Міржақып Дулатұлы: "Чиновниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып, ойына келгенін істеді"
Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық… Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті де керек емес нәрселерге жұмсалады…
Халық күйзелісін жан-тәнімен сезінген сандаған адам есепсіз қаражат шашып Петербурға жол тартып, министрлердің табалдырығын тоздырады. Бірақ, оған құлақ асқан министрлер болмады… Ал, қазіргі жағдайымызға көз жіберсек, сол мәртебелі министрліктер тағайындаған түрлі чиновниктер мен стражниктер, урядниктер солардың пиғылдарын жүзеге асыру үшін қазақ жерінің төріне аттанып жатқанын көреміз…
…Өздеріңіз көз жазбай байқап отырғандай… чиновниктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып, мал-мүлкін тартып, ойына не келсе соны істеді…
Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдеп-ғұрпымызға, біздің моллаларға ғана тиісті неке мәселесіне де араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды…
Енді бұл чиновниктер қазақ даласына мыңдаған мұжықтарды жер аударып, қазақтардың суы мен шұрайлы жерлерін тартып әперуде. Чиновниктерді арқаланған олар өздеріне жайлы қазақ жерін еркін иемденуде. Тұтас ауыл болып келсе бұлар сорлы қазақтарды ұрып-соғып, бар мүлкін тартып алып кетуде…
Қазақ жеріне бұл мұжықтарды не үшін жер аударады… Әлде Россияда жер аз ба? Шұрайлы жер аз емес, бірақ соның бәрі байлардың, дворяндардың помещиктердің қолында, олар өз жерлерін ешқашан тегін бермек емес, ал аштан өлуге шақ жүрген мұжықтардың оны сатып алуға шамасы жоқ. Түрлі деңгейдегі министрлер, жоғарғы чиновниктер мен генералдар Россияда көбейіп келе жатқан мұжықтардан құтылу үшін оларды біздің қазақтардың арасына жер аударуда және ең бай қазақтар бұрынғысынша өз жерінің қожасы болып қала береді. Оны өздеріңіз білесіздер…
Бірінші Думада депутаттар халықтың талап-тілегін білдіре отырып, бүкіл байлар мен қазына жеріне аштық пен жоқтыққа ұшыраған миллиондаған халықты қоныстандыру жөнінде заң шығарып, байлар мен қазына, шіркеу жерін көркейтуге күш салатын адамдарға беру жөнінде айтты. Осы сөзден қорыққан олар, Думаны қуып, таратып жіберді…
Бүкіл Россияны генералдарға бөліп берді. Соғыс жағдайын енгізіп, 87 статья бойынша әр жерлерде дала соттарын құрды. Бұл соттардың шешімдері бойынша жанымен, тәнімен туған халқына берілген азаматтар асылып, атылып кетті. Қазірдің өзінде мыңдаған ерлеріміз шалғай жерлерде жүр немесе түрмелерде отыр…
Арғын.
«Серке», 1907 ж. № 84.
ult.kz