«Неліктен біздің хандар жаман болған?»
29 тамыз — Әбілқайыр ханның қаза тапқан күні ме?
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ақтөбеде «Әбілқайыр хан: тарих пен тағдыр» атты тарихи-танымдық конференция өтті.
Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша ұйымдастырылған шараны өткізуге облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы, Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана, «Әйтеке би» атындағы мейірімділік қоры, «Тіл — ұлттық қазына» қоғамдық қоры, «Қоғамдық келісім» КММ атсалысты. Үйлестірушісі — ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков.
Конференцияға тарихшы және әдебиетші ғалымдар, білім беру және мәдениет саласының қызметкерлері, ұлттық-мәдени орталықтар мүшелері, Әбілқайыр ханның Ақтөбеде тұратын ұрпақтары, студент жастар қатысты.
Конференцияны аша отырып сөйлеген сөзінде Еркін Құрманбеков Кеңес заманында қазақ хандарын халықты қанаушылар ғана етіп көрсету — бұлжымас тәртіп болғанын, олардың елдікті нығайту, сақтау жолындағы қызметтері, жанкешті ерліктері мүлде ескерусіз қалғанын айта келіп, осыған байланысты ақын Ғафу Қайырбековтің: «Басқаның патшасының бәрі жақсы, неліктен біздің хандар жаман болған?..» — деген өлең жолдарын еске алды.
Еркін Құрманбеков Әбілқайыр ханның қазасы жайлы Ресей мұрағаттарында сақталған деректерде екі дата алға тартылатынын айтты: 1748 жылдың 12 тамызы және осы жылдың 29 тамызы.
— Осыған байланысты, біз бүгінгі жиынды 29 тамыз қарсаңында ұйымдастырып отырмыз, — деді ол.
Жиында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Есқалиев сөз алып, Әбілқайыр хан туралы ғылымда, жалпы зерттеушілер еңбектерінде көп айтылып келе жатқанымен, оның қазақ елінің тәуелсіздігін сақтау жолындағы ерлік істері, қолбасшылық, мәмілегерлік қызметтері әлі де толық зерттелмегенін айтты.
— ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ тарихында ең бір қиын, күрделі кезең болды. Күрделі шақта Шыңғыс ұрпақтары арасынан жан-жақтан анталаған жауға қарсы жұртын ұйымдастырып, бір ту астына жиған тұлға — осы Әбілқайыр хан, — деді Самат Есқалиев.
Сондай-ақ, ғалым Әбілқайырдың Анна Иоановнаға жазған хаты тек қамқорлық одақ туралы болғанын, Алтын Орда дәуірінен келе жатқан біздің жұрттың дәстүрінде қамқорлық одақ туралы түсінік мүлде басқа екенін, ондай одақта саяси тәуелсіздікке қауіп төнбейтінін, қазақ ханының екі жақ үшін де тиімді келісімдер жайлы ғана сөз қозғағанын айтты.
— Левшин, Добросмыслов сынды сол тұстағы орыс зерттеушілері еңбектерінен де Әбілқайырдың ел тәуелсіздігін сақтап қалуды көздегенін аңғарамыз. Әбілқайыр ханның орыс патшайымына жазған хаты да, кейіннен Неплюевтің озбырлығына байланысты, жылдар бойы ат үстінен түспеген жорықтары да — елдік мүддені көздегеннен жасалған істер еді. Бірақ, өкінішке қарай, бір кездегі патшалық Ресейдің, кейінгі кеңестік заманның зерттеушілері көп жағдайда Әбілқайыр ханды тек жеке басының мүддесін көздеген тұлға етіп көрсетті, — деді Самат Есқалиев.
Жиында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Баймұханов «Әбілқайыр ханның көркем әдебиеттегі бейнесі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамасында ол Софы Сматаевтың «Елім-ай», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романдары сынды туындыларға тоқталды. ҚР Мәдениет қызметкері Еркін Құрманбеков Әбілқайыр хан ұрпақтарының тағдыры туралы қызықты деректерді алға тартты. Тарихшы Бақтыбай Өтемісов жоғары оқу орындарында Отан тарихын оқыту проблемаларын көтерді.
Жалпы, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту мақсатында Ақтөбе өңірінде 70-ке жуық шаралар ұйымдастырылады деп жоспарланған. Ал алдағы күзде Әйтеке би ауданы аумағындағы Әбілқайыр бабамыз жерленген «Хан қорымында» мемориалдық кешен ашылмақ.
И. ӨТЕМІС
aktobegazeti.kz