Оразақ Смағұлов: Біздің ата-бабаларымыз ешкімнің жерін тартып алған жоқ
Қазақтың билері, батырлары, хандары туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деп қалай жақсы айтты! Біз еш уақытта ешкімнің жерін тартып алуға, басып алуға ұмтылған емеспіз. Өз жеріміздің байлығы өзімізге жетеді. Біздің ата-бабаларымыз ерлік жасады. Ешкімнің жерін тартып алған жоқ. 5-7 мың жыл бойы біз өз жеріміз бен елімізде ата-бабаларымыздың арқасында тұрып жатырмыз.
Кеңес заманында орыстың патшаларын, генералдарын бізге қалай көрсетті? Одан асқан адам жоқ, одан ақылды жан жоқ, барлығы данышпан. Ал, қазақтың ханы, биі, сұлтаны мен батырына келгенде бәрі жемқор, халықты қанаушы деп үйретті. Сосын, біз 300 жыл Ресейдің боданында болған елміз. 300 жылда Ресей қазақ халқына не істеді? Олар қазақтың жартысын аштан қырды. Екі империя 300 жылда Қазақстанда не істеді, ал, Тәуелсіздіктің 25 жылында елімізде не істелді? Айырмашылығы жер мен көктей. Бодандық дәуірде байлығымыз не қолымызға, не аузымызға жетпеді. Осыны түсіне білу керек. Егемендіктің қадірін барынша ұғыну қажет. Құдай қазаққа бақ берген, байлық берген.
Біздің ұрпақ осы жерге иелік жасап, сайрандап жүрсе екен деймін. Ол үшін бұл жердің байлығы да, кеңдігі де, бәрі де жетеді. Тек соны ұқсата білу керек. Ол үшін қазақ халқына не керек? Бірінші – білім, екінші – еңбек керек. Осы екі нәрсе қазақты табысқа кенелтеді. Лайым туған халқым әрқашан сау-саламат болсын деп тілеймін.
Оразақ Смағұлов, академик.
«Мәдени мұра» жорналы үшін берген сұхбатынан үзінді
Дайындаған Р. Нүркен
namys.kz