Нығымет Нұрмақов

Алаштың аяулы перзенттерінің бірегейі Нығымет Нұрмақұлы осыдан 125 жыл бұрын, 1895 жылы көкек (сәуір) айының 25 күні Семей облысы, Қарқаралы уезі, Қу болысында (қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ өңірі) жарық дүние есігін ашқан екен. Оның азаматтық, тұлғалық қасиетін, ұлттық тарихымызда алар орнын ірі мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, заманауи құқық қорғау органының негізін қалаушы деген екі-үш ауыз сөзбен түйіп айтсақ, қазақтың осынау қайталанбас перзенті жайлы жақ ашпағандай боларымыз анық.

 

Қазақ жөнімен тегін таратсақ, Нығымет қазақтың Орта жүзіндегі Арғын тайпасы, Қаракесек руынан өрбитін Нұрбике-Шаншардың Жарылғап атасынан. Алаштың ақсақалы, Қу болысын бірнеше дүркін басқарған атақты бай, меценат Хасен Ақайұлының жақын туысы. Ауылдағы, өзі ашқан қазақ-орыс мектебінен сауат ашқан баланың талабын таныған әлеуетті Хасен мырза бұдан кейін Қарқаралы қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітіруіне мүмкіндік жасайды. Нығымет Нұрмақұлының кейінгі тағдырын айқындауға Романовтар әулетінің патша тағына отырғанына 300 жыл толуына орай 1911 жылы Омбы қаласында ауыл шаруашылығы көрмесі өткендегі бір жағыдай себеп болса керек.

 

Әңгіме болып отырған көрмеге Ақайдың Хасені де шақырылып, ол өзімен бірге орыс тіліне төселген бозбала Нығыметті ала кетеді. Мерекеге жиналатын қонақтарға қазақ ұлттық салт-дәстүрінің қыр-сырын түсіндіретін аудармашылық және ресми кездесулерде хатшылық жұмыс атқаруы үшін. Омбының ығай-сығайлары бас қосқан көрмеде ол Шоқан Уәлихановтың серігі Григорий Потанинмен, Омбыдағы мұғалімдер семинариясының қызметкері, халықшыл-демократ Александр Седельниковпен танысады. Олар 16 жасқа жаңа толған Нығыметтің талабы зор екенін айтып, қамқоршысы Хасен мырзаның Нығыметті Омбы семинариясына түсіруіне ықпал жасайды. Н.Нұрмақовтың ұйымдастырушылық қабілеті осы семинарияда оқып жүрген кезінде байқалған дүр. Болашақ қайраткер сонда білім алушы қазақ жастары Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Әбілқайыр Досовтармен тізе қосып ізбасар ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету мақсатымен мәдени-ағарту ұйымын құрып, оған «Бірлік» деген атау береді. Ұйым мүшелері Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отарлық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, Омбы өңірінің әртекті тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында алуан түрлі шаралар өткізіп тұрыпты.

 

Жалындаған жиырма жасында Нығымет Қарқаралыға оралып, өзі оқыған орыс-қазақ училищесіне оқытушы болып қызметке орналасады. Бұл кезде алғашқы ғаламдық қырғынға араласып кеткен Ресейдің өз ішінде де аласапыран оқиғалар болып жатқан еді. 1917 жылғы ақпан төңкерісін қазақ тәрізді бұратана ұлттардың дербестенуінің басы болар деп ойлаған ол күзде Қарқаралыда «Дала одағы» ұйымын құрады. Бұл ұйым Ресей патшалығының отар халықтарға қарсы ұстанған саясатының зардабын бұқараға түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастаған еді, қарашада ат төбеліндей экстеримистік топ байтақ империяда билікті қан төгіп басып алуы метрополиямен қатар отар өңірлердің де саяси, әлеуметтік, экономикалық һәм рухани дамуына кеселін тигізді. Өңірдегі және өмірдегі өзгеріс атаулыны жазбай танып, болжап біліп отыратын сұңғыла Хасен Ақайұлы осы кезде де туысы Нығыметтің ұстанған жолын айқындауына ықпал жасаған-ау деп шамалаймыз. Империя билігін дүлей күшпен басып алған коммунистер таяу кезеңде ел тізгінін босатпасын сезген ақсақал інісі РСДРП қатарына өтуіне ақыл қосқан болар.

 

Нығымет 1918 жылдың ақпаны мен мамыры аралығында жұмысшы, шаруа депутаттары Қарқаралы уездік кеңесінің хатшысы болып сайланады. Бірақ, көп кешікпей Колчак үкіметі орнауына байланысты кеңес таратылып, Нығымет басқа коммунистермен бірге тұтқынға алынды. Бір жарым жыл абақты азабын тартып, қызылдар түпкілікті жеңген 1919 жылы желтоқсанда босап шығады. Кеңес жұмысына белсене араласып, 1920 жылдан бастап Қарқаралыда уездік, одан соң Семейде губерниялық атқару комитеттерінде жауапты қызметтер атқарады. Бұған, әрине, сол кездері жергілікті сауатты кадрлардың тапшылығы ғана емес, Н.Нұрмақовтың жан-жақты қабілеттілігі де себеп болғаны анық. Тамаша публицист «Қазақ тілі» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы қызметін қоса атқарады. 1922 жылы автономия астанасы Орынборға ауысып, Қазақ өлкелік партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін тағайындалады. Осы жылдың қазан айында өткен Бүкілқазақтық кеңестердің ІІІ съезінде Қазақ атқару комитеті төралқа құрамына сайланған Н.Нұрмақовқа Жоғарғы революциялық трибуналды басқару жүктеледі. Қазақ трибуналы 1923 жылдың ақпанында РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі болып құрылғанда Нығымет оның төрағасы болып тағайындалады. 1923 жылы мамырда оған республиканың әділет комиссары міндеті жүктеліп, осы жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметін қоса атқарады.

 

Н.Нұрмақов әділет комиссары ретінде автономия прокуратурасының және сот құрылысының ережелерін жасап, қалыптастырды. Прокуратура мен сот қызметкерлерінің кәсіби білімін арттыру, жаңа, білікті кадрлар даярлау, оларды қызметке тұрақтандыру, жалақыларын өсіру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту шешілді. Сот-тергеу органдарында істі қазақ тілінде жүргізуді күн тәртібіне қойып, түйінді мәселе қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Бұл жерде Нығыметтің табандылығы шешуші роль атқарғанын мойындау керек. Соның нәтижесінде өлкедегі барлық сот қызметкерлерінің 60 пайызға жуығын қазақтар құрады.

 

1924 жылдан өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқарған Н.Нұрмақовтың қажырлылығы мен сауатты іс-әрекеттеріне қайран қаласыз. Аталған жылдары мемлекеттік маңызы бар қаулы-қарар, құжаттардың ешқайсы Нығыметтің қатысуынсыз қабылданған жоқ. Бұл кезде «Жаңа экономикалық саясат» бағдарламасын негізге алып, Қазақстанның халық шаруашылығы қарыштап дами бастаған. Оның ішінде Қарағанды, Балқаш, Екібастұз, Ембі тәрізді өндіріс орындары құлашын жая түскен еді. Н.Нұрмақов Қазақстан үкіметінің басшысы ретінде республиканың аумақтық тұтастығын сақтау, өнеркәсіп пен құрылысты дамыту, қазақтарды жерге һәм экономикалық мүмкіндігі ілгері қоныстарға орналастыру, құрғақшылық пен жұт зардаптарына қарсы шаралар қолдану, оқу-ағарту ісі мен мәдениетті дамыту, қазақтарды басқару қызметіне тарту, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру тәрізді сан-салалы жұмыстарды іскерлікпен үйлестіре білді. Соның нәтижесінде, Қазақ өлкелік комитетін басқаруға «қужақ» Ф.Голощекин келіп, «кіші октябрь» науқанын бастағанға дейін республиканың экономикасы үнемі қарқынды даму үстінде болғаны хақ.

