"Кеңгір көтерілісі"
«Халық жаулары мен шпиондарды» індете іздеген кеңес заманындағы сталиндік қатқыл жүйе қазақ даласында да саяси тұтқындар лагерін қаптатып жібергені белгілі. ГУЛАГ жүйесіне қарасты Қарағанды облысының өзінде Степлаг (Дала лагері), Карлаг, №4 Особлаг (Ерекше лагерь) сияқты тұтқындарға арналған үш үлкен лагерь болды. Жезқазғанда орналасқан «Степлагтың» бірінші бөлімшесі алғашқы кеніштерден ауыр жағдайда кен қазуға жұмылдырылды. Сондай-ақ, Степлагтың Рудникте, Кеңгірде бөлімшелері орналасты. Кенді құрғақ жағдайда, шаң-тозаңның қалың ортасында бұрғылаған тұтқындар ауыр жұмыстан силикоз бен туберкулез ауруына тез шалдығатын. Ауырған жағдайда оларды Спасскідегі жарамсыздардың лагеріне жөнелтуші еді. Топырлап өліп жатқандарда есеп жоқ. Осы оқиғаларға куә болған жандардың қазірде ұрпақтары бар. Саяси тұтқындар қатарында «Степлагта» он жыл отырған Екатерина және Иван Дик, Лилия Летчер, Зинаида Кассель осы бертінге дейін өмір сүрсе, ақын Юрий Грунин қалған бүкіл ғұмырын Жезқазғанда өткізіп, жақында ғана қайтыс болды. Ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері де аз емес.
Ты хотел от земли
Долгожданных всех благ.
А тебя привезли
К каторжанам в Степлаг.
И внушают: «Умри,
Бездыханным здесь ляг», –
деген шумақтары тұтқындардың аузында жүріпті.
Жезқазған жеріндегі Степлагта өмір жолдарында әртүрлі жағдайға ұшыраған жандар болған. Саяси көзқарастары үшін, тіпті, еш жазықсыз сотталғандармен қатар, шын сатқындар, бандеровшылар, сондай-ақ, кәнігі қылмыскерлер де отырған. Олардың барлығы өңірдегі шахталар мен өндіріс орындарын қатарға қосу үшін ауыр жұмыстарға жегілді. Тегін жұмыс күші ретінде пайдаланумен қатар тұтқындардың тұрмыс жағдайы да жетісіп тұрмаса керек. Оның үстіне қит етсе жазалау, қосымша жыл қосып беру дағдыға айналған. Өздерінің қосалқы шаруашылықтары, кеңшарлары бар лагерь жүйесі «мемлекет ішіндегі мемлекет» сияқты өмір сүрді. Лагерь әкімшілігі еркін жағдайда қара жұмысқа шығарылғандарға тұрғын үй берді, некеге тұру мен айрылысу рәсімдерін жасап, туу туралы және өлгені туралы куәліктерді өздері берді. Степлагтың өз әскері, прокуратурасы мен сотына дейін жеке болды. Сондықтан, көрген қорлықтары туралы ешкімге шағымдану мүмкін емес еді. Әйелдер жағы көрген зорлықтары мен әділетсіздіктерін парақшаларға, төсек жаймасының қиындыларына, барақ қабырғаларына жазып, одан әрі жазаға ұшыраған кездері де болыпты. Осы жағдай ушыға келе лагерьдегі үлкен толқуға әкеліп соққан.
Сол кездегі Кеңгір қалашығына орналасқан Степлагтың үшінші бөлімшесіндегі саяси тұтқындардың бас көтеруімен 1954 жылы 16 мамырда басталған көтеріліс тура 40 күнге созылған. «Кеңгір көтерілісі» деген атпен тарихқа енген бұл оқиға кеңес лагерьлеріндегі ең ірі толқуға айналып, соңы айтарлықтай қайғылы жағдайлармен аяқталған еді. Сол кезде лагерьде 5392 тұтқын болса, оның 43% әйелдер болатын. Тұтқындардың 72% отанына опасыздық жасады деп және басқа да саяси көзқарастары үшін айыпталғандар. КСРО Ішкі істер министрлігі лагерьлерінің бас басқармасы сол жылдың сәуір айында бірнеше рет сотталған кәнігі қылмыскерлерді осында әкелуі жағдайдың ушығуына түрткі болған. Олар ұлтшылдардың белсенді қолдауымен 17 мамыр күні еркектер тұрағы мен әйелдер тұрағының арасындағы бөліктерді бұзып, шаруашылық ауласы мен әйелдер зонасына басып кіреді. Лагерь әкімшілігінің тәртіп орнатпақ болған әрекетіне тұтқындар жаппай қарсылық көрсетеді. Жағдайды бұзақылыққа қарай ушықтырмай, өз талаптарын қою ниетімен Кеңес Армиясының подполковнигі болған, осы кезде босап шығуға жақын қалған К.Кузнецов көтеріліс тізгінін өз қолына алады. Сонымен қатар, Э.Слученков, Г.Келлер, М.Шиманская, А.Михайлович басқарып «лагерь комиссиясын» құрады. Олар тұтқындар жиналысында қабылданған кесімді талаптарын ІІМ Степлаг басқармасының бастығына жолдайды, Мәскеуден комиссия келуін сұрайды. Комиссия келгенше жұмысқа шықпауға, лагерь әкімшілігін өздері тұратын аймаққа жібермеуге шешім қабылдайды. Көтерілісшілер штабы СОКП Орталық Комитетіне дейін жіберген шағымдарында лагерь әкімшілігінің бетімен кетіп, тұтқындарды қорлайтындығы, күніне 10 сағаттан адам төзгісіз жағдайда жұмыс істейтіндігі, тұрмыс жағдайы мен тамақтың өте нашарлығы туралы ашына жазады.
Жоғарғы жақ комиссия жіберу орнына, Ішкі істер министрі, генерал С.Круглов, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы И.Серовпен және бас прокуроры Р.Руденкомен бірлесіп бас бостандығынан айрылғандардың көтерілісін күшпен басу жөнінде шешім шығарады. Жезқазғанға құрамында бес «Т-34» танкісі бар жаяу әскер бөлімін жібереді. Сөйтіп, 26 маусым күні қапастағы қарусыз жандарға қарсы таңғы сағат 3-те кең көлемді қарулы операция басталады. Әуелі, Кеңгір лагерь бөліміне Степлагтың екі әскери күзет дивизионы енгізілді. Жалпы алғанда көтерілісті басуға 1600 әскери адам, 98 ізшіл ит, 3 өрт машинасы және тосқауылдарды бұзатын 5 танк қатыстырылыпты. Тұтқындар таң алдында танкінің дыбысын естімесін деген жоспармен жақын жердегі теміржолмен бірнеше паровозды ерсілі-қарсылы жүргізіп қояды. Көтерілісшілердің қарсылығын басу кезінде олардың қолынан 22 адам босатылып, 37 адамның мәйіті табылған, 61 тұтқын жарақат алып, оның біразы госпитальда көз жұмды. Өкіметке белсенді қарсылық көрсеткені үшін деген айыппен 400 адам абақтыларға жабылды, 1000 тұтқын қиырдағы Дальстрой мен Озерный лагерьлеріне жіберілді. Көтеріліс басшылары тұтқындалып, сотта ату жазасына бұйырылды. К.Кузнецов ату жазасына кесіліп, кейіннен 25 жылға еңбекпен түзету лагеріне алмастырылды.
Міне, «Кеңгір көтерілісі» деген атпен тоталитарлық жүйені дүр сілкіндірген Степлагтағы бұл қырғын туралы мұрағатта бар деректердің ұзын-ұрғасы осы деңгейде ғана. Ал, оның әлі де ашылмаған құпиялары, қамтылмаған деректері болуы мүмкін. Саяси тұтқындар көтерілісіне биыл 60 жыл толып отыр. Бұл көтерілістің басты жеңісі Степлагтың біртіндеп таратылып, оның тұтқындарының мәжбүрлеп істейтін жұмысқа қалдырылуы болды. Милицияға белгіленіп тұрғанымен, олар әйтеуір, еркіндіктегі адамдар қатарына қосылды.
Жезқазған мыс зауытының сыртында лагерь үйлерінің қалған ескі үйінділері әлі де көзге шалынады. Оны көрген сайын бас еркінен айрылып, еріксіз еңбекке жегілген мыңдаған жандардың қасіретті тағдыры ойға оралады. Қуғын-сүргіннің қым-қуыт ізі жатыр бұл топырақта.
Амандық РАХҰЛЫ