Әсемқұловтың «Тұмар ханымы» бар ал оны Сатаев пайдалана ма?
Белгілі режиссер Ақан Сатаев биыл тағы бір фильмнің тізгінін ұстамақ. Бұл туралы Мәдениет министрлігінің кеңейтілген отырысында мәлім болған еді. Режиссер: «Осы жылы біз Мәдениет министрлігімен бірлесіп «Тұмар» тарихи фильмін түсіруді бастағалы отырмыз. Сапалы дүние шыққан жағдайда ол отандық көрерменнің де, шетелдік аудиторияның да қызығушылығына ие бола алатынына сенімдімін. Тұмар патшайым – әлемдік тарихтың барысына ықпал еткен тұлға. Кинопрокатымыздың географиясын кеңейту үшін мұндай жобаларды жасау керек деп санаймын. Себебі, бұл елдің халықаралық имиджінің қалыптасуына оң әсер етеді» дейді.
Сақ патшайымы Тұмар ханым көп деректерде Томирис деп жазылып жүр. Тарихи туынды, оның ішінде Тұмар ханым туралы деректі шығармаларға негізделген көркем дүние бүгінгі көрерменге қажет-ақ. Алайда бұл фильм кімнің киносценарийінің желісі бойынша түсіріледі?
Білуімізше, бұған дейін де Тұмар ханым туралы талай киносценарийлер жазылған. Олардың көбісі Болат Жандарбековтың «Томирис» атты романының желісі бойынша дайындалғаны белгілі. Одан бөлек, бұл тақырыпқа қалам тартқан қаламгерлердің бірі – Таласбек Әсемқұлов. Кинодраматург оны 2010 жылы көзі тірісінде ұсынған. Тіпті ол киносценарийден «Қазақфильм» киностудиясындағылар да хабардар. «Тұмар ханым» кинороманы дайын. Ал режиссер Ақан Сатаев бұл сценарийді пайдалана ма? Осы мақсатпен кинодраматургтың жары, белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваға қоңырау шалдық.
– Расымен де, Болат Жандарбековтың «Томирис» атты керемет романы бар. Ол өткен ғасырдың 70-жылдары жарық көрді. Романды бәріміз таласып-тармасып, қызыға оқығанымыз да рас. Сол заман үшін Жандарбековтың «Томирисі» ерекше жазылған шығармалардың бірі болды. Қазіргі көзқараспен қарасаңыз, ол романның концепциясы кереметтей емес екен. Болат Жандарбеков Герадоттың Томирис туралы жазған деректерін алды да, оған өзінің авторлық қиялын қосып, махаббат үштігі туралы роман жазып шықты. Оқиғаның мән-жайы мынадай: Томирис амалсыздан Рустам патшаға тұрмысқа шығады. Рустам батыр тұлғалы, ержүрек жауынгер болғанымен, оны Томиристің көңілі қаламайды. Өйткені патша бейбіт өмірде ынжық, бос, патшайымның армандағанындай тұлға емес. Томирис ақырында өзінің оққағарымен махаббат құрып, күйеуінің көзіне шөп салады. Рустам оны білгеннен кейін, әскерін алып кетіп қалады. Оқиғаның ұзын-ырғасы осындай. Мүмкін, мұндай махаббат оқиғасы бүгінгі көрермен үшін қызықты шығар. Алайда онымен Томиристің ержүрек, қаһарман, рухы биік әйел екендігін көрерменге көрсете алмаймыз. Таласбектің кинороманында Тұмар ханымның образы мүлдем басқаша өрілген. Ол бұл тақырыпқа келу үшін оны ұзақ уақыт зерттеді. Күні-түні архивтерде отырып, көз майын тауысып, тың деректерді іздеп тапты. Бір кездері Досхан аға бұл тақырыпқа қызыққан еді. «Тұмар ханым» туралы фильм түсіргісі де келген. Кейін ол ойынан айнып қалған секілді.
– Таласбек аға Тұмар ханым туралы деректерді қайдан алды?
– Өткен ғасырдың 70-жылдары ол Лев Гумилевпен танысып, жақын араласты. Телефонмен де жиі хабарласып отырды. Бір-біріне қоңырау шалып, қызықты мәліметтермен бөліскен сәттері де бар. Бір-екі рет Санкт-Петерборға да барып қайтты. Сондай кездерде Гумилев өзінің архивтегі кезегін Таласбекке беріп, бір-екі рет жабық тақырыптарды зерттеуіне мүмкіндік жасайды. Кеңес заманында Дандамаев деген Иран тарихын зерттеген ғалым болды. Іргелі монография жазған кісі. Ол соғыстан кейін Сталин мен Иран шахының келісімі бойынша, сол елге барып, Иранның көне заманнан келе жатқан құпия архивтерінде жұмыс істеген екен. Кеңестік кезеңдерде жариялауға болатын, цензураға қарсы келмейтін тұстарын монографиясына пайдаланады да, кейбір құпия құжаттарды қолжазба күйінде сақтап қояды. Сол құпия қолжазбалармен кейін Таласбек танысады. Оның кейбір қызықты тұстарын «Тұмар ханым» кинороманында пайдаланды. Көшпенді халықтардың рухын, болмысын, өмір сүру салтын терең түсінген адам ретінде киносценарийді ерекше жазып шықты. Әрине, жазушы болғаннан кейін кейбір тұстарында өзінің қиялын да қосқаны жасырын емес. Кейбір мифологиялық аңыздарда Кирді ұрғашы қаншық асырап алды деп айтылады. Таласбек оны мүлдем басқаша түсіндіреді. Біріншіден, Кирдің ұлты парсы болмағанын айтады. Оның түбі ирандық емес. Мұның бәрін дәлелдермен көрсетіп, жазып отырады. Кирдің Хаомаварга деген көшпенді тайпадан шыққанын дәлелдейді. Романда Хаомаварга тайпасын Қамбар тайпасы деп көрсетеді. Кир патша Томиристің әкесінің қолындағы аманат бала болғанын айтады Таласбек. Сөйтіп, жас кезінен Томирис пен Кирдің бірге өскенін жазады. Кейін Кир ол тайпадан бөлек кететінін айтады. Таласбектің тарихи құнды мәліметтерді пайдалана отырып, жазылған кинороманы – фильм түсіруге болатындай-ақ дайын дүние. Ақан Сатаевтың Тұмар ханым туралы фильм түсіруді қолға алайын деп жатқаны туралы ақпаратты естідім. Ол – өте талантты, білікті режиссер. Білетінім, Ақанның өзінің бірлесіп жұмыс істеп жүрген сценаристері бар сияқты. Мүмкін, олар Қазақфильмдегі дайын сценарийлерді пайдаланатын шығар. Болат Жандарбековтың романының желісі бойынша түсіре ме, ол жағы тағы маған беймәлім. Ақан Сатаев Таласбектің сценарийінен де мәліметтер алуы мүмкін. Алса, қалай алады? Жалпы, егер Таласбектің киносценарийінің әр жерінен үзіп-жұлып алатын болса, онда оның алба-жұлбасы шықпай ма? Менің қорқынышым – осы. Ақан Сатаевтың қалай таңдау жасайтыны тағы белгісіз. Бастысы, Тұмар ханым туралы ұрпаққа қажетті, көпшілікке ұнайтын тарихи туындының дүниеге келгені.
Зира апайдың қорқынышы осындай. Таласбек Әсемқұловтың екі бірдей фильмнің сценарийін жазғанын білеміз. Оның бірі – «Біржан сал», екіншісі – «Құнанбай». Екеуі де көптің көңілінен шықты. Досхан Жолжақсыновтың режиссерлігімен түсірілген «Құнанбай» былтыр Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Әсемқұлов жазған «Тұмар ханымның» да осал болмасы белгілі. Ендеше, жақсы дүниеден қаз-қалпында неге тарихи туынды түсірмеске?
Ақан Сатаев біздің бұл ұсынысымызға қалай қарайды екен?!.
Гүлзина БЕКТАС