Ленинді жерлеуге Путиннің дәті бара ма?

Ленинді жерлеуге Путиннің дәті бара ма?

Ресей президенті Владимир Путин өзін патша бейнесінде дәріптеуге кетәрі емес. Бірақ, жүз жыл бұрын өлсе де, Путиннің өткен заманның құдіретті әміршілеріне ұқсауына кедергі келтіретін адам бар.
Кремльдің Екатерина залында Путиннің қолынан «Отан алдындағы ерен еңбегі үшін» орденін алған сәтте Владимир Жириновскийдің қос қолын көкке жайып: «Құдайым, патшамызды сақтай гөр! Даңқымыз үшін патшалық құр! Дұшпанымыздың құтын қашыратындай патшалық құр, православтар патшасы! Құдайым, патшамызды сақтай гөр!» деп жалбарынуы тіпті жұртқа оғаш қылықтарымен танылған адамның өзінен күтпеген қылық болып көрінді.
Видеода бұған Путиннің қандай реакция танытқаны көрінбейді. Марапаттау рәсімі Кремльдің нұсқауымен өткен Мемлекеттік дума сайлауында биліктің «Единая Россия» партиясы тарихындағы ең үлкен нәтижеге жеткеннен кейін төрт күннен соң - қыркүйектің 22-сі күні өткізілген. Бұл партияға конституцияны қалауынша, мысалы президенттің өкілеттік мерзіміне қойылатын кез-келген шектеуді алып тастап, Путин қызметінде өмір бойы қалатындай етіп өзгертуге мүмкіндік береді.
Әлгі империялық дұға Жириновскийдің аяқ астынан ойлап тапқаны ма, жоқ әлде Кремльдің қалауы ма – ол жағы беймәлім, бірақ ол Путин соңғы 17 жыл бойы қалыптастыруға тырысып келе жатқан орыс патшасының бейнесімен жақсы үйлеседі. Бұны оның стратегиясынан да, нақты нәрселерден де – Кремльдің сән-салтанатты интерьері мен Сочидегі жазғы резиденциясынан бастап, күтпеген жарлықтар мен отставкалардан немесе көп сағаттық «тікелей желілерінен» де байқалады. Путин жасқаншақ олигархтар мен парықсыз бюрократтарға ұқсамайтын, ресейліктердің үміт артар жалғыз тұлғасы болғысы келеді.
Ол әсіресе үшінші президенттік мерзімінде сыртқы саясатта да өзін патшаға тән сенімділікпен ұстады. Қырымды басып алуды ол тарихи әділдіктің салтанат құруы және екінші Екатерина патшайымның жеңістерін жаңғырту деп жариялады. Бұл Батыс елдері басшыларына Ресей Еуропадағы және одан тысқары жерлердегі ықпалын күшейте бастады деп қыр көрсету еді.
Бірақ Путин-патшаның бейнесіне селкеу түсіретін әрі бүркемеле қиын соғатын бір жайт бар - Кремльдің тура іргесіндегі мавзолейде патша отбасын тұқым-тұқиятымен атып тастауға бұйрық берген Владимир Лениннің бальзамдалған сүйегі жатыр. Совет заманында Лениннің есімімен аталған қалада туған, 16 жыл КГБ-да істеген Путинді орыс патшаларының жалғасы ретінде тіке сызықпен жалғауға осы жайт мүмкіндік бермейді. Ленин және Путин-патша образдарының үйлесімсіздігі мамырдың 9-ы күнгі парад кезінде тіпті анық байқалады. Бұл күні мавзолейді декорациялармен көлегейлеп, көзден жасырады, ал президент совет тарихындағы басты оқиға - фашизмді жеңу туралы салтанатты сөз сөйлейді.
Жаңа Ресей құру жолында Путин патшалық дәуірден де, совет кезеңінен де көп дүниелерді пайдаланып жатыр. Оны «билігін нығайту үшін советтік, тіпті сталиндік әдістерді жаңғыртты» деп көп сынайды. Бірақ ол ғұмыры қысқа әрі ала-құла болған советтік эсперименттен гөрі өз бейнесін ұзақ билік құрған Ресей монархиясымен байланыстыру үшін көп нәрсе істеді. Бұған қоса, совет өкіметінің 70 жылдық билігі көтерілістен бастау алған, ал Путин көтерілісті өз режимі үшін ең басты қатер санайды.
«Еліктеу үлгісі ретінде совет заманы емес, патшалық Ресейді алу керек деген идеяның айтылып келе жатқанына көп жыл болды. СССР-дің күйреуін «20 ғасырдың ең үлкен геосаяси апаты» деп атаған Путин енді бірде 1917 жыл туралы да дәл солай деп жүрмей ме деген сауал туады» дейді Прагадағы халықаралық қатынастар институтының жетекші саяси сарапшысы Марк Галеотти.
Лениннің сүйегін жер қойнына тапсыруға шақырған ұсыныстар жиі айтылады, прагматикалығымен танымал Путин мұндай мүмкіндікті баяғыдан ойластырып жүруі де ықтимал. Октябрь революциясының 100 жылдығы бұған жақсы сылтау болуы мүмкін. Ең кемі, қоғамға «революция жақсылыққа әкелмейді» деген белгі беріледі. Былтыр қаңтарда Путин «Ресей деп аталатын ғимараттың іргесіне атом бомбасын» қойғаны үшін Ленинді сынап, репрессия үшін большевиктер үкіметін айыптаған.
Өзгелер тіпті әріге кетті. Қазір мемлекеттік дума депутаты, бұрын Қырым прокуроры болған Наталья Поклонская Ленин, Гитлер және Мао Цзедунды «ХХ ғасырдың зұлымдары» деп атады. Әсіреұлтшыл Владимир Жириновский Мәскеудегі Ленин даңғылын Иван Грозныйдың құрметіне атауды ұсынған.
Желтоқсанның 1-і күні Федералдық жиында сөйлеген сөзінде Путин төңкерістердің бәрі «адамдардың трагедиясы мен құрбандыққа, құлдырау мен бүліншілікке соқтырады», революция кесірінен «Ресейде трагедияға тап болмаған отбасы жоқ» деп мәлімдеп, оны қайталауға тырыспауға шақырған.
Путиннің революциядан қорқуының енді бір себебі - кейінгі 13 жылда халық толқулары нәтижесінде бұрынғы үш советтік республика – Грузия, Қырғызстан мен Украинада үкімет биліктен қуылды. Ресей билігі оларды АҚШ арандатты деп санайды.
Сарапшылар пікірінше, Путиннің президенттік сайлауға қайтадан қатысу туралы шешімі мен парламент сайлауындағы көптеген бұрмалаушылықтар туралы деректер түрткі болған 2011 жылғы желтоқсанда Мәскеудегі наразылық шерулерінен Путин қатты шошыған. Наразылық толқуларының бәсеңдегенін күткен Путин 2012 жылы мамырда Кремльге алты жыл мерзімге қайта оралды және өзімен келіспейтіндерді басып-жаншуға кірісті.
Қазір Путин 2018 жылғы мамырда өтуі тиіс келер президенттік сайлауға түсуге дайындалып жатыр. Ол сайлауға қатысады әрі жеңеді деген болжам бар. Бірақ оның ант бергеннен кейінгі болашағы бұлыңғыр болмақ. Конституция 2024 жылы 71 жасқа толатын оның үшінші мерзімге сайлануына тыйым салады.
Сайлаудан бірер ай бұрын Лениннің сүйегін жер қойнына беру қатаң қадағаланатын саяси процеске әлдебір серпін берер еді. Галеоттидің пікірінше, Путинге бұл әрекет Ресейде қалған жалғыз тәуелсіз үлкен саяси күш әрі басшылардың жаңа буыны келіп, жақтастары көбейсе қайта түлеуге қабілетті коммунистік партиядан төнетін қатерді тойтаруға көмектеседі. «Бұл Кремль бәрін бақылауда ұстап отыр, ол алға басып келеді, ал өткенді ұмытатын кез жетті деген емеурін болар еді» дейді ол.
Бұған қоса, Ленинді жерлеу Путиннің советтік өткеннен қол үзген әмірші ретіндегі тарихи рөлін көрсетер еді. Ол ұлт әкесі ретінде Лениннің орнын басып, ресейіктерді әлі күнге дейін қолынан келмей отырған жалпыұлттық идея айналасында жұмылдыра алар еді.
Іс жүзінде бұл конституцияға Путиннің 2024 жылдан кейін де билікте қалуына мүмкіндік беретін өзгерістер енгізуге немесе өзге ресми қадамдар әзірлеуге негіз болар еді. Егер Путин саяси сахнадан кетуді жөн көріп, Ресейдің саяси жүйесіндегі институттар рөлін күшейткісі келсе Лениннен құтылу бұған символдық түрткі болады.
Бірақ мұның қатерлі жақтары да бар. Ленинді мавзолейден шығарып, жерлеу керек деген үндеулер 1991 жылы СССР құлаған сәттен айтыла бастаған болатын. Левада-центр ұйымының сауалнамасына сәйкес, Ленин Қызыл алаңда қалуы тиіс деген ұсынысты 2013 жылы ресейліктердің 25 пайызы ғана қолдаған. Бірақ Кремль совет заманын көксейтіндерді ренжітіп алудан баяғыдан қорқады әрі 1995 жылғы сайлауда жеңген, ал өзге сайлауларда парламентте үнемі екінші партия болып келе жатқан коммунистердің шамына тигісі келмейді.
Большевиктер 1918 жылғы шілдеде Ипатьев үйінің жертөлесінде атылған екінші Николай патша мен оның отбасын халық азап шегуші деп жариялап, наразылық символына айналдырып алады деген оймен олар жерленген жерді жария етуден қорыққан. Постсоветтік басшылар да Кремльдің солшыл сыншыларына қосымша дәлелдер бермес үшін Лениннің сүйегін мавзолейден шығарғысы келмейді.
«Путиннің жұмбағы: ресейлік билікке табынудың ішкі сыры» («Загадка Путина: внутри российского культа власти») деген кітап авторы Анна Арутюнян Азаттықтың Орыс қызметінің «Билік вертикалі» подкастының қараша айындағы шығарылымында Путин «диюді құмырадан шығарып жіберуі» мүмкін кез-келген қадамнан аулақ болады. Мұндай эмоциялық қадам қарама-қарсы әсер беріп, коммунистік партияны қолдаушылар қатарын азайтудың орнына, көбейтіп жіберуі мүмкін» дейді.
Бірақ Марк Галеоттидің пайымдауынша, Ресей үкіметі «Лениннің сүйегін жерге көму - жаман, жақсы болсын Ресей тарихында маңызды рөл атқарған адамның алдындағы соңғы парызымыз» деп мәлімдеп, бұл қатерлерді тоқтатуы мүмкін.
Ресей билігі өкілдерінің сөз ыңғайы Путин Октябрь революциясының 100 жылдығын ұлтты ұйыстыру үшін пайдалануды жоспарлайтынын аңғартады. Бірақ ол Ленинді жерлеуге әлі ерте деп есептеуі мүмкін. «Ленин жағымсыз реакция тудырғанымен, әлі мавзолейде жатыр, оны ол жерден жуық арада шығаратынына күмәнім бар» дейді Анна Арутюнян.

azattyq.org 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста