МҰҚАҒАЛИДЫҢ МҰҢЛЫ ХАТЫ

МҰҚАҒАЛИДЫҢ МҰҢЛЫ ХАТЫ

(Ақын Мұқағали Мақатаевтың ҚКП ОК бірінші хатшысы Д. А. Қонаевқа жазған хатының баяны туралы бір үзік сыр)


«Биыл 19 майда өмірімде бірінші рет, бәлки соңғы рет үлкен кісіге өтініш білдірдім. Оның атына орысша жазып, үлкен хат жібердім. Шынымды айтып, ашына бәрін мойындадым. Ешкімге шағым айтпадым. Бұл әрекетімнен не шығатыны, мені алдымда не күтіп тұрғаны - белгісіз. Хатым қолына тие ме, білмеймін, ол өзі оқып танысар ма екен, әлде жоқ па? Мені тек бір нәрсе үміттендіреді; егер ол өзі танысса, сондай үлкен адамда қалайша үлкен жүрек болмайды?! Оған өтініш білдіріп отырған көптің бірі емес, ақын ғой, нәзік жанды ақын... Әзірше күтудемін».

(Мұқағалидың 1974 жылғы 25 мамырдағы күнделігінен!).


Мұқағали мұхитының түбіне жетем деу әурешілік. Былайша қарағанда күпі киген қазақтың өзіндей қарапайым ақынды зерттеп, зерделей бастасаң, түсініксіз жәйттерге тап боласың.
Мысалы, «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дейтін атақты Кенен атасының жолын қуған Мұқаңның «Оның атына орысша жазып, үлкен хат жібердім» деуін түсініп көріңіз. Халқына қара сөзімен емес, қара өлеңімен қадірлі болған қарқарадай ақын «Оның атына өлеңмен қазақша хат жаздым» десе, әлдеқайда қисынды болмас па еді?
Бірақ Мұқаң жан сырын жайып салу үшін қара сөзді және... орыс тілін қолай көрген. Қарасазда туған қазақы ақын үшін қайшылық па? Әрине, қайшылық.
Енді... «Бұл неғылған хат?» «Қашан жазылып жүр?» «Онда не айтылған?» деген сауалдарға жауап беріп көрелік. Әдетте, ақын, жазушылар хатшыларға (бірінші басшыларға) хат жазғанда баспана сұрайды, ал баспанасы тар болса кеңейтіп беруді өтінеді, сосын қолжазбасы дер кезінде жарық көрмей, баспада жатыңқырап қалса, жеделдетуді тілге тиек етеді.
Ал Мұқағали не депті? Не көмек сұрапты? Сөз кезегін хатқа берейік. Орысшадан аударған белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы.
«Аса құзырлы Димаш Ахметұлы, қапелімде Сізге хат жолдап, өзіңізге тым қажетті асыл уақытыңызды сәл де болса алғаныма алдын ала ғафу өтінемін.
Мұны бек түсінемін. Бірақ, мен басқалай батылдыққа бара алмаған болар едім. Төзімнің де шегі бар емес пе, оның үстіне бұл шатпақ ұзақ жылдар бойы жанымды жегідей жеп келе жатыр.
Ашығын айтқанда, Сізге мені мазасыздандырған жайлардың бәрін жайып салуға біртүрлі қорқақтап, жүрексініп жүрдім. Бұларды бұрын айтпағанымның да өзгеше себеп-салдары бар болатын. Сол туралы, қымбатты Димаш аға, еш бүкпесіз жаным қан жылап тұрып айтсам деп едім...
Өкінішке қарай, қаншама еңбектеніп, тер төксем де бұдан он жыл бұрын жіберген қателік еш тыным бермейді маған. Кейде туған әдебиетте қарақан басының қамын күйттеген көлденең көк аттыдай көріндім. Сондықтан қателігім ешқандай жөнделместей сезініп, ұнжырғам түсіп, көлеңкеде қалуға тырыстым, әлдекімдер мені де тасада ұстауға әрекет етті.
Не істеу ләзім? Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді. Қол қаламнан қалт етіп босағанда жоғалған жағымпаз достармен, дәлдүріш ақындармен іше бастадым. Бұлардың ырқына қалай түскенімді байқамай қалғандаймын.
Әлсін-әлсін менің серілік өмірім қылаң берді. Өзім ұяттан өртене тұрсам да, құрдастарымның сәл қуаныштарында сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, алайда, үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал рухани жағынан қайдам?
Бәлкім, менің қамымды жегендер болған шығар. Өз өзімді иттің етінен әрі жек көре тұрып, әлденеден қорынатын болдым. Осындай сәттерде ойларыммен оңаша қалып, поэзия піріне сыйынатын едім.
Айлап жазу үстелінің жанында тапжылмай отырдым. Тек жыр ғана менің жаныма дауа болып, дертімді емдеді. Ол маған адал, таза қызмет етті. Мен де оған қарыздар болып қалғаным жоқ. Ешуақта ішкіш болған емеспін, болмаймын да, ал салынып сілтеген кісі ешқашан отбасын асырап, бала тәрбиелеп, ақылға қонымды әлдеқандай әрекет етпейді...
Өзін дар алдында тұрып ар сотына ұсынғандай, әдетте адамның күнестен гөрі көлеңке жақтары көзге көп түседі. Нәжістің аты &ndash нәжіс. Ол адамға, әсіресе, мен сияқтыларға бір жұқса, жуық арада одан тазару оңайға соқпайды. Өз іс-әрекетімде адамдарға ұдайы таупықсыз қарап, бірталай кемшілікке жол беріппін.
Ешкімді күстәналамаймын, дөрекілік танытпай, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарғандай туралығын айтыппын... қазір бәрінен де түңілдім. Жолдас-жорадан да, әмпей ымыраластардан да, жаман әдеттерден де. Үйде омалып жаза беремін, жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі?
Ардақты Димаш аға! Мен 42 жасқа толып, жан тыныштығымды басқа тараптан іздегенімді түсіндім. Өзіме өзім келіп, күнәмді жуып-шайып ақымақтығымнан жоғалтқанымды қалпына келтіруге көмектессеңіз.
Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз! Сіз қалай шешсеңіз, солай болады.
Ізгілік ілтипатпен М. Мақатаев. 17. 05. 1974 жыл» .
Жүрек тебірентер, көңіл толқытар, ақын аспанындағы нәзік сезімді нөсер жаңбырдай селдетер мұндай мұңлы сөздерді, әдетте, өлең өнерінің соңына шырақ алып түскен ақындар мен жазушылардың бір-біріне жазған хаттарынан кездестіретін едік. Оған арғы-берідегі әбедиет тарихының деректері мен дәйектері куә.
Сондықтан «Мұқаш ақын бұл хатын ақын Әбеңе (Сәрсенбаев) немесе жазушы Ғабеңе (Мүсірепов) жазса еш таңғалмас ек, ал ҚКП ОК бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа бұлайша сыр ақтару сол тұстағы саясатқа томпақтау емес пе?!.» деп, еріксіз ойланып қаласың.
Бірақ, әлемі де, сәлемі де қарапайым Мұқағали өмірінде мұндай «шұғыл бұрылыстар» көп болып тұрған. ҚКП ОК «аттанған» хаттардың «біріншінің» қолына бірден жетпейтінін, оның жол-жөнекей «елу елек, сексен сүзгіден» өтіп, екшелетінін ескерсек (Мұқаң мұны неге ескермеді екен, ал түсініп көріңіз?) және ел әдебиеті пен өнерінің үстінен "қарауыл қарайтын" бөлім меңгерушілері мен нұсқаушыларының баладай аңғал ақынның ақ қағазға түйілген ақиқатын қайдағы бір қияли сандыраққа балап, «қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ» болғаны да сөзсіз.
Мұндай сырлы хатты олар, әдетте, «шатпақ» деп қабылдайды. Сондықтан ақынның жан сырын Д. Қонаев тұрмақ, оның «көзі» мен «құлағы» - идеология жөніндегі орынбасарларына да жеткізбеуі мүмкін.
Неге? Бұл сауалдың жауабын ОК-нің «наны» мен «шайына» семірген сол тұстағы әдебиетші-шенеуніктердің бойындағы тәкәппарлық пен кісәпірліктен, пасықтық пен іштарлықтан іздеу керек.
Біздің болжауымыз бойынша, олар «Мұқағали сынды қайдағы бір «ішкіш ақынының» хатын «Үлкен кісіге» жеткізіп, оның биікке көтерілгеніне қызмет ететін мен ақымақпын ба, әлде есуаспын ба?» деген, пасық пайымда болатыны тағы анық.
Бірақ оларды жаманатты етпейтін де жағдай бар. Мысалы, «ҚКП ОК жазылған хатта нақтылық болуы керек, яғни, үй сұрасаң «үй бер» деп, көлік сұрасаң «көлік бер» деп ашық жаз. Кітабым шықпай жатыр, таралымы аз, қаламақы мардымсыз десең, оны көрсет.
Ал жан дүниеңді астаң-кестең еткен, жүрегіңді алай-дүлей бұлқынысқа салған сырыңды басқа бір өзің сияқты әуейіге ақтар» десе, олардыкі де жөн болып шығады.
Бұл қисынды жауаптан кейін ақынның ақтарыла жазған хатын «архивке» өткізе салу қиын емес. Әйтпесе, Мұқалағидың өзі айтпақшы «Үлкен кісінің» үлкен жүрегі үлкен ақынның жан сырын түсінер еді, түсініп қана қоймай «мына ақынды маған шақырыңдаршы, айтары бар екен, сөйлесіп көрейін» дері даусыз еді.
Жазушы Б. Тілегенов «Тұйық өмірдің құпиясы» (Алматы, «Дәуір» баспасы) деп аталатын роман-толғауында ҚКП ОК идеология жөніндегі хатшысы болып әр жылдары қызмет істеген Н. Жанділдин, С. Имашев, З. Камалиденовты «идеологияның қырағы сақшылары» деп (12 бет) бекерге атамаған.
Сондай-ақ, кеңестік идеология майданындағы сатқындықтар туралы: «Талай жазушы, талай кітап осындай Орталық Комитеттің хатшыларының амбициясы, жалған беделі үшін құрбан болып, топ алдында масқараланғанын талай көрдік. Ал, мұндай мысалдар тек бөлім қызметкерлері тарапынан ғана емес, сырттан &ndash Жазушылар одағынан, жеке жазушылардан да келіп түсіп жатады. Тіпті белгілі, белді деген жазушылардың өзі хатшыларға жиі кіріп, жек көретін адамдарының кітабын жамандап, есе қайтару ниетімен арам пиғылға барады.
Шынын айту керек, идеология салсын басқаратын жауапты қызметкерлер де іш тартып, араша түскен емес. Қайта жаңағы іштарлық, көреалмаушылықпен ізіне шырақ алып түскен жазушылар тобына партия қызметкерлері, идеология жетекшілері де қосыла кететін (43-44 беттер)» деп әшкерелейді.
Бұл үзінді, әрине, Мұқағалиға нақты қатысты емес, бірақ ақын ақиқаты ҚКП ОК қызметкерлерінің осыған ұқсас іштарлығының құрбаны боланы аян деген тұжырымға тұмсығыңды тірейді.
Ал «Үлкен кісіден» асыға жауап күткен ақын жаны сол тұста әй, бір алағай да бұлағай болыпты. Оқиық.
Мұқағалидың 1974 жылдың 29-мамырында жазған күнделігінен.
«Менің үлкен кісім үнсіз, қаламдастарым да үнсіз. Менің таңғалғаным, ақын тағдыры қалайша ешкімді селт еткізбеді? Білмеймін, мен өзімді-өзім әбден аямай айыптап біткенде, олар мені қалайша тағы қайта жазғырмақ? Мен, бәлкім, өзі де оңды біткелі тұрғанда, өтініш айтпайтын жаққа өтініш айтып, шалыс қадам жасап қойдым ба?! Кейде шын жүректен айтқан сырыңның бумерангқа айналып, өзіңе қайта оралып соғуы да ғажап емес. Егер тағы қайтадан бас-көз жоқ сөгу, даттау басталып кетсе қайтем?!».
Мұқағали томдарын парақтап отырсаң, оның поэзиясы арнау өлеңдерден де құралақан емес екеніне көз жеткізесіз. Олар «қызыл төңкерістің» төрелері К. Маркс, В.И.Лениннен басталып, өзіміздің аты аңызға айналған батыр перзентіміз Б. Момышұлы, атақты ақын, жазушылар Ә. Тәжібаев, Ф. Оңғарсынова, О. Әубәкіров, Т. Бердияров, Т. Төлегенов, З. Шүкіров және әнші Б. Әшімова есімдерімен аяқталады. Әлбетте, жары Лашын мен ұл-қыздарына арнаған жырлары да өз алдына бір төбе. Жанайбекке, «З-ға», қойшы бала Әкітайға деген «тақырыптарды» да кездестіресің.
Бірақ ақынның төрт томдығын ары ақтарып, бері ақтарып (Алматы, «Жалын баспасы», 2001 жыл) халқымыздың қалаулы ұлдарының бірі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа арнаған жырын кездестіре алмадық. Өзгелерге келгендегі «мырзалықтың» Д. Қонаевқа келгенде «қаттылыққа» айналуы қалай? Бәлкім, бұл мұзбалақ ақынның біз білмейтін тағы бір тылсым жұмбағы шығар.
Оны аңғал дейді, аңқау дейді, ол сонымен бірге ақылды, білімді ақын болған. Айналасындағы онысыз да атарға оғы жоқ ағайындары «Үлкен кісіге» өлең арнағанын білсе, қызылкөз бәлеге қаларын түсінген. Сондықтан да кейбір ақындарға ұқсап Қонаевқа жағымпазданып өлең, поэма, баллада, жыр арнаудың орнына, халқының қара сөзіне жүгініп, хат жазуға бел байлаған.
Бірақ мұның да хат деген қарапайым аты болмаса, оны сөзбен жазылған «ақ өлең» деп қабылдаған ләзім. Өйткені хаттағы мұң бірер шумақ өлеңге емес, бірнеше баспа табақ дастанға жүк болатын мәңгілік тақырыпты қамтиды.
Достан да, дұшпаннан да түңілген ақын «Үлкен кісіден» жанына жалау болатын үлкен жүректің жылуын тілейді. Жан сырын жайып салады. Ештеңесін жасырмайды. Қасым ақынның «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» дегеніндей, Мұқағали деген атым мен ақын деген затымды ОК-дағы әдебиетші-шенуніктердің өсегінен естігенше, Димекең өз қолыммен жазылған хат арқылы білсін деп ағынан жарылады. Бірақ, өзі айтпақшы, «Үлкен кісі» әлі үнсіз.
Бұл туралы Мұқағали 1974 жылдың 1-маусымында:
«Кеше үлкен үйдің бір адамын Жазушылар одағында жолықтырдым. Ол ч-к (чиновник) менің хатым жайында білетін болып шықты. Ана кісіге деген өтінішім мынау секілді біреулердің қолына тиді ме деген ойдан күдік биледі. Егер олай болса, онда үміт аз, өйткені, мен кімнің кімдікі екенін, кімнің кімге қызмет жасайтынын білем...
Шынымен-ақ, адамдардың жүрегі бітеу етке айналып кеткені ме? Мемлекеттік қызметкерлердің шынымен-ақ халықтың, оның бір бөлшегі болып саналатын мен сияқтылардың мұң-мұқтажына құлақ асуды қойғаны ма?
Адамдарды енді түсіне бастағандаймын. Менің ішімде әлдене өлді. Адамдарға деген сенімімді жоғалта бастадым. Сондықтан қолында билігі барларға титтей де ықыласым жоқ!
Араларында бір-біріне деген сатусыз, екі жаққа бірдей таза сенімі, саналы, кісілікті сыйласымы болғандықтан да адамдардың малдан айырмасы бар. Біз онсыз бір-бірімізден айырыламыз, өзімізді де, өзгені де біржолата құртамыз, шабыт дейтін байлықтан айырыламыз. Онсыз ештеңе жасалынбайды. Ол кеткен соң өзіңді өлік деп есепте! Демек, оны сақтау үшін күресуге болады» деп жазыпты.
Мұқағалидың осыдан кейін билікке деген үміті өшті. Өзі айтпақшы, «ішінде әлдене өлді». Күнделігінде осыдан кейін «Үлкен кісіге» жазған хатына оралмайды.
Қандай өкініш! Әйтеуір, дәтке қуаты, алдияр ағасын базбір ақын, жазушыларға ұқсап тілдеп, жерден алып, жерге салмапты.
Мұқағали мұңының астарынан өкіре жылаған үлкен өкініштің де үні естіледі. Өйткені, бір дәуірдегі екі ұлы адамның көздерінің тірісінде бір-бірімен кездесіп, әңгіме-дүкен құрып, шер тарқатысып, сырласа алмай кетуі қара орман қазақ халқы үшін қандай өкініш, қандай қасірет!

Көсемәлі Сәттібайұлы

Фейсбуктегі парақшасынан

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста