Ақпан айы басталғалы бері интернеттің қазақстандық сегменті тағы да дүрлігіп жатыр. Рас, жұрттың назарын бірден аудара қоймағанмен бұл жолғы мәселе бөлек. Атақты әнші, артист немесе спортшыларға қатысы жоқ, керісінше жасөспірімдердің тағдырына тікелей байланысты дүние бұл. Яғни, интернет арқылы суицидті насихаттаушылардың қақпанына біздің жерлестеріміз түсті. Астанада бір жасөспірім өзінің қолын кесіп, бақилық болғысы келетінін ашық айтыпты.
Жалпы, әлеуметтік желілердің, соның ішінде Вконтакте желісінің жасөспірімдерге кері әсер ететіні жайлы талай айтылған. Діннің радикалды бағыттарына үндейтіндер де, экстремистік насихатты тарататындар да, порнография да, өмірден баз кешуді мұрат тұтып, жұртты да өздерінің қатарына қосып алуға тырысатындар да сол желіде. Ресейлік бұл әлеуметтік желіні бақылаушылар да, қолданушылар да онда «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ» екенін аңғарады. Ақыры сол жүгенсіз желінің зардабы бізге де тие бастады. Ондағы суицидке үндейтін топтардың арбауына түсіп қалған жасөспірімдер анықталып жатыр. Қазірдің өзінде «Синий кит», «Тихий дом» деп аталатын «ермек» тауып, сондағы үйлестірушілердің дегеніне еріп, өздеріне қол салмақ болған жасөспірімдер Алматы мен Астанадан, Семей мен Павлодардан, Петропавл қаласынан табылды. Бірқатар ақпарат құралдары Теміртауда өзіне қол салған жасөспірімнің ажалына әлеуметтік желілер әсер еткендігін жазуда. Бірақ ол оқиғаның анық-қанығы әзірге нақтыланбады. Құқық қорғаушылар Астанадағы мектеп оқушыларының арасынан әлеуметтік желінің кесірінен өмірден баз кешпек болғандарды анықтапты. Елімізде бір оқушы өз білегін тіліп, тамырын кеспек болған. Тура әлгі ойындардағы талапты орындапты. Абырой болғанда өлім-жітім жоқ. Дегенмен, соңғы бір аптаның ішінде әлеуметтік желілер арқылы суицидке шақыратын ойындарды ойнағандардың қатары аз емес екендігі анықталып жатыр.
«Киттің» қатысы қанша?
Сөз басында жасөспірімдерді суицидке итермелейтін «ойындардың» бірі «Синий кит» деп аталатынын айттық. Кәдімгі көк кит бұл. Соңғы жарты ғасырда осынау алып жануарлар саны сиреп бара жатыр. Ғалымдар көк киттердің бірқатары өздерін қайраңға атып жіберіп, жағалауда өлетінін анықтаған. Біраз зерттеушілер оған мұхиттардың ластануы себеп десетін. Қандай себептен болса да көк кит қана емес, бірқатар киттер өздерін қайраңға лақтырып жіберетіні рас. Бір сөзбен айтқанда, суицид жасайды. Интернет арқылы өзгелердің тағдырын тәлкекке салатындардың «бас кейіпкер» ретінде китті таңдауының сыры осында.
Ресейлік Вконтакте желісінде китке қатысты топтар, қауымдастықтар өте көп. Ресейлік басылымдар олардың басым көпшілігі өлімді насихаттайтынын жазып жатыр. Жабық қауымдастықтар мен топтарға қосылған жасөспірімді түрлі тәсілдермен қызықтырып, арнайы тапсырма беретін ойын ұйымдастыратын көрінеді. Сөйтіп, 50 кезеңнен тұратын ойынның соңында өзіне қол салуы тиіс екен. Әйтпесе, ойынға қатысушының туыстарына қастандық жасалады екен-мыс. Китке қатысты топтарға қосылған жасөспірімдерді осылай қорқытып-үркітетін көрінеді. Ақыры тығырыққа тірелген бозбала немесе бойжеткен өмірмен қоштасуға ұмтылады. Бірақ өткен жылы журналистік зерттеу жасаған ресейлік «Новая газета» басылымының тілшілері суицидке итермелейтін топтардың өкілдері ойынан бас тартқан бірде-бір адамның туысына қастандық жасамағанын жазған. ҚР Ішкі істер министрлігі мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев масс-медиаға жасаған мәлімдемесінде 2016 жылы жасөспірімдерді өздеріне қол салуға итермелеген 9 дерек тіркелгенін айтты. Бірақ олардың әлеуметтік желілердегі топтармен байланысы нақты анықталмаған. Дегенмен, құқық қорғау органдарының мамандары әлеуметтік желілерде суицидті насихаттайтын топтарды анықтап, бұғаттап жатса керек. Сонымен бірге, білім беру мекемелеріне де арнайы нұсқаулықтар беріле бастапты. Астана мектептеріне қалалық прокуратура әлеуметтік желілердің зардаптары туралы ескерту жасап, мамандарды сақ болуға шақырыпты. Шығыс Қазақстанда да тиісті органдарға тапсырма берілгені белгілі болды. Қысқасы, мемлекет те қарап қалмай, қарсы шараларды ұйымдастырып жатыр.
Желілерді бұғаттасақ ше?
Өткен жылы Ақтөбеде террорлық акт жасалған кезде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин Вконтакте әлеуметтік желісін бұғаттау туралы ой айтқан. Себебі, бұл желі бассыз-баусыз кетсе керек. Түрлі бәле-жаланың бәрі сол желіде насихатталатын көрінеді. Біз атап өткен желіде киттің атауын алған топтардан бөлек, «Беги и умри», «Фея» деген қауымдастықтар да бар. Тіпті, ондай жабық топтар мен қауымдастықтардың саны жүздеп саналуы мүмкін.
Алайда бұл желіні жапсақ жағымсыз контентті тежей аламыз ба? Елімізде сол желіде тараған сорақы «ойынды» ойнап, өзінің қолын тіліп тастаған балаға қатысты деректерді қаскөйлер қалай алды? Мәселе сонда болып тұр. Ақпараттық технологиялар саласының мамандары бұл жерде мәселе тек әлеуметтік желіде емес екенін айтады. Техникалық тұрғыда қандай да бір адам жайлы ақпаратты бүге-шігесіне дейін білу оңай-оспақ шаруа емес. Тек интернет қолданушылардың салғырт-салақтығының кесірінен түрлі ақпараттар қолды болып кетеді. Қаскөйлер соны да пайдаланып бағады.
«Вертер синдромын» туындаттық-ау…
Әлеуметтану ғылымында «Вертер синдромы» деген ұғым бар. Мұны алғаш рет америкалық әлеуметтанушы Дэвид Филлипс айтыпты. Мәселенің мәні мынада: масс-медиа арқылы көрсетілген, айтылған, жазылған өз-өзіне қол салу жөніндегі ақпараттардан кейін шынымен де өмірден баз кешпек болатындардың саны өсіп кетеді екен. Яғни, ұласпалы сипатқа ие болады. Қазақтың «жақсылықты асырып, жамандықты жасыруды» өмірлік ұстаным қылуы содан болса керек. Бір сөзбен айтқанда, қандайда бір жаман қылық, қатігездік, қылмыс туралы жиі айтылса, соларды жасайтындардың қатары да өсе түседі. Демек, әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан «ермекті» бірінші кезекте осы «Вертер синдромы» тұрғысынан қарастырған жөн.
Иә, алдымен ВКонтакте желісінде өлімге итермелейтін контент бар екенін ресейліктер айтқан. Өткен жылы Ресей масс-медиасы 2015 жылдың қарашасы мен 2016 жылдың сәуірі аралығында Ресейде 130 жасөспірімнің әлеуметтік желілердегі суицидті насихаттайтын топтардың кесірінен өздеріне қол салғанын жазған еді. Бірақ ол кезде бұл ақпарат туралы біздің елде айтылмады. Тек ішінара кейбір мамандар әлеуметтік желілердің қауіпті екендігін алға тартқан. Ал биыл…
Биылғы әңгіме ақпаннан басталды. Алдымен Қырғызстанда әлеуметтік желілерде «Синий кит», «Тихий дом» тәрізді ойындарды ойнап, өздеріне қол жұмсамақ болғандардың көбейіп кеткені туралы айтылды. Іле-шала бұл әңгіме Қазақстанда жайылды. Бірқатар телеарналар, ірі сайттар ақпарат таратты, жаңалықтардан көрсетті. Одан соң WhatsApp желісінде түрлі диалогтардың скриншоттары, фотолар тарай бастады. YouTube желісінде де бейнежазбалар толып жүр. Бірін-бірі сақтандырған жұрт. Балалардың тағдырына алаңдаған көпшілік. Суицидтің алдын алуға ұмтылған қауым #ядельфин немесе #янекит #небудименяв420 сияқты түрлі хэштегтер арқылы әлеуметтік желілерде белсенділік танытып жатыр. Құптарлық іс. Алайда әлгі «Вертер синдромы» ретінде қарасақ, әлеуметтік желілерде суицидті насихаттайтын топтардың жарнамасын тұтас ел болып жасап отырған сияқтымыз.
Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ,
саясаттанушы:
– Суицидтің жасөсіпірімдер арасында тарауы – біздің ел үшін аса қауіпті әрі маңызды мәселе. Қателеспесем, Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2014 жылы Қазақстан суицид деңгейі бойынша әлемде 9-орында еді. 2-3 жылда жағдай күрт өзгере қоймаған шығар.
12-13 пен 16-17 жас аралығы – бала психикасының әлі қалыптасатын кезеңі, сол үшін жасөспірім эмоцияға берілгіш, ашуланғыш келеді. Әрі барлық дүниені тез қабылдайды, қызығушылығы мол. Вконтакте желісін елімізде, негізінен, оқушылар мен студенттер кеңінен қолданады. Сәйкесінше, кейбір оқушылардың Вконтакте арқылы тараған ойындарға қызығуының бір себебі осы болар.
Елімізде осы қатермен күресу үшін біраз амал жасалды. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Алматы қалалық әкімдігі Германияның Tokio Hotel тобының «Медеудегі» концертіне тыйым салды. Себебі, бұл топ жастардың депрессияға түсуіне әсер ететін әндер айтатын.
Алайда БАҚ суицид туралы жаңалықты қайталай берген сайын, жас оқырман не көрермен тарапынан оған деген қызығушылық арта беруі мүмкін. Оны «Вертер синдромы» деп те атайды. Мәселен, 1980 жылдары Австрияда суицид деңгейі жоғары болды. 1987 жылы рельске өзін-өзі тастап, көз жұмғандар жайлы хабарды таратпау туралы шешім қабылдайды. Нәтижесінде, 1 айдан соң Вена метросында өз өмірін қиятындар саны 3 есе кеміген.
Жалпы, трагедиялардың алдын алу үшін ата-ана баласының бос уақытын, күнделікті жұмысын, қандай ән тыңдайтынын, қандай сайттың қолданушысы екенін бақылап, әлгі «Синий кит» секілді ойынның, жалпы суицидтік амалдың қаншалықты қауіпті екенін, баланың өз отбасына маңызды әрі қажет екенін ақырын түсіндіруі парыз. Бұдан бөлек, оқушыларға мектеп қабырғасынан сыни көзқарас (критическое мышление) қабілетін үйретсек, олардың барлық дүниені салмақтап қабылдау қабілетін дамытар едік.
Әнуар ЖАНҒОЗИН,
Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары:
– Оқушылар арасында әлеуметтік желілердегі ойындардың кең таралуына байланысты елорда мектептерінде тәрбие жұмыстарын күшейттік. Күні кеше мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтарды жинап, жұмыстың қандай бағыттарына көбірек көңіл бөлу жайын жан-жақты талқыладық. Қазіргі таңда жалпы білім беретін ұйымдарда ата-аналарға арналған арнайы тренингтер, дөңгелек үстел жиындарын ұйымдастыру қолға алынды. Онда психологтар баламен қалай тіл табысу керек, оның бойындағы қандай өзгерістерге ерекше ден қою қажеттігін түсіндіреді. Бұған қоса, оқушылар арасында «Біз өмірді таңдаймыз» акциясы өтіп жатыр. Шара бағдарламасында әртүрлі қызықты ойындар, пікірталастар арқылы баланың өмір сүруге деген махаббатын ояту, қарым-қабілетін шыңдау, бос уақытын тиімді өткізуге ден қойылмақ. Әлбетте, балалардың тәрбиесі үйдегі тәрбиеге байланысты. Сондықтан ата-аналар баласын бақылауда ұстап, мектеппен тығыз байланыста жұмыс істегені жөн. Баласы қандай әлеуметтік желіні қолданады, телефонына қандай бөгде адамдар хабарласатынын да біліп отырғаны абзал. Әлеуметтік желілердегі бала өміріне қауіп төндіретін қайсыбір ойындардың көбеюі бізді де ерекше алаңдатып отыр. Сондықтан елордалық Білім басқармасы оқушылардың қандай әлеуметтік желіге тіркелгені, онда қандай топқа қосылғанын анықтауға кірісті. Бұл туралы анықтама жинақталғаннан кейін прокуратура органдарына есеп беретін боламыз.
Гүлнәр СӘТЕНОВА,
мектеп инспекторы, полиция капитаны:
– Статистика бойынша көбіне 12-16 жас аралығындағы жеткіншектер психикалық тұрғыдан әлсіз болып келеді. Әлеуметтік желідегі қитұрқы ойындарды ұйымдастырушылардың құрбандары да осы жас аралығындағы балалар екенін байқауға болады. Негізінен, ата-анасы жұмысбасты, өз еркі өзіндегі жасөспірімдер оқыс оқиғаларға бейім тұрады. Үйіне айтпай, жоғалып кететіндер де осындай балалар. Мысалы, маған «балам мектептен әлі келген жоқ» деп хабарласатын ата-аналар көп. Оларға «Балаңыздың достары кім, кіммен жүруі мүмкін!» десең, бұл сұраққа жауап беруге қиналатындар бар. Міне, көрдіңіз бе, жұмысбастылығымыз сондай, баламыздың қасында жүрген жақын достарынан да бейхабармыз. Көптеген ата-аналар баламыздың киімі көк, тамағы тоқ болса болды деп ойлайды. Шынтуайтында, баламен теңдей көріп сырласу, көзқарасымен бөлісу, талап-тілегіне құлақ асу секілді басты нәрселер жетпей жатыр бізде. Өткенде біздің мектепте оқушыларға смартфон емес, қалтафондардың бұрынғы пернелі нұсқасын ұстату жөніндегі мәселе көтердік. Бір жағынан балалар сабақ оқимын деп, ойынға алаңдамайды. Екінші жағынан қауіпсіздігіне де жақсы деп ойладық. Бір қызығы, бұған оқушылар емес, ата-аналардың өздері қарсы шықты. Мейлі, қымбат телефондар ұстатсын-ақ, бірақ баланың телефонына бір сәт көз тастап отырған артықтық етпейді. Жеткіншектердің әлеуметтік желілердің жетегінде кетуі балаға деген бақылаудың бос кеткендігінен екені сөзсіз.
Инабат БАЛТАБАЙ,
мектеп психологы:
– Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде «пәленбай бала өзіне-өзі қол жұмсапты» деп ашық айтылып, жазылып жатыр. Психолог ретінде айтарым, мұндай теріс ақпараттың бәрін әлі жетіле қоймаған бала санасы кері қабылдап алады. Өйткені жеткіншектердің ойлау деңгейі, өресі мен танымы тым нәзік. Оларға тіпті бірдеңені жасама десең, керісінше, сол іске қызығушылық танытуы мүмкін. Жалпы, әрбір ата-ана баланы жастайынан қызығатын саласына қарай бейімдеп, жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеп отыруы қажет. Ең бастысы, жеткіншектердің бос сенделіп жүруіне жол бермеу керек. Белгілі бір міндетті мойнына жүктеп, оған жауапты болуға, бастаған ісін аяқтауға үйретуіміз керек. Мектеп жасындағы баланың жігерін құм етіп үнемі ұрсу, «қолыңнан ештеңе келмейді» деп жәбірлеу жақсылыққа апармайды. Үнемі ұрыс естіген баланың бойында «мен жаманмын» деген ой бой көтеріп, бұл айналып келгенде, рухани әлсіздікке ұшыратады. Оқыс оқиғаларға душар болатындардың көбі осындай өзімен-өзі күресе алмайтын жеткіншектер. Сондықтан ата-аналар баласымен әрдайым сөйлесіп, ой-пікір алмасып, сырласып отыру керек. Ата-анасының жылы алақанын көріп өскен бала даладан мейірім мен жылулық іздемейтінін әркім есте ұстаған дұрыс.
Ерлан ОСПАН,
ақпараттық технологиялар маманы:
– Бұл мәселе бойынша IT-маманы тұрғысынан пікір білдіру қаншалықты дұрыс екенін білмеймін. Бірақ осы оқиғада «интернет, смартфон, әлеуметтік желі» деген нысандар аталғаннан кейін әрі әке болғаннан соң – бірдеңе айтуға құқымды сезіп тұрмын. Бірінші, IT-маманы тұрғысынан айтсам. Білесіз бе, интернетті егер таза өзін алсақ, телефон, әлде пошта кептері сияқты коммуникациялық құрал ғана. Ол – бейсаналы, мақсаттары мен мүдделері жоқ. Оны мақсаттары мен мүддесіне жарататын адам. Ендеше, қоғамның ұжымдық-үйелмендік өміріндегі бір көріністе қылаң бергеніне бола, тәрбиені интернетке қолжетімділіктен көру дұрыс емес. Бұл депутат Нехорошев айтқан сияқты, «іш өтумен – қоғамдық әжетханаларды жабу арқылы күресу сияқты қисынсыз». Кеңес кезеңін еске алсақ, дәлірегі, сол кезді еске алатындардың әңгімелеріне назар аударсақ. Мысалы, радиобұзақылық деген көрініс болды. Ол былай: күнұзаққа жарқын келешекті, бақытты бүгінді сампылдап жатқан радио кенет быжылдап кетеді де, «әкем де жоқ, шешем де жоқ, ұрлықпенен қарным тоқ!» деген «шпаналардың» әні басталып кетеді. «Маяк» радиосын тыңдаймын деп, радионы қотарып отырған адам кенет «маскүнемнің монологына» тап болады. Қысқатолқынды диапазондағы осындай бұзақылыққа ол кезде де ата-аналар, жалпы қоғам, «баламыз бұзылды» деп кінә таққан. Алайда қанқұйлы КГБ-ның өзі бұзақыларды құрықтағаны болмаса, радиобайланысты жаптырып, не кестіріп көрген емес. Себебі, мәселенің кілтипаны – тәрбиеде екенін барлығы түсінетін. Криминалистер арасында қызық сауал, ойтолғау бар. Олар, кәдімгі пышақ – адамға көмекші болды ма, әлде сор боп жабысты ма деген ой қаузайды. Сіздер қалай ойлайсыздар? Әрі пышақтың кінәсі жалпы болуы мүмкін бе? Интернет те сол. «Кит» оқиғасына шынтуайтында, интернеттің еш қатысы жоқ. Түрлі пиғылды секталар, жартылай секталар, өзінің секта екенін білмейтін секталар, экстремалдық сипаттағы адамдар мен топтар әлімсақтан болған. Жасөспірімнің ерекшелікке құштарлығы, өзін бауырластар сақинасында сезінуге ұмтылуы – табиғаттың заңы. Өкінішке қарай, кейбіреулер осындай кезеңінде «кит» сияқтылармен сәтсіз кездесті. Бары осы. Енді ата-ана ретінде не деуге болады? Хакім Абай әкесіне келіп: «Әке, мен сенен өте тудым!» деген екен ғой. «Жоқ» депті сонда Құнанбай. «Неге?» деген Абайға әкесі: «Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр» деген екен. Ендеше, тәрбие туралы нұсқау бергенім артық болар. Әйтеуір бабалардың ісіне көз салсам, олар тек – парасатты ғана үйретіпті ғой. «Ұрлама!» деп жекімеген, «жақыныңның ақысын жеуге қалай дәтің барады!» деп ұялтқан. Ондайдан осы күнгідей тамаша азаматтар өсіп-өнген. Сериалдың ұятты жерінде көзін алақанмен жауып, осындай елең-алаң кездерді интернетін шектеп, қадағалағаннан бірдеңе ұтамыз деп ойламаймын. Сана бере алмасақ, бұл интернеттен тірі алып қалған баламыз ертең бәрібір құдықтың басында отырып шөлден өледі. Быламыққа тісін сындырып, жастықтан көзі көгеріп жүреді. «Бала берсең – сана бер» демеуші ме еді? Тоқетері, балапандарымызға этнопедагогикалық әдістермен, инструкциялық тәрбие емес, жалпы бағытты жақсылап тұрып бір көрсете білейік.
Садық ШЕРІМБЕК,
ақпараттық қауіпсіздік маманы:
– Бұл оқиғаларды Cyberbullicide түсінігінің ішіне жатқызамыз. Бұл – телекоммуникация құралдары арқылы белгілі бір адамды немесе адамдар тобын әртүрлі зиянды нәрселерге итермелеу, уағыздау, қорқытып-үркіту, зиян келтіру. Мұндай оқиғалар интернетке жасөспірімдер белсенді шыға бастағалы бері жалғасып келеді. Тек әлеуметтік желілер ғана емес, чаттар, видеоблогтар, вебсайттар да бұл функцияны атқаруға қауқарлы. «Көк кит» мәселесін техникалық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, жай ғана IP адрестің өзі ол бала жайындағы толық ақпаратты біліп алуға жеткіліксіз. Оның үстіне қазіргі таңда кез келген провайдерлердің IP мекенжайлары динамикалық форматқа көшкендіктен, қарапайым қолданушы ол мекенді білген күннің өзінде ол арқылы оның тұрған жерін таба қоюы екіталай. Тұрған қаласын табуы мүмкін. Бірақ тұрған үйі мен отбасы жағдайын біле алмайды. Сондықтан бұл жерге әлгі зұлымдық қалаушы топтар үшін әлеуметтік инженерия саласы көмекке келе қояды. Әлеуметтік инженерия – белгілі бір ақпаратқа техниканың мүмкіндігінсіз-ақ, жеке тұлғаның өзімен байланыса отырып, өзі қаламаған күйде қол жеткізу. Ендеше, әлеуметтік желілерде жас балалардың адрестерін, отбасылық жағдайларын біліп, сол арқылы қорқытып отырғандарды біз жай ғана еріккен қолданушы деп қарастыруымыз қып-қызыл абсурд болар еді. Яғни, жеке әңгімелер арасында, яки болмаса желідегі әлгі жас баланың желідегі достарын бопсалау немесе бастапқыда жас баланың өзінен белгілі бір деңгейде ақпараттарды сұрап алу арқылы ондай жағдайларды тудыру мүмкіндігі әбден зор. Жалпы, біз қазір өзіміздің эгомыздың әсерінен көптеген жеке ақпараттарды интернетте ашық жариялап жатырмыз. Әлбетте, дәл қазір бізге келіп жатқан ақпараттар тек соңғы фазасы болғандықтан, оған дейінгі диалог қандай болғанынан көпшілігіміздің хабарымыз жоқ. Егер бұл әлеуметтік инженерия болмаған күннің өзінде ақпараттық қауіпсіздіктің бұзылғанының бір көрсеткіші болуы әбден мүмкін. Өйткені біздің елдегі белгілі мемлекеттік құпиялардың бірі – медициналық порталдардың аккаунттарын интернеттен тауып алуыңызға болады. Сәйкесінше, ол портал бойынша баланың аты-жөнін терсеңіз болғаны, сол мезет оның медициналық картасында жазылған мекенжай анықтамасы, отбасылық жағдайы, науқас түрі мен ауырған уақыты туралы барлық ақпаратты көз алдыңызға шығарып береді. Демек, олардың айтып отырған «кураторларының» бұл тұрғыда былық жасаған болулары әбден мүмкін. Айналып келгенде, онлайндағы қоқан-лоқылардағы жеке ақпараттардың көрініс тапқан кездері рас болатын болса, онда бұл мәселеге жай ғана онлайн ойын деп қарауға мүлдем болмайды. Сәйкесінше, құзырлы органдар бұл мәселемен кәсіби тұрғыда айналысулары керек. Әлбетте, кез келген ата-ананың техникалық һәм ақпараттық тұрғыдан баласынан сауаттырақ болуы – ана-ананың бүгінгі негізгі парыздарынан біріне айналып отыр. Оған бейжай қарау одан кейінгі нәтижесі жантүршігерлік мәселелерді алып келуі әбден мүмкін.
Түйін
Қысқасы, әлеуметтік желілердің әлегі аз болмай тұр. Алайда еліміздегі суицид мәселесі тек интернетке ғана байланысты деуге келмейді. Бұл қасіреттің нақты себептері, оған әсер етуші факторлар толық зерттелмеген. Суицид мәселесі тек психологтар ғана қаузайтын тақырып емес. Әлеуметтанушылар мен мәдениеттанушылар да бұл мәселенің тамыры қайда жатқанын анықтауға атсалысуы тиіс. Әйтпесе, жасөспірімдер суицидінің себептерін бірде интернеттен, бірде ҰБТ-дан, бірде өзге бір мәселеден іздеп, әр шөптің басын бір шалып жүре беретін боламыз.
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, Қымбат ТОҚТАМҰРАТ