 

Нығымет Қазақ АКСР-і астанасын Орынбордан Қызылордаға, тағы бес жылдан кейін Алматыға көшіруге байланысты өткен қызу пікірталастарға қатысып, шешім қабылданғаннан кейін көшті ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Сондай-ақ, еліміздің тұңғыш Конституциясы жобасын әзірлеу комиссиясының мүшесі, қазақ әліпбиін құрастыру комиссиясының төрағасы болды. Қызылорда астана кезінде алғашқы қазақ драма театрын ашуға, оның актерлер труппасы қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Ф.Голощекиннің қазақ даласында «кіші октябрь төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне, қазақтың малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, байлар мен әлді шаруалардың малын тартып алудың орнына салық мөлшерін арттырып, олардың өндірісті ұйымдастыру мен жүргізудегі іскерлігін пайдалану керек деген ұсыныс жасады. «Қужақ» осы ұсынысы үшін алашордашыл қайын жұртына жанашырлық білдірді деп айыптады (оның жары Зүпіні Ақбаевтар әулетінің қызы. Ескерте кету керек, туысы Нығымет арқылы өзімен бәсекелес әулетпен құдандалы жекжат болуға Хасен Ақайұлы ықылас білдірсе керек. – авт.). Нығымет республиканың алғашқы астанасы Орынбордың Ресей федерациясының құрамына берілуіне де қарсы шықты. «Тұрғын халқының басым көпшілігі орыс деген желеумен қалаларды Ресейге бере берсек, Қазақстан тең жарты жерінен айрылады, бұған жол беру – ұлт алдындағы қылмыс», деді. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы Н.Нұрмақовтың үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебіне оқуға кетуімен аяқталды.

 

Одақ астанасындағы оқуы біткен соң Нығымет Қазақстанға жіберілмей, Бүкілодақтық атқару комитеті (ВЦИК) хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сібір мен Еділ бойын мекендеген саны аз халықтардың тұрағын аралап, олардың бірегей мәдениеті мен дәстүр-салты сақталуына қызмет жасады.

 

«Кіші октябрь» науқаны салдарынан Қазақстанды аштық жайлап, туған халқы нәубетке ұшырағанда тордағы арыстандай аласұрған Нығымет жұртын апаттан құтқара алмағанына күйінеді. Республикадан Мәскеуге келіп-кетуші адамдармен қарым-қатынас жасап, елдегі жағдайдан хабар алады. Аштықтан аман қалудың алуан жолын қарастырып, Одақ басшылығына, шет елдердің өкілдеріне ақпарат жеткізуге ақыл қосады. Осы белсенділігі «үндеместердің» назарына іліккен алаштың аяулы перзенті, аса көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге алғашқылардың бірі болып ілінеді. Жапон агенті, Қазақстанда «халық жаулары» торын құрды, Алматыдағы О.Исаевтың және Қарағандыдағы А.Асылбековтің ұйымдары Нұрмақовтан «тапсырма» алып отырды деген жаламен тұтқындалады. Мәскеу мұрағатында сақталған анықтама бойынша, Нығымет 1937 жылы үшінші маусымда Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалыпты. Сол жылы 27 қыркүйекте «айыбын мойнына алып», «үштіктің» үкімімен 15 минутта тағдыры шешіледі. Ату жазасына кесілген Нығымет 42 жаста болатын.

 

Нығымет Нұрмақов, ісінде қылмыстық әрекеттер жоқ болғандықтан, 1958 жылы 11 тамызда КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды.

 

Жоғарыда айтқанымыздай, Нұрмақов қоғамдық-саяси, басқарушылық қызметтеріне қоса, замана ағымына үн қосқан публицист еді. Оның саяси-әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалары 1928 жылы «Строительство Казахстана» атауымен жеке жинақ болса, 1934 жылы Мәскеуде «Состояние и задачи работы среди национальных меньшинств РСФСР» деп аталатын еңбегі жарық көрді.

 

Аса көрнекті қоғам қайраткерінің есімін ардақтау үшін Қазақстанда біршама жұмыстар қолға алынған. Мысалы, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қарқаралы қалаларындағы көшелерге, Қарағандыдағы №2-ші мектеп-интернатқа, Қарқаралы ауданындағы ауыл округіне Нығыметтің есімі берілген. Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған. Өкінішке орай, туған аулы Егіндібұлақтағы сот ғимаратының жанына оның ескерткішін қою жайлы сөз қозғалғанына бірқатар жыл өтсе де, одан нәтижелі қорытынды шықпай келеді. «Тойдың дақпыртымен тон тігіледі» дейтін халықпыз ғой, туғанына 125 жыл толған тұлғаның мүсіні биыл тұғырына қонып қалар. «Қазан аузы жоғары»...

 

Ермек Балташұлы, Мәдениет қайраткері.
А
bai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста