Мәди және оның туыстары...
(Мәди Бәпиұлының туғанына 140 жыл)
Арқаның әйгілі күрескер ақын-композиторы Мәди Бәпиұлы 1880 жылдың 28 наурызында бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Едірей болысындағы Үшқара тауының баурайында (қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Мәди ауылдық округында) дүниеге келген. Аса көрнекті тұлғалар Қаз дауысты Қазыбек бидің (1667-1764) ұрпағы және Алшынбай бидің (1801 ж.т.) немересі бола тұра тартысты ғұмыр кешті.
Патша заманында да, кеңестік кезеңде де ноқтаға басы сыймаған тарпаң мінезді ақынның жігіттік шағы шырғалаңмен өткен. Қуғыншылар соңына түскенде елсіз мекендерді паналаған, жер аударылған, Қарқаралы, Қызылжар, Ақмола, Атбасар қалаларының абақтыларына қамалған. Тіпті 1908 жылдың қаңтар айында Павлодардың ақ түрмесінде де отырыпты. Сонда да беті қайтпай даланың Робин Гуды сияқты күн кешкен Мәди Бәпиұлымен азамат соғысы жылдарында ақ гвардияшылар мен қызыл әскерлер де санасқан.
Амал не, Арқаның әйгілі күрескер ақын-композиторы 1921 жылдың 1 ақпанында 41 жасында Қарқаралы түрмесінің алдында №5 милиция учаскесінің бастығы Андрей Жасановтың ту желкесінен атқан оғынан қаза тапты.
Алшынбай әулеті Ершаға деп атайтын Ермағамбет Қақабайұлы бастаған ағайын-туыстары және Әмен Сәдірбеков сияқты жолдастары мәйітін Камал Жайсақовтың үйіне әкеліп жаназасын шығарған. Мәдидің немере ағасы Қақабайдың кіші қызы Кенже апамыздың (1914-2002) айтуына қарағанда, моллалар марқұмды шәйіт деп танып, үстіндегі бешпентімен қоюға рұқсат еткен, тек басындағы тұмағы мен аяғындағы саптама етігін шешіп алу керектігін ескертіпті.
Боздақты Қарқаралы қаласының іргесіндегі Мәлік сайға жерлер алдында Ершағаң «түбінде белгі болар» деген уәжбен марқұмның алтын жүзігін шыны құтыға салғызып мәйіттің жанына қойғызыпты. Кенже Қақабайқызы: «Үй іші Мәдидің жылына орай басына барып құран оқыды. Бір еркек пен екі әйелдің ақ түсті ұсақ тастарды камзолдарының етектеріне салып әкеліп қабірдің бас жағына төккені есімде» – депті.
1963 жылы арнайы сапармен Қарқаралыға келген өнертанушы Әшімбек Бектасов басында белгісі жоқ қабірдің Мәдидікі екенін анықтау мақсатында қаздырған екен. Содан алтын жүзігі салынған шыны құты шығыпты. Сондай-ақ бешпентіне екі қатар қылып алты-алтыдан қадалған 12 күміс түйменің 11-і табылыпты. Осылайша, ақынның қабірі анықталып, басына құлпытас орнатылған.
Ершағаңның түр-келбеті Мәдиден аумайтынын екеуінің көзін көрген қарттардан естігенбіз. Бұл ұқсастықты біздің әулеттің үлкені Жұқан Қыдырбеков (1905-1972): «Ермағамбеттің бас сүйегіне Мәдидің бет терісін қаптап қойған секілді» – деп сипаттаушы еді.
Ал Мәдиді опат қылған қандықол милиционердің өзі екі айдан соң ажал құшқан. Зерттеушілер оны Мәдидің бәйбішесі пышақтап мерт қылған деген ойда. Біздің ақсақалдардың айтуына қарағанда, көп ұзамай Қарқаралы қаласын басып алған казак әскерлері Андрей Жасановты қылышпен шауып тастаған. Алба-жұлба болып жыртылып жалбыраған тонды астына салып алған казактардың бірі: «Мынау Мәдиді өлтірген Жасановтың тоны!» – деп еліре айқайлап, көшеде әрлі-берлі шапқылап жүріпті. Ақсақалдардың айтқаны шындық екен. 1921 жылдың сәуіріндегі Қарқаралы бүлігі құрбандарының тізімінде әлгі жендеттің де аты-жөні жазылыпты!
Сол сәуір айының екінші жартысында қызыл әскерлер Қарқаралыны бүлікшілерден босатып, қайтадан Кеңес билігі орнағанында Алшынбай бидің ұрпақтарын жазалау күрт өршіген. Әсіресе, Қақабайдың балалары қатты зардап шегіпті. Ермағамбет (1890-1976), Құлмағамбет (1892-1921), Ахметбекті (1895-1981) тұтқындап түрмеге жапқан. Құлмағамбетті атып тастап, қалған екеуін ұзақ тергеген соң босатыпты.
Рақымбек (1902-19??) Ресейдің Алтай өлкесіне қоныс аударуға мәжбүр болып, сол жақта дүние салған. Ахметбек Кемеров облысына шарасыз көшкен. Әйтеуір, 1965 жылы атамекені Үшқараға жақын Керекудің Баянауыл өңіріне келіп қоныстаныпты. Ермағамбет те шарасыздық салдарынан Кемеров облысында бірер жыл тұрып, ашаршылықтан кейін елге оралыпты. Айқожа 1937 жылы халық жауы ретінде атылған.
Мәди екі әйел алған, екеуі де Арғын тайпасы қаракесек руының қыздары. Бәйбішесі Қазидың әкесі Бекет Тоқайұлы Едірей болысын қоныстанған Бауыр Бошанның Сәдібек атасына жатса, кіші әйелі Динаның әкесі Бейсенқұл Нұрсейітұлы Асан атасынан тарайды. Ауылы Үшқараның түбінде, Мәди ауылының маңында орналасқан.
Аруақты ердің екі жесіріне Қақабайдың екі ұлы әмеңгерлік салтымен үйленіпті. Атап айтқанда, Қазиды – Айғожа (188?-1937), Динаны – Рақымбек алып, бірнеше перзент көрген. Әйтсе де, Қази әжеміздің өзі де, ұрпақтары да ашаршылық тауқыметінен я сырқат салдарынан көз жұмып, ошағы біржола өшіпті.
Дина әжеміз, шамасы, 1960 жылдардың соңында Алтай өлкесінің Благовещинск ауданындағы Тоғыз көл ауылында дүниеден өткен. Күйеуі одан бұрын көз жұмса керек. Олардың екі қызынан туған жиендері мен жиеншарлары Алтай өлкесінде көрінеді.
Айта кететін жайт, Дина Бейсенқұлқызының Рүстем, Қабыкей (1902-1990) деген бауырларының ұрпақтары Павлодар облысында тұрып жатыр. Әжемізді 1967 жылдың шамасында Қабыкей ақсақалдың үйіне келгенінде көргенмін, аққұба жүзінен жас кезінде өте көрікті адам болғаны байқалып тұрды.
Мәди ұстаған Құран кітабын Дина әжеміз осы бауырына беріпті. Қасиетті мұраны Павлодардағы Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі қызметкерлері Қабыкей атамыздан сұрап алған. Қазіргі кезде музей қорында сақтаулы.
Бәпидің бәйбішесі Әнипадан (бір деректе Күләнда) Мәди жалғыз еркек кіндікті екен, және Ұрқия, Мәпіш (Маһфруза) деген қыздар туыпты. Сонымен қатар, тоқалы Майжүректен Бейсенбек, Дүйсенбек деген ұлдары мен Рақима, Мәмпәсия, Шәкітай (Шәріпқайша) деген қыздары болыпты. Мәдидің өзі екі әйелінен де перзент көрген жоқ. Әйтсе де, соңында сұрапыл ашу-ызасы мен өксікті өкініш-мұңы атойлап тұрған асқақ рухты әндері қалды. Академик Ахмет Жұбанов: «Мәдидің «Қаракесегі» бүкіл қазақ халқының әнұраны десе болғандай. Мәдидің қазақ перзенті үшін орны бөлектігі де осындай ұлы шығармалар тудырған қайталанбас талантында» – деп жоғары бағалаған. Қазіргі музыка мамандары «Қаракесек», «Қарқаралы», «Үшқара», «Шіркін-ай» секілді туындыларын «қоғамға қарсылық әндері» деп бағалауда. Дегенмен, сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайға байланысты біршама туындылары жарыққа шықпаған, жоғалған, жойылған. Тек елеп-екшеуден өткізілген ән өлеңдері ғана идеологиялық тұрғыдан өңделіп жарияланғаны күмансыз.
Едірейдегі ағайынымыз, Қазыбек бидің ұлы Базаргелдінің ұрпағы Омаш Әукелұлы (1902-1981) бірде әкем Бақтан Қаниұлымен (1909-1995) әңгімелесіп отырғанында: «Мәди Кеңес үкіметіне қарсы өлеңдер де жазған. Сондай туындылар қолжазбасын ет жақын туыстары жұрттан жасырып сақтап, ақырында отқа жағып жіберуге мәжбүр болған» – деп, бір сырдың шетін шығарып еді. Бертін ол туысының Мәдидің немере інісі Ермағамбет екенін білдік. Қолжазбасы жойылғанымен, әлгіндей саяси лирикалары мен іс-әрекеттері жайындағы деректер мұрағатта сақталып қалуы мүмкін.
Мәди Бәпиұлының айналасында зиялы қауым өкілдері, шығармашылық адамдары, қоғам қайраткерлері, тіпті даланың көкжал жүректі жігіттері де жүрген, барлығы оны құрметтеген.
Ағайыны әрі жан жолдастарының бірі, Қазыбек бидің ең кіші інісі Үсеннің ұлы Құланшының ұрпағы Мұстақым Малдыбаев (1880-1927) – ағартушы-педагог, публицист, бірнеше оқулықтың авторы, Алаш партиясы Семей облыстық комитетінің мүшесі болған. Едірейде ел аузында «Мұстақым школы» аталған мектеп ғимаратын өз қаржысына салдырған. Мұстақымнан бастауыш білім алған балалардың арасынан кейін ұлттық-демократиялық көзқарастағы көптеген азаматтар шыққан.
Мұстақым 1921 жылы Қарқаралы түрмесінде жатқанда Мәди жанына туысы Қақабайдың Машырабы мен үш жолдасын ертіп жағдайын білуге барыпты. Бірақ түрме басшыларымен жанжалдасып қалып, соңы қайғылы қазамен аяқталған.
Мәди Бәпиұлының тағы бір ағайыны әрі жан жолдасы, Қазыбек бидің бес ұлының бірі Қазымбеттің ұрпағы, белгілі педагог, шежіреші Камал (Камалидден) Жайсақов (1882-1954) болған. Қарқаралы орыс-қазақ мектебі мен училищесінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновпен бірге қызмет істеген. Қазақтың тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермековке (1891-1970) математика пәнінен дәріс оқыған. Кәмпеске басталғанда қудалауға ұшырап, Көкшетау өңіріне қоныс аударыпты.
Демек, Мұстақым Малдыбаев, Камал Жайсақов тәрізді Алаш зиялыларымен сырлас, жолдас болған еркін ойлы ақынның Алаш идеясын дәріптеп, большевиктер саясатын сынайтын өлеңдер жазғаны күман тудырмайды. Солай бола тұра, мәдитанушылар күрескер ақын-композиторды «Жалынды революционер, Қарқаралы уездік совдепінің мүшесі, алашордашылардың қас жауы» қылып бейнелеген. Ғалымдар мен жазушылардың бір парасы Мәди Бәпиұлы мен оның немере ағасы Қақабай Алшынбаевтың (1835-1917) арасындағы дау-шарды сол кездегі саясатқа сәйкес тап тартысы ретінде көрсету амалдарын қарастырды. Қазыбек пен Алшынбай билер «езілген тапты қанаушы шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлар» делініп, ұрпақтары қудалауға ұшыраған кезеңде басқадай амал жоқ-ты.
«Арғы атам – әулие өткен Ер Қазыбек» – деп жырлаған айбынды ақын, көзсіз батыр, асыл текті бекзада Мәди түн жамылып жылқы ұрлауды сүйекке таңба түсірер ұятты іс санаған. Дегенмен, мыңды айдаған байлардың жүйрік аттары мен семіз жылқыларына көзі түссе, көңілі бұзылады екен. Алдымен, өздеріне барып қолқа салып, бұйымтайын айтқан. Ер жігіттің сөзін барлығы дерлік жерге тастамай, сұраған малын алдына салып берген. Өйткені, Мәдидің берсе қолынан, бермесе жолынан алатынын білген. Сөйте тұра, кейбіреуі «малымды ұрлады» деген сарында үстінен арыз түсірген, тіпті малы жоғалып кеткендер де шағымданыпты.
Мәди болса билер сотына барудан бас тартқан, шақырып келген шабармандарды сабап жіберген, билердің сыртынан шығарған үкімін мойындамаған. Он шақтысы жабылып байлап Қарқаралыдағы уезд бастығының алдына апарғанында арызданушылардың өздерін жалақор деп айыптаған! Абақтыға қамаса қашып шыққан.
Әйтсе де, бүкіл Семей губерниясын шулатқан бір барымтаға Мәдидің жанама қатысы болған көрінеді. XX ғасырдың бас кезінде Ертіс бойында шаруашылығын жүргізген отставкадағы генерал, ірі жер иеленуші Василий Серебрин жергілікті халыққа тізесін батырып, қысастық көрсетіпті. Қазақтар «Көк үй» деп атаған қонысының төңірегіне малдары жақын жайылған жергілікті тұрғындарға аяусыз дүре соққызған, қарсылық көрсеткендерін сот үкімінсіз атқызып тастапты.
Бұл хабарға Мәди бей-жай қарай алмай, қаракесектердің Алдияр-Күшік атасына жататын Қасен, Оспан Тұрсынбай ұлдары сияқты кәнігі барымташыларға хабар жіберген. Олар сойылгер жігіттерін атқа қондырып, В. Серебриннің қонысына қарама-қарсы, Ертістің екінші жағындағы (қазіргі Май ауданындағы) Көк шығанақ деген жерде жайылып жүрген қырық арғымағын айдап әкетіпті. Едірей болысы аумағына жеткенде қыл құйрықтың біразын кедей-кепшіктерге олжа ретінде үлестірген, бірнешеуін сойып, қалғанын Үшқараның сыртындағы Сарқасқа сорына қуып апарып қырып тастаған!
Осылайша, кек қуған барымташылардың кесірінен В. Серебрин асыл тұқымды жылқысынан айрылып, өтеміне берілген қазақы жылқыларды місе тұтуға мәжбүр болыпты. Осы тұста айта кетейік, оның өзі кәмпескенің алдында Қытайға қашып кетіпті де, асыл тұқымды қойлары мемлекеттің меншігіне өткен. Көк үй қонысының орнында кейін Лебяжі (Аққулы) ауданының Бесқарағай асыл тұқымды кеңшары құрылған. Айтпақшы, әлгі оқиғаны барымта деуден гөрі отаршылдыққа қарсы күрестің бір түрі деп бағамдау дұрыс шығар.
Ағалы-інілі Қақабай мен Мәдидің қарым-қатынасына оралайық. Екеуінің бір-бірімен келісе алмай, дауласқанын ешкім жоққа шығара алмас. Өкінішке қарай, зерттеушілердің кейбірі мал, жер, билік мәселелерінен туындаған даулы оқиғаның бояуын қалыңдатып, саяси реңк берді де ақын өмірбаянының ортасын ойып тұрып орнықтырды. Бұл жайт ағайындылардың ғұмырнамасындағы жарқын беттерді көлегейлеп абыройын түсірмесе, көтерген жоқ.
Біз бүгінгі күнге дейін Қақабайдың өнегелі істері жайында естісек те, жұмған аузымызды ашпадық. Қақаңның әуелде азан шақырып қойған аты Айқынбай екен. Бала кезінен мінезі қаталдау болған соң Қақабай атаныпты. Туған ағасы Жүсіп мырзаның қызы Ділданы алған Абаймен қатты сыйласқан және төреге де, қараға да сөзі өтетін өте беделді әрі әділ адам болған деседі. 1905 жылы Алаш қайраткерлері дайындаған Қарқаралы петициясына Едірей болысынан Омар Қондыбаевпен бірге Қақабай Алшынбаевтың да қол қойғанын енді біліп, қайран қалып отырмыз.
Егер Қақаң өз басының қамын халық тағдырынан артық көрсе, тікелей патша ағзамның атына жолданатын Қарқаралы петициясына қол қойып, нар тәуекелге бел буа ма?! Егер Мәди әкесінің туған ағасы Қақабайды ата жауы санаса, оның үлкен ұлы Машырапты соншалық әспеттей ме? Бұл жайында енді ғана ойланып отырған жайымыз бар.
Тағы бір таңқаларлық жайт, «Ақжол» партиясы төрағасының кеңесшісі, алаштанушы ғалым Амантай Шәріп жасаған Қарағанды өңірі Алаш қозғалысының қайраткерлері мен қолдаушыларының тізіміне Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев тәрізді тұлғалармен қатар Мақат қажы Ақайұлы, Хасен Ақаев, Қақабай Алшынбаев сияқты белгілі ел ағаларының да есім-сойлары еніпті. Бұл жеке зерттеуді тілейтін үлкен тақырып.
Сөз жоқ, кезінде аға буын өкілдері мынау фәни жалғанда бір-бірімен ұғыса алмай, тартысып өткен тарихи тұлғалардың бірін ақ түспен, екіншісін қара бояумен көрсетуге мәжбүр болды. Мәди мен Қақабай, Махамбет пен Жәңгір хан, Жаяу Мұса мен Мұстапа болыс, Шәкерім қажы мен чекист Қарасартов... Қайсы бірін айтайық?
Енді кейінгі толқын ар алдында да, дар алдында да тарихи тұлғалардың тағдырлары туралы ақ сөйлеуге тиісті.
Арман Қани