Фурмановты түзеген Мырзахан

Фурмановты түзеген Мырзахан

немесе шақпақтас қайтіп кремний, «Шақпақата» қалай «Кременевка» атанды?

Революционер, «қызыл комиссар», саяси жетекші, журналист, жазушы Дмитрий Фурмановтың есімі Кеңес Одағының дәмін татқан әрбір азаматқа етене таныс. Кеңес дәуірі қанша дүрілдесе, Чапаев пен оның көмекшісі Петька, пулеметші Анка туралы сонша дүрілдеген танымал әзіл әңгімелерді кім білмейді, тіпті… оны кім айтпады?! Ал енді шын мәнінде сол бір отандық ең танымал әрі ел арасында ең көп айтылатын халықтық анекдоттың алғашқы айтушысы сол Фурмановтың өзі екен дегенге сенер ме едіңіз? Жә, бұл басқа әңгіменің желісі. Біздің айтпағымыз, сол қызыл комиссар Дмитрий Фурмановтың Қазақстандағы күндері. Ол 1920 жылы Ташкентте Түркістан майданының саяси жетекшісі болып тағайындалады. Дәл сол тұста кеңестік саясат есігінен енді ғана сығалай бастаған Алматыда (Верныйда), әскери гарнизонда бүлік шығады. Олармен жекелеп әңгіме өткізуге тапсырма алған саяси жетекші шұғыл түрде Ташкенттен Алматыға аттанады. Ұзақ жолда – Шақпақ асуынан асқанда Жуалының атақты боранына ұрынып, кідіреді де қалады. Ол кездегі теміржол Бурныйға (қазіргі – Момышұлы ауылы) жетіп тұйықталып тұрған кез екен. Жолға жарамды ат тауып, шанаға жеккенше, бір соқса ұйытқып жеті күн соғатын Жуалының бораны жолын бөгеген комиссар терісіне сыймай басын тасқа да, тауға да ұрады. Мәскеуден 4 мың шақырым алыста таулы алқаптың ақтүтек боранына оранып, амалсыз жолдан қалған кешегі оңшыл эсэр, оның ойына сонда не келіп, не кетпеді?! Өзінің «Бүлік» атты романында Дмитрий Фурманов Ташкенттен «жаз жайнатып, күн күлдіріп» келіп, Бурныйда бүрсеңдеп отырып қалғаны туралы тәптіштеп жазады…
* * *
Біздің ауылда Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекеттік қарсы барлау қызметінің «Смерш» басқармасында қызмет еткен Молжігіт Құлжабаев есімді атамыз тұрды. Өмірінің ақырына дейін Шақпақата ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Әрдайым ойы тұнық, жаны жайсаң, тәні сергек жүретін қария 80-нен асқан жасына қарамастан таудан құлаған Тастақсай-Шақпақ өзенінің тастай суына таңертеңгілік бір сүңгіп алып, шар болаттай ширығып жүрер еді. Айтқан әңгімесі қандай тұшымды! Басына ма­йыстырып ши қалпақ киіп, мойнына қысқа қара галстук байласа – аумаған еуропалық, бөрік кисе – азиялық, ал енді тақия қисе табан астында қазақ бола кететін ағамыздың болмысындағы осынау қимылына сай келіп тұратын бесаспап қабілеті күрделі қызметінде талай кәдеге асқан-ау деп таңданатынбыз. Польша мен Маньчжурия арасын сан рет жол қылған құпия қызмет агентінің ерлік істерінің шет жағасын жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет екеуміздің естігеніміз бар-ды. Атамыздың көп сыры ішінде кетті…
Бірде Молжігіт көкем екеуміздің жолымыз Бурныйдың автовокзалында түйісіп, ауылға бірге қайттық. Ауданның әр бұрышына авто­бус осы бекеттен аттанатын болғандықтан да көрсеткіш баған басына ілінген темір қаңыл­тырларға елді мекен атаулары иін тіресіп орыс­ша жазылып тұратын. Кантемировка, Сам­соновка, Алексеевка, Зыковка, Петровка, Кастальевка, Столыпинка, Андреевка, Креме­нев­ка… Осылай кете береді, кете береді. Сол жаз­баларды сұқ саусағымен нұсқаған атамыз: «Біздің Шақпақатаның неге Кременевка атан­ға­нын білесің бе?» деді. Жауабымды күтпей «Ілгеріде, 20-шы жылдың қысында Ташкенттен Алматыға жол тартқан Дмитрий Фурманов біз­дің ауылдың боранына ұрынып, Бурныйда аз-кем күн кідірген. Қимылсыз қарап жатуды қор­лыққа балаған большевик жергілікті ат­қару комитетінің ісіне араласып, бірқатар ауылдардың атын өз бетінше түзеген…» Ақ­са­қалдың сөзін бөлмедім. «Тілмаш арқылы: «Мынау ауылдың аты неге Шақпақ?» деп сұраса, тілі жеткендер бұл жердегі өзен бойында кәдімгі бір-біріне соққыласа ұшқын шығаратын аппақ тас көп, содан соң, бұл әулие Шақпақ ата жатқан жер деп түсіндіреді. Сонда әлгі комиссар жарықтық «шақпақтас, яғни кремний, Шақпақата, яғни, Кременевка» деп жерден жеті қоян тапқандай қуанған екен дейді. Ескіше оқығандар араласпай, шала сауаттылар дымға түсінбей бас изесіп, кеңестік өкілдің айтқанымен келіскен де қойған…»
Кеңестік саяси қайраткер Дмитрий Фурмановтың болмысына деген әуестік менің бойымда сол кезден басталған. Жазушының баршаға әйгілі «Чапаев» романының бетін ашпағанмен, киносын бала кезден сан рет көріп өстік. Ал… «Бүлік» романын әлденеше рет парақтап шығуға тура келді.
* * *
Ақын, жазушы, журналист, композитор, әнші… Бір адамның бойына жұғыстырып табиғаттың берген осыншама сыйын қалай салмақтап көрсеңіз де өз еркіңіз! Жо-жоқ… бұл жолғы әңгіме Дмитрий Фурманов жайлы емес! Бас редактор, ономастика бөлімінің бастығы, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасары, ақпараттық-сараптамалық орталықтың директоры… Алқалы топ мінбеге кезектесе шығып, жігіт ағасының атқарған, атқарып жүрген қызметі туралы тізіп, майын тамызып айтып жатты, айтып жатты. Алматының төріндегі қасиетті қара шаңырақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің үлкен залына жиналған халық Жуалының жайсаңына ат мінгізуге дейін барды. Еңбегі бар, атқарған қызметі лайықты. Жұрт білмеген соң да… бір жайтты ұмытты, бәрі оның тума дарын екендігіне көбірек көңіл бөлетін секілді. Сонда: «Ол – атақты комиссардың ісін түзеген Ахметов қой», деген бір ауыз сөз менің көмекейімде бүлкілдеген күйінде сыртқа шықпай қалды-ай…
Мырзахан Ахметов дәл Дмитрий Фурманов секілді саяси жетекші болмағанмен, жергілікті жердегі идеологиялық іс-шараларға белсене қатысқан беделді азамат. Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары Мырзахан Жуалыдағы екі тілде шығатын «Жаңа өмір» газетінің редакторы еді.
– Айналдырған 2-3 жылдың ішінде құй сен, құй сенбе – аудандағы 52 ауылдың 47-сіне байырғы өз атауын қайтарып бердім, – дейді Мырзахан қызбалана сөйлеп. – Күйгенде өзімнің көкелерімнен күйдім ғой… Бір күні Қырғызстанмен шекарадағы Андреевкадан, кіл қазақтар тұратын ауылдан тұрғындар келіпті. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «Ол не, ауылдың атын өзгерту деген, бізге Андреевка атауы ұнайды…» дейді. Андреевкадан айырылса, күллі ауылы жер бетінен жоғалатындай-ақ қамығып тұр. Бір сағат лекция оқыдым. Аудандағы Алатау ауылы дүниеге жаңа атаумен осылай келген! Жұрт кеткенде, «үһ» деп отыра кеттім. Шаршағаннан емес, әрине! Айдауға жүріп, айтқанға көніп, әбден көнбіс болған халықтың момындығына қамықтым. Бұрынғыға көзі де, құлағы да, еті де үйренген. Болмаса, тегі сол ескі ауылда өзге бір ұлт өкілін іздесең емге таппайсың…
Қалай десек те, Мырзахан Ахметов – Тәуелсіздіктің елең-алаңында атқа асығып мінген атпал азаматтардың бірегейі. Алдымен «Атам заманнан кіл қазақтар тұратын ауылдар­дың атауы неге орысша!?» деген тақырыппен «Егеменге» – Шерхан Мұртазаға, Жоғарғы Кеңеске – Өмірбек Байгелдіге хатты үсті-үстіне жазады. Ондағысы – ол екеуі де Жуалының жайын жақсы біледі! Облыста, ауданда атқа мініп жүрсе де көлеңкесінен қорқатын Ахметовтің бәзбір ағалары «елді дүрліктіресің» дегеннен аса алмайды. Бірақ, алғыр ақын алған бағытынан қайтпайды. Газетінің беті – тек қана жер-су аттарын өзгертуге шақырған үндеулермен толады… Бір күні Мырзаханды Жуалы аудандық атқару комитетінің төрағасы Николай Кононенко шақырады. Барса ашулы екен. Қып-қызыл. «Мырзахан, – дейді төраға, – ел аман, жұрт тынышта селолардың атын өзгерту деген пәлені шығарған сенсің, енді аяғына дейін өзің жеткіз. Мені араластырма… Мен картоп жинаймын ба, ауылдың атын өзгертем бе?..» деп булығып барып тоқтайды. Төрағаның келісімін алған Ахметовтің екінші тынысының ашылғаны сол тұс.
– Қуанғаннан тымағымды аспанға аттым. Сергей Николаевич Носиков деген өмір-бақи жер комитетінде істеген, жасы зейнеткерлікке таяған, қазақшаға бір кісідей көсілетін қарт досым бар еді. Қасыма отырғызып аламын да бірінші ауылға барып, жиналыс өткіземін. Жер-су аттарына қатысты құжаттарын қаншама жыл бойы астына құр басып отырмаған екен Сергей қария. Жарады! Өзі бүкіл Жуалының бұрынғы-кейінгі жер-су атауларын, тарихын керемет білуші еді. Ауылдың атын өзгертеміз деген жиналыста қарсы шыққан біреу-міреу болса: «Ал жарайды, сөзді Сергей Николаевичке берейік, құжатпен сөйлесін», деймін. Иманды болғыр, сондай сабырлы, жылы ғана жымиып қоятын, көп сөйлемейтін азамат еді. Талайдың аузына құм құйды. Сергей барда не қам бар, ары қарай, келесі ауылға тартамыз да кетеміз…
* * *
Аудандағы жер-су атауларына қатысты әңгімеде Дмитрий Фур­манов­тың есімін екінші рет Мырзаханның аузынан естідім.
– Шақпақты – Кременевка, Бақалыны – Бурно-Октябрька, Қарасазды – Петровка деп қызыл комиссардың өзі қойған екен дегенді мен де үлкен кісілердің аузынан талай естігенмін. Бірақ, ешқандай құжат жоқ. 20-шы жыл. Құжат түгілі елдің орысша да сауаты жоқ кез емес пе?! Оның үстіне арада жүз жылдай уақыт өтіп кетті… Мәскеу мен Алматының тарихы емес, Жуалының тарихы кімге керек болды дейсің? Көзі тірісінде Сергей Николаевичтен сұрағаным бар: «Осылай да осылай, революционер Фурманов біздің ауылдарды орысшалап кетіпті ғой», деп. «Иә, мен естігенмін, бірақ ауылдардың бәрін емес…» дейтін жарықтық өзінің қандасы үшін ақталғандай кейіп танытып.
Дей тұрғанмен, осы Дмитрий Фурмановқа өзімнің бір сүйсінетін де жайым бар. Жолжазба тектес «Бүлік» романында Жуалының бора­ны­нан басқа ауыл-аймағы туралы тіс жармағанымен, ауданнан шыға бере Алматыға дейінгі жол бойындағы бекеттердің қазақша атауларын сол жылдардағыдай қаз-қалпында жазып қалдырыпты. Мені таңғалдырғаны да осы. Күйік (Каюк) асуынан бастап Аса, Әулиеата, Үшбұлақ, Ақшолақ, Ақыртөбе, Меркі, Шу, Қарабалта, Шалдабар, Қордай, Қаскелең, Алматы (Верный) дей келіп, қай жерде ат ауыстырғанын, қай жерде жайлы жатқанын тізіп жазады. Алматыдан Шелекті басып өтіп Сөгетіге дейін барғаны да параққа түсіпті. Жетісудағы революциялық ұяның белсенділері туралы айтқан бір жерде Жандосов, бір жерде Жарболов деп шатасатыны да кездесті…
Мырзаханның ерлігі – ерлік-ақ. Бүгінгі Жуалы­ның халқы ауылының аты сол тұста­ғы аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газеті­нің редакторы, одан кейінгі ономастикалық ко­ми­теттің төрағасы болып жүргендегі Ахметовтің қайсарлық ісі екенін ұмытқан да емес. Бірақ, кө­бінің Фурмановтың қаламынан туған аудандағы орысша жер-су атауларынан хабары жоқ. Айтпақшы, 1992 жылы Жуалы аудандық кеңесінің сессиясында сеңді бұзып қазақша баяндама жасаған да осы депутат Мырзахан Ахметов!
Талай-талай халықтық істі тындырып тастап бүгінде Алматының төрінде Абай атасының атындағы университетте үлкен бір орталықты басқарып отырған Ахметовте арман бар ма?! Бар екен!
– Жарайды, мен қызыл комиссардың саяси қатесін түзедім-ақ. Оның өз қолымен жазып қойған атауларын өз орнына қайтардым. Мектептерге не жорық десеңізші…
Шерағаңның інісі «шамның жарығының түбіне түспегеніне» күйінеді.
«Аудан орталығын қосқанда 47 ауылдың атын өзгерткенмен, сол ауданның орталы­ғын­­дағы екі мектептің атауын жаңалауды ұмы­тып­пын!.. Одан бері де талай әкім ауысты. Бә­рі­не де ескертіп келемін, еститінім, бір-ақ ауыз сөз: «Ой, Мырзеке, жет­пей тұрғаны сол­ ма…» деп өзіме кейиді. Аудан орта­лығы Бауыр­­жан Момышұлы ауылындағы үл­кен екі мек­теп – Орджоникидзе мен Герцен атын­­да. Шә­кірттерден барып тұрып: «Герцен кім? Ор­джо­­никидзе кім?» деп сұрағанымда, «ғарыш­кер… де­путат» деп айтқандарын өз құлағыммен естідім…
* * *
Алдымен эсэр болып, кейіннен қызыл комиссар атанған Дмитрий Фурманов пен жуалылық ақын Мырзахан Ахметовке қатысты әңгімемізді осымен тәмамдар да едім-ау, бірақ… Таяуда әлеуметтік желідегі елеусіз бір жаңалыққа назарым ауды. Тағы да Фурманов!.. Ондағы бейнеленген суреттің сөзіне былай деп жазылыпты: «Медеу, 1954 жыл. Бұл жерде алғаш рет 1920 жылы демалыс алаңы ашылды. Оны ұйымдастырған жазушы, комиссар Фурманов еді. Ол Медеу атауын орыс тіліне ыңғайлап алғаш рет «Медео» деп түзетті. Бұған дейін шатқал атақты меценат-ағартушы Медеу Пұсырмановтың атымен аталатын…».
Демек, Дима ағаңыз таулы әрі қарлы өңірлерге аяқ басқанда жер-су атауларын өзгертуде алдына жан салмайтын ұшқыр болып шықты! Әлде, ызалы комиссардың көз алдына үнемі мұрты ширатылған комдив… түсініксіз тілде сөйлейтін Ташкент.. ақбораны түтеген Жуалы… елестеп кетіп жүрді ме екен?

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
etjendi.egemen.kz 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста