Адам ағзасын 15 мың долларға саудалаған кім?
Күні кеше адам органын сатты деп айыпталған отандық дәрігерлерге қатысты сот үкімі шықты. Еліміздің бас трансплантологы Ғани Құттымұратов 2 жыл 6 айға сотталса, шымкенттік аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай ақталып шықты. Ал Қырғыз елінің азаматшасы Бермет Тайсалова 6 жыл бас бостандығынан айырылды.
Негізі оқиға былай өрбиді. 2019 жылдың жазында Ішкі істер министрлігіне елімізде трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ органдарды заңсыз саудалап жатқаны турасында ақпарат келіп түседі. Тергеу мәліметтері бойынша Қазақстанға әр түрлі елдерден донорлар мен реципиенттер әкелініп, трансплантациялау операциялары жасалды. Донорлар өз органдарын Польшаның MedLead компаниясына 10-15 мың долларға сатады, ал алушылар оларды 150 мың долларға сатып алған.
Қазақстан дәрігерлері  Роберт Шполинскенің қақпанына қалай түсті?
Израиль азаматы Роберт Шполинске 2009-2016 жылдар аралығында адам ағзаларын сатып алу-сатумен айналысқан. Операциялар Түркия, Шри-Ланка, Тайланд, Болгария және Филиппин клиникаларында жасалды. Израильдің құқық қорғау органдары 2016 жылы Роберт Шполинскенің компаниясының қызметін біржола тоқтатады. Бірақ ол жазадан жалтарып, кәсібін жалғастыруға қайта бет бұрады. Сөйтіп ол  Польшада MedLead Limited Company деген атпен жаңа ұйым тіркейді. Бұл компания 2017 жылы астанадағы Ұлттық онкологиялық және трансплантологиялық орталықпен келісімге отырады. Орган сатып алушылар негізінен Израиль азаматтары, ал ТМД елдері: Өзбекстан, Қырғызстан, Украина азаматтары донар ретінде тіркелген. Айта кетерлігі, ота үшін биологиялық үйлесімділік сынағы Ыстамбұлда өткізіліп келген.
Компания клиенттерді тарту үшін күміс, алтын, алмас деп аталатын трансплантация пакетін ұсынады. Олардың құны 150-ден 200 мың доллар аралығында. Сервистік пакеттерге тірі донор бүйрегінің ақшасы және трансплантацияға байланысты логистикалық қызметтер кірген.
Құттымұратовтың бес мың доллар алғаны рас па?
Танымал трансплантолог Ғани Құттымұратов сол кезде трансплантация бөлімін басқарады. Оны MedLead-пен алдын-ала сөз байласып, операцияға берілетін ресми төлемнен бөлек, сыбайластардың үлесінен шамамен бес мың доллар алған деп айыптады. Бұл ақшаға ол шетелдіктерді кедергісіз ауруханаға жатқызуды және этикалық комиссияның жұмысын қамтамасыз етуі керек еді. Оның жақтастары бұл айыптаумен келіспеді.
Қазақстандық заңнамаға сәйкес, егер донор мен реципиент арасында туыстық байланыс немесе үйлесімділік болған жағдайда ғана трансплантацияға рұқсат берілген. Этикалық комиссияның маңыздылығы сол, олар қарым-қатынасты растайтын құжаттарды тексереді немесе органдардың донордан берілгеніне көз жеткізуі керек болды.
Тергеу кезінде 2017 жылдың тамызынан 2018 жылдың қазанына дейінгі  12 операция сарапталады.
Донорлық куәліктерді қолдан жасаған
Алты жылға сотталған қырғыз азаматшасы Бермет Тайсалова органдардың донорлық куәліктерін қолдан жасаған. Ол Роберт Шполинске клиникасымен келіссөздер жүргізді. Әрбір трансплантация үшін шамамен бес мың доллар алған деп айыпталды.
 
Тергеу мәліметтері бойынша Роберт Шполинске мен Бермет Тайсалованың қатысуымен 10 ұқсас операция Шымкент қаласының No1 қалалық клиникалық ауруханасында жасалған. Транспланттауды бас дәрігер (сол кезде) Мәди Биғалиев пен оның қазір креслода отырған орынбасары Абылай Донбай жасайды. Ол заңсыз операциялар үшін сыйақы ретінде бір реттік негізде 50 мың доллар алды деп айыпталады.
2018 жылдың басында Стамбул декларациясын қадағалау тобынан хат келеді. Бұл хатта MedLead-тың заңсыз әрекеттері жазылған. Осыдан кейін еліміздегі Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы шетелдіктерге органдарды трансплантациялауды біржола тоқтатады.
Адам ағзасына қатысты 60 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді
Таразда жасалған отада израильдік реципиент өзбекстандық донордан бүйрек ауыстырғаннан кейін ВИЧ жұқтырды. Ота жасаған дәрігер Құттымұратов. Бас трансплантологқа 2 жарым жыл жаза оның ота кезінде кездейсоқ пациентке ВИЧ жұқтыруына себеп болғаны үшін беріліп отыр.  Соңғы сот отырысында транспланттауды жүзеге асыратын дәрігерлер Ғ. Құттымұратов пен А. Донбайдың құжаттардың жалғандығы туралы білмейтіні анықталды, ағзаларды ауыстырып орналастыру бойынша барлық операциялар тиісті құжаттарды ресімдей отырып, ресми түрде жүргізілген. Операцияларға ақы төлеу медициналық мекеменің бухгалтериясы арқылы жүргізілген.
Соңғы сот отырысында транспланттауды жүзеге асыратын дәрігерлер Ғ.Құттымұратов пен А.Донбай құжаттардың жалғандығы туралы білмейтіні анықталды, ағзаларды ауыстырып орналастыру бойынша барлық операциялар тиісті құжаттарды ресімдей отырып, ресми түрде жүргізілген. Операцияларға ақы төлеу медициналық мекеменің бухгалтериясы арқылы жүргізілген.
Бұл үштіктің ішінде қырғызстандық азаматша ғана әу бастан қылмысты білген әрі ұйымдастырған. Ал қос дәрігер мүлдем білмепті. Осыны ескерген сот Құттымұратов пен Дөнбай ағзаларды заңсыз ауыстыруда кінәсіз деп таныды. Айта кетерлігі үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Ішкі істер органдарында 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін ҚК-тің 116-бабы бойынша (Адам ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою) 60 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 40 іс сотқа беру үшін прокуратура органдарына жолданды. Қалған істер бойынша тергеу жалғасуда.
Белгілі болғандай елімізде трансплантация жасау өзге елдермен салыстырғанда арзанырақ. Мысалы, Еуропа елдерінде бүйрек трансплантациясы 80 мың доллардан 150 мың долларға дейін жетеді. Ал шетелдік азаматқа мұндай операцияны Қазақстанда жасату үшін 7-8 мың доллар көлемінде қаржы қажет екен.      
Адам ағзасын саудалау бұрыннан бар кәсіп
Әлемдегі адам органдарының заңсыз айналымы жылына 600 миллион долларға бағаланады. Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі және қылмыс басқармасының былтырғы мәліметі осындай. Әлемдік құлдық индексінің (GIR) сайтындағы ақпарат бойынша Оңтүстік және Орталық Америка, Орталық және Шығыс Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бірнеше елдер проблемалы аймақтар қатарында.
Трансплантациялаудың халықаралық анклавтары Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияда ағзаны ақшаға сатуға дайын донорларды тұрақты түрде іздейді. Мысалы, бірқатар құқық қорғау ұйымдары Қытайдағы Фалун-Гун жақтастарын қудалады деп айыптады. Атап айтқанда, 2001 жылдан бастап бұқаралық ақпарат құралдарында  мыңдаған доктринаның ізбасарларын сотсыз және тергеусіз түрмеге лақтырып, оларды азаптап өлтіргені туралы хабар тарады. Қанды қырғынның алдында адамдардың органын заңсыз алды деген күдік бар. Бұл фактілер қоғамдық бақылаушылар, халықаралық ұйымдар, дипломаттар тарапынан тексерілгенімен расталған жоқ.
Өлім жазасына кесілгендердің ағзасын алып отырған
Әлемдік құқық қорғау органдары Қытайдағы адам ағзасын ауыстыру мәселесіне аса алаңдаушылық білдіріп отыр. Оған негіз де жоқ емес. Бұл елде донорлық орган ауыстыру үшін кезек күтудің қажеті жоқ.  Белгілі болғанай 2006 жылы ел билігі трансплантация кезінде өлім жазасына кесілген тұтқындардың органдарын қолданатынын мойындаған еді. Бұл тәжірибе 1984 жылдан бастап қолданылып келеді. Қазір ел билігі бұл тәжірибеден бас тартуға тырысуда.
Соғыс, аштық, дағдарыс, кедейшілік көрсеткіші жоғары елде донарлардың саны артады. Бұндай жағдайда нақты адам өмірі тіркелмейді. Есесіне бүкіл әлемдегі клиникаларға адам мүшелерін жеткізетін делдалдардың жұмысы қызып, пайдаға кенеледі. Ең жаманы операциялық үстелге жатқандардың тағдырына ешкім жауапты емес. Бұндай қылмыстық тәжірибе Балқандағы ұрыс кезінен басталған.
Бір бүйрегінен айырылған адам екіншісін сатқанға дейін азапталады
Кезінде «Косово азат ету армиясы» террористік ұйымының қаржылық кірісі ұрланған сербтердің ішкі органдарын сатудан түскен екен.  Ең қорқыныштысы сол бір бүйрегінен айырылған адам екінші бүйрегін сатып алушы табылғанға дейін біраз уақыт азапталады. Бүйректен басқа, тұтқындағылардың жүректері де жиі алынған.
Итальяндық L&rsquoEspresso басылымының мәліметтері бойынша, адамның ішкі органдарын алдау арқылы алып отыратын жағдайлар да кездеседі. Таяу Шығыстағы ұрыста орган «ұрлығы» кең етек алған. Бомбалау кезінде немесе от астында жараланған адамды емдейміз деп сосын «тонап» кеткен. Мысалы, Сулайманияда (Ирактың солтүстігі) террорист бомбасынан жарылған әскери қызметкерді емделуге Түркияға жібереді. Сонда Анкарадағы жеке клиникада оның бір бүйрегінің ұрланғаны белгілі болды.
Таяу Шығыстағы адам ағзаларын саудалайтындар 1,7 миллиард долларға дейін пайда табады екен. Сирия, Ливан, Ирак, Солтүстік Африка елдеріндегі дағдарыстар адам ағзасының көлеңкелі саудасын қыздырып тұр.
Сатушы мен сатып алушы кім?
Заңсыз трансплантация жасайтындардың клиникалары Түркия мен Египетте орналасқан. Бұндағы медициналық мекемелердің қалталы клиенттері АҚШ, Парсы шығанағы, Еуропалық Одақ, Израиль және Ресейдің азаматтары екені анықталған. Осы клиникаға 20 мың ливандық босқын (2012 жылдан бастап) бүйрек сатқан.
Бүгінде «қара базардағы» органдардың бағасы әртүрлі. Бүйректің құны 50 000-нан 150 000 долларға дейін, ал оның иесі ерікті түрде донор болған жағдайда 5-15 000 доллар ғана алады. Бауырдың бір бөлігі бүйрекке қарағанда екі есе арзан тұрады. Қасаң қабықтың бір бөлігі бүйректен 10 есе арзан.
aikyn.kz