Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төрінде берген арнайы сұхбатында ұлт туралы толғаныстарын ортаға салды, әсіресе, тарихқа үлкен көңіл бөлді. «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады – деді Елбасы. – Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек». Міне, осы тұрғыдан қарағанда, Қазақ елінің ежелгі және ортағасырлық тарихын жаңаша ғылыми деңгейде, объективті түрде қалыптастыру қажет. Әсіресе, бұл жерде біз ғұндар тарихынан бастауымыз керек. Ғұн державасына келсек, оның Еуразиядағы тарихы күні бүгінге дейін әлі де айтарлықтай ашылмай келеді.
Түркі-ғұндар Орталық Азиядан шыққан. Б.з.д. ІV ғ. қытайлықтар оларды өздерінің қауіпті қарсыластары ретінде көрсеткен. Ғұндардың әскери көсемдері Хань империясымен соғыста бірталай жеңістерге жеткен. Б.з. ІІ ғ. бірінші жартысында ғұн тайпаларының қазіргі Шығыс Қазақстан, Жетісу, Орал, Каспий жағалауларынан Еділдің арғы жағындағы далаларға көшіп-қонуы басталды. ІV ғ. ортасында ғұндар Еділ мен Дон аймағына бойлап енді. Азов және Солтүстік Кавказдағы аландарды, Босфор патшалығын өзіне қаратып, олар Оңтүстік–Шығыс Еуропадағы Остгот патшалығының билеушісі Эрманарихтың көп тайпалы державасын 375 жылы жеңіліске ұшыратты.
Осы уақыттан бастап Еуразия мен Еуропада халықтардың ұлы көшені үдерісі (великое переселение народов) жүрді.
Біз осы мақаламызда ғұндардың ІV-V ғасырлардағы Еуразиядағы тарихын Ватиканнан табылған латын тіліндегі деректер негізінде кеңінен жандандыра аламыз.
Ғұн державасының Батыста территориялық жағынан кеңеюі мен қуатының асып-тасуы 434-453 жылдар аралығында билік құрған Аттиланың (Еділдің) тұсында орын алды. Аттила және оның дәуірі Еуразия тарихында өшпес із қалдырды, ол тек тарихи шығармалар, хроникалар мен эпикалық ескерткіштерде ғана сақталып қалған жоқ. Біз өз тарапымыздан германдықтардың эпостары мен Скандинавия сагаларында (das Niebelungenlied, Edda, Sagen, т.б.) ғұндардың және олардың қолбасшысының ұлы істері көрініс тапқандығын анықтадық (бұл шығармаларда ол Attila, Etzel, Atzel, Atli, Ätla деп көрсетіледі). Осы жерде бір айта кететін жағдай, бірқатар герман тайпалары, сонымен бірге, Солтүстік, Орталық және Шығыс Еуропаны мекендеген халықтар мен тайпа ұйымдары күшейіп келе жатқан Ғұн державасын өздерін Рим империясынан қорғаушы күш ретінде де сезінді.
Биылғы жылдың шілде айында мен Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, ҰҒА-ның Тарих және этнология институтының қолдауымен Италияға сапарға бардым. Оның мақсаты – ғұндар, аварлар, Түрік қағанаты, Алтын Орда тарихы бойынша сирек кездесетін деректер мен материалдарды анықтау еді. Ватиканда деректік материалдарды – манускриптілер жиынтығын Vaticani Latini (Латын қорлары) қолжазбалар залында қараған кезде мол олжаға жолықтық. Мысалы, түркі-ғұндар және олардың Рим империясымен өзара қарым-қатынастарына қатысты мәліметтер Рим папасы Лев І-нің (440-461) хаттарында бар болып шықты. Ол Шығыс Рим империясын Еуропадағы үстемдік үшін күресте ғұндарға қарсы бірлесуге шақырған (Biblioteca Apostolica Vaticana (BAV), Vaticani Latini (Vat. lat. 541, f. 67-68 R). BAV, Vat. lat. 1319, f. 96ᵛ , Vat. lat. 544, f. 183-184R). Деректер билеуші Аттиланың бейнесін объективті түрде ұлы істерді атқарған зор мемлекеттік қайраткер ретінде жаңғыртуға мүмкіндік береді. Аттиланы І мыңжылдықтың ең белгілі толағай тұлға деп есептеуге толық негіз бар.
Бұл жерде біз қысқаша мына мәліметтерді бергеніміз жөн. 451 жылы Солтүстік Галлияда (Франция) дүние жүзі тарихындағы ең ірі шайқастардың бірі – Каталаун даласындағы ұрыс өтті. Сол кезеңдегі әлемнің алып державасы – Рим империясының өзінің көптеген одақтастарымен Ғұн әскеріне қарсы қақтығысы ешқайсысының да басымдыққа ие бола алмауымен аяқталды. Алайда, осы шайқастан кейін де ғұндардың күш-қуаты елеулі болғандықтан, ұлы қолбасшы Аттила аз уақыттың ішінде қайта атқа қонып, енді жорықты тікелей Рим империясының жүрегі Италияға бағыттады.
452 жылдың көктем-жазында ғұндар Солтүстік Италияға келіп, Аквилея, Конкордия, Альтин, Патавий (қазіргі Падуя), Вицетия (қазіргі Виченца), Верона, Бриксия (қазіргі Брешия), Бергамо, Милан, Тицин (қазіргі Павия) қалаларын алды. Аттила өз резиденциясын Миландағы Рим императорларының сарайына орналастырды. Бұл жеңістерден кейін Римге жол ашылды. Осы қиын жағдайда Рим империясы Аттилаға елшілік жіберуді ұйғарды. Елшілікті Папа Лев І өзі басқарды. Сол кездің куәгері хронист Проспер Тироның латынша жазған хроникасына қарасақ: «Барлық елшілер сыймен қабылданып, патша шіркеудің жоғарғы басшысының қатысуына ерекше ризашылығын білдіріп, соғысты одан әрі жүргізуден бас тартып, бейбітшілікті сақтап, Дунайдың арғы жағына қайтуға уәде берді» (Prosper Тiro. Epitoma de Chronicon, 1367, — MGH, T. IX, p. 482).
Аттила Римге жорықтар жасаған басқа замандастарынан ерекшелене білді. Ол христиан діні мен Рим папасына құрметін көрсетті. Сондықтан, қазір де басты христиан храмы – Римдегі Әулие Петр соборында Ғұн империясының ұлы билеушісінің бейнесін көруге болатындығы кездейсоқтық емес. Бірінші көрініс – бұл собордағы XVII ғ. мүсіншісі Алессандро Альгардидің Лев І-нің Аттиламен кездесуін бейнелеген барельеф. Екіншісі – осы тақырыптағы Рафаэльдің фрескасы.
Сонымен бірге, осы ізденіс сапарымызда бұған дейін Ғұн империясының, Рим мен Ватиканның тарихына арналған ешбір еңбекте кездеспеген Аттиланың маңызды суреті табылғанын айрықша атап өткім келеді. Мәселен, Ватикан музейінің қорындағы көптеген суреттердің арасынан 452 жылғы ғұн билеушісі Аттила мен Папа Лев І арасындағы кездесуді бейнелейтін фреска көзімізге оттай ұшырады. Бұл жерде Ватикан музейлері құрамына кіретін Географиялық карталар галереясы жөнінде сөз болып тұр. Бұл галереяда (Galleria della Carte Geografiche) 40 карта бар екен, оларда Католик шіркеуінің бұрынғы иеліктері көрсетілген.
Рафаэльдің белгілі Элиодор Станцасындағы (Stanza di Eliodorо) «Ұлы Левтің Аттиламен кездесуін» көрсеткен суретпен салыстырғанда, біз тапқан фрескада Аттила ақбоз аттың үстінде, басына алтын патшалық тәж киген маңғаз бейнеде тұр. Оның келбетінде Солтүстік Италияны бағындырған және Рим империясына соққыларды жаудырған құдіретті әміршінің айбын-салтанаты көрініс тапқан.
Аттила қайтыс болғаннан кейін Батыстағы Ғұн державасы оның мұрагерлері тұсында ыдырап кетті. Ғұндардың бір бөлігі төменгі Дунайдың солтүстігінде қалды. Үлкен бөлігі Қара теңізге кетіп, ары қарай шығысқа, Орал және Арал теңізі бағытына, яғни кең байтақ Ғұн империясының ежелгі шығыс шекараларына оралды. Ғұн одағы бұдан былай Орта Азия тайпаларының бірігуіне әсер етіп, қазақ халқының да қалыптасуына өз ықпалын тигізіп, құрамына енді. Еуразия тарихының ортағасырлық кезеңіне өтуі мен жаңа өркениеттің қалыптасуына алып келген Еуропадағы халықтардың ұлы көшені дәуірінде Ғұн державасы маңызды тарихи рөл атқарды.
Ватиканның кітапханасында мен еуропалық саяхатшылардың ерекше ілтипатында болған Орталық Азия мен Шығыс, яғни Моңғолия мен Қытай жерлері бойынша мәліметтерге назар аудардым. Олар халықаралық қатынастардың тарихы, сондай-ақ шаруашылық пен тұрмыс, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастар, дін мен әдет-ғұрыптары туралы айқын мәлімет беретін ерекше тарихи деректердің бір парасы болып табылады.
Табылған осы мағлұматтардың ішінен ХІІІ ғасырдың ортасынан XV ғасырдың ортасына дейін Шығыс пен Орталық Азияға саяхаттарды ұйымдастырған 126 саяхатшыны атап көрсеткім келеді. Олардың басым көпшілігі белгісіз болып келген еді. Тек Батыс Еуропаның жекелеген мамандары ғана оларды біршама білетін болар.
Олардың кейбірін келтіруге болады: Balduin von Hennegau, Odorico da Pordenone, Isachus Venerio (Venier), Jacobus von Florenz, Paschalis Hispanus de Victoria, Gottifredo Morosini, Giovanni Querini және басқа да бірқатар саяхатшылар мен миссионерлер. Айталық, италиялық саяхатшылар Орталық Азия мен қыпшақтар қағанаты (Khanat Кipchak) жерлерінен өтуге болатын жолдарды атап көрсеткен. Бұл арада «қағанат» анықтамасы «мемлекет» сөзіне сәйкес келеді. Түркі термині «қағанат» өзінің мазмұны бойынша «мемлекет» ұғымын білдіреді. Ватикан кітапханасының материалдарында Алтын Орда, Шағатай мемлекеті, әртүрлі хандардың басқаруы туралы мәліметтер кездеседі. Қазақстан тарихы, түркі әлемі мен Орталық Азия тарихы бойынша Рим папалары мен Алтын Орда хандарының жазысқан хаттары ерекше маңызға ие. Біз жекелеген манускриптілердің мазмұнымен таныстық. Бірақ бұл жұмысты әлі де қарқынды түрде жалғастыру керек.
Ғұн мұрасын әлемдік ғылымға белгілі археологиялық қазбалар арқылы да бағалауға болады. Қазіргі кезеңде қазбалар Қазақстанда, Орталық Азия, Еуразия мемлекеттерінде, т.б. аймақтарда жалғасып жатыр. Бұлар ғұндардың өзіндік материалдық мәдениетінің, қолөнерінің, саудасының, әскери өнерінің сөзсіз куәсі болып шығады. Ғұндардың зергерлік үлгілері мен нақыштары, мәселен, қазақтардың зергерлік өнерімен терең үйлесімділік табатынын байқауға болады. Ол бұйымдардың ішінен алтын және күміс диадемалар, алқалар, сырғалар, тарақтар, т.б. заттар ерекше көзге түседі.
Жоғарыда көрсеткендей, түркі-ғұндардың біздің отандық тарихымыздағы, сонымен бірге дүние жүзі тарихындағы орны ерекше. Бұл тарихты зерттеуді жаңа тұрғыдан одан әрі жалғастыру қажет. Көптеген дерек-құжаттар грек, латын, көне герман және Скандинавия тілдерінде сақталып қалғандығы бізге бұл орайда үлкен мүмкіндіктер тудырады әрі Ұлытау төрінде Елбасы айтқандай, қазақтың арғы түбі ғұндардан басталатын тарихын түгендеуге көмектеспек.
АЛМАТЫ.
Суретте: профессор Қ.Жұмағұлов тапқан Ватикандағы фреска. Көрініс Ғұн империясының, Рим мен Ватиканның тарихына арналған еңбектерде күні бүгінге дейін кездеспеген. Фреска XVI ғасырда орындалған. Суреттің төменгі жағында «S. Leo Pont. Max. Attila. Furentem. Reprimit» деген жазу бар. Ол латын тілінен аударғанда «Ұлы папа Лев қаһарлы Аттиланы тоқтатты» дегенді білдіреді.