Алаш арыстарының әйелдерін азаптаған АЛЖИР түрмесі
«Әкесі үшін баласы, баласы үшін әкесі жауапты емес» деген адамгершілік қағидасын 1937 жылдың нәубеті белден бір-ақ басты. Тіпті жау екеш жаудың өзі әйел менен бала көрсе, қылышын қынға салса, бұл нәубетте бір тамшы да аяушылық болған жоқ еді. «Халық жауы» деген ұғымды ғана білетін ол саясат, тіпті аяғы ауыр әйелдің де ішін жаруға дайын болды. Арыстарымызды атқан соң, артында қалған жарын азаптау үшін Арқаның сайын даласын азапты түрмеге айналдырып, АЛЖИР деп атағанын білеміз. Сол АЛЖИР-де Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза анамыз, Бейімбет Майлиннің жары Күнжамал апамыз, Санжар Асфендияровтың жары, Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш анамыз, жалпы, қаншама Алаш арыстарының үйіндегі айдай аналарымыз азапқа салынған еді.
АЛЖИР ресми түрде 1937 жылы желтоқсанда ашылыпты. Жақсылықтан гөрі зұлматтың жетуі оп-оңай болса керек, небары бір айдан кейін, яғни 1938-дің қақаған қаңтар айында ол жерге Қазақстанның, қала берді Кеңес Одағына қарасты Белоруссия, Кавказ елдері, Орталық Азия елдерінің түкпір-түкпірінен вагондарға толтыра тиеп әкелінген әйелдер саны 1500-ден асып жығылған. Солайша 1937 мен Сталин қайтыс болған 1953 жылға дейін осы бір азап лагеріне 18 мыңнан аса әйел қамалған екен. Қазақтың «біреу өлмей, біреуге күн жоқ» деген сөзі дәл осы жағдайға айтылғандай, себебі Сталиннің бақилық болуымен осы лагерьдегілер өздері қош айтыса бастаған жарық дүниеге қайта келген. Яғни сол 1953 жылы АЛЖИР жабылып, енді қайтып сол азапты түрмеге әйел баласын қамамау үшін темір торлар арнайы бұйрықпен қиратылыпты. Бірақ сол кездің тарихын ұрпақ жадында сақтап қалу үшін АЛЖИР түрмесінің орнына мұражай жасақталған болатын.
АНА – ТІПТІ АЛЖИРДЕ ДЕ АНА... немесе тұтқын әйелдер немен айналысты?
Алғашқы жылы тұтқындардың ашық аяз бен аптап ыстықта паналайтын жері болмаған, сонда да мойымаған әйелдер қамыс орып, саз илеп, одан саман кірпіш құйып, өз түрмелерін өздері салып алған. Суықтан, аштықтан, ең бастысы, моральдық жағынан шыдамаған көп әйел көз жұмған, жаны қалса да, біршамасы ақылынан алжасса керек. Тегінде адам баласы аштыққа да, суыққа да шыдайды, ең қиыны – ертеңгі күннің көмескі, болашақтың бұлыңғыр тартуы, яғни бақыттың барлығы кешегі күнде қалып, бүгін отағасы бала-шағаның қайда жүргенін де білмеуден өткен бақытсыздық жоқ болса керек.
1939 жылдан бастап лагерьде фермалар ашылып, егін егу, мал шаруашылығы жүргізіле бастайды. Негізі, АЛЖИР тұтқындарының ішінде оқымағаны кемде-кем болған, тіпті барлығы дерлік интеллигенция өкілдері болды. Әрқайсысы сақа маман, қандай шаруашылықтың болсын ісін дөңгелетіп әкетуге білімі мен әлеуеті жететін. Сондай-ақ лагерьде тігін ісі жүргізілді, ондай идеяны ұсынған әйелдердің өзі болса керек. Себебі сол тұста, яғни ХХ ғасырдың басында қолынан іс тігу келмейтін әйел заты аз болған. Тіпті ұсынысты ауызша жасамай, әр әйел өз қолынан келетін бұйымын тігіп, түрменің қапасының өзін жәрмеңкеге ұластырып жіберген. Сондықтан әйелдер қауымының бұл ұсынысы лагерь басқармасынан қолдау тауып, тігін фабрикасына арнап үлкен ғимарат та салынады. Солайша Ғабеңнің сөзімен айтқанда, «өмір себетін» әйелдер қауымы темір тордың ар жағында отырып, өлі-тірісінің хабарын білмейтін күйеулерін ойлап күңіреніп жата бермей, белді буып, өздерін сол лагерьге жапты демей, жеңіл өнеркәсіп бар ма, ауыл шаруашылығы бар ма, қолынан келгеннің барлығын жасап, елге пайда әкелуді ойлады.
Кейін соғыс басталған жылдары сол істерінің пайдасы тиіп, майданға азық-түлік, жылы киімге дейін жіберуге бірден-бір жәрдемші осы тұтқын әйелдер болғаны тарихтан мәлім.
«ГУЛАГ балалары»
Солақай саясат әйелдің аяғының ауырлығына да қарап аяуды білмеген. Солай қаншама бала жарық дүниеге келмей жатып, құрсақта темір тордың дәмін татқан. Өзі ауыр еңбекпен айналысып, өзі баласын емізсе де, аналар ешқашан соны ауырсынбаған, қайта олар үшін ең қиыны – омырауындағы баласын тартып алып, балалар үйіне алып кету еді. Баласының үш жасқа толған күнінен өткен қасірет болмады десек, артық айтпайтын шығармыз, себебі үш жасқа толған күні ботадай боздатып, құлындай шыңғыртып ана мен баланы екі жаққа айырған, ешкімнің көз жасына қарамаған... Тіпті баласын қайда алып кеткенін айту былай тұрсын, Кеңес өкіметінің түкпір-түкпіріндегі балалар үйіне алып кетіп отырған, сондағы саясат – ана баласын, сондай-ақ бір анадан туған бауырлар бірін-бірі таба алмасын деген ой. Өкінішке қарай, Қазақстан бойынша түрмеде туған, түрмеде аналарымен болған балалар саны қанша болғаны жайлы нақты дерек жоқ болса керек, тіпті АЛЖИР мұражайының өзінде де. Алайда жалпы Қазақстандағы лагерьлерде (оған Долинка, Семей лагерьлері де кіреді) барлығы 1507 бала дүниеге келсе керек.
Өзі сотталған балалар болды дегенге сенесіз бе? Соның бір ғана мысалын айтсақ, Николай Булка есімді бала 15 жасында лагерьге айдалған. Сондағы жазығы – мектепте үзіліс кезінде құрдастарымен ойнап жүріп, оқыста М.И.Калининнің портретін жыртып алған. Сол үшін әлгі оқушыны 58-баппен «халық жауы» деп түрмеге қамапты.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ, саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды мұражай кешенінің директоры:
– Алжир-де 62 ұлт өкілдері тұтқында болған. Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен, сонау Латвия, Литва, Украина, Белоруссия, Балтық жағалауы елдері, Қырымнан, жалпы, 20 мыңнан астам әйел заты осы түрмені 10 жылдай мекен қылған. Соның ішінде 8 мың әйел лагерь алғаш ашылғаннан соңғы жабылған күніне дейін лагерь қамауында болған. Сондай-ақ түрме ішінде 1000-нан астам әртіс, ал жалпы КАРЛАГ жүйесінде 100-ден астам суретші отырған. Қылқаламды тіпті түрмеде де серік қылған суретшілердің сол кезде салған суреттері бүгінде тарихи құнды жәдігерге айналып, біз оны мұражай қабырғаларын безендіруге қолдандық.
Алданған үміт немесе «Тастар қыспағындағы қайың»
Әйел менен ана атаулының көз жасымен жуылып, қарғысын естіген түрменің темір торлары мен тас қабырғалары бүгінде қиратылған. Әрине, адам атаулыға өлім мен өкініш, өзекті өртер өксік арқалатқан түрменің жермен-жексен болғаны дұрыс та шығар, алайда бүгінгі ұрпақтың сол бір тарихи сәтте аналарымыздың қандай азапты бастан өткергенін бір сәт те болса сезінуі үшін, бәлкім, ол түрмелер мұражай ретінде сақталғаны да дұрыс па еді. Осы жағын мұражай директорынан сұрағанымызда, ол кісі биыл не келесі жылдан бастап барактың кейбір кездерін көзбен көрсететін, мәселен, «Тартып алынған балалар» секілді композициялық макеттер жасалатындығын айтты. КАРЛАГ жүйесінде дүниеге келген 1500 баланың қасіретін көз алдымызға келтіріп, бүгінгі бейбіт күннің бағасын білу үшін ондай игі шараның маңызы зор. Өткен күннен қалған жәдігерлердің ең құндысы деп мұражай қызметкерлері сол тұста әлі балалар үйіне әкетпей тұрған балалардың қолымен иленген наннан жасалған ойыншықтарды айтты. Әр жерде манекенге кигізілген әйелдердің әдемі көйлектерін көріп, олар жайлы сұрағанымызда мынадай деректерге қанықтық: әлгі көйлектер әйелдердің лагерьге киіп келген киімдері екен, бірақ «өзі түрмеге келе жатып олар неге соншалық жасана киінген?» деген сұрақ тууы заңды ғой, сөйтсек, арыстай азаматтардың жарларын жендеттер үйден «күйеулеріңмен кездестіреміз» деп алдап әкеткен екен. Сондықтан олар барын киініп, әшекейлерін тағынып, жарқырай шықса керек. Ал нәтижесінде бірден қамауға алып, азап вагондарына тиеп, қиыр шетте жатқан аязы адам төзгісіз далаға, АЛЖИР-дің тұтқындарына айналдырған. Айтпақшы, дәл сол азапты шақтың құнды жәдігері – осы вагондардың бірі қазір мұражай ауласында тұр. Бүгінгідей купеге бөлініп, бар жағдайы қайдан жасалсын, «халық жауының» әйелдерін қазіргі тауар таситын вагондарға 100-200-ден тиеп, ашқұрсақ күйде жеткізген.
Сол сәттен қалған бір белгіні іздеген жан болса, лагерь маңында кезінде тұтқын әйелдердің өз қолымен отырғызған ағаштары қалыпты. Сондай-ақ мұражайынан кірген бетте екі жақ қабырғаны тұтас композициялар құрайды. Соның ішінде лагерьде отырғандардың бірі Борхман атты суретші әйелдің «Тастар қыспағындағы қайың» атты картинасы көзге ерекше түседі. Табиғатта ең сұлу ағаш саналатын қайыңның қыспаққа ұшырап, соның кесірінен қисық өсуінің өзі сол кезеңдегі сұлу да нәзік жаратылыс иесі – әйелдердің тағдырын тап басқанына дау жоқ.