МҰХАҢНЫҢ МҰҢЫ

МҰХАҢНЫҢ МҰҢЫ

Мұхаң, ұлы Мұхтар Мағауин қиыр жайлап, шет қонып, міне төрт жылдың жүзі болды, жат жерде жүр. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» Өз еліне сыймады. Дұрысы – сыйғызбады. Көп нәрседен бейхабар былайғы ағайын ол кісіні «тойып секіріп», Россияның бағзыдағы бекзат жазушы-суретшілері сынды жанға тыныш жайлы қоныс іздеп Еуропа асып кетті деп көлеңкеге тон пішетін шығар. Олай болса, өкініш не! Мұхаң шетке өкпемен кетті, қаны шыпшыған жүрек жарасымен кетті.

Біз осы құлығымыз да, қылығымыз да қызық жұртпыз-ау, сірә. Өзгелер жаманмен алысса, біз жақсымен жұлысады екенбіз. Оза шапқан жүйрікті орға жықпай, асып туған асылды көрге тықпай жанымыз жай таппайтыны несі екен. Өнерде болсын, билікте болсын әркімнің «Мені» бәрінен биік, оның төбесінен құс ұшырмайды, егер әлде біреу алға түсіп қара үзіп бара жатса, бәрінің жабылып алысатын жауы – сол. Ешкім олардан озбауы керек, әркім өзінің тапал бойын тақыр жерде биік қып көрсетуге құштар. Сондықтан, Абайдың сөзіне «құда" түсіп, сәл өзімізшелесек, қазақтың тірісінде жақсысы жоқ, бекзат, бағлан атану үшін өлу керек. Асылымыз мен ардағымызды қуып жүріп көрге тығып... бір ғасырдан соң өкіріп жоқтайтынымыз содан болар-ау. Әйтпесе, Абайға қамшы үйірген кім? Өзіміз. Махамбеттің басын кескен кім? Өзіміз. Құлагерді сойылға жыққан кім? Өзіміз. Алаштың бар бетке шығарын көзінен тізіп көгендеп берген кім? Тағы да өзіміз... Бәрі – өзіміз. Рас, Ақ патша зұлым, Қызыл патша одан өткен сұрқия болды, залым саясат аз мыйымызды атала ғып жіберді. Зар заман, зобалаң жылдарға сүйеп айтар сылтауымыз көп. Әйткенмен бір империяның қанатының астында отырып жүздеген ұлыс-мілләттің ішінен неге алабөтен қанды қырғын, ұлы нәубет бізге килікті? Зер салып қарасақ, ең үлкен жау сыртта емес, өз жүрегімізде, көзі қызарып, тісін шықырлатып, қанжарын уысына қыса ұстап көкірегіміздің қараңғы түкпірінде қалғымай бұғып отыр.
Бар кінәні басына үйіп-төккен Ақ патшаның сүйегі қурағалы қашан. Қызыл патша да тырапай асып келмеске кетті. Заман өзгерді. Бәрі өзгерді, тек өзгермеген біз ғана. Сол баяғы күншіл, міншіл жаны сірі сілімтік мінез сілікпесін сүйретіп әлі қыр соңымыздан қалмай сүлкілдеп келеді.
Мұхаңның бар кінәсі – тірілігі мен ірілігінде. Сол үшін де өмір бойы құлағынан қиқу кеткен емес. Күншіл ағайын қысастығын аяп қалған жоқ. Жала мен жәдігөйліктің не бір түрін ойлап тапты. Егер 37-нің қасап машинасының қанды дөңгелегі қайта шыр айналса, Мұхаңның он рет атылып, қырық рет қамалатыны сөзсіз еді.
Абыз ағамен қызметтес боп, саясында жүрген азды-кем жылдар ішінде ол кісінің талай күйзелгенін көзімізбен көріп, күйінішін ет құлағымызбен естідік.
Қарап отырсақ, Мұхаңның күллі өмірі қаржасқан қансоқты күреспен өтіп келеді: Тоталитаризмнен күрес, топастықпен күрес, күншілдікпен күрес... Олжас дөп басып, дәл бағасын бергендей, «бір өзі бүкіл бір әдебиет зерттеу институтының қызметін атқарып», жиырмадан жаңа асқан қаршадай шағында қазақ әдебиеті тарихын үш ғасыр арыға жылжытып айды аспанға бір-ақ шығарып еді, бірақ қазақ аспанына Ай керек жоқ екен, әсіре балшабектер «ойбай, жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты!» деп аттанға басты. Әйгілі «Қобыз сарыны» көп тақымға көкпар болды; классикалық «Алдаспан» антологиясы пышаққа түсті. Табанынан тозып жүріп Ленинградтан «Поэты Казахстана» антологиясын шығарып еді, «Совет үкіметіне мылтық кезеген Шәкерімнің өлеңін неге шығарасың» деп ЦэКа-ның қырағы көсемдері тағы да байбалам сап басына әңгіртаяқ ойнатсын.
Мұхаңның бүкіл өміріндегі ең жоғарғы лауазымды қызметі – екі рет «Жазушы» баспасында бас редактор боп істеуі. Біріншісінде, жүйрік шығар құлынды мүшесінен танитын сыншыдай, аруақты Ілекең, Ілияс Есенберлин аспирантураны жаңа бітірген жас жігіттің қалам сілтесіне сырттай тәнті боп, ғұзырлы мекемелердің «бұл қалай» дегеніне қарамай өзі басқаратын баспаға бас редакторлыққа шақырады. Аға сенімін ақтап, жұмысқа құлшына кіріскен жас жігіт аз уақытта көп іс тындырады. Ең әуелі өз замандастары – 60-жылдары маңдайы жарқырап лек-легімен әдебиетке келе бастаған жас толқынға кең жол ашады. Қазақ көркем сөзін жаңа белеске көтерген сол ұлы шоғырдың бәрі болмаса да көбінің тырнақалды кітаптары Мұхаңның қолынан өткені даусыз. Жиырма жылдан соң баспаға қайта оралады. Сол бұрынғы орнына. Бұл кезде Мұхаң әдебиетіміздің классигі. Әйгілі «Аласапыран» бұзып-жарып бәйге алған, лауреат. Дос сүйініп, дұшпан айбынуға тиіс еді. Бірақ баяғы тоң жібімеді. Алғашқы күннен-ақ мүйіз төсеген суық қабақ қарсылыққа тап болды. Жоғарымен жең ұшынан жалғасып, ойларына келгенін істеп еркінсіп қалған топ оңайшылықпен бел алдырсын ба, қай жерден мүлт кетер екен деп басқан ізін аңдумен болды. Бар мен жоқты саралап, алдағы жұмысты межелеу үшін Мұхаң баспаның біраз жылғы қызметіне талдау жасайды. Сөйтсе, тақырыптық жоспардың тең жартысы орыс әдебиетінің еншісіне тиіпті, олар қазақ жазушыларының шығармаларын орысшаға аударып насихаттаудың орнына, мәскеулік авторлардың кітабын тоғытып шығарып, жоспарды асыра орындап отырған. Абай, Сұлтанмахмұт, Қасым т.б. классиктер 15-20 жыл бойы қайта басылмаған; ауыз әдебиетінің үлгілері мүлдем ұмыт қалған. Есесіне, үркердей белгілі бір топ қалқып ішіп, шайқап-төгіп, кекірігі азғанша қызығын көріпті. Өздерінің бір кітабын атын өзгертіп, не үстіне бір-екі жаңа туынды қосып қайта-қайта шығарып, қалталарын қалыңдата берген. Мұхаң осының бәрін ретке келтіріп жолға қояды. Шөміштен қағылғандар тыныш жатсын ба, жалақор ағайын домалақ арыздың небір түрін үсті-үстіне боратсын кеп. Апта сайын, ай сайын тексеріс. Министрлікке, еңбекші хаттарына сергек үн қататын айналайын қырағы ЦэКа-ға түсініктеме жазу. Ол заманда ақ боп шықсаң да арызқойды жазалау жоқ. «Судағы балықтай сытылып кеткеніңмен, әй, түбі бір кілтипан бар-ау» деген күдік құйрығы бұлаңдап жоғарыдағылардың көкейінде бәрі бір қалады. Арызқойдың діттегені де сол. Құтылдық па бәрінен, енді несін жазар екен деп, арқаны кеңге салып жүргенде, ақ пен қараға әділ таразы ЦэКа тағы да шақырады. Жамандық іздеген жалақор ештеңеден жиіркенбейді екен ғой. Үлкен үйдің жұмсақ креслосына белуардан көмілген жауапты қызметкер: «Әп, бәлем, осы жолы мықтап қолға түскен шығарсың, бұлқынып көр!» деген кейіппен сырбазданып, машинкаға басылған домалақ арызды директор екеуінің алдына тастайды. Басқа түк таба алмай аласұрған арызқой «тисе терекке, тимесе – бұтаққамен» бұл жолы тіптен қисынсыз сандырақты көйітіпті. Арыздың ұзын-ұрғасы: Мағауин жолдас моральдік жағынан азғындаған, қызмет бабын пайдаланып, корректор бюросында істейтін пәленше деген әйелмен әмпей боп жүр-мыс... Былғанышты жалаға қорланып күйіп-піскен Мұхаң «бұл кім еді» деп директорға қарайды. Ол кісі «барған соң көресің» деп мырс-мырс күледі. Үлкен үйде тіркелген арыздың жауабы болу керек, амал жоқ, ызаға булығып отырып түсініктеме жазасың... Жұмысқа барысымен жалақор жабыстырған «сүйіктісін» сыртынан қараса – жаурыны шодырайған құныс, беті қотыр, бір көзін шел қаптаған ... бейшара жан. Қорлаудың жолын қалай біледі десеңші, бүйтпесе зұлым бола ма. «Ең болмаса жөні түзу біреумен қосақтаса екен-ау!» деп Мұхаң күйініп, әрі әлгі бейкүнә жанды аяйды. Ақыры, сойылын соғар ЦэКа-сы бар мықтылардың түртпегінен әбден мезі боп, жұмыстан кетіп тынған.
Мұхаң ешқашан мансап қуған жоқ. Ыңғайға құлап, ыққа жүріп, даңғаза атақ-даңққа ұмтылған жан емес. Тек жүрегінің сөзін айтты, осыным елге керек-ау деп көкірегіндегі қабындаған шығармаларды жалтақтамай жазумен келеді. Алтын қаламының ұшынан қадым тарихтың бұлыңғыр сағымына сіңіп жоғалған талай тағдыр тірілді. Бағзыдан бүгінге дейінгі Қазақ Мұңын жүрегінде шайқап өксіген дәл ондай суреткер кемде-кем шығар. Мұның бәрін тарқатып, талдау өзге әңгіменің арқауы, басқа тараптағы лепес.
Жиырмадан жаңа асқан шағында «Қобыз сарыны» сынды монография жазған құдіретті талантымен өзгелер сияқты «заманға күйлеп» (Абай), ағынға ілесіп, пәленшекеңнің түгенше романындағы жұмысшы образы, соғыс жылдарындағы патриоттық жырлар... деген тәрізді «өтімді» тақырыптарға қалам тартса, атақ-сыйлықтың бәрін қалпақпен ұрып алып, желбуаз даңқтың олимпіне баяғыда-ақ қонжияр еді. Бірақ Мұхаң өйтпеді, қайығын ағынға қарсы салды. Қазақ әдебиетінің тарихына қатысты алғашқы зерттеу мақалалары, көркем әңгімелері ешқай жерде жарияланбай, газет-журналдың босағасынан қайтты. Балаңдығынан емес, тосындығынан. Бірі әдебиеттегі жаңа сөзді қабылдауға өресі жетпей тосырқаса, «мына бала бұзып-жарып қайда барады-ей!» деп қызғаныштың қызыл иті кеудесінде ырылдаған екінші біреулер жөргегінде тұншықтыруға тырысатын. Кейін жазушының таңдамалы томдарына еш өзгеріссіз енген «Бір уыс бидай», «Тіленші», «Әйел махаббаты», «Кешқұрым»...т.б. әңгімелері кезінде құқай көріп, жарияға жол таба алмаған шығармалар. Осындай беті қайтып мұңайған сәттерінде Мұхаң: «Шіркін-ай, «Жұлдызға» бас редактор болсам, бұл өмірімде арманым болмас еді, ең болмаса жазғандарымды кедергісіз шығарам ғой!» дейтін қиялдап. Көксеген осы арманына елуді алқымдағанда жетті. Онда да ұлы айқай, үлкен күреспен. Әдебиеттің классигі, лауреат, халық жазушысы... Не кедергі дейсіз ғой. Керек болса кедергі деген сөз бе, неше түрлісін ойлап табатын данышпандар баршылық. Талай халтурщик отырып кеткен бұл төбе Мұхаң үшін "Абылай аспас сары бел", алынбас асудың өзі болды. Үлкен үйдегі ақылмандардың иек изеуімен бұл жолы «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы жұмыла іске кіріскен. Дирижер сауатты еді. «Жұлдызға» барғалы жатқан адамның «Қазақ әдебиетіне» не қатысы бар дегізбес үшін әңгіменің қисынын «осындай дақпырт естідік-мыс»-қа бұрады. Біз М.Мағауинді «Қазақ әдебиетіне» редактор ғып тағайындағалы жатыр деп естідік. Мағауин жолдас жақсы жазушы екені рас, әйткенмен коммунистік ұстанымы солқылдақ, әдеби ортаға өзінің ұлтшыл, жікшілдігімен танымал. Тарихи шығармаларында өткен өмірді көксеп, ескілікті дәріптейді. Мұндай кертартпа пікірдегі сенімсіз адам «Қазақ әдебиеті» сияқты беделді басылымға басшылық етуге лайықты емес деп есептейміз деген сыңайда Орталық комитетке үшбу ғарза жазылып, редакция ұжымы түгелдей қол қояды. Тек суретші боп істейтін Төлеген Ілияшев деген жас бала ғана: «Мен ол кісінің «Аласапыранын» оқығанмын. Ондай роман жазған кісіні қалай жамандаймын?» деп қол қоюдан бас тартады. Жалалы қағазға қол қойып, қаралы үкім шығарғандардың бәрі де әдебиеттегі кімнің кім екенін жақсы білетін һәм өздері де ұлы бәйгеге ат қосқан қалам иелері еді. Бірақ бір де біреуінің қатарларындағы қарапайым жігіт құрлы кісілік парасат таныта алмағанына қынжыласың. Өзі жаздырған арызын желеулетіп әлемдегі ең адал, ең әділетшіл ЦэКа кесе-көлденең сұлап жатып алды. Екі-үш айға созылған ұзақ ырғасудан кейін өркеуде Олжас омырауға салып, бәрібір Мұхаңның кандидатурасын өткізген. Кейін қол қойғыш жігіттердің біразының бастықтарынан ұрланып келіп, беттерімен жер басып Мұхаңнан кешу өтінгенін көрдік. Бұған да шүкір. Ал одан кейін де талай ғарзаның астына атын сүйкеген тарланбоздар осы күнде мінбе көрсе босатпай: «Япырай, кешегі Алаш ардагерлерін оққа байлап берген қандай лағнеттер екен. Солар да жер басып жүрді-ау!» деп жер тепкілеп, тамағына өксік түйіліп көзі жасаурағанда қосыла жылап жібере жаздайсың.
Мұның бәрі – Мұхаңның Совет үкіметі тұсындағы көрген құқайлары. Қызыл империяның зымиян саясатының айтақтауымен, біріміз қорқып, екіншіміз ақ-қараның жігін ажырата алмай санамыз уланып дегендей шалыс қадам жасаған шығармыз. Бәрін заманға артатын әдетімізбен, одан да ақталуымызға болар. Өкінішке орай, ескі ауруымызды кеудесін сырылдатып жаңа дәуірдің босағасына сүйреп әкелдік. Екі тізгін, бір шылбыр өз қолымызға тиген бостан заманда «мақтанса қазақ өзіңдей ұлымен мақтансын!» деп Мұхаңды төбемізге тұтудың орнына тағы да тұқыртып, төбесінен тоқпақ кетірмедік. Соңынан қуған сол баяғы қиқу.
Мұхаң «Жұлдыз» журналын он сегіз жыл басқарды. Осы жылдар «Жұлдыздың» шын мәніндегі жұлдызды жылдары болды десек, әсірелеп айтқандық емес. Мағауиннің «Жұлдызы» бұрынғыдай сүйікті партияға немесе дүмі мықты әлдекімдерге жақпай қалам ба деп жалтақтаған жоқ. Шымбайға батырып әділеттің сөзін сөйледі. Тоталитаризмнің сеңі сөгіліп, тоғыз қабат құлып астында жатқан тарихымызға сәл саңылау ашылған сәтте-ақ елден бұрын дабылдатып сүйінші сұраған да осы журнал. Шәкерім қажы, Ахаң мен Жақаң, Мұрат, Қараш, Мағжан т.б. Алаш асылдарының шығармаларын, баспасы да , басқасы да «бұл қалай болар екен» деп әдепкідей сақтықпен әліптің артын бағып жүргенде, шып-шырғасын шығармай толық қалпында «Жұлдыздың» жариялағаны жалпақ жұртқа аян. Зар заман әдебиеті, ескілікті сөздер, ел тарихындағы ұлы тұлғалар туралы тың мәліметтер, ислам дәрістері сынды тағылымды тақырыптар кеңінен қамтылды. Трафареттік жалған, жансыз шығармалардың жолы кесіліп, журнал беттерінен жаңа сападағы құндылықтар бой көтерді. Қуатты үнмен жылдар бойы мүлгіген әлеумет санасын сілкіледі. Мұхаң жас-кәрі деп автордың сақалына қарамастан, шығарма мықты болса, басқасын ысырып тастап, бірден нөмірге салғызатын. Б.Тілегеновтың «Қара жел», «86-жыл», Б.Соқпақбаевтың «Аспаннан түскен адам», Р.Тоқтаровтың «Бақытты құлдықтың ақыры», «Бітеужара», М.Есламғалиевтің «Іргеден кеткен су», «Әйтеке би», Ғ.Құлахметовтың «Серінің соңғы сәлемі» сияқты тағы көптеген автордың заманның ділгір мәселелерін тереңнен қозғаған талантты туындылары тоқтаусыз жарық көрді. Мұхаң өзі де өндірте жазып, жеке тұлғаның тар қыспақтағы қилы тағдырын қалыптайтын «Сары қазақ», «Шақан Шері», «Мен», «Қыпшақ аруы» романдары, замана сатирасы – «Ешкі жетектеген екеу», бүкіл бір кезеңнің қоғамдық доктринасын айқындап берген «Ұлтсыздық ұраны» тәрізді көптеген шығармасымен қазақ сөзінің мерейін асқақтата түсті. Осы тұстағы мүлдем жаңа сипатта түрленіп, қоғамдық ойдың көшбасшысына айналған «Жұлдыз» журналының сонау 60-жылдардағы Твардовскийдің «Новый мирі» сияқты, әлі-ақ «Мағауиннің «Жұлдызы» боп тарих бетіне таңбаланары сөзсіз.
Заманмен бірге ой-санамыз жаңғырып, бөлек арнаға түскені белгілі. Енді қоғам алдында бүкіл тарихымыз бен рухани құндылықтарымызды жаңаша зерделеу міндеті тұрды. Бұл жауапты істен «Жұлдыз» шет қалған жоқ. Арғы-бергімізді түгендеп, асыл мен жасықтың ара-жігін ажыратуда зор жұмыс атқарылды. Дәйекті еркін пікірге айқара жол ашылды. Ендігі жерде өмір көшіне ере алмайтын талай соцреализм «шедеврлерінің» жаназасы шығарылды. Оқырман қызу қолдағанмен халтурщиктер гвардиясы өре түрегелді. «Мынау Мағауин деген арамызға іріткі сап, берекемізді қашырды, ойбай!» деп жан-жақтан шуласты. Жазғаны әсіре дәріптеліп, бетіне жел тимей танауынан есек құрты ыршыған советтік дүмбілез «классик» қымс етсе, жем дорбасын алдына тосып, келе ғой дейтін қамқоршыл ЦэКа-сына тұра жүгіретін ескі ғадетімен, сол кездегі Мәдениетті басқарып отырған жігерлі жас министр Алтынбек Сәрсенбайұлының алдына тебітіп барып: «Шырағым, қайда қарап отырасыңдар осы. Айналдырған бес-алты газет-журналдарыңа ие бола алмайсыңдар ма. Абройымызды айрандай төгіп бітірді ғой, түге. Құрт көзін анау Мағауин дегеннің, не «Жұлдызды» жап, ондай журнал бізге керек емес!» дейді жер тепкілеп. Сонда, аруағыңнан айналайын, Алтекең: «Жұлдыз» да, Мағауин де қазаққа керек. Қазаққа керек нәрсеге мен қиянат жасай алмаймын!» депті.
Бір-бірін аяқтан шалу, жікке бөлініп сойылдасу қаламгер қауымның ежелден келе жатқан сүйекке сіңді ауруы ғой. Әлбетте, қаламгер атаулының бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Дарынсыздық пен күншілдік – қашанда қатар жүретін күлі іргелес құбылыс. Таланты жұпынылардың әдетте амбициясы зор, өзеуреген өлермен келетіні белгілі. Өнер бәсекесінде қарым-қабылетімен өрге шыға алмасын білген соң, оза шапқанды орға жығуға тырысады. Жітікке саяқ қосылып, өзі сияқтылардан қол жинайды. Жалғыз жортқан көкжалға шәуілдеп жабылатын шибөрідей, соңына түссе сүлкілдеп түбіңе жетпей тынбайтын. Көп нәрсеге мән бермей маңқайып жүре беретін марғау әдетіміз бар ғой, әйтпесе түбіне тереңдеп қарайтын болсақ, бұл кеселді, лаңшыл тобырдың қазақ руханиятына тигізіп келе жатқан зарар-зобалаңы орасан. Іс жүзінде олар, массондар сияқты, ұйымдасқан жүйелі тәртіппен жұмыс істеді. Ұлттың береке-бірлікке ұмтылған ұлы мұраттарына үнемі кесе-көлденең тұрды. Мұндай пиғыл империяның саясатына тіптен қолай еді. Сондықтан лакей, штрехбрехерлерді әрдайым қолпаштап, қолтықтарына су бүркіп қоздырып отырды. Саяси заказдарды тамаша орындағандары үшін марапаттап, лауазымдарын көтеріп, үкілеп, үнемі айрықша статуста ұстады. Айдарынан жел есіп қағусыз, қағажусыз есірген топ ел бірлігінен гөрі қара бастарының мүддесін әлдеқайда жоғары қойды. Үй ішінен үй тігіп ұлтты іштен ірітті, жікшілдіктің мерез індетін таратып, айналасын тоздырумен болды. Жуып кеткенді сасық демімен тұншықтырды. Өнер мен әдебиеттің қасиетті табалдырығын енді аттаған жаңа талап жас ұрпақтың тұнығын лайлап, санасын улады. Қазіргі таңда қазақ ұлт болудан жырақтап, ру-ру, қырық қиқым тобырға айналып бара жатса, жалған шежіре, өтірік тарих жазып, барымташыдан батыр жасап, бір-бірімен қызылшеке бәсекеге түсіп бая-шая боп жанталасып жатса, соның бәрінің қоздырушы вирусын осы лаңкес топтан іздеген жөн. Өйткені анау кездегі бөлінуді білмейтін ауылдың бейкүнә баласы Алматыға келіп ру деген аурумен ауырып қайтатын.
Бұл тобыр не істемеді. Ештеңеден жиіркенген жоқ. Талай таланттың бағын байлады. Талай тағдырды талқандады. Бірді-бірге айдап салып арандатты; бірінің отбасын ойрандады, біреуін ішкіш қылып жіберді... Тобына қосылмағандарды бордай тоздыратын. Олар жалпақ ел, қазаққа болсын демейді. Бар тілеуі өз бастарынан асқан емес. Алда-жалда біреу қатар бұзып, қара үзіп бара жатса, бәрі жабылып сонымен арпалысты. Ешкімді өздерінен асырғысы келмеді. Мейманасы тасып асқынғаны сондай, қыза-қыза Әуезовтің өзіне ауыз салғаннан соң не дерсің. Өздерінің қарабайыр халтурасының бағасын көтеру үшін, «Абай жолы» көркем шығарма емес, ауызекі ертегінің жиынтығы деп, Мәскеудің жалдамалы жазарманының аузына сөз салды. («Вопросы литературы» журналы 1970ж. №9). Әйгілі «Көшпенділер» трилогиясы шыққан кезде қалың жұртшылық іздеп жүріп оқыды, ауыл қазағы бір кітабын бір қойға сатып алатын. Кейін Есенберлин Думбадзеамен қатар Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда, бар жазғаны тышқан терісіне татымайтын белгілі бекейлер Кремльді арызбен атқылап, қайтсек те алғызбаймыз деп босағасында бұратылып жатып алды. Сол кезде қазақтың осы бейшара бақастығын әжуалайтын әңгіме де шығып еді. Грузиндер Москваға бір вагон «Хванчкара» шарабын толтырып әкелсе, қазақтар бір вагонның белін қайыстырып арыз тиеп әкеліпті. Он күннен кейін грузиндер Нодар сыйлық алды деп бір ресторанда тойлап жатса, қазақтар екінші ресторанда «әкесін ұрып Есенберлинді етпетінен түсірдік-ау!» деп күмп-күмп шампан атып жатыпты-мыш дейді. Сондай-ақ «Аз и Яны» славянофилдер жүндей түтіп жатқанда, араша түсудің орнына осы тобырдың қу мүйіз көсемдерінің бірі жазушылар съезінде «Сүлейменов ұлы орыс халқымен арамыздағы ғасырлар бойғы достығымызға сызат түсірді» деп күңіренгенін өз құлағымызбен естігенбіз. Залдағы есті қауым сонда жер тепкілеп езуі ырсиған көкемізді трибунадан қуып түсірген. Олар тіпті қарақшылықтан да тайынған жоқ. 1975 жылы 8 қаңтарда Олжас Орталық телевидениеден тікелей эфирде сөйлеуі керек болатын. Күншіл топтың жендеттері оны 4 қаңтар күні таяққа жықты. Іңір қараңғысын жамылған алты жігіт одақ үйінің ішінде аңысын тауып қапияда кастетпен желкеден ұрып құлатып, өлімші етіп тепкілеп кетеді...Мұндай мысалды көзінен тесіп тізе берсек, жазушылардың кешегі соңғы құрылтайы қарсаңында аттандаған арсыз арандатуларға дейінгі талай оспадарлықтың беті шимандай болары сөзсіз. Міне, осы есірген кеселді топты бет-пердесін сыпырып, алғаш рет жалпақ жұртқа әшкере қылған Мағауиннің «Жұлдызы» еді. Ә.Нұршайықовтың «Өткелдер», Қ.Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние», М.Мағауиннің «Мен» т.б. ғұмырнамалық романдары мен естелік жазбалары оқырмандардың көп нәрсеге көзін ашты. Кімнің кім екенін түсінді. Кітап беттерінен жылтырап әдемі жымиятын талай әйдік көкелердің пенделік күйкіліктерінен түңілді. Кейбіреулердің байбалам салғанындай, бұл жаптым жала, жақтым күйе немесе өткеннің кегін қайтарып мұқату емес, қиянат-зорлықты айтқанның несі сөлекет, қайта жауырды жаба тоқып көрбілтелемей, ақты – ақ, қараны қара деп, болғанның бояуын құбылтпай нақтысын айтқан келешекке ескертпе, кейінгіге сабақ емес пе.
Қашанда жұмған жұдырықтай, етек-жеңі жинақы тастүйін отыратын топ бұл жолы да жедел қимылға көшкен. «Караул, наших бьют!» деп шулап қоя берсін. Ойлағандары өз абройы болса да, аруақты алға салып, өлгенге ғайбат айтуға болмайды деп мораль оқып өңеш жырта өжектеді. Жалған сөйлеп, жала жапсаң – ғайбат. Өлгендер туралы дәлелді сөз, дәйекті пікір айтылмаса, тарихта шындық бола ма? Уәжге тоқтайтын олар жоқ. Мұхаңа қарсы шабуылды бастап бір кетті дерсің. Жұмыла кіріскен жойқын майдан. Саталақ сарыжағалынан бастап, топ-тайпаның сойылын соққан газет-журналдардың шәуілдеп Мұхаңның етегінен бір-бір іліп қалмағаны кем де кем. Қағаз байқұста не жазық бар, қандай сөзді болса да көтере береді ғой. Мұхаң туралы не ғайбат айтылмады! Олардың уәжіне сенсең, Мұхаң жазушы да, тарихшы да емес екен. Бір тыраш жазарман: «Мағауин мен үшін жазушы емес, оны жазушы деп мойындамаймын, ал қайтесіңдер!» деп талағы тарс айрылып шалқасынан түсті. Мағауиннің жазушы болу-болмауы соның мойындауына қарап тұр екен. Баба тарихтың кіндігін бір өзі кескен екінші бір «білгір»: «Мағауин – дүмше тарихшы!» деп мөр басып, түпкілікті үкім шығарды. Оның шашбауын көтерген тағы бір «ғұлама»: «Мағауин көркем тілімен қызықты ғып баяндағаны болмаса, «Қазақ тарихының әліппесінде» ғылыми дәйек жоқ» деп жаназа оқыды. Бұл тұстағы қазақ газеттері Мағауинді бір түйреп өтпесе, ішкендері бойына тарамайтын ауыруға шалдықты. Баспасөз этикасына сыймайтын небір былғанышты байбаламдар жарық көріп жатты. Баяғы советтік дәстүрмен, «Мағауиннің бассыздығына» наразылық ретінде жер-жерден «еңбекші хаттарын» ұйымдастырды. Халық қамы, ел бірлігін ойлап қабырғалары қайысқан 18 ғалым-академик, Халық қаһармандары кейістік білдіріп жоғарыға шағынды. Жалаң қылыш жалғыз шабуға жүрегі дауаламай, зор даңқымен айбынтпақ болды ма, солардың соңын ала әйгілі жетеудің хаты бүкіл елді дүрліктіріп жеті газетке жарияланды. Ал Мұхаңның оларға қайтарған жауабын біреуі ғана әзер басты. Оның өзінде де күзеп-жырымдап ит-рәсуа ғып шығарған. Осы тұста әсіресе дабыраның көк есегімен тепеңдеп баяғыда көктөбеге шыққан бір қайраткер көкеміз бек құлшынып қатты белсенділік танытты. Мағауинге қарсы күрес майданының бас қаһарманы десек те артық емес. Ылғи да атылмайтын зеңбіректің аузына кеудесін кептей қоятын, ат шығару мамандығын тамаша меңгерген сол кісі Мағауинмен алысқан да үлкен аброй деген есеп пе, әйтеуір ұлы дүбірге жол ортадан килікті де кетті. Бірер жыл сыртта жүріп аты ұмтыла бастаған соң елді елең еткізер бірдеңе керек болды ма, әлде алдағы келе жатқан депутаттық сайлауға жасаған артиллериялық дайындығы ма – ол жағы өзіне ғана аян. Екеуін қаржастырған – сегіз ғасыр бұрын сүйегі қурап қалған ұлы Қағанның аруағы еді. Ойбай, Қазақстандағы мемлекет билігін Қаһан ұрпақтары басып алғалы жатыр, төрелер әдейі Мағауин сияқтыларды жалдап алып, Шыңғысханды мадақтатуда деп даңғара қақты. Шыңғысхан сақалына дейін қанға малған жауыз, Отырарды қиратқан, қазақ ұлысының қалыптасуына оның ешқандай еңбегі жоқ т.т. баяғы советтік жаттанды қағидатты куәландыру үшін Манас елінің маңғазы, әлем таныған Чоң байкені мазалап атқа қонғызған. Қобыландының қырық қалмақты қатар түйрейтін көк найзасындай Мұхаңның қаһарлы қаламының ұшына ілінген кісінің жайы белгілі ғой. Ұят қылғанда, Чоңмен қоса екеуін бір ешкіге мінгестіріп тарихтың құба жонына асырып жіберген. Ең болмаса қара есек те бұйырмай, қотыр ешкінің құймышағына қонжиғанына қатты намыстанған көкеміз енді неден аянсын. Алысқанын алып жықпай апығы басылмайтын өлермен күрескер бұл жолы мемлекеттік машинаны іске қосты. «Мықтының арты диірмен тартады» деген осы. Мәртебелі депутаттық ғұзырына арқа сүйеп, "мемлекет есебінен қаржыланатын журналды мемлекет мүддесіне қарсы пайдаланып отыр" деген айыппен Мағауин мәселесін Үкімет алдына қойды. Өзі ғана емес, кейін жазушылар арасында «26 комиссар» атанып кеткендей, мүйізі қарағайдай 26 депутатқа қол қойғызып, әдеттегідей өз ықпалындағы барлық газетке жариялатқызды. Араларында «Жұлдыздың» заты түгіл атын да білмейтін қара орыстарды былай қойғанда, қазақша әліпті таяқ деп танымайтын төрт таза орыс та бар еді. Қалай қарасаң да қисынға томпақтау. Қанша дегенмен халық қалаулысы деген атақтары бар, көрінген жерге қол қоя салатындай саңлаусыз емес қой. Сөйтсек, пысық көке біразының аузын аңқайтып кетіпті. Депутаттар көтерген бұл мәселенің негізсіз, жаңсақтығына наразылық білдіріп парламентке бір топ жазушы хат жолдағаннан кейін мәлім болғандай, қашан да қиыннан жол тауып қиыстыра қоюдың хасшебері, «ақылдың кені – данышпан» ағамыз парламентте көтерілген бұрынғы кәсіптік-техникалық училищелерді қалпына келтіру жөніндегі мәселеге қол қойдырған да, арасына өзінің «Жұлдыз» жайындағы жүрек түбіндегі қыжылын мәселе ғып қосақ арасына қыстырып жіберіпті. Іле-шала мәжіліс депутаттары Серік Абдрахманов, А.Айталы, Б.Тілеухановтардан «біз «Жұлдызға» қатысты мәселеден бейхабармыз, ондай нәрсеге қол қойған жоқ едік» деп Мағауиннен кешірім сұрап, жеделхаттар келді. Телефон шалғандар қаншама. Депутат Нұрбақ Рүстем «Кәсіптік-техникалық училищеге қатысты мәселе деген соң қол қойғаным рас еді, соныма өкінемін. Мұхаңнан кеш те болса кешірім өтінемін», – деді өзінің «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында. Қарапайым адамгершілік, ар тұрғысынан, ары кеткенде заң тұрғысынан мұның атын не деуге болады? Тіпті бірдеңе деуге аузың бармайды. Жамандыққа қимай қалай ақтау іздесем де, опасыздық пен сатқындыққа ылғи да лағнет жаудырып, аузын ашса әділдік, адамгершілік деп сайрайтын жігерлі гуманист көкенің жүзін осы бір жиіркенішті қара дақ көлегейлеп тұрады. Бұл оның бір сәттік пенделік осалдығы ма, әлде, қалай қымтағанмен, абайсыз ашылып қалған өмірлік ұстанымының бір көрінісі ме ол жағы бізге жұмбақ...
Ақыры дегеніне жетіп тынды. Биліктің де іздегені осы болатын. Жылдар бойы жүректеріне тікендей қадалып келген Мағауинді екі есеп-бір қисаппен журналдан аластады. Сөйтіп қиянаттың бетін тілгілеп жалпақ әлемге жар салған шындық рупорының үнін өшірді. Енді «Жұлдыз» да тыныш, биліктің жаны да тыныш, бар шаруасын әпербақан алаяқтардың қолымен тындыртып алып тымпиып отыр.
Бодан заманда бұла басы ноқтаға сыймай, баба қазақтың кәрі қобызын боздатып көз жасын төккен осы Мағауин еді!
Бостан күннің бозала таңында бозторғаймен бірге оянып, жүрегі жарыса шаттана жырлаған да осы Мағауин еді!
Кейін аласапыран күйзеліс кезінде көбіміз қарынның қамын ойлап қыңқылдағанда, «енді аштан өлсем де арманым жоқ!» деп қасқайып тұрып бостандықтың тілеуін тілеген де осы Мағауин болатын!.. Сөйткен Мұхаң егеменді еркін заманда өз еліне сыймады. Бодандықтың зорлығынан надандықтың қорлығы қиын екен. Мұхаң шетке кетті, жан жарасы, жүрек наласымен кетті.
Біздің билікке жасампаз талант керек емес, оларға, Иран ақын айтқандай, «мықтының табанын алақан ғып сүйетін» жарамсақ лакейлер керек. Билік бар махаббатын соларға арнайды. Әйтпесе Мұхаң шетте жүрген төрт жыл ішінде талай торқалы той, алқалы жиын болды, ең болмаса сондайда біздің осындай жазушымыз бар еді ғой деп іздеген, жарты ауыз жылы лебіз білдірген біреу болды ма? Әдебиетіміздің ары мен абыройы, құдіретті қара сөздің әулиесі Мұхаң міне жетпіске толды. Билік тағы да тым-тырс. Есесіне өздерінің тойған қозыдай топ-томпақ, моп-момақан қол сүйгіштерінің тойын күн астындағы Күнікей қыздың тойынан да асырып, жыл бұрын бастап, жыл кейін бітіре алмай қызылтанау.
Жақында әзиз аға түсіме енді. Жырақтағы Чехия менің көрмеген жерім, білмейтін елім. Басын күн шалған қарт Шыңғыстың сілемі екен деймін. Бір шоқының басында Мұхаң тұр таң шапағына шомылып. Жанары тұнжырап, айналаға мұңая қарады. «Таң атпай иен тауда неғып жүрсің?» дейді әлдебір дауыс: «Абай атамды іздеп жүрмін» дейді Мұхаң. Іле жедел басын келесі асуға беттеді. Абай мұңын арқалап, Абай шыққан биікке өрлеп бара жатқандай.


Тұрысбек Сәукетаев

2010 ж. Алматы

 

Дина Елгезектің Фейсбуктегі парақшасынан

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста