Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Бүгін қазақ халқының демографиялық әлеуеті мен адами капиталына өтелмес шығын әкелген нәубеттердің құрбанын еске алу күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
31 мамыр – Қазақстан қоғамы үшін әрі қасіретті, әрі қасиетті дата. Қасіретті болатыны, ел ішінде ХХ ғасырдың өн бойында жалғасқан саяси-қуғын сүргіннің ызғары шарпымаған әулет жоқ. Қасиетті болатыны, үш ғасырдан астам уақытқа созылған тәуелсіздік жолындағы күрестің соңғы құрбандары осы нәубеттерден зардап шеккен болатын.
Сол құрбандардың ең көрнекті өкілдерінің бірі, биыл 150 жылдығы тойланып жатқан Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетіне «Әлхамдуилилла, аз емеспіз. 6 миллион қазақпыз» деп жазғанда арағы ғасыр салып, туған халқының саны 13 миллионға әрең жететінін білмеген еді.
«Арыс» қоры және Республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы Ғарифолла Әнестің мәліметі бойынша, Ахмет Байтұрсынұлы сүйіншілеп мақала жазған тұста бауырлас өзбек халқының саны 3 миллионға да толмаған көрінеді. Сол өзбек ағайынның саны қазір – 32 миллион! Геометриялық прогрессия заңы бойынша, 3 миллионға жуық өзбекті саны бір ғасырда 32 миллионға жеткенде 6 миллион қазақтың саны 60 миллионнан оп-оңай асуы керек еді. Осыдан кейін қазақ әлемін оңалмастай етіп жұтатып кеткен ашаршылық қасақана ұйымдастырылған жоқ дегенге сену қиын.
1930 жылдан басталып, 1987 жылға дейін толқын-толқынмен жалғасқан саяси қуғын-сүргіннің салдарын еңсеруді қойып, құпиясын әлі толық зерттеп болмай жатырмыз. Өйткені тәуелсіздік алғаннан бері екінші рет Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты заң қабылдағалы отырмыз.
Ол заң 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытындысынан кейін қабылданбақ.
Бұған дейін айтқанымыздай, жалпы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бұл мәселеге екінші рет мемлекеттік деңгейде бет бұрып отыр. 1993 жылғы 14 сәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы» Заң қабылданып, бірталай адам ақталған болатын. Бірақ ол кезде шаруалар көтерілісі, бай-кулактарды жою, олардың мүліктерін тәркілеу және күштеп отырықтандыру, жаппай коллективизациялау, 1920-33 жылдар аралығындағы саясатқа қарсы көтерілген халыққа және дін өкілдеріне қатысты жаппай жазалау салдарынан құрбан болғандар аталған заңнан тыс қалған еді. Сол олқылықтың орнын толтыру бұл жолғы мемлекеттік комиссия жұмысының негізгі бағыты болып белгіленген. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Заң жобасы әзірленіп, ҚР Президентіне мемкомиссияның жұмысы туралы баяндама дайындалуы керек. Бүгінде мемлекеттік комиссия ақтауға жататын азаматтардың 11 санаты бойынша топ-топқа бөлінген. Сондай-ақ, екі кіші комиссия бар. Оның бірі саяси-қуғын сүргін құрбандарын заң тұрғысында ақтау мен есімдерін ұлықтау бойынша әдістеме дайындауға жұмылдырылған. Ал екіншісі саяси қуғын-сүргін жөніндегі жабық архив қорларын жан-жақты зерделеу және оларды кезең-кезеңімен құпиясыздандыру бойынша құрылды.
Бұл жұмыс тобының құрамына ҚР Ұлттық ғылыми академиясының академиктерінен, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдарынан құралған 69 адам тартылды. Ал 17 өңірде мәслихат депутаттарының, ғалымдардың, өлкетанушылардың қатысуымен консультативтік-кеңесші органдар форматында өңірлік комиссия құрылып, олардың құрамына 265 ғалым алынды.
Бұл атаулы күн - саяси дата дегеннен гөрі ұлтты тұтастыратын, өткен дәуірдің қасіреті туралы түрлі ұстанымда жүрген адамдардың бәрін ортақ диалогқа шақыратын, әлуметтік маңызы бар күн деген орынды.
Былтыр 6 желтоқсанда «Ашаршылық. Голод. 1928-1934 Деректі хроника» атты кітабының төртінші және бесінші томы таныстырылды.
Ал осыдан бір жыл бұрын Сенатта аталған еңбектің үш томдық жинағы таныстырылған еді.