Тарихшылар қазіргі Ресейде «санкцияға іліккен» тамақты жоюға бірінші болып кіріскен аймақты 1920 жылдары жайлаған ашаршылық туралы әңгімелейді.
Орынбор облысы – Владимир Путиннің жарлығына байланысты «санкциялық» азық-түлік өнімдерін бірінші болып жоюға кіріскен Ресей аймақтарының бірі. Қазір бульдозерлер тамақты таптап, шұңқырға көміп жатқан өлкеде 20-ғасырдың басында адамдар аштықтан қырылып, бір-бірінің етін жеп, кейде тірі қалу үшін туған баласын жеген заман болғанын жұрттың кейбірі білмейді.
Бірер жыл бұрын ғана халқы бай әрі тоқ қала мен оның іргесіндегі ауылдарды, бүкіл губернияны, енді ғана құрылып, астанасы Орынбор қаласы болған Қырғыз автономиялық социалистік советтік республикасында тұратын жүздеген мың адам тап болған сұмдықты жалаң цифрлар толық жеткізе алмайды.
Әуелі ауылдастарының зират маңында үйілген мәйіттерін жаппай жеуге кірісіп, кейін бойында жаны болғанымен, қорғануға дәрменсіз жандарға ауыз салған ауыл тұрғындарын тергеу хаттамалары әлі сақталған.
Мынау 1922 жылдың 27 ақпанында толтырылған «Александровка селосындағы адам етін пісіруге қатысты істің ақ-қарасын анықтау хаттамасынан» үзінді: «Бірер күннен кейін ел кезген қаңғыбастардың екі ұлы бізге келіп, жылынып алуға сұранды. Бірі кетіп қалды, ал екіншісін ұстап алып, сол түні сойып, етін жеп қойдық. Қатты шыңғырып, арпалысқан баланы ақпанның 23-і күні күйеуім... сойды. Ал бұған дейін біздің үйге түнеп шығу үшін келген Вера Шибилина деген кішкентай қызды сойғанбыз. Оның пимасын шешіп алып, тәтем Татьяна Акишкинаға апарып беріп, қыз біздің үйде ауырып, қайтыс болды, оны жерледік дедік».
Тарих ғылымының кандидаты, «Орынбор облысының жаңа тарихын құжаттау орталығы» директоры әрі 1920 жылдардағы ашаршылық туралы жазылған диссертация авторы Татьяна Семенова мұндай жағдайлар көп болған деп есептейді.
– Кісі етін жеу оқиғаларына қатысты статистиканы ешкім жүргізбеген. Бірақ құжаттарға қарағанда, губернияда кісі етін жеудің 100 шақты ошағы болғаны анық. Мұны кезінде анықтамаған не кейін анықтаған. Ондайларды кездейсоқ көріп қалып, ұстағаны болмаса, бұл шаруамен арнайы ешкім айналыспаған. Тіпті оларды сотқа тарту туралы нұсқаулықтар да шығарылған. Әлгі нұсқаулықтарда оларды бірден тұтқындамай, әуелі психологиялық сараптама жүргізу қажеттігі жазылған. Аудандардың бірінде әкесі баласын қайтыс болған екінші баласының етімен қоректендірген оқиға болған. Баласын өлтіргені үшін оны сотқа тартпақ болған, бірақ сот-медициналық сараптама ол баланың аштықтан өлгенін көрсеткен соң оны сотқа тартудан бас тартқан, – дейді Татьяна Семенова.
Ал тарих ғылымының кандидаты, Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің мәдени-тарихи зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Юлия Хмелевская «неше түрлі сұмдық фотосуреттер сақталғанын» айтады.
– Психикасы мықты адам болмаса, олармен жұмыс істеуге кез келген адамның дәті жетпейді. Халықтың жергілікті биліктен өлген адамдардың етін жеу үшін ресми рұқсат сұрағаны туралы милиция толтырған хаттамалар өте көп. Бұл жұртты жайлаған психоз емес, қайтсе де тірі қалудың амалы болды. Ал совет үкіметі көбірек көмек көрсетсін деп оймен бұл деректерді Батыс елдеріне жіберіп отырған. Бұл жағдай кісі етін жеу мүлде мойындалмаған 1930 жылдардағы жағдайдан өзгеше болды. Интернетте жүрген Украинадағы геноцид пен ашаршылық тақырыбына арналған визуалды деректер 1930 жылдарға емес, 1920 жылдарға қатысты. Ол кезде мұны совет фотографтары да, шетел фотографтары да суретке түсірген. Ал 1930 жылдары суретке түсіруге рұқсат етпеген, – дейді Юлия Хмелевская.
Татьяна Семенованың айтуынша, 1921 жылғы ашаршылыққа көктемде басталған құрғақшылық, 1920-1921 жылғы қытымыр қыс және Совет үкіметі жүргізген саясат сияқты бірнеше фактор себеп болған.
– Азық-түлік салығы губернияны аш қалдырды. Қолда бардың бәрін тартып әкетіп отырды. Бір жылға жан басына 4 пұт қалдырып, қалғанының бәрін тартып алды. Сондықтан ақыры тартып алатын болған соң 1920 жылдың аяғында шаруалар артық астық екпей, өзіне қажет мөлшерде ғана өнім өсірді. Ол кезде билік азық-түлік жоспарын орындау үшін шаруалардың ішім-жемге деп дайындаған астығына дейін тартып әкетіп отырды. Құрғақшылық болып, ауыл 1921 жылдың жазынан бастап нансыз қалды. Бірақ құжаттарға қарағанда, жергілікті билік жоспарды орындау бойынша өзге аймақтардан қалмас үшін «азық-түлік салығын әлі де жөнелте аламыз» деп 1921 жылдың күзіне дейін есеп беріп отырған. 1921 жылдың күзінде, қазан-қараша айларында өлкені нағыз ашаршылық жайлады. Азық-түлік қоры мүлде түгесіліп, жұрт шөп жеп, ағаштың қабығын кеміріп, қолына түскенмен қоректене бастады. Астанада аштыққа ұшыраған халыққа көмектесетін орталық комиссия құрылды. Бұл шаруаны үйлестіру үшін жер-жерде губерниялық комиссиялар құрылды. Жергілікті биліктің «орталықтан келетін көмек 1921 жылдың аяғына дейін дұрыс ұйымдастырылмады» деген пікірі мұрағаттардағы құжаттарда сақталған. Орталықтан жүйелі көмек тек 1922 жылдың басына қарай – Орынбор губерниясындағы ашыққандар саны халықтың 90 пайызына жеткен кезде ғана көрсетіле бастады, – дейді Татьяна Семенова.
Биліктің ашыққан жұртты эвакуациялаудың орнына аштық жайлаған аймақтардан адамдардың қоныс аударуына қарсы жасаған әрекеттері жағдайды тіпті ушықтырып жіберді. «Балаларды Орта Азияға әкету жөніндегі әлдебір мәміле болған. Бірақ бала саны 30 мың ғана. Ал кейде адамдар балаларын Орынборға әкеліп тастап, өздері қаңғырып тамақ іздеп кеткен жағдайлар жиі кездескен. Қазақстаннан ағылған жұрт та көп болған. Қалаға жете алмағандар көмектен мүлде қағылған. 1921 жылдың қараша айындағы есепте «Адамдар аш босып кетті, ит-мысықтан түк қалмады, адамдар өз саусақтарын жей бастады» деп жазылған».
Ал азық-түлікті бөлумен айналысқан шенеуніктердің жағдайы жақсы болды. Орынбор облыстық мұрағатында сол заманның лауазымды тұлғаларының ой-өрісінен хабар беретін таптырмас құжат – Александр Сударевтің ісі сақталған. Іс қозғалған 1922 жылы Сударев 25 жаста болған. Ол Бұзылық уезіндегі шаруа отбасында дүниеге келіп, кейін оқу бітіріп, агроном болған. Туған ауылында аштық қыса бастаған соң ол орайын тауып Орынбор қаласына жеткен. Сударев ауданға келіп жатқан астықтың сапасын бақылаушы болып Қырғыз республикасының аппаратына жұмысқа тұрған. Оның жұмысы – келген астықтың әр партиясындағы әр қаптан бірнеше фунт астық алып, сапасын тексеру. Сыбайласы екеуі көбірек астық жинап алып, кейін сатудың жолын ойлап табады. Жас жігіттер тез байып кетеді. Александр Сударев өлеңмен күнделік жаза бастаған. Сотта сол күнделік негізгі айғақға айналады. Сударев күнделігінде астықты қалай ұрлағанын ғана емес, кім арқылы сатқанын, қанша ақша тапқанын, тіпті бір күнде не ішіп-жегеніне дейін сипаттап жазып отырған. Мысалы, мынау – «22 ақпан. Мәнсіз күн» деген өлеңі:
«Ныне я день потерял незаметно
В праздном безделье, в квартире своей
Не исполняя служебного дела,
Ел да посвистывал, как соловей.
Утром, как встал, съел фунт белого хлеба,
Выпил за чаем бутыль молока.
В полдень съел фунт колбаски циковой
С фунтиком рисового пирога.
К вечеру в кухне обед приготовил
В универсальном своем котелке.
Я положил в него фунтик сосисок
И фунт капусты, печеной в муке.
Вечером, как засветилась лампада,
Выпил стакана четыре чайку,
Съел кусок хлеба со сливочным маслом,
Съел леденец и кусок сахарку.
А перед тем, как на сон отправляться,
Снова развыпил бутыль молока,
Съел кусок хлеба с копченой колбаской
И затянулся куреньем слегка».
Бұдан кейін Сударев көңіл көтеру үшін шақырған келіншекке көрсеткен қызметі үшін 1 миллион рубль бергенін жазады. «Кісі етін жеуге қатысты тергеу» хаттамалары толтырылып жатқан тұста осындай да жағдай болған. Халқы аштықтан қырылып жатқан қалада мейрамханалар мен кофе ішетін орындар, харчевнялар мен ЦИК асханасы жұмыс істеп тұрғанын Сударевтің күнделігінен байқалады:
«То зайдешь к купцу в кофейню,
То в богатый ресторан,
Иль в какой-нибудь харчевне
Выпьешь спиртику стакан».
Бірақ ол күнделікте ашаршылық жайлаған ауыл туралы естеліктер де бар:
«Зима была печальна и жестока,
Свирепствовала всюду голодуха.
Стонали люди в тягостном кошмаре
И умирали с голоду, как мухи.
По всем дорогам можно было видеть
Убийственные страшные картины:
Валялись трупы мерзлых проходимцев,
Как дровяные пни иль комки глины.
В глухих деревнях многие семейства
За раз все вместе или в одиночку
Беспомощно и тихо умирали,
Поставив над собой крест и точку.
А утром председатель исполкома
С толпой крестьян, закутанных в тулупы,
Сбирал подводой из домов несчастных
Окоченелые худые трупы.
И в городах на кладбищах печальных,
Не успевая вырывать могилы,
Копали ямы большего размера
И мертвецов в них, как навоз, валили.
Обычным делом было очень многих
Грабеж, убийство, воровство, мошенство
А некоторые, безумцы явно,
Сознательно дошли до людоедства.
А сколько мук голодного томленья
Пришлось мне испытать за зиму эту.
Я чуть не умер в холоде голодном,
Но, знать, не суждена мне смерть – поэту.
Два месяца зимы холодной
Провел в дороге на подводах,
В разъездах в Оренбургском крае,
В нужде, печали и страданьях.
Потом, когда я возвратился из Орска в Оренбург
Мне стало, не то что легче, но прекрасно.
Судьба ко мне благоволила.
Купил себе штаны, рубаху,
Ботинки, брюки с гимнастеркой,
Приличный френчик, одеяло
И много мелочей различных».
Кейін Сударев күн сайын поштаға барып, туған селосына күніне 1 миллион рубльден жібере бастайды. Ол оныншы миллионды жөнелткен кезде пошта қызметкері «тиісті орынға» хабарлаған. Сот Сударевтің шаруа отбасынан шыққан «дені түзу тегін» ескеріп, оған небәрі төрт жыл «берген».
Александр Сударев сапасын тексерген астық негізінен аштыққа ұшырамаған өзге аймақтардан, Түркістан экспедицияларынан темір жол арқылы келген және халықаралық көмек ұйымдарынан түскен. Орынборда еврейлердің «Джойнт» (American Jewish Joint Distribution Committee) ұйымы, Халықаралық жұмысшы көмегі ұйымы (Internationale Arbeiter-Hilfe) және діни ұйымдар жұмыс істеген. Олардың бәрі ашаршылық жайлаған аймақтардың азы-түлікпен қамтуға тырысқан. Ішіндегі ең жақсы ұйымдасқан әрі мүшесі көп үкіметтік емес ұйым – «Америкалық көмек ұйымы» (American Relief Administration) – АRА болды.
Ұйымның негізін қалаушы әрі АҚШ-тың 31-президенті болған Гувердің мұрағатындағы құжаттармен жұмыс істеген Юлия Хмелевская:
– 1922 жылдың басында Америка конгресі ұйым жариялаған бағдарламаға 20 миллион бөлді, бірақ ақшаның көп бөлігін ұйым үндеулерін қолдаған АҚШ азаматтары жинаған. 1922 жылдың жазында олар Ресейдің 10 миллионға жуық аш тұрғынын тамақтандырды, – дейді.
Татьяна Семенованың пікірінше, Орынборға келгеннен кейін АRА өкілдері трагедия ауқымын жете бағаламағанын түсінген. Олар әуелі балаларды қосымша тамақтандыру үшін ғана көмектесеміз деп ойлаған. Бірақ бұл тамақ губернияның бүкіл халқының негізгі қорегіне айналды.
Ұйым аймақтардың көбінде азық-түлікті бөліп-таратумен өзі айналысқан. Бірақ Орынборда биліктің қарсылығына тап болады. АRА ұйымы өкілдерінің «шыққан табы жағынан жақын» адамдарға емес, жұртты алаламай, тарыққан жанның бәрін көмектесетіні ұнамаған. Жергілікті билік ашыққан жұртты дүркін-дүркін кепіл ретінде пайдаланып, егер азық-түлікті таратуды бақылауды «Губпомгол» (губерниялық ашыққандарға көмек комиссиясы) құзырына бермесеңдер, ұйымның аймақта жұмыс істеуіне тыйым саламыз деп қоқан-лоқы көрсеткен. АRА басшылығы бұл талапқа келіскен.
– Азық-түлік бөлу бақылауын қолына алған жауапты қызметкерлер паектерді қайтыс болған адамдардың атына жазып, кейін өздері алып, қоймаларға тыққан деген деректер бар. Кейін оны сатып ақша жасаған немесе өздері пайдаланған, – дейді Татьяна Семенова.
Орынбор билігінің америкалық ұйымға деген нашар көзқарасы туралы Юлия Хмелевская да айтады.
Ақыры америкалықтар "жұмысқа алған совет адамдары ұрлық жасамайды" деген әуелгі ойы мен "олардың азаматтық сана-сезімі оянар" деген үмітін үзуге мәжбүр болған.
– Орынбор проблемалық аймақ болды. Жергілікті билік америкалықтарға әу бастан қырын қарады. Бұған АRА ұйымында негізінен өрімдей жастар жұмыс істегені себеп болуы мүмкін. Оның үстіне, олардың көбі бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында Америка армиясында қызмет еткен немесе соғыстан кейінгі кезеңде Еуропада түрлі әскери бөлімдерде жұмыс істеген әскерилер болатын. Кейбірі Еуропадағы АRА ұйымында жұмыс істеген. Ресейде жұмыс істеген бұл ұйымның қызметкерлерінің орташа жасы 30 жас болған. Ресей провинциясында олармен бірге азамат соғысына қатысқандар, түрмеден босаған бұрынғы саяси тұтқындар, большевиктер, каторгадан оралғандар, кейде жергілікті сатушылар жұмыс істеген. Совет үкіметінің америкалықтарға тіпті дені дұрыс ақпарат беруге де қауқары жетпеген. Мысалы, қалалық денсаулық сақтау бөліміндегілер қанша порция тамақ қажет екенін айта алмаған жағдай болған. Ақыры америкалықтар "жұмысқа алған совет адамдары ұрлық жасамайды" деген әуелгі ойы мен "олардың азаматтық сана-сезімі оянар" деген үмітін үзуге мәжбүр болған. Бірақ ол кездегі совет қоғамының сиқы осындай еді. Бұл азаматтық қоғам емес, жұртта ешқандай құқықтық сана болмады. Әркім өз жайын күйттеді. Ал Еуропада жұмыс істеген кезде америкалықтар шағын қала немесе деревняның жергілікті тұрғындарынан комитет құрып, кімге, қанша көлемде көмек көрсету мәселесін шешуді әлгі комитеттің еркіне беретін. Олар «қолдау комитеті» деп аталатын.Жергілікті халық есебінен ашыққандарға көмек комитеттерін құру бастамасы советтік Ресейде де көтерілді. Бірақ америкалықтар олардың ашыққандарға арналған азық-түлікті иемденіп кететінін тез ұғып, азық-түлікті жергілікті қызметкерлер арқылы емес, тікелей өздері бөліп-тарата бастады, – дейді ол.
АRА қызметкерлері аштықтан қырылып жатқан халық пен жергілікті билік және енді ғана пайда болған нэпшілердің арасындағы айырмашылықты бірден байқайды. Юлия Хмелевскаяның айтуынша, «Уезд қалаларына келген америкалықтар жолдың үстінде адамдар аштықтан өліп жатқанда коммерциялық мейрамханалар жұмыс істеп тұрғанын, адамдар бұрыш-бұрышта кісі етін жеп жатқанда, біреулердің үлде мен бүлдеге оранып, күймеде кетіп бара жатқанын көріп қайран қалатын. АRА ұйымының Орынбор бойынша жазған есептерінде адам «аулайтындар» туралы «Арқан лақтырып, ауласына сүйреп кіргізіп, сойып, етін асып жейтін кісіжегіштерден қорыққан жұрт тротуардың ортасымен ғана жүреді-міс» деген сұмдық оқиғалар сипатталған».
Көп ұзамай бұл оқиғаларға 100 жыл толатынына қарамастан, кезінде халқын аштықтан құтқаруға көмектескен америкалықтарға Ресейде ешкім алғыс айтуды ойламайды.
– Ашыққандарды құтқару операциясының аяқталғанына 90 жыл толған 2012 жылы немесе 2013 жылы америкалықтарға алғыс айтатын шығар деп күттім. Бірақ бізде патриоттық қызу үгіт-насихат басталып, антиамериканизмді әспеттей бастады. Егер кейін алда-жалда саяси жағдай өзгеріп кетсе, америкалықтардың еңбегін ешкім елеп, алғыс айтады деп ойламаймын. 20-30 жылдардан бастап совет конспирологтары АRА ұйымын большевиктер режимін құлатқысы келетін тыңшылар деп айыптады. Ал іс жүзінде америкалықтар большевиктерді биліктен кетіру керек деген тікелей мақсатты көздеген жоқ. Оларда «совет адамдары тоқ болса, азаматтық санасы оянар, большевиктік режимнің болашағы жоқ, азаматтарын қорғауға қауқарсыз екенін түсініп, режимді құлатудың амалын жасайды» деген идеалистік үміт болды. Бірақ олар да ақпарат жинаумен айналысты, яғни советтік Ресеймен сауда-саттық жүргізу үшін экономикалық барлаумен заңды түрде айналысты. Олар ресурстан жұрдай, халқының төлем қабілеті өте төмен елмен 1920 жылдардың басында сауда-саттық орнату мүмкін емес деген қорытындыға келді.
Қазір ашыққан халықты құтқарудағы Американың еңбегін ешкім елеп-ескергісі келмейді, өйткені оны дұшпан санайды. Ал америкалықтар бізге азық-түлік қана емес, дәрі-дәрмекпен де көмектесті. Жиырмасыншы жылдары бұл көмек совет үкіметінің жадынан әлі өшпеген болатын. Советтік халық денсаулығы комитеті (Наркомздрав) «егер АRА ұйымы жеткізген дәрі-дәрмек болмағанда, сүзек пен дифтерия індетін ешқашан жеңе алмас едік» деп ресми мойындаған. Америкалықтар 10 миллион адамға вакцинасын егіп, ашаршылыққа іле-шала басталған індеттің таралуын тоқтатты. Шындығында, 1941 жылы майданға аттанған ұрпақтың көбін олар құтқарып қалды, – дейді Юлия Хмелевская Азаттыққа.