Бұрынғы бай мен бүгінгі бай

Бұрынғы бай мен бүгінгі бай

Бай десе, жылдар бойы санамызға сіңіп қалған қанаушы, дүниеқоңыз, айналасына мейірімі жоқ надан адамдар көз алдымызға елестейді.Бұл кеңестік дүниетанымның жемісі.Жер қайыстырған жылқысы, белді басқан қойы, далаға сыймаған ірі-қарасы бар ауқатты байлар өтіпті қазақта. Байырғы байлар шын мәнінде қандай болған? Осы сауал төңірегінде «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті Қайролла Ғабжәлелов, мәдениет қайраткері, ақын Қажытай Ілиясов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай, мәдениет қайраткері, өнертанушы Жұмабай Есекеев, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкері Рашид Оразовтар ой қозғады.

 

«Бай» - «богатый» емес

Бай десе, жылдар бойы санамызға сіңіп қалған қанаушы, дүниеқоңыз, айналасына мейірімі жоқ надан адамдар көз алдымызға елестейді.Бұл кеңестік дүниетанымның жемісі.Жер қайыстырған жылқысы, белді басқан қойы, далаға сыймаған ірі-қарасы бар ауқатты байлар өтіпті қазақта. Байырғы байлар шын мәнінде қандай болған? Осы сауал төңірегінде «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті Қайролла Ғабжәлелов, мәдениет қайраткері, ақын Қажытай Ілиясов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай, мәдениет қайраткері, өнертанушы Жұмабай Есекеев, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкері Рашид Оразовтар ой қозғады.

Бабаларымыз ежелден-ақ рухани байлықты, еркіндік пен ерлікті материалдық байлықтан жоғары қойған. Сондықтан «малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» дегенді өміріне өзек еткен олар сараңдықты серік қылмаған. Керісінше, жомарттық жасап, барша жұрт игілігіне жарайтын іс тындырса ғана бай атанып, елге танылған. Көптеген қазақ байлары ұлы дала төсінде өз дәулетімен медресе, мешіт салғызып, ұстаз ұстап, бала оқытқан. Қазақтың ең алғашқы газет-журнал, кітаптарының шығуына демеушілік көрсеткен. Түрлі кәсіп көздерін ашып, өңдеу саласын өрістеткен. «Бай» деген ұғым өзге халықтың «дәулетті» деген мағынасымен сәйкес келмейді.

Қайролла ҒАБЖӘЛЕЛОВ: Бай деген сөзді естігенде, әркімге әр түрлі ой келеді. Бұрынғы кездегі байларды Кеңес үкіметі біздерге соншалықты жексұрын, жағымсыз бейнеде түсіндіріп келді. Санамызға солай сіңіріп жіберді.
Бірақ, бәрі де керісінше еді. Сол кездегі байлар сол ауылдың тыныс-тіршілігін алыстан сезген. Кімге қандай қалыңдық алып беру керек, кімге қанша мал үлестіру керек екендігіне дейін жақсы білген. Дүниені оңды-солды шашпаған. Қадір-қасиетін бағалаған. Ол кездегі байлар көпір салды, жол салды. Артында қарақұрым халықтың тұрғанын анық білді.
Қажытай ІЛИЯСОВ: Кейде олардың ішінде қатал байлар да болған. Бірақ бәрінің бірдей кірпігіне мұз қатпаған. Қазақ қой, кісілігі бар. 500, 1000 үйге дейін бір байдан болған. Қарапайым қараша байдың малын бағып, отынын шауып, шаруасын істеп жүреді. Ал бай өз руының немесе өзге рудан жалдап алған кісілерінің ғана қызметіне қарап, жалшысын аяқтандырып, жеке жағдайына жан-жақты қарасқан. Тіпті кейде сол байдың әлпештеп отырған қызын алып қашып, кететін епті жылқышылар да болды ғой.
Ахмет ТОҚТАБАЙ: 1840 жылы Броневский деген генерал қазақ жерін зерттеген. Ол қазақ тілін керемет білген. «Қазақтың «бай» деген ұғымы орыстың «богатый» деген сөзінің баламасы емес. Бай болу үшін атағынан ат үркетін үлкен тұлға болу керек. Материалдық игіліктерге иелік етумен бірге, ақыл-ойы толысқан адам болуы керек», - дейді Броневский.

«Бермесе де бай жақсы»

«Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген сөз сол замандағы байларға қаратып айтылса керек. Қолы ашық, жомарт жандар малын қанша жұмсаса да, орнын ойсыратпай, есесіне, елдің ризашылығына бөленіп, мерейі тасып отырған. Осы ретте ел есінде, тарих парақтарында аты қалған қазақ даласының біраз дәулетті тұлғаларының атын атап кетуді жөн көрдік. Байтақ даламыздың әр аймағында кездескен мұндай бақуатты байлардың байлығы көбіне малмен өлшенгені белгілі.
Жұмабай ЕСЕКЕЕВ: Мен өзім Айыртаудыкімін. Біз жақта Тоқсанбай деген, Сасықтың Тоқсанбайы дейтін байды қариялар аузынан тастамай айтып отыратын. Үйір-үйір жылқы, отар-отар қойы болған деседі. Бірақ өзі соның санын білмейді екен.
Көкшетаудың арғы жағында, Қызылағаш деген жерге жақын аймақта Сүтемген деген бай болған. Оның да байлығында есеп болмаған дейді.
Ахмет ТОҚТАБАЙ: Шығыс Түркістанда, мына Қытай елінде Баспай Шолақұлы деген бай болған. Ол 60 мың қой, 300 мың жылқы, 1000 ірі қара біткен ерекше бай. Сол кісі 30 шақты адамды өзінің қаржысына үйлендіріпті. Ол отыз адамның ішінде қытай да, дұнған да, ұйғыр да, сарт та бар, тіпті орыс та кездеседі. Осыдан кейін әлгілердің бәрі Баспайдың құрметіне қазақша сөйлеген екен.
Біз айтып отырған Баспай Шолақұлы өз заманының ең ықпалды тұлғасы болғаны ел аузында. Соншама дәулетті ел пайдасына жаратуды мақсат еткен бай үлкен өзендерге көпір салдырыпты, бірнеше кен орындары болған екен. Қазіргі таңда Қытай жерінде «Баспай тұқымы» деп аталатын қойдың екі миллионы бар дейді. Сірә, «Батыр болсаң жауға найзаң тисін, Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген тәлімді сөзді сол заманның байлары санасына мықтап сіңірсе керек. Ал Баспайдың АҚШ экспанциясына қарсы корей халқына қолдау көрсеткенде, ұшақ сатып алып бергені әлі күнге аңыз. Тіпті оның халық үшін қызмет еткеніне ел аузында жүрген мынадай әңгімелер де куә.
Қажытай ІЛИЯСОВ: Шәуешекте көше аралатып тарантас арбаларды жібереді екен. Қай жерде қолын жайып тұрған қайыршы бар, соны әлгі арбаға салып, Басбайдың қорасына алып келеді.Тамағын беріп, етін асып, сорпа суын ішкізіп, моншасына түсіріп, дорбасына түгел ақша толтырып жібереді екен. Басбай байдың дарқандығы сондай, «қалтаңда бақыр тиының болмаса, қымсынба, өзімнен келіп сұра» деп айтатын көрінеді.
Бай-бағландардың беделі көбіне мектеп, медресе, мешіт салса, оқу-білімге көңіл бөлсе, асқақтайтын болған. Заман көшінен қалмай, халық ағарту ісіне ден қойған байлар әр өңірде кездеседі. Жетісу жеріндегі атақты «Мамания» мектебінің негізін қалаған Маманның Тұрысбегі де дәулеті жаннан асқан бақуатты бай болыпты. Ал шығыс өңірде Қатонқарағай аймағында Ережеп болыстың салдырған мектебі талай қазақ қарагөзін білім нәрімен сусындатып, ел игілігіне қызмет істепті.
Ахмет ТОҚТАБАЙ: Ережеп Болыс Оралхан Бөкейдің туған жері - Қатонқарағай ауданында үлкен мектеп салдырды ғой. Ал осы мектепке түгелдей байлардың ақшасы жұмсалған. Яғни мектептің құрал-жабдығынан бастап, мұғаліміне дейін байлар тауып беріп, қамтамасыз еткен.
Қажытай ІЛИЯСОВ: Маман Тұрысбек «Мамания» мектебін салған. Одан бұрын Медеу Пұсырманов та ірі мектеп салуға мұрындық болған. Ал Маманның мектебі одан бұрын ашылған, әрі үлкен мектеп.12 сыныпты, 12-13 мұғалім ұстаған. Солардың жалақысы, бүкіл тауқыметі, жатын орны, азығы түгел Тұрысбек байдың мойнында. Өйткені, Қытайға жылына 300 мың бойдақ қой өткізеді екен.
Халықтың қазынасы, елдің құты болған байлар қаламгерлердің шығармасына да арқау болған. Атап айтсақ, арқа өңірінің ауқаттылары атанған Нұрмағамбет байдың, Ерден байдың, Сүтемген байдың дәулетін қазіргі өлшеммен есептеу қиын. Ерден мен Тұрсын байларда 20 мыңнан жылқы болыпты. Бір ғана Нұрмағамбеттің дәулетін әкесі Сағынайға жасаған асынан көруге болады. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» Сағынайдың дәулеті сөз болады. Ілияс Есенберлиннің «Құлагер» поэмасында, Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісінде» аталған астың ауқымы мен оған кеткен ас та төк байлық суреттеледі.
Жұмабай ЕСЕКЕЕВ: Нұрмағамбет, «Паң Нұрмағамбет» болыс болған. Үлкен болысты басқарған. Паң Нұрмағамбеттің әкесі - Сағынай. Сағынайдың жомарттығы немесе сараңдық жағын айта алмаймын. Естуімше, оның ондайы жоқ.
Тіпті кей деректерде: «Үнді жерінде бой көтерген Тәж Махал кесенесіне жұмсалған қаржыдан Сағынайдың асына жұмсалған дүние асып кетеді», - делінеді. Қазақ даласының дәулетін суреттейтін мұндай ас жер-жерде болып отырған. Сағынайдың асы 1886 жылы өтіпті. Ол асқа 500 ақ үй тігіліп, 500 бұхар кілем ілінді. 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынды.10 мың көрпе-жастық, қонақтарды сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі алынды. 20 мың қой, 100 жылқы сойылды. Ал бертін келе, ХХ ғасырдың басында, Жетісу жерінде де Қабанбайдың ұрпағы Сүлейменге үлкен ас беріліпті. Осы аста қазақ әдебиетін дамытуға қазақ байларының тарапынан үлкен қадам жасалады.
Ахмет ТОҚТАБАЙ: 1904 жылы Қабанбайдың ұрпағы Сүлейменнің асы өткен. Сол аста Ілияс Жансүгіровтің бәйгеге шапқанын білеміз. Сол аста қазақтың, соның ішінде Жетісудың байлары мектеп, мешіт салу мәселесін көтеріп, ақын-жазушылар романына бәйге жариялап, ақша тіккен.
Қажытай ІЛИЯСОВ: Елімізде өндіріс ісін алғашқы өрістеткендердің бірі - атақты бай Қаражан Үкібаев. Қант қызылшасын өңдейтін зауыт пен суэлектр стансасын салу - Қаражан секілді алпауыттың еңбегі. Марқакөлден ағып шығатын жалғыз ғана Қалжыр секілді арынды тау өзенінде су электр стансасын салу идеясы да осы Қаражан байдан шыққан екен. Бұл шамамен 1909 жылдар болса керек. Қаражан терең-терең шатқалдардың, бір жағынан, екінші жағына, тездетіп шығу үшін мөлшері 200 метр биіктікте темір тростан аспалы көпір салғызады. Сол көпірдің жұрнағы әлі де бар. Мыңғырған малын бай Ертіс өзенінің екі жағалауынан салған қос қасапханасында сойғызған. Осы екі қасапханада жылына ірі қарасы мен қойы аралас барлығы 1,5 миллион мал сойылған екен. Қаражанның қос қасапханасында кемі бес жүз қазақ мал союмен шұғылданыпты деген дерек бар.
Кең-байтақ қазақ даласына кеңес өкіметі орнағаннан кейін байлардың да күні батып, жұлдызы сөнді. Голощекиннің зұлым саясаты байларды тап ретінде жоюды көздегені белгілі. 1928 жылы 27 тамызда байларды тәркілеу туралы қаулы шығады. Мұрағат деректерінде сақталған мәлімет бойынша 244 ірі байдың мал-мүлкі тартып алынған екен. Ал қаншамасы шекара асып кетті.
Рашид ОРАЗОВ: 1928 жылы 27 тамызда «Байларды тәркілеу жөнінде» қаулы шығарды. Осы құжаттарға қарап отырсақ, қазақ байларының көбінің жер аударуына, көршілес мемлекеттерге кетуіне әкеп соқтырды. Мына Кеген ауданының өзінен 130-дай адамның тізімін көрдім.
Ал Кеңес үкіметіне мал-мүлкін өткізіп, айдауына көніп, айтқанымен жүрген бай-бағландар шен-шекпен алып, лауазымды қызмет те атқарды. Ондай бақуатты жандар патша заманында да болған. Шыңғыс сұлтан мен Құнанбай қажылар ел басқарумен қатар, орыс ұлықтарына да жағынуды жөн көрген. Шыңғыстың мыңғырған малы болмаса, Құнанбайдың көл-көсір байлығы болмаса, Шоқандай, Абайдай арыстар қалыптасар ма еді?! Алла берген дарынды дамытып, білім жинауда әке дәулеті көп қызмет атқарғаны талас тудырмасы анық. Алайда кеңес заманында байдың аты да кірледі, қызметіне де, атақ-абыройына да нұқсан келіп, бұрынғы бет-бейнесінен айырылды. Байға деген көзқарас осы кезден бастап өзгерсе керек, әсте.
Ахмет ТОҚТАБАЙ: Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін қара басының қамын күйттейтін, тек өзінің туысын, отбасын ойлайтын байлар шықты. Бұларды қазақ «бай» деп есептемеген. «Шық бермес Шығайбай», «Қарынбай» деген сияқты түрлі сөздермен келемеждеген. Сондықтан қазақтың көшпенді қоғамындағы байлардың функциясы мүлде бөлек.
Қолда бар деректер бойынша, Адайдың бір байында 70 мың жылқы болыпты. Аққошқар Сайдалы бір көлден 40 мың жылқы суарыпты. Арқадағы Азынабайға - 17 мың, Керейдегі Мәтіге - 12 мың, Нұрадағы Сапаққа - 18 мың, Ақтайлаққа 18 мың жылқы бітіпті. Мұның сыртында «олардың бірнеше отар қойлары жердің бетін жауып жатыпты» деген мәліметтерді осы күнге дейін қағаз беттерінен табуға болады. Әттеген-ай, қанау мен тонауды құп көрген Кеңес империясы осындай қазақ байларын тонап-таламай, олардың малын тәркілемегенде, жағдай мүлдем басқаша болар еді. Қазақтар аштан қырылмай, Қазақстан бай мемлекетке айналар еді. Алайда байлар тәркіленіп, жер қайысқан қазақтың төрт түлік малы талан-таражға салынып, халық аштықтан қырылды. Ал қазіргі қоғамымыз да ауқатты байларға кенде емес. Олардың бойында дала дәулеттілерінің дарқандығы кездеседі ме?

 

Қазіргі қалталылар

Қайролла ҒАБЖӘЛЕЛОВ: «Пәленшенің жеке қорында 7 миллиарды, түгеншеде 6 миллиард бар екен» дегенді БАҚ-тан естіп, көріп жатамыз. Ал мына онкологиялық ауруханаға барсаң, кезекте тұрған адам қаншама... Ота жасатуға ақшасы жоқ. Содан соң оқу орындарында қол қысқалықтан қазақтың талантты баласы оқи алмай, «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесіннің» кебін киіп жүр. Ауылдан келген өрімдей-өрімдей ұл-қыздардың жұмыс таба алмай, теріс жолға түсіп кетуі де, қоғамдағы келеңсіз құбылыстың барлығы біздердің бүгінгі байларға үлкен сын.
Рашид ОРАЗОВ: Қазіргі байлар мен бұрынғы байлардың айырмашылығына тоқталсақ. Әсіресе, ғылым саласына келгенде, қазіргі байлар кірпідей жиырыла қалады. Атын шығару үшін, шетелдің қай-қайдағы әншілеріне миллиондап ақшасын шашады. Әсіресе, мұрағат қорларын әкелуге көмектессе, өздерінің де тарихта есімдері қалар еді.
Ахмет ТОҚТАБАЙ: Қазіргі байлар, жаңа қазақтар бұрынғы байлардың салт-дәстүрі, олардың салып кеткен сара жолынан беймағлұм. Тек өз қамын ойлайды. Бір нәрсеге қол ұшын соза қалса, соны айдай әлемге жария қылып, азаннан кешке дейін жарнамалап, титтей ісін мақтан тұтады. Ал бұрынғы байлар оны мақтан тұтпаған. Игі істі маңызды міндетіндей санаған.
Әрине, қазіргі заман алпауыттары қайырымдылықтан шет қалып жатыр деп айтудан аулақпыз. Атымтай жомарттар бүгінгі күнде де кездеседі. Алайда олардың қарасы некен-саяқ. Қазіргі мырзаларға Медеу байдың мәрттігі, Баспайдың жомарттығы, Қаражанның қайырымдылығы жетпей тұрғандай. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды насихаттау мен рухани байлықты көбейтуде қазақ қалталылары аянбаса екен дейміз.
Бүгінгі біз айтқан байлар байтақ даланы малымен жайлаған дәулеттілердің бір парасы.Тұтастай бір елдің әлеуетін көрсететін мұндай бақуатты жандардың есімі ел есінде қалмай, тарих беттерінде көмескіленіп кеткендері қаншама. Ал бүгінгі бай бұрынғы байдан сабақ алып, «байлық бір жұттық» екенін ескерсе, қоғамда тепе-теңдік орнар ма еді?!.

Жарас Ниязбек

"Жас қазақ" газеті

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста