Ереуіл атқа ер салған Исатайдай ер қайда?!
Қазақтың арғы-бергі тарихында ауыз толтырып айтарлықтай аңғал да қайсар, халық қамын көздеген қаһарман, азаттық үшін алысқан батырлар аз емес. «Ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» қылыш сермеген, елінің азаттығы жолында құрбан болған сол есіл ерлердің бірі Исатай Тайманұлы еді. Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігін қамтыған азаттық көтерілісінің басшысы, Ағатай батырдың ұрпағы Исатай Тайманұлының туғанына биыл – 220 жыл!
Жыл басынан бері батырдың мерейтойына арналған шаралар еліміздің әр түкпірінде аталып өтіп жатыр. Жаздың соңғы күндерінде Исатай Тайманұлының кіндік қаны тамған туған топырағында арнайы ас берілсе, өзге аймақтарда осы тақырыпта әдеби-мәдени шаралар, рухани жиындар ұйымдастырылуда. Жуырда Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тарих және тұлға. Исатай Тайманұлы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция болып өткен еді. Оған тарихшы ғалымдар мен жас зерттеушілер қатысып, әлеуметтік теңдік, ұлт-азаттық үшін болған күрес тақырыбын ғылыми тұрғыдан талқылады. Конференцияның мақсаты ұлт тарихында қазақ бұқарасын өзінің табиғи-тарихи және заңды құқы үшін мақсатты ұйымдасқан көтеріліске алып шыққан қаһарман да кемеңгер тұлға Исатай Тайманұлының тарихи бейнесі арқылы жас ұрпақтың санасында тарихи талғам қалыптастыру еді.
Білім қуып, ел ісіне ерте араласқан Исатай
Исатай батыр 1791 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмындағы Тайман жалы деген жерде дүниеге келген. И.Тайманұлының төртінші атасы Ағатайдың есімі қалмақтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Беріш руының ұранына айналған. Исатайдың ел ісіне ерте араласып, кемелденуіне Тайманның інісі Жабал Бегалиннің көп көмегі тиеді. Ол кісі орысша оқыған, әжептеуір сауаты бар адам болған. 1808 жылы Жабал бастаған Бегәлі ауылы Жайықтан өтіп, Бөкей ханның қарауына кіреді. Хан орысша сауатты, саясаттан хабары бар, халық алдында беделді Жабалды беріш ауылына старшина етіп қояды. Жабал қайтыс болғаннан кейін оның орнына старшина ретінде Исатай Тайманұлы бекітіледі.
Хан Бөкей Исатайдың басқаруына Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Қарақамыс, Күйгін, Көлденең, Байсары, Кемелі аралдарын береді. Осылайша, жасынан алымды, сөзге шешен, бірбеткей, өжет, қара қылды қақ жаратын әділ Исатай 21 жасында Беріш руының старшинасы болып ел басқарады, Ордадағы беделді адамдардың біріне айналады.
Исатайдың күн санап ел арасында беделі асып бара жатқанын көре алмаған хан төңірегіндегілер оның беделін түсіру үшін түрлі қастандықтар ойластырып, қара күйе жағумен айналысып кетеді. Соның салдарынан бас- аяғы төрт-бес жылдың ішінде бірінде «старшын Өтеміс Құлманиязовты тонады» деген, екіншісінде «кісі өлтірді» деген жаламен түрмеге қамалады. Оның алғашқысынан ақша беріп құтылса, екіншісінен Орынборға конвоймен айдалып бара жатқан жерінде есебін тауып, қашып кетеді.
Исатай көтерілісінің пайда болуы
Бұл кезде Қазақ хандығының ішкі ісіне тікелей араласа бастаған Ресей отаршылары қазақтардың құнарлы жерлерін тартып алып, өздерін сыртқа қуады. Орал казак-орыстары Жайық бойын иемденіп алады. Мұндай қысымшылықты Исатай старшина болып жүрген беріш руы да көреді.
1833 жылы маусым айында Жәңгір хан осыған дейін И.Тайманұлы басқарып келген Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы шөбі шүйгін, суы мол бес аралды зорлық-зомбылығымен аты шыққан саудагер Қарауылқожа Бабажановтың билігіне беріп, бұрын Исатайдың қарауында болған елді шаруашылыққа қолайсыз, суы да, шөбі де аз, құм басқан Мыңтөбеге аударады. Жәңгір хан Жайық бойындағы руларды екіге бөліп, бірін қайын атасына, екіншісін озбыр Қарауылқожаға басқартып қояды. Бұл жағдай жоқшылықтан ашынған шаруалардың ашу-ызасын тудырды. Исатай ханнан Қарауылқожаның озбыр билігіне тыйым салуын талап етеді. Бұған ашуланған хан Исатайдың үнін өшіру үшін бес жүздей (кей деректерде 800) жасақпен Қарауылқожаны аттандырады. Оларды Исатай батыр 200 жігітпен күтіп алмақ болады. Бетпе-бет шайқасқа келгенде Исатайдың батыр жігіттеріне шамасы келмейтінін біліп, Қарауылқожа кері қайтады. Бұрын ешкімнен тауы шағылмаған, қарамағындағы елге дегенін істеп әдеттенген Қарауылқожаның Исатайларға ештеңе істей алмауы бүкіл Бөкей хандығына тарайды. Осыдан кейін-ақ озбыр мінез Қарауылқожа мен Балқы биге бағынудан қашқан, үстем тапқа ызасы кернеген шаруалар тобы әр жақтан Исатай батырдың қол астына жинала бастайды. Ішкі Ордада патша өкіметінің отарлық мүддесін іске асырушы ханның халыққа жасаған озбырлығына И.Тайманұлы әу бастан қарсы болады. Оның қол астындағыларға ханның әмірі жүрмейді, ал Исатай батырға Жәңгірдің әлі келмейді. Ханның төңірегінде негізінен төрелер, билер, қожалар, молдалар және соларға ерген аз ғана халық қалады.
Мұның аяғы тарихтан белгілі 1836-37 жылдардағы Бөкей ордасындағы шаруалардың феодалдық қанау мен патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көтерілісіне ұласады. Көтеріліс бүкіл халықты қамтиды. Әртүрлі алым-салықтан күйзелген, жайылым жерден айырылған, казак әскерлері мен жергілікті феодалдардың екі жақты езгісінен әбден шыдамы таусылған бұқара халықтың наразылығы арта береді, қолдарына қару алып, көтеріліске шығады.
Жәңгір ханның және басқа да феодалдардың халыққа жасап отырған қысымшылығы туралы И.Тайманұлы бастаған бір топ старшина Орынбордағы Шекара комиссиясына, тіпті губернатордың өзіне талай рет арыздар да жазады. Бірақ одан ешқандай да қорытынды шықпайды.
1836 жылғы маусымның соңы мен шілде айының басында И.Тайманұлы бастаған шағын топ ханға халық талабын жеткізу үшін Тасобадан Жасқұсқа аттанады. Исатайлардың келе жатқан хабарын естіген Жәңгір хан Астрахань әскери губернаторынан Орданы қорғау үшін әскер жіберуді сұрайды, сонымен бірге уақыт ұту мақсатында Исатайлардың талаптарын білу үшін оларға өзінің сенімді адамын жібереді. Исатайлар оған Қ.Бабажановты, Б.Құдайбергеновті қызмет орындарынан босату туралы және Исатайдың үлкен ұлы Жақияның қолымен жазылған басқа да талаптарды тапсырып, кейін қайтады.
1837 жылдың жазында Исатай батыр бастаған көтеріліс бүкіл Бөкей хандығына тарайды. Жәңгір хан мен оның айналасындағыларға наразылардың бәрі Исатайдың айналасына жиналады. Келген жігіттер атпен, азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етіледі. Осылайша, И.Тайманұлы белгілі бір тәртіпке негізделген азаматтық және әскери ұйымның басшысына айналады.
1837 жылдың 16 қыркүйегі күні Исатай батыр бастаған 200-ден астам сарбаз халыққа әбден жек көрінішті Қарауылқожа Бабажановтың ауылын шабады. Одан алынған мал мен дүние-мүлік шаруаларға таратылып беріледі. 1837 жылғы 17 қазанда көтерілісшілер Балқы Құдайбергеновтің, сұлтан М.Шөкиннің ауылдарын шауып, хан ордасы Жасқұсқа бірте-бірте жақындай түседі. И.Тайманұлының үлкен қолды басқарып, Жасқұсқа келе жатқандығынан хабардар Жәңгір хан Орынбор және Астрахань әскери губернаторларына дереу хат жазып, өзін қорғауын сұрайды. Бөкей хандығындағы шаруалар қозғалысының жаңғырығы Ресей астанасы – Санкт-Петербургке де жетеді. Император И.Тайманұлы бастаған «бүлікшілерді» қатаң жазалауды талап етеді. Хан ордасын қорғауға Астраханьнан подполковник Алиев, ал Орынбордан подполковник Геке басқарған зеңбіректермен қаруланған әскерлер аттанады.
Таразы басын төңкерген шешуші шайқастар
Көп ұзамай Исатай батыр бастаған 2000-нан астам қол хан ордасын қоршайды. Істі қантөгіспен емес, келіссөзбен шешпек болған олар алдымен хан елшілерімен, кейін Гекенің елшілерімен нәтижесіз келіссөз жүргізеді.
Махамбет, Үбі, Сегізсері және басқа да батырлардың «хан ордасын шабайық» деген ұсынысын Исатай қабылдамайды. Себебі дәстүрде ордаға шабу жаман ырымға бағаланатын, оның үстіне орданы шапқан күннің өзінде де патша өкіметі оларды тыныштықпен жүргізбейтіндігін, өйткені Жәңгір ханның артында патша өкіметі мен оның жазалаушы әскерлері тұрғандығын және сол әскерлерге қарсы тұрарлықтай өзінде күштің жоқтығын ескерген Исатай батыр халық талабын ханға, бір жағынан, айбармен, екінші жағынан, келіссөз арқылы орындатуға күш салады.
Хан Жәңгір шақыртқан патша әскері мен Исатай батырдың іріктелген 500 сарбазының арасындағы шешуші ұрыс 1837 жылы 15 қарашада Тастөбе деген жерде болады. Көтерілісшілер қаншама ерлікпен шайқасса да, ұрыстың тағдырын зеңбіректер шешеді. Осы ұрыста Исатайдың Мылқым деген әйелі, Ақай атты баласы қаза табады. Тастөбедегі шайқаста көтерілісшілер жағынан 60-қа жуық адам өледі. Исатай батырдың оң қолына оқ тиіп, астындағы аты жараланады. Осы ұрыстағы көтерілісшілердің ерлігіне подполковник Гекенің өзі де қайран қалады. Ол Орынбордағы әскери губернаторға «Исатайлардың өздері мен отбасын қорғаймын деп шамадан тыс ерлікке, зеңбірекке қарсы шабуылға баруы олардың соншама ашынғандықтарын көрсетеді» деп жазған.
Исатайдың өлімі
Тастөбеде қолға түспеген Исатайдың басына, оны тірідей ұстағанға 500 күміс ақша тігіледі. Алайда уәде етілген ақшаның қомақтылығына қарамастан, оны ешкім ұстап бермейді. Керісінше, халық оны және оның сарбаздарын қажетті азық-түлікпен, көлікпен қамтамасыз етіп отырды.
Ішкі Ордада бытырап жүрген көтерілісшілердің басын біріктірудің мүмкіндігі жоқ екендігін түсінген И.Тайманұлы бір топ жолдасымен бірге Кіші жүзге өтіп кету үшін Жайықтың қатуын күтеді. 1837 жылдың 12 желтоқсанынан 13-іне қараған таңда өзінің ескі досы Құрақ Маябасовтың көмегімен И.Тайманұлы бастаған 38 адам ұйытқып соққан боранды пайдаланып, қазіргі Махамбет ауданындағы Сарытоғай елді мекенінен сәл төмен маңда Жайықтың шығыс бетіне – Кіші жүзге өтеді. Олар қараңғылық пен боранның көмегімен арттарынан ілесе қуған казактар мен Баймағанбет сұлтанның адамдарын адастырып, үш топқа бөлініп, Тайсойған жаққа бет алады.
Кіші жүзге өткен И.Тайманұлы бастаған шағын топ осы жерде патша өкіметінің отарлық саясаты мен сұлтан Баймағанбет Айшуақов бастаған жергілікті феодалдардың қарапайым халықты езіп-жаншуына қарсы азаттық күресті ұйымдастыруға кіріседі.
Исатай батыр мен ақын Махамбет бүкіл Кіші жүзді аралап, патша өкіметінің отарлық саясатын және солардың қолшоқпары – хандар мен сұлтандардың халыққа жасап отырған озбырлығын шаруаларға түсіндіріп, оларды қолдарына қару алып, өздерінің азаттығы үшін күреске шығуға шақырды. Сол мақсатпен Исатай Махамбетпен бірге Маңғыстауға барып, оның билеушісі Қ.Есімовпен күш біріктіруге уағдаласады Сонымен бірге Хиуа ханы Қайыпқали Есімовке патша әскерлерін тойтару үшін 20 мың әскер беруге уәде етеді.
И.Тайманұлы бастаған көтерілісшілерге батыр Жоламан Тіленшиев, би Жүсіп Құланов бастаған сарбаздар қосылады. Адай, Шеркеш, Таз, Шөмекей, Табын, Кете руларынан Исатай мен Қ.Есімовтің қол астына 3000-дай адам жиналады.
Патша өкіметі И.Тайманұлының басқаруымен Кіші жүздің батыс бөлігінде болып жатқан халық наразылығының одан әрі өршуінен қауіптеніп, оны басудың қамына кіріседі. Өйтпеген жағдайда бұл көтеріліс Кіші жүзге қарай жақындап келе жатқан Кенесары Қасымов басқарған ұлт-азаттық көтеріліске ұласып, патша өкіметінің отаршылдық езгісіне қарсы халық-азаттық соғысқа айналуы әбден мүмкін еді. Осыны ескерген Орынбор генерал-губернаторы 1838 жылғы шілде айының басында подполковник Геке басқарған зеңбіректермен қаруланған әскерлерді Исатайларға қарсы аттандырады. Сонымен бір мезгілде Горск қамалынан бір топ әскерді бастап Баймағамбет Айшуақов та шығады. Жазалаушылардың екі тобы 10 шілдеде Үлкен Қобда өзеніне жақын жерде кездеседі.
Баймағамбет сұлтан әдейілеп жіберген Балта деген алдаушының сөзіне сеніп қалған аңғал Исатай батыр қасына 500 сарбаз алып, сұлтан Б.Айшуақовтың ауылын шаппақшы болып, негізгі қолдан бөлініп шығады. Жазалаушы әскерлердің келіп жеткендігінен бейхабар Исатайлар тобы 1838 жылғы 12 шілде күні Ақбұлақ өзенінің жағасында Геке мен Баймағамбет сұлтанның біріккен әскерінің үстінен шығады. Әскер күші жағынан тең емес шайқаста Исатай батыр бастаған көтерілісшілер асқан ерлік көрсетеді. Алайда мұнда да Тастөбедегі сияқты ұрыс тағдырын зеңбіректер шешеді. Ақбұлақ өзенінің жағасындағы кескілескен шайқаста Исатай батыр да, оның 16 жастағы ұлы Оспан да қаза табады. Осы шайқастың басы-қасында болған Исатайдың 14 жастағы ұлы Досмағанбет астындағы атының жүйріктігі арқасында Махамбетпен бірге жау қолына түспей, құтылып кетеді.
Исатай батыр 12 шілде күні қапылыста қаза тапқаннан кейін, көтеріліс одан әрі дамымай, сарбаздар жан-жаққа бытырап кетеді. Осылайша, бас-аяғы алты айға жетпейтін қысқа уақытты қамтыған, аумағы мен сарбаздардың саны жағынан Бөкей хандығындағы көтерілістен асып түсетін, бүкіл Кіші жүз даласын дүр сілкінткен батыр Исатай Тайманұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс жеңіліске ұшырайды.
Исатай батыр бастаған көтерілістің жеңіліске ұшырағаны анық. Алайда дәл осы дүмпуден кейін халыққа қойылатын алым-салықтың мөлшерін жылдан-жылға көтере беруге шек қойылды; патша үкіметінің көтерілісті қолдаған қазақ ауылдарының старшындарымен санасуына тура келді.
Бүгінде Исатай көтерілісі тақырыбына қалам тартқан кейбір тарихшылар, журналистердің Жәңгір мен Исатай, Баймағамбет сұлтан мен Махамбет арасын «табыстыру», «жарастыру» әрекеті байқалады. Жалпы, қазіргі күні Истай мен Махамбет көтерілісінің тарихи бағасы әртүрлі беріліп жүр. Мәселен, конференцияда профессор Әзімбай Ғали тарапынан Исатай мен Махамбет Жәңгір хан жүргізген реформаға қарсылық көрсетті, яғни олар консервативтік ұстанымда болды, ал егер қазақ қоғамы Жәңгір хан ұсынған жолмен кеткенде бүгін біз шамамен Чехия сияқты еуропалық мемлекеттің деңгейінде болатын едік деген тұжырым да айтылды. Жалпы, мұндай пікір бұдан бұрын да жазылып жүр. Мәселен, М.Құлкенов пен Р.Отарбаевтың Жәңгір ханның өмірі мен қызметіне арналған кітапта жазылған.
Бұған тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдінің айтар қарсы уәждері мынадай: «Біріншіден, Исатай Тайманұлы мен Жәңгір ханның өзара арпалысында ханның жеңгені күмән тудырмаса керек. Қазақ жеріне ентелеп еніп келе жатқан «еуропалық» билік біржола орнады. Бұл Жәңгір хан партиясының жеңісі емей не?! Олай болса, Қазақстан осы билік жағдайында Чехия жеткен дәрежеге неге жетпеді? Екіншіден, Жәңгір ханның ағартушылық қызметі тарих ғылымында жоққа шығарылмайды. Ал бірақ оның саяси және экономикалық қызметін асыра бағалап, бұқара халық мүддесіне жасаған қиянатына көз жұму қаншалықты негізді бола қояр екен? Үшіншіден, Исатай мен Махамбетті еуропалық ұстанымдағы Жәңгір ханның реформаторлық қызметін түсіне алмаушылар ретінде көрсету бұл кезінде большевиктердің Алаш қайраткерлерін табиғи ұлт мүддесін қорғаушылар ретінде емес, ретроградтар ретінде айыптауын еске салады. Осыған орай мынаны айтуға тиіспін: Исатай мен Жәңгір хан арасындағы егес – қазақ қоғамында, оның ішінде кіші жүз ауқымында бұрыннан келе жатқан, яғни Есім хан мен Сырым батыр, Жантөре хан мен Қаратай сұлтан арасындағы өзара текетірестің табиғи жалғасы».
Қазақ қоғамынан ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ әлеуметтік әділетсіздікке қарсылық көрсетіп, хан мен оның сюзерен-қамқоршысы – империялық биліктен ақырып теңдік сұраған Исатай сияқты ұлы тұлғаның шыққанын мақтаныш тұтқанымыз әбден орынды да, негізді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына арналған жиында бұл тарихи оқиғаға: «Қазақ халқының өзінің жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел ретінде сақталып қалғаны – оның еркіндік сүйгіш ерік-жігерінің, асқақ рухының арқасы. Осы жолда арғы-бергі замандарда орын алған бас көтерулердің, қозғалыс – көтерілістердің арқасы. Елі мен жері үшін жанын пида еткен боздақтардың арқасы. Исатай мен Махамбет басқарған халық қозғалысы солардың бірі емес, бірегейі», – деп баға берген болатын. Ендеше біз бүгін Исатай Тайманұлының биік рухы алдында басымызды ие отырып, өткенге салауат айтып, Исатай армандаған заманның енді келгенін, қаншалықты ауыр кезеңдерді басынан кешіргенімен, қазақ елі өзінің негізгі, басты құндылықтарын сақтай білгендігін сеніммен айта аламыз.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы – қазақ тарихы көшіндегі кездейсоқ, тек бір кезеңге ғана тән өткінші тұлғалар емес, көтерген қоғамдық жүгі мен жеке азаматтық үлгісі тұрғысынан ұлт жадында мәңгі сақталатын қайталанбас құбылыстар. Өйткені олар өз ғұмырларын арнап, орнықтыруға күш салған құндылықтар, яғни халықтың өз ішіндегі әлеуметтік теңдігі, сондай-ақ өзге жұрттан тәуелсіздігі еш уақытта маңызын жоғалтқан емес.
Әрине, Исатай Тайманұлы тұлғасын оның артында тұрған қалың жұртынан, сол елдің сан ғасырлық мәдениетінен бөліп алып қарау мәселенің табиғатына қиянат жасаумен тең болар еді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы – ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ азаттық қозғалысының көш бастаушылары ғана емес, сонымен бірге ұлттық мәдениет пен элитаның осы мезгілдегі дәреже, деңгейін анықтаушы тарихи құбылыстар.
Көтерілістің басына Исатаймен бірге, Махамбет сияқты ірі тұлғаның келуі кездейсоқ құбылыс емес. Ол сол тарихи мезгілдегі қазақ қоғамының рухани әлемінің тереңінде жүріп жатқан ғаламат сілкіністердің көрінісі еді.
Біріншіден, Исатай қозғалысын ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында бүкіл қазақ елі көлемін қамтыған ондаған ресейлік экспансияға қарсы қозғалыстар контексінде ғана тура түсініп, бағалау мүмкін. Ол – сөзсіз, өзінің шығу негізі тұрғысынан ресейлік экспансияның нәтижесі.
Сонымен бірге Исатай мен Махамбет көтерілісінің сол тарихи мезгілдегі өзге қарсылықтардан бөліп тұрған басты бір ерекшелігі бар. Ол көтерілістің ашық та айқын «қара қазан, сары баланың» қамын жеген бұқаралық сипат алуында еді. Бұдан бұрын қазақ жерінде бірде-бір қуатты қоғамдық қозғалыс мұндай айқын әлеуметтік, анығырақ айтқанда, таптық сипат алған емес.