Қызылорда облысы Айдарлы ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Асан Рүстембеков қазақтың жазушысы Жүсіпбек Аймауытовпен туысатын анасының тағдыры туралы әңгімеледі
Тарих деген тамаша тәмсіл, барды бағалауға, жоқты түгендеуге түрткі дүние. Кешегі аумалы-төкпелі заманда тағдыр теперішін көп көрген ұлтымыздың басынан кешкен ауыртпалығы аз емес. Бас сауғалап, тарыдай шашылған тауқыметін де тарих мойындайды.
Ел ішінде жүргенде көне көз қариялардың әңгімесін қалт жібермей тыңдап отырамыз. Жуырда сондай өнегелі әңгімеге кезіктім.
Айдарлы ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Асан Рүстембеков алпыс жылдай ішінде құпия ұстаған сырын ақтарып, тарихты тірілткен еді. Енді сол әңгімені айна-қатесіз баяндап көрейін.
"Мен Беркінбайдың баласымын. Сегіз айлық шақалақ кезімде баласы жоқ деп мені ағасы Рүстембекке берген екен. Енді шешем жайлы кейін білдім. Есімі Рысай болатын. Әкесі Әлжан қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовпен туысатын. Бұлар керекуліктер. Баянауылдан.
Әкем 1900 жылы туған, ауыл молдасынан білім алған, арабша сауатты еді. Қонақ көп түсетін беделді болатын. Ұйымдастырушылық қабілетіне қарай 1922 жылы СОКП қатарына қабылданды да, алдымен ауылдық кеңес төрағасы, сосын колхоз басшысы болды. Сол 1926 жылы Жүсіпбек Шымкент педагогика техникумының (Қызылорда әлі облыс болмай тұрып) директоры кезінде жақсы қатынаста жүріп, қарындасымен танысады. Есімі Рысай еді. Осылай отбасын құрады.
Өздеріңізге белгілі, 1929 жылдан басталған кеңестік қуғын-сүргін Жүсіпбекті айналып өтпеді. Ол Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған еді.
Осы тұста туған-туыстарына да "халық жауының" кесірі тиді. Іздестіру басталды. Тым-тырақай қашуға кірісті. Біз сол зобалаңмен Ташкент ауып, мен сол жақта туғанмын. Сондықтан есімімді Тәшкенбай, егізімнің сыңарын Зухра атаған. Соңына түскен соң құр жібере ме, күйеу баласы деп әкем сотталды. Шымкенттен шешемнің әкесі Әлжан алдымен Сұлутөбеге, одан бері дариядан өтіп, Құмшығанаққа көшіп келді.
Тоқым атам келіні Рысай анама да салқыны тиетінін сезіп, бір түннің ішінде Ташкентке қарай пойызға салып жіберді. "Беркімбай түрмеден аман келсе сенімен өзі хабарласады" деді. Сол кеткеннен хабарсыз кетті. Үш жылдан кейін түрмеден шыққанын естіп, іздеп келеді. Ол кезде анамның аяғы ауыр еді. Ташкентте найман жігіті Жылқыбаймен көңіл жарасып қойған екен. Жылқыбай да байдың ұрпағы болып шықты, конфискацияға ұшыраған соң Өзбекстанды паналап жүрген.
Анамның келгені, мынадай халі әкеме ұнай қоймады. Амал жоқ, қайтадан Тәшкенге кетті. Сол кеткеннен хабар-ошар болмады. Содан 1957 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бөлім бастығы Құлман інісі Аманкелді совхозының директорына телефон соғыпты. Мен шаруашылықта кассир едім, дереу директор іздеп жатыр дегесін барғанмын. Сөйтсем нағашым екен, телефон тұтқасын маған ұстата қойды.
– Анаңды қабылдай аласың ба? Бір баласымен қалды. Басқасы қайтыс болды, - деді ол.
– Келсін. Мен дайынмын.
Оларды теміржол вокзалынан күтіп алдым. Жетектеген алты жасар баласы бар. Аты – Тойлыбай. Анамды бетпе-бет бірінші көруім. Перзенттік жылылық пен аналық мейірім астасып кетті. Бұл туралы үлкен шешем Бибіхайға айтқанмын, ол: "Тәңір табыстырды ғой. Сен оны құрметте, тағдыры ауыр болды" деді. Мына сөз тіптен бізді жақындатып жіберді.
Бір шешеден туған Тойлыбай сегіз жылдық мектепті бітіріп, техникумға оқуға түсті. Ары қарай әскери борышын өтеуге барды. Кейін Сунақ ата, ХХІІІ партсъезд, Төменарық совхоздарында есепші, бас есепші қызметтерін атқарды. Бірақ өмірі қысқа болды. Ұрпағы бар. Ал, анам 1995 жылы тоқсан жасында дүниеден өтті. Міне, Жүсіпбектің жиені болу себебім осылай", - деді ақсақал.
Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады демекші сексеннің сеңгіріне шыққан Асан ақсақалдың кітапқа құмарлығы ерекше. Ол кісі айына 28 кітап оқиды екен. Сонда жылына 336 кітаптың бетін төңкереді деген сөз. Бір жылда 365 күн болса, соның 29 күнінде ғана көзі демалатын болып тұр ғой. Ақсақалдың бөлмесіне кірсеңіз құдды бір кітапханада жүргендей боласыз. Қаз-қатар тізілген кітаппен бірге сарғайған газет-журналдарды көріп таңғалдық.
Қарияның қоржынында 1960 жылдан бергі басылымдардың барлық тігіндісі сол қалпында сақталған. "Мен өзі қағаз жыртқан адамды жек көремін. Газетті жыртқанды адам өлтіргенмен бірдей санаймын. Қолыма түскен газет-журнал, кітаптардың шетін бұзғызбай сақтаймын", дейді.
Айтпақшы бірде Айдарлыға Мұхтар Шаханов келіп, ақсақалдың үйіне түсіпті. Екеуі аз-кем әңгімелескеннен кейін Шаханов "Академик ауылда тұрып жатыр екен ғой" деп таңғалыпты. Айтса айтқандай-ақ.