АСА ДАРЫНДЫ АДАМДАР НЕГЕ ҚОРҒАНСЫЗ? «БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ АҚША СҰРАҒАНЫН КӨЗІМ КӨРДІ»

Мұрағатымда ертеректегі газет қиындылары көп. Басым көпшілігі кітапқа шығып кетсе де, тастай алмайсың. Көзіңе жылы ұшырап, сарғайған газеттік нұсқасы ыстық көрінеді. Бүгінгі мақалаға да сол сарғайған қағаздардың арасынан сау ете түскен қиындылардың бірі себеп болып тұр.

Елін еміреніп сүйген азаматтарға мына бір жағдай кәдімгідей күрсініс күйін кештіретініне сенемін. Уағында «Жас Алашта» «Ағалар, аман-сау жүрші» деген рубрика болды. Соның аясында талай тұлғалардың көңіл-күйін сұрадық. Соның бірі қазаққа өле-өлгенше адал қызмет еткен, ұлы Мұхаң, Сәбең, Ғабеңдер «Митя» деп еркелеткен, ұлы Бауыржан архивін сеніп тапсырған Дмитрий Федорович Снегин еді. Сұхбаттың тақырыбы – «Байтұрсыновтың ақша сұрағанын көзім көрді».

Көңіл сұрай барғандағы сұхбаттың бір тұсында ол кісі былай дейді:

– Мен саған Байтұрсыновпен кездескенімді айтып берейін:

1936 жыл. Мен Жазушылар одағында консультант бо­лып жұмыс істейтінмін (ол кезде Жазушылар одағының ішін­де «литфонд» болатын). Бәріміз – бухгалтер, хатшы, мен – кіреберіс бөлмеде отыратынбыз. Бір жағымызда Одақтың төрағасы Ғаббас Тоғжановтың кабинеті, екінші жағымызда «Литфондтың» бастығы Жаманқұлов деген кісінің кабинеті.

Бір күні… Бір күні көзіне чеховтік пенсне таққан, үстіне көнетоздау, бірақ таза еуропалық, қымбат, қонымды костюм киген кісі келді. Бастығымыздың кабинетін сұрады. Есікке таяу отырғанмын, жауап беріп үлгергенімше хатшы қыз:

– Кім келіп тұр деп айтайын? – деді. Ол:

– Өзі біледі, мен ол кісімен хабарласқанмын, – деді.

– Фамилияңызды айтыңыз, қалай деп хабар­лайын?.. – деп қоймады хатшы қыз.

– Байтұрсынов, – деп атады (мен бірден оған назарымды тіктім. Сыртынан жақсы білетінмін). Сосын Ғаббас Тоғжановтың кабинетіне кірді. Онда бір 5-10 минут көлемінде бөгелді. Шықты. Жүзінде, қамыққандық па, реніш пе, мұң ба… (мен мұндайды аңғарғышпын). Бірақ өр қ Не дай вам бог, молодой человек, оказаться в роли просителя алпы, сол күйінше. Жаманқұловтың кабинетін сұрады. Оның бөлмесінде 15-20 минут, ұзағанда жарты сағат болды. Бір кезде есік ашылып шығып келе жатты, ішкі төс қалтасына бір затты салды ма, түзеді ме, қарманып сипағандай болды. Бәрімізбен үнсіз қоштасып бара жатты да… Кенет, қалт тоқтады. Маған сәл жақындап, ақырын, өте ақырын, сыбырлап қана айтты:

– Не дай вам бог, молодой человек, оказаться в роли просителя. – Таза орыс тілінде осылай деді. Сосын тез-тез басып, шығып кетті. Ол жылдар – Байтұрсыновтың Одақтан шығарылып, қудаланып жатқан кезі болатын.

 

(«Жас Алаш», 15.04.2000).

 

 

Жүрегіңді жұлқып кететін сәт қой. Мұндай тағдыр әр қазақтың бақыты үшін күрескен ұлт тұлғаларының қайсыбірінің де өмір жолынан кездеспей қалмайды. Бірақ солар ұлт үшін сол қорлықтың, мәжбүрліктің бәріне де шыдады. Тазалығын, ар тазалығын сақтап қалды, сұраншақ, өлермен болмады. Ойлап қарасақ, шалқып өмір сүретін адамдар ғой. Олар ешкімнен қол жайып ештеңе сұраған («Ұлтқа еткен қызметіңе бірдеңе дәмету – ұят». – Ататүрік) жоқ, тек өз еңбегінің өтеуін сұраған шығар. Арада тура жетпіс жыл өткенде сол Алаш ардақтыларының рухты ісін кешегі қылышынан қан тамған кеңес өкіметінің тұсында қыбын тауып жалғастыра білген Өзбекәлі Жәнібековтің басында да осындай жағдай қайталанғанын біреу білсе, біреу білмес.

«Алматы ақшамында» шамамен 10-15 жылдан бері «Тұлғатану» атты рубрика бар. Осы рубриканы «Тұлғатану» атты серияға айналдырып, «Абыз-аңыз» (А.Әшімов), «Шер-шындық» (Ш.Мұртаза), «Имаш» (И.Тасмағамбетов) бірнеше кітаптар шығардым. Ендігі кезекте Қ.Мырза-Әли, А.Сембин, Ө.Жәнібеков, И.Жақанов, т.б. тұр. Таяуда Өзағаңа арналған папканы ақтарып отырғанымда, (әр тұлғаға байланысты ашылған папканың бірі) сол тұстағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Наталья Коржованың атына жазған арызы қолыма түсті. 1997 жылдың 1 сәуірінен бастап 1-топтағы мүгедек Өзағаң (бұл пәлекетті бұл кісіге қимайсың әрине, айтуға аузың бармайды) бұл арызды сол жылғы тамыздың 25-інде жазған екен. Назарбаев пен үкіметтің арнайы тапсыр­масымен шет елден әкелінген жасанды дем­алдыратын аппаратты тәуліктің 15 сағатында пайда­ланып, тынысы тарылып отырса да, қағаз-қаламын қолынан тастамай, қазақтың жоғын түгендеп, өзі құрған «Арыс» қорының жұмысымен жанкешті түрде айналысқан Өзағаң Коржова секілділерден «Уважаемая Наталья Артемовна!» деп көмек сұраған. «Уважаемая, уважаемый» кім болуы керек?! Енді хаттың мәтінін оқып көріңіз.

 

 

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік

қорғау министрі Н.А.Коржова ханымға

 

 

Құрметті Наталья Артемовна!

 

Өзіңізге белгілі, республикамыздың Министрлер кабинеті жанындағы Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңіргені үшін зейнетақы тағайындау жөніндегі Комиссияның 1991 жылғы 10 шілдедегі №18 шешіміне сәйкес маған 1995 жылдың 1-ші қазанынан бастап айырықша еңбегім үшін 3882 теңге мөлшерінде зейнетақы тағайындалған болатын. Белгіленген ережеге сәйкес, индекстеуді, тағы басқа да жалпы жағдайларды есепке алғанда, жекелеген айларда оның көлемі 5-6 мыңға, одан көп сомаға өсіп отырды.

Сізге, үкіметке және мемлекет басшысына өтінішіме сәйкес, 1997 жылдың сәуірінде мен алатын зейнетақының көлемі, жағдайдың ерекшелігі ескеріліп, айына 12 мың теңгеге дейін (жалпы негізде, белгіленген тәртіпте тағы да өсіру мүмкіндігімен) көбейтілді.

Алайда, міне, тамыз айы да аяқталып қалды, зейнетақы мөлшері әлі көтерілген жоқ.

Өзім туралы дәйектеме: Пульмонологтардың нұсқамасына орай тәулігіне 15 сағат бойы кислород қабылдау үшін төсекке таңулымын (бұл аппарат Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей ықпал етуімен, үкіметтің қолдауымен шет елден әкелінді). Өкінішке орай, мұның өзі де, сырқатыма байланысты бұрынғыдай үй жағдайында, кезінде өзім құрылуына қоғамдық негізде бастамашы болған, сол арқылы еңбегіме қарай отбасылық бюджетке қажетті қаламақы алып келген, «Арқас» тарихи-танымдық басылым сериясымен «Рауан» баспасы шығаратын жекелеген сирек кітаптарға алғысөз жазу, оларды құрастырушы болу, аудару, рецензиялау, оқу сияқты қарапайым қоғамдық-тиімді қызмет түрімен айналысуға мұрша бермейді. Бұған дейін осы мәселеге қатысты мөрмен бекітілген анықтаманы мен Сізге жіберген болатынмын.

Сонымен бірге, 1997 жылдың 7-ші сәуірінен бастап мен бірінші топтағы мүгедекпін (МСЭ №0285548 анықтаманың көшірмесін қоса тіркеп отырмын), алайда, қалаішілік телефонды пайдаланғаным үшін төленетін төлемнен басқа, мүгедектерге арналған ешқандай жеңілдіктерді пайдаланған емеспін. Осыған байланысты ешкім де нақтылы жауап беріп, түсіндіре алмады.

Ойымды қорытындылай келе, Наталья Артемовна, осы мәселелерге орай зор сеніммен Сізден нақтылы қолдау болады деп үміттенемін.

Алдын-ала ризашылығымды қабыл алыңыз.

 

Ө.ЖӘНІБЕКОВ,

25 тамыз, 1997 жыл.

 

 

Қазаққа кім қарыз?..

 

Бұл хат министрдің қолына тиді ме, тимеді ме, білмеймін. Бірақ Өзағаңның жазғаны анық. Оны жолдады ма, жоқ па, оның нәтижесі қандай болды, ол жағы да беймәлім. Анығы, Өзағаң ешкімді мүсіркемеген, өзі де мүсіркеуді қажет етпеген маңғаз, тәкаппар тұлға еді. Әйтсе де, халқына өлшеусіз еңбек сіңірген адам неге ұлттың исі мұрнына бармайтын қайдағы біреуге жалынып, жалбарынып арыз жазуға тиіс деген ой ішіңді удай ашытады.

Бекзаттарымызды бәзбір бикеге жәудіретіп қоятын біздің бейшаралығымызға бұдан артық дәлел болар ма? Халқына еңбегі айрықша сіңген адам­дарды әлдебіреуге арыз жаздырып, телміртпейтін тегеурінді орын ашуға құдіретіміз жетпей ме?

Әлде, несі бар, Ахмет Байтұрсынұлы да құзырлы мекемелерді жағалап жүріп, қарыз сұраған дегіңіз келе ме?

Қазаққа кім қарыз? Жәнібеков пе, Коржова ма?

Шетжұрттарда, әлгі біз жиі айтатын өсіп-өнген өркениетті елдерде аса дарынды, елге айрықша еңбегі сіңген адамдарды қорғайтын арнайы агенттік бар.

Агенттік демекші, ойымызға ой қосып ұстазымыз Шерхан Мұртаза сөзінен бір дерек келтірейік.

«Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ-та талант­ты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен» деп.

Ондай мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз қотыраштар, батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорлардан қорғай­тын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді.

Бәйшешек байғұс қаһарлы қыс шығар-шықпас­тан, көктем келер-келместен күнәсіз пәк періш­тедей күлімсіреп шыға келеді де жер бетінен лезде көшіп кетеді.

Қали Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің-ау құлыным» депті анасы.

«Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотыраш­тар сыйдырмайды ғой, бірақ ақпейіл ана ешкімді кінәламайды.

Күншіл қотыраштар таспаға басылған даусына дейін қалдырмауға тырысқан.

Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу-маржандай ғасырларда ғана бір-ақ кездесетін өте сирек қазына» («Егемен Қазақстан», 31.10.2007).

Өзгенің мысалына жүгініп, Паганини де аштан өлген, Моцартқа у берген, Бетховенді шараппен улаған деп жүре береміз бе? Керек болса бар марапатын Арысқа ағызып жіберген Қажымұқан да аштан өлген жоқ па? Басқасын былай қойғанда, кешегі ұлы суретшілер С.Айтбаев, М.Аманжолов тағдыры соншалықты қиын болғанын білмейміз бе?

 

Қазіргі ортамызда жүрген дарынды адамдарды тек тәуелсіздік тұсында ғана еске алып, марапаттап, әрі кетсе бір кәрзіңке сыйлық беріп балаша алдай береміз бе? Олардың әр күні, басқан қадамы неге тиісті орындардың ұдайы назарында болмайды. Бұлар – қазына ғой. Олардың қолындағы архив, тірі тарихты ойлаған жан бар ма? Ертең айтылмайтын әңгімені неге бүгін жазып алмаймыз. Әлгінде айтқан өсіп-өнген елдерде олардың әр күнін, сағатын, минөтін хаттап отыратын бір-бір хатшы барын біз неге білмейміз?

Олар бай, бағлан емес. Дүние жинауды ойламаған. Димекеңнің бір үйге бата қылуға көлік таппай, Серік Әбдірайымовқа телефон шалғанын ғана еске алсаңыз жеткілікті. Қазіргі айтулы тұлғалардың тұрмысы жақсы шығар, ішерге асы, киерге киімі бар болар, ал олардың ертең алтынға да айырбастап ала алмайтын көкірегінде кетіп бара жатқан қазынаны алып қалудың жолдарын ойластыру бәрінен де қымбат болса керек. Қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан екі тұлға туралы толғаныстан туған ойдың бірсыпырасы осы.

Алпыс жылдан астам уақыт бұрын ұлт өмірінен алыстап кеткен наурыздың қайта оралуына бірден-бір себепкер болған Өзбекәлі Жәнібековті бүгінгі Ұлыстың ұлы күні еске алудың да жөні бір басқа.

Қали СƏРСЕНБАЙ

almaty-akshamy.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста