Мұстафа Шоқайды өлтіруге тапсырыс берген кім?
Былтырғы жылдың соңында Берлинге барғанбыз. Әлемдегі ең әдемі мешіттер тізімінде он екінші орын алатын, Берлиннің қақ ортасында орналасқан «Шаһидтік» (Şehitlik) мешітінде иісі түркі баласы мен мұсылман үмбетіне аянбай қызмет қылған атақты адамдар жерленген. Мұстафа Шоқай да осында мәңгілік тыншу тапты…
Тарихтан білеміз: Мұстафа Шоқай Грузияға, кейін Түркия арқылы Германияға, одан ары Францияға барады. 1941 жылы 22 маусымда, Екінші дүниежүзілік соғыс басталған күні Парижде тұтқындалады. Үш аптадан соң Берлинге жеткізіліп, оған Түркістан легионын құру туралы ұсыныс жасалады. Басқаруға ұсыныс тастайды. Мұстафа Түркістанның болашағы үшін Германиядағы оқу орындарында кадрларды даярлауды және Түркістан шекарасына жақын жерден түркі тектілерден тұратын әскери құрылым жасақтауды талап етеді. Шоқайдың бұл талабын Гитлер қабылдамайды. Көп ұзамай Мұстафа Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин ауруханасында жұмбақ жағдайда көз жұмады. Ресми құжатта ол «қанның улануынан қайтыс болды» деп жазылған екен.
Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Советтердің үстемдігі астында», «2 томдық таңдамалылары», «Түркістандағы төңкеріс. Ақпан дәуірі» атты еңбектері бар. Одан қалды Мұстафаның Кавказ елдерінің, Түркияның және Батыс Еуропаның газеттерінде түрік, француз, ағылшын, неміс тілдерінде көптеген мақаласы жарияланған. Мұстафаның «Орта Азиядағы ұлттық қозғалыс» атты еңбегін мұқият оқып, зерделеген адам қайратты күрескердің сын садағы басқа-басқа емес, ең алдымен сол кездегі Совет Одағының көсемі Иосиф Сталинге тікелей бағытталғанын бағамдай алады.
Сөз жоқ, қазақ арысы – өте білімдар тұлға. Оның өмірбаян дерегінде «Мұстафа Шоқайұлы Шоқаев, мұсылман дінінде, 1890 жылы желтоқсанда дүниеге келген қазақтың ұлы. Ташкент гимназиясын бітіргендігі жөніндегі 1910 жылы №1035 кәмелеттік аттестатпен Санкт-Петербордың Императорлық университетінің студенттері қатарына алынып, Заң факультетіне тіркелді. Онда төмендегі курстарды тыңдады: Рим құқығының тарихы, рим құқығының догмасы, Орыс құқығының тарихы, Мемлекеттік құқық, Шіркеу құқығы, Полиция құқығы, Саяси экономия, Статистика, Азаматтық құқық және Сот өндірісі, Сауда құқығы және Сот өндірісі, құқық және Сот өндірісі, Қаржылай құқық, Халықаралық құқық, Құқық энциклопедиясы, Құқық философиясының тарихы бойынша», – деп жазылған.
Мұстафа Шоқай Түркияға неге табан тіремеді? Бұл елде оның Үлкен Түркістан туралы идеясы қолдау табуы мүмкін еді ғой. Соған қарамастан, Парижге барып тұрақтады. Мұның да өзіндік себебі бар секілді. Өйткені бір заманда мұнда Герценнің «Колоколы» Ресей патшасының зәре-құтын қашырып тұрғаны белгілі.
Эмиграциядағы Мұстафа Шоқайдың Совет Одағының солақай саясатын әшкерелеген мақалалары мен Үлкен Түркістанды қайтадан құру идеясы Сталиннің зәресін алғаны түсінікті. 1925 жылғы 25 мамырда Иосиф Сталин «Ақ жол» журналы туралы Киркрайкомның бюро мүшелеріне жолдаған хаты бар. Хат екі пункттен тұрады. Соның бірінші пунктінде Сталин былай дейді: «Я имел возможность на днях познакомиться с журналом «Ак жол». Я вспомнил в связи с этим некоторые статьи небезызвестного Чокаева в белогвардейской печати и к ужасу своему открыл некоторое, так сказать, духовное «единство» между этими статьями и журналом «Ак жол». Невероятно, но факт. «Ак жол», конечно, помимо своей воли дает громадның материал Чокаеву. Чокаев далеко не помимо своей воли обобщает эти материалы и преподносит публике. Я понимаю критику, я вполне сознаю, что критиковать деятельность коммунистов можно и нужно. Но критика злорадная и злобствующая, – это не наша критика. Такой критике не должно быть места в Советской стране. Такая критика может представить лишь орудие в руках буржуазии против коммунизма, против Советов, против всего того, чем живет и дышит Советский Союз», – дей келе, «Ақ жол» журналын түп-тамырымен өзгертіп, ондағы бейпартиялық интеллигенттерді тырқыратып қуып, журналды коммунистік насихат органына айналдыруды ұсынады. Екінші пунктте «Я против того, чтобы беспартийные интеллигенты занимались политическим и идеологическим воспитанием киргизской молодежи. Не для того мы брали власть, чтобы политическое и идеологическое воспитание молодежи предоставить буржуазным беспартийной интеллегентам. Этот фронт должен быть оставлен целиком и без остатка за коммунистами. Иначе победа чокаевых может стать в Киргизии неизбежным. А это равняется идеологическому и политическому краху коммунизма в Киргизии», – деп темір түйін жасайды. Енді қараңыз: Мұстафа Шоқай Парижде тұрып, Сталин үшін «Совет Одағының ит-терісін басына қаптап» жатыр. Берлинге келіп, Түркістан легионын құру туралы келісім жасайды. «Иначе победа чокаевых может стать в Киргизии неизбежным. А это равняется идеологическому и политическому краху коммунизма в Киргизии», – деп 1925 жылы Мұстафаға азу тісін білеп жүрген адам Мұстафа Шоқайдың саяси күш алғанын қалай ма?!. Әлбетте, қаламайды. Қандай жол бар? «Нет человека – нет проблем» деген сөзді айтқан Сталин емес пе? Троцкийдің ажалы неден болды? Мұстафаның ажалы қайдан келді? Тарихи параллелизм екі тапсырыстың да авторы бір адам екенін айғақтап тұрған жоқ па?!.
Нұртөре ЖҮСІП