Әбілқайыр хан жұмбағы
Ол жайлы не білеміз?!
Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтудың маңызды факторы мемлекеттік идеологияны, оның іргетасы – объективтік тарихи сананы қалыптастыру екендігі баршамызға аян. Өткен өмірдің тағылымдарын дұрыс таразылап, одан тиісті сабақ алмай, қоғамның алға жылжуы мүмкін емес. Қазақ халқы үшін, әсіресе, бірнеше ғасыр бойы бодандық қасіретін шеккен кезеңін зерделеудің ғылыми-танымдық қана емес, саяси, практикалық маңызы ерекше. Осыған байланысты зерттеушілердің Әбілқайыр хан мен оның өмір сүрген дәуіріне әлсін-әлсін бет бұруы заңдылық болып табылады. Себебі, ол – XVІІІ ғасырдағы қазақ даласында бірімен-бірі астасып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси процестердің жиынтық көрінісі ретіндегі аса ірі және күрделі тұлға.
Әбілқайыр феноменін танып-білуге ұмтылыстар толастар емес, солардың бірі – жақын арада жарық көрген профессор С.Мәшімбаевтың зерттеуі (Әбілқайыр хан. Астана, 2007.).
Жеті тараудан тұратын кітапта XVІІІ ғасырдың 30-жылдарындағы кіші жүз бен орта жүзде қалыптасқан саяси, экономикалық ахуал, Әбілқайырдың шыққан тегі мен ортасы, көрші халықтармен, Ресеймен қарым-қатынасы, Орынбор әкімшілігі мен хан саясаты арасындағы қайшылықтар, ханның қолбасылық, мәмілегерлік қырлары түрлі зерттеулер мен мұрағат мағлұматтары негізінде пайымдалып, бұл мәселелер төңірегінде автор өз пікірлерін білдіреді.
Отандық және шетелдік зерттеулерде Әбілқайыр ханның тарихтағы орны, қайраткерлігі мен адами кескін-келбеті көпшілік жағдайда Қазақстанның Ресей империясының құрамына “енуіне” байланысты анықталып келеді. Бұл орайда ханның Ресей протекциясында болу туралы өтініші орыс бодандығын қабылдау ретінде суреттеліп, “бодандық” категориясына басқаша сипат берілуде.
Шындығына келсек, Әбілқайырдың анталаған жаулармен алыса жүріп жасаған жанкештілік қадамында заңдылық та, кездейсоқтық та баршылық. Бәрінен бұрын Әбілқайырдың өтініші шығысқа қарай бет алып келе жатқан мемлекеттің шапқыншылығының алдын алған шара болып табылады. Қазақ даласы ерте ме, кеш пе орыс мемлекетінің экспансиясына ұшырайтындығы белгілі еді.
Сол кезеңнен бастап бұл оқиға еркіндікті бәрінен де жоғары ұстаған қазақтар үшін де жауабы жоқ сұраққа айналды. Қазақтармен бірде құдандаласып, бірде жаға жыртысып келген көрші башқұрттардың қанша көтерілсе де отарлықтың қанды шеңгелінен шыға алмағанын көре тұрып, торға өзі барып түсуіне нендей жағдай итермеледі, не түлен түртті? Дау-дамайдың да, айтыс-тартыстың да нобайы осы сұрақ төңірегінде.
Тарихи құжаттар Әбілқайыр Ресей протекциясын сұрауға шын ниетімен бармаған, ондай қадам жасауға мәжбүр болған деген тұжырымға итермелейді. А.Тевкелевтің “Неліктен сіз басқа хандар мен сұлтандардың, беделді старшындардың келісімінсіз бұл іске (яғни, Ресей бодандығын қабылдауға.) бардыңыз?” деген сұрағына, Әбілқайыр “Жылдар бойы қонтайшымен соғысып келемін, оған әлім жетер емес… Оның үстіне Еділ қалмақтары, башқұрттар, Бұқара және Хиуамен соғыса бастадық. Төрт жағымыздан бірдей жау қоршауында қалдық” деп жауап береді.
Бұл жағдайлар – ешкім жоққа шығара алмайтын объективтік шындық. Оның үстіне Әбілқайырдың Ресейге бет бұру себептерінің бірі оның басқа қазақ хандарының алдына шығуға, оларды өз билігіне бағындыруға тырысушылығы болды делінеді. Кіші жүз ханының бұл қасиетін аталмыш оқиғада басты фактор болды деп санауға ешкім сене қоймас, себебі ел басқарған адамның билікқұмарлығын қоғам дамуына кереғар келмесе, теріс мағынада түсіндіруге негіз жоқ.
Әбілқайырдың өтініші бойынша қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі 1731 жылы 19 ақпандағы Анна Иоановнаның грамотасында мынандай шарттар қойылды: а) башқұрттар секілді қызмет ету және салық (ясақ) төлеу; ә) жаулар шабуыл жасағанда орыстар тарапынан әскери көмектің көрсетілуі; ал өздерінің (яғни қазақтардың) башқұрттар, қалмақтар және Жайық казактарына шабуыл жасамауы; б) орыс тұтқындарын қайтаруы және орыс көпестері мен сауда-керуендеріне зәбір-жапа, қысым көрсетпеу, қайта қазақ ауылдары арқылы өткенде оларды қорғау және сауданың дамуына қолдау көрсету.
Орынбор әкімшілігінің басшыларымен болған келіссөздерде “Мені қан майданда жаулап алған жоқсың, орыс бодандығын өз еркіммен қабылдадым, Түркістанға көшіп кетсем, орыс үкіметі мені қайтара алмайды” деп ашу шақырғанда, Әбілқайыр әлі де болса Ресей билігінің құлақкесті құлы еместігіне кәміл сенді. Оны А.Тевкелев те растайды.
Әбілқайыр ханның патша өкіметіне толық бағынғысы келмегендігін оның нақтылы істері де, әсіресе, 1746 жылы Иран шахы Надирге “орыстар жағынан қысастыққа ұшыраған шақта паналау үшін Бесқала қалашығын беруді” сұрап хат жазуы да айқын дәлелдейді. Қазақтардың Ресейді сюзерен ретінде ғана танығаны, кіші жүздің протектораттық статусты ғана көздегенін шетелдік ғалымдар да қостайды (А. Боджер т.б.).
Ресей көмегіне сүйену арқылы қазақ жерін қоршауға алған жаулардан құтқарамын деп абайсызда бодандық торына түскен Әбілқайыр ханның бұл әрекеттері патша өкіметі тарапынан ескерусіз қалмады… Отарлықтың сойылын соғып, бас пайдасының қам-қарекетін ел мүддесінен жоғары қойған, кеудемсоқтық пен көреалмаушылықтың құлы болған Барақ сұлтан уақытша болса да тарих сахнасына шығады. Оның жасақтарымен бірге 1748 жылы тамыз айында Әбілқайырды өлтіруі Ресей отаршылдығының мүддесіне толықтай сай келді.
Әбілқайыр қазақ жерінің бүтіндігін сақтауға, бір орталыққа бағынған қуатты қазақ хандығын құруға тырысты. Оның барлығын сол замандағы өз танымы, өз пайымы тұрғысынан, Ресей көмегі арқылы жүзеге асыруға әрекеттенді. Бірақ ол оқиғалар шырғалаңынан шыға алмады, бір халық келіп екінші халыққа жұмақ орнатпайтындығы туралы философиялық ой-пікір болашақтың сыбағасында қалды. Әбілқайыр ханның мысалы ел тәуелсіздігін күмәнді есептерге негізделген саяси ойын құралына айналдыруға болмайтындығын көрсетеді. Тарих мемлекет егемендігіне балама жоқтығын дәлелдейді.
Осылайша, ой түйіндегеннің өзінде де қазақ жерін анталаған жаулардан қорғаған, даңқты Аңырақай шайқасында бас қолбасшы болған тұлға ретінде ол ұрпақтар жадында мәңгі қалады. Біз Әбілқайыр ханға осы тұрғыдан тағзым етеміз.
Оқырмандарға ұсынылып отырған монография – Әбілқайыр хан туралы осы бағытта, жаңа көзқарас тұрғысынан жазылған ізденіс.
Біз жас ұрпаққа Әбілқайырды мемлекет қайраткері, дарынды қолбасшы, мәмілегер ретінде таныстыра отырып, оның шалыс басқан тұстарын да байыпты жеткізуіміз керек. Бірақ ол ешқашан да жеке басының мүддесін өз халқының мұң-мұқтажы мен ар-намысынан артық көрген емес. Оған бір ғана мысал келтіре кетейік. 1747 жылы, яғни ажалынан бір жыл бұрын өз ордасында өткен кіші жүз бен орта жүз сұлтандары мен старшындарының жиналысында Әбілқайыр: “Мен халқым үшін қызмет етуге әр уақытта дайынмын, керек болса жеке басымды құрбандыққа шалуға да бармын. Сіздерді елдің еркіндігі мен тыныштығы үшін бірлікке шақырамын” деп сөзін аяқтайды. Ханның бұл үндеуі – бүгінгі күні де өзекті.
С. Мәшімбаевтың зерттеуінде келтірілген мағлұматтар Әбілқайыр ханның орыс патшасынан әскери одақтастық, тіпті, әрі кеткенде “протекторат” жөнінде ғана сұрағаны туралы концепциялық тұжырымды растайды. Әбілқайырдың 1748 жылдың маусым айының аяғында Орынбордан И.Неплюевпен қоштаспай кетіп қалуы “бодандықта” болудан біржолата бас тартуы деп түсінген жөн. Хан онымен де, А.Тевкелевпен де келіссөздерінде алдына қойған мақсатын орындамай, болашақ ұрпақ алдында абыройсыз болудан “өлімнің артық екендігін” ашық айтады.
Нақты тарихи фактілерге емес, сезімге негізделген даурықпалардың жарық көре беруіне байланысты автор Әбілқайырдың өз жері мен елін сату арқылы тағына нық отыруды көздеген “тұлға” еместігін басқа да деректермен нығарлай түседі.
Осындай құнды ой-пікірлерімен бірге кітапта олқылықтарға да жол берілген. Автор кейбір жағдайларда зерттеу хронологиясы шеңберінен шығып кетеді. Қазақтардың ХІХ ғасырдағы шаруашылығы немесе “Қазақ төңкерісінен кейінгі Қазақстан жерінің тұтастығын қалпына келтіру жолындағы қазақ зиялыларының күресі” деген тараудың зерттеу тақырыбына еш қатысы жоқ. 6-тараудың “Әбілқайырдың кіші жүзді Ресейдің боданына айналдыру саясаты” деп аталуы да кітаптың тұжырымдық бағытына қайшы келеді. Әбілқайырдың 1730 жылы қыркүйек айында Сейітқұл мен Құтлымбет арқылы жіберген хатынан келтірілген үзінді (93-б.) жөнінде де осыны айтуға болады.
Мағынасы бұлдыр, түсініксіз сөйлемдер де ұшырасады. “Сыңарлық баға” (15 б.), “қара сұлтан” (73 б.), қазақтардың сауда керуендерін “тонаушылығы” (91 б.) т.б. сөз тіркестері, Х. Сетон-Уотсонды “Х. Сетов”, Дж. Кэстльді “Кэстель”, қалмақтарды “қалпақтар” (96 б.), дипломат Тевкелевті “дипломант Тевкелев” деген, т.б. қателер де көзге түрпідей тиіп тұр.
“Д.Кэстльдің салған суреттерінің көшірмесін жариялап отырмыз” (163 б.) деп, ешбір суретінің берілмеуі де бұл жолдар белгілі бір дереккөзінен сол күйінде алына салынғанын байқатады. Ағылшын суретшісі Әбілқайыр ордасына Орынбор әкімшілігінің жұмсауымен емес, өз еркімен сапар шегеді; Гурьев қалашығын “Ақтау” (177 б.) деп түсіндіру де ақылға сыймайды.
Алайда, кітаптың негізгі мазмұндық, идеялық бағыты, онда қаралып отырған мәселелердің пайымдалуы тарихи шындыққа сәйкес келеді, сол себепті оқырмандар сұранысына ие болады деп ойлаймын.
Әбілқайыр хан туралы И.Ерофееваның, Ә.Мұқтар мен Ж.Жақсығалиевтің еңбектері қатарына келіп қосылған С.Мәшімбаевтың ізденісі тарихи тұлғаларға арналған зерттеулер галереясын жасау ісін жалғастыра түсуді қажет етеді. Ол – заман талабы.
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор.