Міржақып Дулатұлы – қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам
25 қараша — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері, либералды-демократияшыл зиялылардың бірі Міржақып Дулатұлы дүниеге келген күн.
«Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай...»
Міржақып Дулатұлы
Бүгін – қазақ халқы үшін, айбарлы алты алаш үшін жанын қиған асыл арыстардың бірі Міржақып Дулатұлы дүниеге келген күн. Әдебиеттің дамуына үлес қосқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік іске белсене араласқан қайраткер Міржақып Дулатұлы бұрынғы Торғай облысының Жангелдин ауданындағы Қызбел атырабында 1885 жылы 25 қарашада дүние есігін ашқан. Әкесі Дулат ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерлік шаруасы бар, қолы шебер адам болған. Кіші баласы Міржақыпты ауыл молдасына оқуға береді. Екі жылдан кейін ол ауылдық мектепте Мұқан Тоқтарбайұлы деген мұғалімнен орысша сабақ алады.
Міржақып Дулатұлы өзі жазған өмірбаянында «1897жылы мен екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түстім, оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсында оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым», - деп жазады.
Міржақып өз бетінше ізденіп, орыс тілін жете меңгереді. Орыс жазушылары шығармаларымен танысады. Мұғалім болған 6 жыл ішінде оң мен солын танып, ұлт қамы үшін күресуге дайындалады. Ақындық талантын да осы жылдары таныта бастайды. Осы кезден бастап-ақ қаламгердің бар ғұмыры халқымен тығыз байланысты болды.
Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарған және қазақ зиялыларының еркін пікір алаңына айналған. «Қазақ» газеті жарық көре бастағаннан бастап оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметінде Міржақып Дулатұлы болды.
Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше, сол кездері көпшілікке танымал болған «Қазақ» газетін Міржақып Дулатұлының қарымды қаламы, көксемсер сөзі, жалынды публицистикасынсыз елестету мүмкін емес. Тарихшы өзінің еңбектерінде Міржақып туралы: «Міржақып өте жылдам жазған және өте өткір тақырыпқа жазған. «Қазақ» газеті сондай сапада, сондай биіктіктен көрінуіне, меніңше, бірден-бір Міржақып Дулатұлына қарыздар. Жалпы Міржақып Дулатұлы – қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам»,- деген пікір айтады.
Міржақыптың тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шықты. Қазақ оқырмандары арасында бұл кітаптың әсері өте күшті болды. Бұл кітап жас авторға патша әкімдерінің тарапынан қуғын-сүргін ала келді, ол тергеу органдарының бақылауына алынды, артынша «Оян, қазақ!» кәмпескеленді.
Міржақып Қызылжарда сот кеңесінде тілмәштық қызмет атқарып, мұғалімдік қызметін де жалғастырады, қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді. Сол кезде одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алады.
1910 жылы Қазандағы Каримовтар баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. Әр жерде шығатын қазақ басылымдарына, әсіресе «Айқап» журналына үзбей жазып тұрады. Ел тұрмысын өз көзімен көріп-білу ниетімен 1911 жылы қазақ ауылдарын аралап, Қызылжардан Семей облысына қарай сапарға шығады. Патша тыңшыларының қатты аңдуына алынған Дулатұлы мұнда полицияның қолына түседі де, бір жарым жыл қамауда отырады. 1912 жылы Орынборға келіп, осындағы аз ғана топ қазақ зиялылары ақыл қосып, ел санасын оята беру мақсатымен, баспасөз қызметін қолға алуды ұйғарады.
А.Байтұрсынұлымен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылым – «Қазақ» газетінің негізін қалайды (1913–1918). Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған. 1922 жылы ешбір себепсіз абақтыға жабылады. Бірақ бұл әділетсіздік ұзаққа созылмай, Семейден Орынборға жөнелтілген бойда қамаудан босатылады. 1922–1926 жж. Орынбордағы Қазақтың халыққа білім беру институтында (КИНО) оқытушы болып істейді. Ұстаздық қызметке қайта оралғаннан кейінгі кезеңде екі бөлімнен тұратын «Есеп құралын» әзірлеп, Ташкент қаласында бастырып шығарады. «Балқия» атты төрт перделі пьеса жазады.
1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. 1928 жылдың аяғында бір топ қазақ оқығандары қатарында тұтқынға алынды. 1930 жылы ОГПУ коллегиясының үкімі бойынша алғашында ату жазасына кесіліп, кейін бұл үкім 10 жыл абақты жазасымен алмастырылды. 1935 жылы қазанның 5-і күні Ақ теңіз – Балтық каналының бойындағы Сосновец стансасында, лагерьдің лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болады. Дулатұлының «қылмысты» ісін жан-жақты тексере келіп, Қазақ КСР-нің прокуроры 1988 жылғы қазанның 27-сі күні тиісінше наразылық білдірді де, Республика Жоғарғы Сотының коллегиясы сол жылғы қарашаның төртінде оның ардақты есімін біржола ақтады.
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Міржақып шығармалары халқымен қайта қауышты. Оның атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар, ескерткіш орнатылған.
sn.kz