларының шайқасқан тарихи орынға, Жәңгір ханның жатқан жеріне тәу ету үшін алыстан ат арылтып арнайы келген қонақтар уақыт оздырмай жолға дайындалды. Орбұлақ шайқасы өткен шатқал Жаркенттен солтүстік-шығысқа қарай 80 шақырымдай жердегі Жоңғар Алатауында. Текелі қаласынан оңтүстікке қарай жүргенде 45 шақырым ғана болады екен, бірақ атқа мініп келмесе ол жақтан бері қарай автокөлік жүретін жол жоқ. Сонымен жан-жақтан жиналған отыз шақты қонақтар өздерін күтіп тұрған алты дөңгелегі бірдей тартатын әскери КамАЗ жүк көлігіне мініп, қалың қара бұлт басып тұрған Белжайлауды бетке алды.
Орбұлақ шайқасы жайлы мәліметті алғаш айтқан – тарихшы И.Э. Фишер. Осы шайқас жайында орыс тарихшылары А.И. Левшин, И.Я. Златкин, А.П. Чулошников, Гуревич, В.А. Моисеев, қазақ ғалымдары М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров, С.Сейфуллин жазғанымен, бірақ олардың бірде-бірі ұрыс өткен жерді нақтылап айтпайды. Тау қойнауында өткен шайқас туралы тұңғыш деректі жазып қалдырушы – Тобыл әскербасшысы Р.С. Куракин. Тобыл мұрағатындағы мәліметтерді жазушы Қалмұқан Исабаев зерттеп жазды. Куракинге қазақ-қалмақ соғысы жайындағы мәліметті жеткізген Тобылда қызмет еткен, Ресейдің Жоңғарияға барған елшілері Г.Ильин мен К.Кучелев (Кучембердейке). Олардың 1644 жылғы хабарламасында: «Біз барғанда қонтайшы ұлысында болған жоқ… 50 мың әскермен Қазақ ордасының Жәңгір сұлтанымен, Жалаңтөспен және Алатау қырғыздарымен соғысуға кеткен екен»– деп жазылған.
Жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің айтуынша, Жоңғарияға арнайы жіберілген Ресей елшілері 1643 жылдың ақпанынан сол жылдың қара күзіне дейін жорыққа кеткен қонтайшыны тосып, қазіргі Үржар ауданындағы Еміл өзенінің бойында орналасқан Батыр қонтайшының ордасында жатқан. Орыс елшілері өздерінің естеліктерінде Жоңғар қолбасшысының он жарым мыңдай әскерін қазақтармен шайқаста жоғалтып, түтігіп, шаршап-щалдығып күзгі суық түсе келгенін жазады. Бұл оның Орбұлақ шайқасынан оралған беті болатын. Бұл шайқастың алдындағы тарихты жазушы Бексұлтан Нұржекеев былай деп қисындырады.
– 1635 жылы Есімханның ұлы Жәңгір сұлтан қалмақтардың қолына түсіп қалады. Шәкәрімнің жазғандары бойынша, жоңғардың «қалмақ» деген атау «қалып қалған» деген сөзден шыққан. Қалмақтар қазіргі кездегі Үржар, Мақаншы, Қорғас, Сүмбе, Нарынқол елді мекендері тұрған жерлерде қоныстанып отырған. Ханзаданың қалмаққа тұтқын болып түсуі сүйекке таңба болды, мұны естіген қазақ батырлары қалай шыдап отырсын, бірігіп оны құтқару амалдарын қарастырады. Осы маңда тұратын Ұзын мұрт Ұзақ батыр Бұрайке деген қырғыздың қызына үйленген екен. Сол арқылы қазақ барлаушылары қырғызға шығады. Сөйтіп Саты деген жерде тұтқында жатқан Жәңгірді түн қараңғылығын жамылып алып шығады. Онымен бірге қонтайшының әйелін де өңгеріп әкетеді. Кейіннен қонтайшы әйелін Сарқан жерінде қайтарып алған. Содан Батыр қонтайшы қырғыздарды шабады. Ол жақтан он мың қырғызды тұтқынға алып қайтып келе жатқанда Орбұлақта бекініп жатқан Жәңгірдің 600 жауынгерден тұратын қолына тап болған, – дейді Бексұлтан Нұржекеев.
Орбұлақ шайқасы тарихи мәліметтерде былай деп жазылады: «Есім ханның ұлы Жәңгір шығыстан төнген жойқын қатерді көзімен көріп, қазақ руларын біріктіруге, басқыншыларға бірлесе тойтарыс беруге ұмтылды. Бұхара әміршісі, алшын (Кіші жүз) батыры Жалаңтөс баһадүрге хабарласып, көмек сұрады. Бірақ халха билеушісі Алтын ханның ұлы Омбы – Ерденемен, хошот билеушілері Үшүрті (Сесенхан) қонтайшымен және Шокур, Солжан тайпаларымен одақ құрған Батыр қонтайшы Жәңгірдің қазақтарды біріктіру жоспарын жүзеге асырмау мақсатында 50 мың қолмен жедел жорыққа шықты. Жәңгір шұғыл әрі батыл шешім қабылдап, қазақ жеріне ішкерілеген жоңғарлардың жолын кесу үшін білтелі мылтықпен қаруланған 600 сарбазбен қарсы аттанды. Батыр қонтайшы қаймықпай қорғанған ор-бекініске шабуыл жасайды, сол сәтте Жәңгір жауға ту сыртынан лап қойып, білтелі мылтықтарынан оқ жаудырады. Осы кезде Самарқандтан алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке келіп, 10 мыңнан аса адамынан айырылып, күйрей жеңілген жоңғарлар кері шегінеді. Ұлы жеңіске – арғын Ағынтай, Қомпай, найман Көксерек, Бөдес, шапырашты Қарасай, төртқара Жиембет жырау, қаңлы Сарбұқа, суан Елтінді, дулат Жақсығұл, қырғыз Көтен мен Табай, т.б. батырлар үлес қосқан. Бұл ұрыс қазақ қолбасыларының стратегиялық та, тактикалық та қабілетті болғанын, жауды алдын-ала зерттеп, барлап барып соғысқанын көрсетеді. 1990 жылы жазушы Б.Нұржекеев Орбұлақ шайқасының қазіргі Панфилов ауданының Белжайлау алабында өткендігі жөнінде дәлел ұсынды. 1993 жылы 3 шілдеде Алматы облысы Панфилов ауданындағы Белжайлау алабында ұлы жеңістің 350 жылдығына арналған той өткізілді. Ұрыс болған жердің атауы Орбұлақ, ал оқиға Орбұлақ шайқасы деп аталып, гранит тастан белгі қойылды».
Жоңғар Алатауының төсіне енді іліне бергенде сіркіреп басталған жауын, бір жотадан асып, тау сілемдеріне кірген сайын күщейе түсті. Белжайлаудың ортасына ала, Орбұлаққа он шақырымдай жетпей Үсенсаз деген жерде Жәңгір хан жерленген екен. Бізбен бірге жолға шыққан жазушы Бексұлтан ағамыз бұл төңіректі жақсы білетін болып шықты. «Мына жерде Жәңгір ханның сүйегі жатыр, оның жан-жағында жатқандар өзімен бірге ұрыста қаза тапқан қарулас жауынгерлері. Мұндағы елу шақты жауынгер, анау төбеде он шақты бейіттер бар, барлығын қосқанда Жәңгір ханның соңғы шайқасында алпыс шақты жауынгер қаза болған. Бұл шайқаста екі жақтан да адам аз болған болуы керек», дейді Бексұлтан Нұржекеев.
Алматы облыстық әкімдігінің Жастар саясаты басқармасы республикадағы қазақтың салт-дәстүрін, тарихын дәріптеп жүрген әр салаға маманданған жастарды жинаған екен. Бұл шараға «BesKaru» қауымдастығының вице-президент лепсібаев Шыңғыс, Әлемдік түркі құрылтайын ұйымдастырушылардың внгерлік серіктесі «TuranMadiyar» халықаралық қорының өкілі, «Ұлы дала» қоғамдық қорының жетекшісі Айбек Накипов, «Kazakwood» медиапорталы компаниясының президенті Бақыт Аупбаев, «Төбе» қоғамдық қорының директоры Дана Әбікеева, «The Heritage of Nomadic Civilization» қоғамдық қорының жетекшісі Батыржан Каған-Сейдомар, қазақ әскери-тарихи тақырыптағы миниатюраларды жасайтын Ернар Нұрмагамбетов, «Turan» этно тобының басшысы Абзал Арықбаев, «Алдоңғар» қоғамдық қорының директоры Мейіржан Кұрманов, тағы да басқа көптеген саяхатшылар мен журналистер арнайы шықырылған. Екі күн бойы осындай жастардың ішінде жүріп, халқының болашағына үлкен сеніммен қарайтын нағыз партиот жастардың ой-пікірлерімен бөлістік, болашаққа құрған жоспарларымен таныстық. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасымен Голливудта оқып келген режиссер Бақыт Аупбаевтың ойынша Қазақстанды Орбұлақ шайқасы сияқты оқиғалар желісімен түсірілген тарихи фильмдер арқылы әлемге танытуға болады екен. Ол үшін елімізде түсірілетін фильмдерді әлемдік прокатқа шығаратын «Қазақвуд» брендін жасамақ ойы бар. Бұл жақын арада жүзеге асатын жоба екендігіне сенімді. Ал Астанадан келген кәсіпкер Ернар Нұрмағамбетов «Номадик Азия» әскери тарих миниатюрасы фирмасын құрып, қоладан құйылған қазақ батырларының коллекциялық кішкентай мүсіндерін жасайды.
«Мен бала кезімнен әскери фигураларды жинайтынмын. Қарасам менде француз, ағылшын, орыс, грек сияқты барлық елдердің әскери киім үлгісінде жасалған «қалайы солдаттар» бар да, қазақ батырлары жоқ екен. Қаншама іздесем де таппадым. Содан кейін оны өзім жасайын деген ойға келдім. Ол үшін мен мұражайларға барып, мұрағаттардағы мәліметтерді ақтарып қазақ батырларының сауыттары, қарулары неден жасалғанын, әрбір детальдарын егжей-тегжейлі зерттеп, анықтадым. Содан кейін кескіндемелерді, миниатюралардың формасын жасауды үйрендім, оны жасайтын материалдардың құрамын таптым. Қазір авторлық құқық алып, ресми түрде осы жұмысқа кірістім. Қазақ жауынгерлері жаппай конвейерге шығарылмайды, әрқайсысы жекелеген данамен, нөмірленіп, құжатталып коллекционерлерге ғана арнап жасалады», дейді Ернар Нұрмағамбетов.

«Көшпенділер атамұрасы» қоғамдық қорының президенті Батыржан Сейдомар да қазақ тарихын, ұлттық дәстүрін дәріптеп жүрген азаматтардың бірі. Ол да қазақ батырларының фигураларын жасапты, қосымша журнал шығарып жатыр екен. «Төбе» қоғамдық қорының директоры Дана Әбікеева болса жастарды кітапханаға қалай тарту керектігі жөніндегі жобасы айтып отыр. Бұлардың барлығы Қазақстанның болашағын ойлаған жастар. Алматы облыстық әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевтың айтуынша, жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке бастайтын осындай шаралар алдағы уақытта да жиі өткізіліп тұратын болады. Жақында Талдықорған қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылмақ. Одан да басқа бірқатар шаралар жоспарланған.

Мажит Оразалин

altyn-orda.kz

 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста