Міржақып Дулатұлы: Бұл заманда әскері жоқ жұрт - жұрт емес, құл!

Міржақып Дулатұлы: Бұл заманда әскері жоқ жұрт - жұрт емес, құл!

Дүние жаралғалы болмаған уақиғаларды төрт жылдан бері көзіміз көріп отыр. Төрт жылдан бері жердің жүзі қанға боялды. Көздің жасы сел боп ақты. Дүние ойран болды. Даңқы жер жарған зор мемлекеттер жоғалуға айналды. Ат төбеліндей аз елдерге есе тиді. Мұндай зор өзгерістер болған емес, мұнан соң да бола бермейді. Әркім қайтсек жұрт боламыз деп жанталасып жатқан себебі осы. Алаш, Башқұрт, Түркістан сияқты халықтар автономия аламын, мемлекет боламын десе, бұрын көзі көрмеп пе?! Автономияны ауызға алмақ түгіл стражниктің алдында қалтырап тұратын елдер бүгін ту көтеріп, ұран шақырып, өзін-өзі билеудің қамына кірісіп жатыр. Патша түсіп, ескі тәртіп жеміріліп, бостандық туғанына жыл жарым болды. Сонан бері дүние жайланып, халық ра­хат ғұмыр сүре алмай, саясат ауасы күнде өзгеріп, жұрттың мазасы кетіп тұрғаны рас.
Бостандық, теңдік деген сөздің жеңсігі басылғандай, бүгін бір билеуші шықса, ертең оны жоқ қылып, арғы күні тағы кім шығатынына жұрттың көзі жетпей дағдарыста тұрғаны рас. Күнде жиналыс, күнде сайлау шығып, жұрттың мезі болғаны рас. Большевик деген бір пәле шығып, Николайды сағындырғаны да рас. Мұнан соң қан­дай жамандық боларына қара ха­лық­тың көзі жетпей, бостандықтан көңілі суынып тұрғаны да рас. Бірақ, халық ойлау керек, мұншалық дүние өзгергенде, Россия секілді зор мем­лекет асты-үстіне келіп ойран болғанда, ондағы халықтардың тұрмысы, салты, діні, тілі, шаруасы, тілегі басқа-басқа болғанда аз уақыттың ішінде тып-тыныш бола қоймады деп асығуға бола ма? Бір кісінің саудасы бұзылса, соны тез түзетіп ала қою оңай ма? Бір болыс елге әрекет кірсе, ағайын арасына от түссе, соның өзі оңай тыныштала қоя ма? Ал, қазір бүліншілік күйзеліс бір ауылда, бір болыста емес, бүкіл мемлекет, асса жер жүзі ойран болып, соны ретке салуға әркім қам қылып жатыр. Осындай қара құрық заманда біз секілді аз халықтар ұйымдасып бірлік-береке қылып, жұрт қатарына қосылып қалудың лажын қарап жа­тыр. Жұрт болудағы мақсат осы күнгі тірі жүрген адам баласына ғана емес, кейінгі нәсіл-нәсіп, үрім-бұтақтың кем-қор болмауы үшін керек зат. Біз басымызға түскен таршылықты бұрынғы бабаларымыздан көретін едік. Солар біздің қамымызды жеген болса, біз мұндай қорлықта, тарлықта жүрмес едік деуші едік. Кейінгі буынның ата-бабасы осы күнгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма, Алла құзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе?! Олай болса, бір-екі жылда рахат ғұмыр бола коймайды деп бостандықтан, теңдіктен күдер үзіп, қол сілтесек, өзіміз не күйге ұшыраймыз, кейінгі жас буынның көрген күні не бо­лады?! Біздің жұрт осыны ойлау керек. Заман бұл қалыппен тұра бермейді. Әлі-ақ толқын басылады, су сабасына түседі, заман бір жайлы болады. Сондықтан, осындайда әр ел өз дегеніне жетіп, өз билігін өзі алып қалмаса, ертең әркім буынын бекітіп, күшін жинап алған соң, өзі шыққан тауы биік болғанын артық көреді, қолдан теңдік бермейді. Жұрттық жолында біз қанша бейнет шектік? Жанымызға батарлық қанша құрбан шығардық? Өзгелерге қарағанда біз еңбек те сіңіргеніміз жоқ, бейнет те тартқанымыз жоқ, құрбан да шалғанымыз жоқ. «Құдай өзі сақтар» деп құрғақ тілекпен отыра бердік. Құр тілек мұратқа жеткізе ме? Жұрт боламын деген жұрттар не қылып жатыр? Соған ой жіберу керек. Біз мұсылман екенбіз, құдайдан тілейді екенбіз, дұрыс-ақ! Бірақ, бізден басқа мұсылмандар құр тілекпен отыр ма? Жер жүзінде 300 миллионнан артық мұсылман бар. Солардың ішіндегі зор мемлекет Түркия. Осы Түрікке аң терісін бөліп алатындай, тұс-тұстан мемлекеттер аңдыған жоқ па еді? Солар Түрікті торығанына неше жүз жыл бол­ды. Осы соғыстың тұсында Стамбулды алмақ болып, Аясофияның басына кресін де даярлап қойды. Сонда Түрік мұсылманның бір күшті мемлекеті емес пе еді, мұсылмандығы бізден кем бе еді, «Құдай сақта» деп қарап отырды ма? Жұрттығын сақтау үшін неше ғасырдан бері қан төгіп арпалысып келе жатыр емес пе, төрт жылдан бері қызыл қанға белшесінен батып, миллиондаған ер-азаматын құрбан қылып, дүниесін ойран қылып отыр емес пе? Жалғыз түрік емес, жер жүзіндегі жұрттардың бәрі не үшін қанға боялып жатыр?
Соның бәрі жұрттығын сақтау үшін қырғын көріп, бейнет шегіп жатыр. Біз не қылып отырмыз? Біз «жат жақтық жасағанға күзеттіріп отырмыз».
Қазір дегеніне жеткен кім? Кімнің мерейі үстем болады? Кім біреудің қанжығасында кетпейді?
– Кімнің білегі жуан болса, сол жұрт болады. Кім күшті болса, сол дегеніне жетеді.
– Күш не?
– Күш – әскер.
Бұл заманда әскері жоқ жұрт – жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетін болсақ та, ерік өзімізде. Бір жол – құлдық жолы. Әскер деген сөзден бұрынғыдай ат-тонымызды ала қашатын болсақ, осындай жігімізді ашып, жер-суымызды қорғап, билігімізді өзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді алдына салып айдап жүруге ие табылады. Сонда біреуге әскер бермей кете аламыз ба, шығын төлеуден құтыламыз ба? Ошақтың үш бұтынан тілеп отырған күніміз де болған, сонда бізді алдына салып айдап кетпеп пе еді. Сонда қолымыздан ешнәрсе келмей, құлдық ұрғанымыз болған. Құлдық жолы дегеніміз осы.
Екінші жол – жұрттық жолы. Осы бастан автономия алудың қамына кі­ріс­сек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, Алаш Орданы үкі­­метіміз деп тіресіп қорғасақ, бізді еш­кім басынбайды. Үкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі.
Алашқа жаны ашымайтын қара жүректер, жұрт болғанымызды көре алмайтын қаскүнемдер, ертең не болатынға көзі жетпейтін надандар ізгі ниет, ілгері тілегімізге қарсы болып, жұрттың көңіліне қорқыныш салатын да шығар. Автономия болуымызға, милиция құруымызға, қазына жинауымызға халықты қарсы құтыртушылар да табылатын шығар. Бірақ, халық ойлану керек. Бүгінгісін емес, келер күнін ойлану керек. Біздің арамызда Алаш тілегіне қарсы болатын кімдер екені белгілі. Бұлар екі түрлі. Бірі – қаны қарайған, ұлт намысы дегеннен бейхабар, жамандықты кәсіп қылып қал­ған ант ұрғандар. Бұлар аузы қисық бо­лғанын айнадан көріп, жамандығымды неге қостамайды, терісті неге дұрыстамайды деп жұрттың бәрімен қас. Бұларға елдің тыныштығынан бүлінгені керек. Жұрт тыныш болса, мұндайларға абырой жоқ. Осыны олар жақсы біледі. Екінші түрі – ел ішіндегі партия кұмарлар. Бұлар істеп жүрген істері жұртқа зиянды екенін ойламай, партия қуғанын, «баққа таласып жүрміз» деп адасып жүрген надандар. Егер жұрт, жұрттықты ойласа, партиясын, тым болмаса, уақытша қоя тұрып, бірлік-береке қылатын болса, Алаш аты бәйгеден келмей қалмас еді. Жоқ, жұрттық деген құр сөз бо­лып, әркім бетімен жайылып, «баққа таласып», баяғы Иванға шауып баратын болса, Алаш тілегіне қарсы болды деген осы. Алаш болып, шашау шықпай, Алаш Ордадан бас­қаны білмейтін болса, «жауымды мұ­қалтам» деп біреуге тура шаппайтын болса, өздігінен келіп бізді билеп кете­тін ешкім жоқ. Әркім өз басымен қайғы болып жатыр. Біз біреуге өзіміз шауып барып, өзіміз шақырып әкеліп, төбемізге ойнатып жүрміз. Бұл мінезіміз бұрын да белгілі еді, әсіресе, кешегі большевик заманында да көрінді. Енді, мұнан былай жұрттықты ойлап, бірлік қылатын болсақ, Алаш тілегінен басқаға алаң болмай, жұртқа ең пайдалы нәрсе – милицияның керектігіне көзін жеткізсек, жолымыз болғаны. Милиция неге керек? – Атасы басқа елдермен көрші болып отырмыз. Солардың бұзақылары бізге тимеу үшін керек.
– Ішкі губерниялардан күні ертең аш-жалаңаш босқындар келеді, солардың аяғының астында қалмау үшін керек.
– Ана жылғыдай оп-оңай алдына салып айдап кетушілер болмау үшін керек.
– Қазақ-қырғыз жерін оңай олжа қылғысы келгеңдерге шаңыраққа қара деу үшін керек.
– Автономиялы жұрт екенімізді жат елдерге көрсету үшін керек.
Бізбен туысқан мынау башқұрт халқы біздің үш бөлігіміздің біріндей-ақ. Осы күні осылардың әскері бар. Сондықтан, басқалар башқұртты елеулі ел көріп отыр. Әйтпесе, әскер жинап башқұрт еш­кім­мен соғысып отырған жоқ. Біз де соғыспаймыз.
Сөз байлауы сол, әскеріміз болмаса, қазынамыз болмаса, біз автономия ала алмаймыз. Автономия ала алмасақ, жұрт болмаймыз. Қайтсек жұрт боламыз дегенді ойласақ, жауап біреу-ақ, әскеріміз болса ғана жұрт боламыз.

Мадияр
«Қазақ» газеті, №258-265, 1918 ж.
ult.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста