Жуырда Qazaqstan телеарнасында белгілі журналист Дархан Әбдіктің Ыбырай Алтынсарин туралы «Ұстаз» атты деректі фильмі шықты. 
Биыл ұлт ұстазының туғанына 180 жыл толады. Осыған орай біз аталған фильмдегі негізгі ойлар мен деректерді автордың өз сөзімен оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Ресей империясы түркі халықтарын асқан қатыгездікпен шоқындырды
1739 жылы 10 сәуірде Ресейдің Екатеринбург қаласындағы «Әулие Екатерина» шіркеуінің алдындағы алаңда орыс әскерилері жергілікті татарлар мен башқұрттарды күштеп жинайды. Жиналған көпшіліктің ортасына егде жастағы әйелді байлап алып шығып, алаң ортасындағы бағанға таңады. Бұл зорлықпен шоқындырылған башқұрт әйел Кішібике Байрасова еді. Ол құлдықтан қашып өз салтына, өз дініне, өз дәстүріне қайта оралғаны үшін өлім жазасына кесілген.
«Ресей империясындағы отарлау саясатының ерекшелігі - отарланған елді міндетті түрде тілінен және ділінен айыру, шоқындыру. Империяның илеуіне ең алдымен түркі халықтарынан - ноғайлар, татарлар, башқұрттар, чуваштар түсті. Бұл ұлттарды шоқындыру асқан қаныпезерлікпен жүргізілді», - дейді Дархан Әбдік.
Империяның шоқындыру саясатын асқан қатыгездікпен жүргізгендердің бірі түркі нәсілінен шыққан татар мырзасы - Құтлымұхамед Мәмешұлы Тевкелев. (1674-1766) Христиан дінін қабылдағаннан кейінгі аты-жөні Алексей Иванович Тевкелев болып өзгерген.
Тарихшы Владимир Витевский 1736 жылы оның бір ғана экспедициясы туралы:
«Тевкелев 50-ге жуық ауылдың тас-талқанын шығарды. Башқұрттарды жүздеп қораға қамап, өртеп жіберді. Еркектерді ең қатыгез жолмен азаптап өлтірді. Ал, әйелдері мен бала-шағасын солдаттарына таратып берді»,-деп жазды.
18 жасар Алтынсарин мен миссионер Ильминскийдің кездесуі
Алайда, аз халықтар тарапынан шоқындыру саясатына қарсылық көбейеді. Күштеп шоқындырылған башқұрттар, чуваштар мен басқа да халықтар жаппай өз дініне өтеді. Енді айла тәсілді өзгерту үшін қаныпезерлердің орнына «мейірімді» миссионерлер келеді. Солардың бірі &ndash түркі халықтарын шоқындыру идеясының басты идеологы Николай Иванович Ильминский. Ол шығыс, оның ішінде түркі тілдерінің білгірі болған.
1859 жылы 36 жасында Ильминский Орынбордағы шекара комиссиясында аудармашы болып жұмыс істеп жүреді. Сол жерде жергілікті орыс-қазақ мектеп интернатын алтын медальмен бітірген 18 жасар қазақ жігіті Ыбырай Алтынсаринмен танысады.
«Бұл кездесу - қазақ халқының тағдырын айқындаған және сол арқылы қазақ ұлтының болашағына әсер еткен кездесу болды. Дәл осы кездесуден Алтынсарин мен Ильминскийдің 30 жылға созылған қарым-қатынасы басталды.
Ол Ыбырайдан Құдайдың өзі жаратқан шын педагогтық қасиетті байқайды. Оған керегі де сол еді»,- дейді фильм авторы.
Ең алғашқы ұлттық мектептің ұлттық оқулығы һәм Алтынсарин мұрасының жұмбағы
1861 жылы Алтынсарин Орынбордан Торғай бекінісіне қазақ балаларын оқытуға жіберілуі тиіс еді. Алайда ресей империясы қазақ балаларын оқытуға асықпайды.
Мектеп 1864 жылы ашылады. Керек қаржының басым бөлігін жергілікті зиялы қазақтар жинап береді.
«Январьдың 8-і күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды»,- деп жазады Алтынсарин Ильминскийге хатында.
Одан соң, Ыбырай алғашқы ұлттық мектептің алғашқы оқулығын жазуға кіріседі. Себебі, татар молдаларының шұбар тілінен шаршаған қазақ баласы алғаш рет өзінің ана тілінде жазылған кітапты қолына алуы тиіс еді.
Мәселенің бірі - оның қандай алфавитпен жазылатынында.
«Молдалар ұсынатын татар, араб, пасы кітаптарының бәрі адамның санасын улап, тек топастандыра түседі. Ал, қазақтарға әрбір адам баласындай оқу барысында ойландыратын, білімге жетелейтін өз тілінде ұғымды етіп жазылған кітаптар қажет.
Алтынсариннің Ильминсике жазған хаты, 1862ж.»
Алтынсарин орыс алфавитіне қарсылық білдіріп көреді. Бірақ, Ильминскийдің беделі басым болғандықтан, амалсыз көнеді. Сөйтіп, 1879 жылы алғашқы қазақ оқулығы «Қазақ хрестоматиясы» кириллица негізінде жасалған әліпбимен жарық көреді.
Дархан Әбдіктің айтуынша, Алтынсариннің қазақ балаларына жазған әңгімелер мен өлеңдеріндегі үні шынайы мейірімге, мәрттікке толы. Ал, керісінше, орыс басшыларына жазған хаттарында ол әсіре ілтипатшыл, жасанды сыпайы. Алтынсарин мұрасындағы ең үлкен жұмбақ та осы-мыс.
Ұстаздың  арманы
Ыбырай Алтынсариннің  арманы - хрестоматияның екінші бөлімін жазу еді. Бұл туралы ол 1880 жылдың сәуір айында мұғалім, Ильминскийдің шәкірті Катаринскийге жазған хатында былай деп баяндайды:
«Бұл бөлімде мен мүмкін болғанынша, толық түрде жаратылыс тарихы туралы, география мен тарих туралы, аздап  химиядан, физикадан, техникалық өндіріс түрлерінен түсінік бергім келеді.
Қазақ халқының қазіргі жағдайында аса маңызды бұл жұмысты ойдағыдай атқарып шығуыма Құдай тағала тек күш пен ғұмыр бергей.
Дұрыс пайдаланса, бұл іс - қазақ халқының келбетін өзгертер еді»
Алайда проваслав миссионерлеріне қазақ балаларының мұндай сауаттылығы мүлдем керек емес. Ильминский бұл туралы:
«Мектептердегі сауаттылық...орфографика мен гарамтика мүлдем қажетсіз. Ал, бұратана халықтарға арналған оқу орындарында тіптен зиян»,-дейді.
Қалқаман Жақып, профессор, Ыбырайтанушы: - «Ыбырайдың білім беру жүйесі екі сатыдан тұрды. Біріншісі - сауат беру. Қазақ балаларының сауатын ашу. Екінші, жоғарғы сатысы - мамандықты игеруге жол ашу. Ол ағаш шебері бола ма, темір ұстасы бола ма, қолөнер ме, кілем, алаша тоқи ма, керек десеңіз Ыбырай қыз балаларға әртүрлі шөптің қосындысынан қалай шөп жасауды үйретті»
Миссионерлерге қарсылық һәм Ыбырайдың соққыға жығылуы
1872 жылы Ефимий Маловтың жетекшілігімен мұсылмандыққа қарсы мағынадағы қағаз кітаптар шығару комиссиясы құрылады. Ильминскийдің әдістемесі бойынша қазақ тіліне 307 кітап аударылады.Оның 288-і таза проваслав христиан уағызы. Мұның бәрі қазақтарға тегін таратылды. Мұндай миссионерлік әдебиет Алтынсарин ашқан мектептерге де тықпалана бастайды.
«Сізге өте бір қайғылы хабар жеткізуге тура келіп отыр. Біздің Александр Грегоревич Бессонов сірә есінен айырылған болар деймін. Әйтпесе оның өз оқушыларына істеген сорақылықтарын басқаша түсіндіре алар емеспін. Бақсам, ол оқытушылар мектебінің үшінші және төртінші кластарында оқушылардың наразылығына қарамастан, бір ай бойы Інжіл мен оның парыздарын уағыздай бастапты. Нәтижесі - ол оқушыларға қатыгездік пен ызақорлық танытып, соңғылары оқудан бас тартқан. Жағдай оның өз шәкірттерін алаяқ деп атап мойнындарынан итеріп шығаруына дейін ушыққан.
Ыбырайдың Катаринскийге жазған хаты»
Шын мәнінде мұндай әдебиет оқулықтарын Катаринский мен Ильминский 1862 жылы ақ қазақ мектептерінің бағдарламасына бекітіп қойған. Алайда, Алтынсариннің қазақ мектебімен қазақ балаларының болашағына өз көзқарасы болған.
Алтынсарин миссионерлерге жауап беру үшін қазақ балаларына химия, физика сияқты техникалық пәндерді оқытуға бағытталған хрестоматияның екінші бөлімін жазуды тоқтатуға мәжбүр болады. Оның орнына 1884 жылы  «Мұсылмашылық тұтқасы» деген кітабы жарық көреді. Бірақ бұл оқулықта да Алтынсарин дінге ұлттық сипа беріп, оны қазақтың мүддесіне бұрады. Сондықтан ол намаз ішінде немесе құран аяттарын, арабша дұғаларды өз тілінде оқуға үндейді.
Бұл миссионерлерге деген ашық қарсылық еді. Сол үшін ол облыстық губернаторлардың тергеуінде болады. Бұдан соң, 1889 жылы Обаған ауылында берілген аста Төлебай Көбекұлы деген адам Ыбырайды соққыға жығады. Бұл кезде ұстаздың денсаулығы нашар, жасы где тартқан еді...
Сөйтіп, 1889 жылы Ыбырай Алтынсарин жүрек ауруынан, құсадан қайтыс болады.
Алтынсарин мен Ататүрікті не байланыстырады?
Қырымда, Бақша сарай қаласында татар ағартушысы Исмаил Гаспринскийдің мұражайында «Мұсылмашылық тұтқасының» бауырына Ыбырай өз қолымен жазып табыс еткен экземпляры сақталған.
Алтынсариннен кейін Гаспринский түркі мұсылман медреселеріне Ыбырайдың үлгісі бойынша, зайырлы ғылым пәндерін (химия, физика, биология) енгізіп, реформаторлық Жәдид қозғалысын бастайды.
Жәдид қозғалысы - барша түркі халықтарын дүмше молдалардың надан уағызынан бас көтеріп, зайырлы ғылымдарға бет алуына, дінді ұлттық тұрғыдан пайымдауға жетелейді.
Жәдидшілдік - Осман империясы құлдырағаннан кейін Мұстафа Кемаль Ататүрік бастаған жаңа түрік элитасының қалыптасуына ықпал етті.
XX ғасырдың басында татар, башқұрт, ноғай, құмық, өзбек секілді барша түркі халықтарының зайырлы ұлтшыл интеллигенциясын тәрбиелеп шығарды.
Ал, Алтынсарин шәкірттері - Алаштықтар. Білімді, парасатты олар Ыбырай мектептерінің түлектері еді. Сол себепті қазіргі қазақ мемлекеттігінің атасы Әлихан Бөкейханов 1925 жылы маусымның 23-і күні Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында:
«Алтынсарының баласы Ыбырай хақында өзің жазғаның дұрыс болады. Ол сенің ағаң емес пе? егер ол қазір өмір сүрсе сендей болар еді. Ал, сен ертерек дүниеге келгенде оның ісін жасарың хақ»,- дейді.
Төлен Әбдік, жазушы:
«Қазақтың жерінде орыстандыру мектебі болды. Және соған мүлде қарама-қарсы ұлттық сананы сақтап қалуға арналған Ыбырай Алтынсариннің мектебі болды. Ол ұлттық сананы сақтап қалу үшін өзі қолынан оқулық жасады. Қазақтың аңыз-әңгімелерінен, ауыз әдебиетінен оған өзінің шығрмаларын қосып, тарихты қосып тұңғыш рет хрестоматия жасады. Ислам діні деген пән енгізді. Әсіресе оның әйгілі Бір Құдайға сыйынып, кел, балалар оқылық деген сөзі О, боже, храни, царя деген дұғаға қарама-қарсы болып естіледі.
Ал, ең бастысы не десеңіз, Ыбырайдың мектептері - ел қамын ойлайтын тұтас бір мектеп тәрбиеледі. Сол мектепте оқығандардың бірі Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов. Одан әрі ол еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қозғалысына, Алаш идеясына жалғасты».
Нұрбике Бексұлтанқызы