Абай мен Шекспир: Адамтану биігі

Абай мен Шекспир: Адамтану биігі

Абай - ақын, Шекспир - драматург. Шекспир шығармашылығының бастауында ақындық тұрғаны белгілі. Оның драмалары өлеңмен өрнектелгенін айтсақ, Абай екеуінің арасы жақындай түседі. Абай ойларын поэзиямен айтып сарыққан соң жаңа жанр іздеп қара сөздерімен ой кестелегені белгілі.

 

Жалпы өнерде шығармашылық тұлғалардың арасынан тек тікелей қарым-қатынас негізінде ғана сабақтастық іздеу өнер шекарасын шектеп, қаламгер мүмкіндігін танып, талантын таразылауда жеткіліксіз. Абайды шетелдік даналардың арасынан тек И.Гете, А.Пушкин, М.Лермонтов шығармашылық сабақтастығын ақын аудармалары аясында қарастырылып келеді. Шекспир мен Абай шығармаларын саралауда олардың шығармаларына тән ортақ белгілердің көп екеніне қайран қалдым. Екі ақынның шығармашлықтағы ортақ принциптері ұқсас, көркем шығарма қойған талаптары деңгейлес. Аса назар аударғаны екеуі үшін шығармашылықтағы басты мәселе – адам және қоғам. Адамның қоғамның құрамдас бөлігі , оны жасаушы субьект ретіндегі әрекеті. Бұл тұрғыдан алсақ, Абай ақындықтан да жоғары тұрған шығармашылық тұлға. Поэзия көбіне адамның ішкі жан-дүниесіне негізделген лирикалық жанр, оның айқындаушы эмоционалдық-экспрессивтік сипаты екені белгілі. Абай өлеңдерінде ақынның сезімі, эмоциясынан көрі қоғамдық, әлеуметтік мәселелер өзекті. Ақын сезімі мен көңіл күйі өзінің жеке басының емес, ел-жұрт, әлеуметтің тіршілігі мен әрекетінен, мінез-құлық ерекшеліктерінен туындайды. Сондықтан Абай өлеңдері уақыт пен кеңістікпен шектеліп қалмайды. Оның өлеңдеріндегі адамдар мен қоғам барлық ғасырда, кез-келген елден табылады. Оның ұлылығының сыры осында. Абай шығармалары жанрлық даму шектеулі болғандықтан тек бір жанрда көрінсе де, оның мазмұны проза мен драманың жүгін арқалайды. Өзі өмір сүрген қоғамның түрлі қатынастары мен замандастарының бүкіл болмыс-бітімін, мінез ерекшелігін толық танытады. Қаламгер шынайы өмірдің көркем бейнесін жасаушы болса, Абай өз қоғамының, өз халқының көркем галереясын түгелдей дерлік сомдап берген бірегей тұлға. Шекспир шығармаларында өз дәуірінің қоғамдық-тарихи даму сипатына сай адамдардың болмысы мен мінез-құлық ерекшілігін, психологиялық иірімдеріне бойлап, терең ашады. Екі алыптың адамды тануды шығармашылықтың басты кредосы деп ұққандығына шығармалардағы көркемдік әдістер мен тәсілдер, кескін-келбеттер мен психологиялық портреттер, сан алуан эмоционалдық-экспрессивтік бояулардың молдығы жетелейді. Қоғамды адамдар арқылы тану, қоғамның даму бағытын адамдар әрекеті мен психологиясы арқылы айқындау, қоғамды адамдардың құндылықтарына қарай бағалау сарыны ұлылар шығармаларына ортақ сарындар.

 

Әр әдеби жанрдың өзіндік ерекшелігі бар екендігі анық. Поэзия мен драма арасын алшақ дегенмен, нағыз шеберлерге жанрлық шектің болмайтындығын Абай шығармаларын негізінде көз жеткізуге болады. Абай өлеңдерінде философиялық ойлар да, терең сезім де, қоғамдық ащы сын да, адамды тәрбиелеуші дидактикалық сарын да, қоғам мүшелерінің психологиясын арқау еткен сатира, психологиялық иірімдер де бар. Өлеңдерін бір-біріне ұқсатпай, бір тақырыпты қайталамай өзгеше сипатта жазу принципі тек нағыз ұлыларға тән тағы бір ерекше қасиет.

 

Шекспир шығармашылығының бастауы поэзия. Ақынның сүйікті жанры - сонет Батыс Еуропа әдебиетінде қайта өрлеу дәуірінде кең тараған Италияда пайда болып шарықтау шегі Шекспир шығармашылығында көрінген лирикалық жанр. Шекспирдің 158 сонеті бар. Олар мазмұны бойынша үш топқа жіктеледі: оның көпшілігі жас досына арналған, екінші тобы Қара торы қызға арнаған, ал үшінші тобы өнер, өмір мен уақыт туралы толғаныстары. Шекспирдің өмірі туралы мәліметтің аздығы ол туралы көп аңыздардың тууына себепші болған. Сондықтан сонеттерінің басым бөлігі арналған жас досының кім екендігі де жұмбақ.

 

По воле Бога я - твой раб. И вот

Его молю я, чтоб твоим усладам

Не мог вести я даже в мыслях счет:

Я - твой вассал: я повинуюсь взглядам

И приказаний жду, как пленник твой:

Твоя свобода - вот мои оковы;

Смиренно я приму упрек любой,

Страдать привык и не скажу ни слова.

Предела нет, увы, твоим правам,

Тебе в почет любое прегрешенье:

За все грехи себя казнишь ты сам

И сам себе даруешь отпущенье.

Не мне считать часы твоих услад:

Я должен ждать, хоть ожиданье - ад.

 

Сонеттердің басым бөлігі махаббат тақырыбын қозғайды. Өз сезімін айта отырып, сүйген адамға тән сан түрлі эмоцияны шынайы жеткізеді. Жоғарыдағы сонетінде сүйген адамға құл болған жанның сол сезімге деген ризашылығын ұқтырады. Адам біреуді шын сүйгенде ол ештеңеге арланбайды, сүйген жанының құлы болуға да, тұтқыны болуға да разы. Бүкіл тағдырын оған табыстап, шешімін оның бір ауыз сөзіне, оның қабағының қиығына байлап қояды. Махаббаттың осындай алапат қуаты Абай лиркаларына да тән. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген өлеңінен сүйген жанға шексіз берілген жанның бейкүнә, бейбақ халін танимыз, ұғамыз, аяймыз.

 

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да,

Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да.

 

Өзінен биік қойып, сезіміне телміріп, бар қорлық пен азапқа шыдайтын Шекспир мен Абайдың менінде жақындық бар. Екеуі де сүйген жар күнәсіне қарамай, мазағына да шыдамақ, қорлығына да көнбек. Абсолютті бағыну мен толық берілгендік, өзін-өзі жоғалту, ессіз іңкәрлік, ауыр күйзеліс, ғаламат қуаныш екі өлеңдегі ғұмырлар. Бүкіл ынтызар жанның басындағы күй осы. Сүюдің өзге формуласы жоқ. Абай өлеңінде бірінші шумақта жүректің сөзі лирикалық кейіпкер атынан бірінші жақта берілсе, екінші шумақта ракурсты үшінші жаққа аударып, екі шумақты қысқа өлеңді түрлендіруді мақсат етеді. Абай өлеңдерінің ерекшелегі бір өлең бойында осындай түрлендіру арқылы эмоционалдық-экспресивтік сипатын, интонациялық-мелодикалық ағымын, ырғақтық жүйесін өзгерту арқылы оны қызықты, тартымды етіп, драмалық қызуын арттыра түседі. Дыбыстан бастап тұтас семантикалық, мелодикалық жүйесін түрлендіру арқылы өлеңдегі бір сарындылыққа, «зерігуге» жол бермеу ниеті анық байқалады. Түрлендіруге деген ұмтылыс жеке дыбыс, не буыннан бастап тұтас шумақтарға дейін қамтиды. Осы өлеңде екі шумақты екі түрлі ракурста беру арқылы өлең динамикасын күшейте түседі. Бұламалдар негізінен пьесаға тән. Елді жалықтырмас үшін көріністерді тез, жиі ауыстыратыны белгілі.

 

Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,

Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,

Шыдайды риза болып жар ісіне,

Қорлық пен мазағына табынса да.

 

Абайдың «Сен мені не етесің?» атты өлеңінде сүйген жанның драматизмі күшейіп, шегіне жетіп, жауапсыз сезімнің отына түскен жанның жанайғайы аса зарлы шығады. Үміт пен торығу, ыза мен ынтызарлық, ашу мен сағыныш сияқты сезімдер арпалысының ағынында тұншыққан бейшара ғашықтың ширыққан психологиялық күйінің бүкіл динамикасы шынайылығымен таңқалдырып, көркемдігімен тамсандырады. Шекспирдің де ғашық кейіпкері Абайдың асығына ұқсас. Абай өлеңіндегідей бір сонетте берілмегенмен, сонеттер циклында ғашық адамның басындағы бар күйді сездіріп, бар мұңын ұқтырады.

 

Сен мені не етесің?

Мені тастап,

Өнер бастап,

Жайыңа

Және алдап,

Арбап

Өз бетіңмен сен кетесің...

 

«Абайдың ғашығы – «мен»-нің, «эго»-ның тұңғиығына батқан адам. Оның қайғысы ғашық болғандығында емес – осы тұңғиықтан шыға алмауында. Ол өзін ғана айтады, өзінің қамын ғана қамдайды, өзінің махаббатын, өз қасіретін фетиш, пұт дәрежесіне көтерген.» - деген зерттеуші Т.Әсемқұлов шығармадағы лирикалық кейіпкердің махаббаттың шын мәнін түсіне алмаған албырт, өзімшіл сезім дүниесін дәл таниды. Бірақ осындай өзімшілдік пен қызығушылық көп ғашықты сезім сергелдеңіне салып, отына күйдіріп, мұзына қарыды емес пе? Шығармашылығы адамзат біткеннің бүкіл болмысын бедерлеп, сезімдер сипатының сан түрін саралаған Шекспир сонеттері де осындай өзімшілдіктен туындаған ба? Шын мәнінде махаббаттың шынайы бейнесі мен терең болмысына тек қана осы сезімдер шырмауынан шығып, биік адамзаттық өреге көтеріліп, терең сезініп, толық түсінген бақытты адамдар ғана бөлене алады. Ал Шекспирдің жастық жырлары сол махаббат биігіне көтерілу жолындағы жастың қиын өткелдері, сезім сергелдеңі. Осындай бұралаңсыз, қателіктер мен адасуларсыз, тәжірибиесіз махаббат биігіне көтеріле ала ма?! Сондықтан Шекспир мен Абайдың махаббат лирикасындағы сезімдер мен серпілістер, сүйіністер мен күйініштер, күйзелістер сүйген жанның ішкі дүниесін, нәзік иірімдерін шынайы да сенімді, толыққанды, шынайы, бар психологиялық динамикасымен көрсете білуімен сабақтас.

 

Твой раб, ужели я не поспешу

Исполнить каждое твое желанье?

Я верно прихотям твоим служу

И целый день во власти ожиданья.

Ты, властелин, со мной, слугою, крут:

Звучит «прощай», и вот опять разлука!

Но не кляну томительных минут,

Пускай невыносима эта мука!

Не смею дать ревнивым мыслям ход:

Я - бедный раб и ничего не стою,

Я только думаю: «Как счастлив тот,

Кто неразлучен в этот миг с тобою!»

Любовь безумна и не рвет оков:

В тебе не видит никаких грехов.

 

Махаббат адамды биікке, бостандыққа шақырса, құмарлық пен өзімшілдік адамды тұңғиыққа итеріп, құлдық пен қорлыққа тартады. Шекспирдің махаббат лирикасының кейіпкері оған құл болған, сүйгенінің жүрегінің түтқыны болған, өмірден өзге жарық көрмейтін соқыр жан. Сүйіспеншіліктің шегіне жетіп, өзін ұмытқан пенде. Ол үшін құлдық та, мазақ та, қорлық та бәрі жай нәрсе. Бүкіл тіршілігі мен әлемі сол ғашық жанға байланған. Сондықтан ақынның ғашықтар туралы Ромео мен Джульетта, Гамлет сезімі үшін құрбан болған Офелия, Отелло мен Дездемона, тіпті зұлым әйелдің тілегіне бағынған Макбет те осындай алапат құмарлыққа ұштасып жатқан сезім иелері. Ал Абайдың санаулы ғана махаббат лирикасында қазақы ұғым мен ұлттық характерге сай ұстамды жеткізген сөздерінен де сйіспеншіліктің сұрапыл күші мен құмарлықтың алапат қуаты сезіледі.

 

Айттым сәлем, Қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас

Ойлағанда өзіңді,

Келер көзге ыстық жас.

 

Аз ғана сөзде серпінді сезімнің биік толқындары толқиды. Сүйгенді ойлағанда жылап, малын ғана емес басын да құрбан ету екі ұлы ақынның махаббатты, шынайы сезімді түсінудегі ортақ сипат екені даусыз. Ұлы ақындардың сезім өлшемі де биік, ақтарыла, беріле, соңғы демі біткенше бар құмарымен, бар болмысы мен бүкіл тілегімен аяусыз сүйеді, сезімге толық беріледі. Мағжан ақынша айтқанда, сүю дегенді өлу, өзін-өзі ұмыту деп ұғатындай. Осы бір екінің бірі бара алмайтын, бере алмайтын құмарлық пен іңкәрліктің отына күйген сезімдер екі ақын өлеңдерінен ғана көрінетін ғаламат дүние, тұңғиық әлем. Оқырмандарға риясыз ақтарылып, оған қапысыз сеніп, сезімін шынайы жеткізу оларға оқырманда да сендіреді.

 

Жалпы өнерде оқырманға деген адалдық пен сенім ұғымы басты мәселе. Сондықтан ол қаламгерлерді батылдыққа бастайды. Шығармашылықта батыл адам ғана шынайы сезімдер туралы жаза алады. Шекспир де, Абай да сол батылдық биігінен, адалдық ауынан көрінген тұлғалар. Сондықтан оларды адамзат түсінеді, сезінеді, ұғады, ең бастысы сенеді. Шығарманың ұлы болуы негізгі талабы оның адами болмысты шынайы бейнелеуінде. Бұл тұрғыда драматург Шекспирге жететін шыншыл бар ма екен? Оны әлемге әйгілі етіп, уақыттар ағысынан тәуелсіз еткен драмалық шығармалары, атап айтқанда, трагедиялары: «Гамлет», «Король Лир», «Отелло», «Макбет», «Ромео-Джульетта». Шекспир трагедияларының қайсысында болмасын өмір мен өлім арбасуы, тағдыр жолын таңдау мүмкіндігі тұрады. Барлық трагедиясында аты аталған кейіпкерлердің шешімі - өлім. Гамлет, Отелло, Ромео мен Джульетта ізгі адами болмысы қоршаған адамдардың сатқындығы, түсінбеуі, тоғышарлығы, аярлығынан зардап шексе, Лир мен Макбет өз бойындағы тәкаппарлық, ашкөздік, қанағатсыздық сияқты қасиеттер арқылы өзіне және өз ортасына зиян жасайды.

 

Қазақ әдебиетінің бастауы поэзия екендігі анық болса, еуропа әдебиетінің қайнары ежелгі грек драматургиясы. Шекспир актер және ойшыл. Ол өз ойларын адамдарды ойнату арқылы жеткізеді. Абай ақын және ойшыл. Оның дүниетанымы мен көзқарастары өлең ағымымен жүрекке жетіп, бойға тарап, болмысқа сіңеді. Адамзатты өз мақсаты мен тілегін орындау барысында өзінің адами тұлғасынан соншалық алшақтап, құлдырайтыны Шекспирдің бар драмасынан көрінеді. Адамның кейде тек қана адамдық биігінен төмен құлдырап тек аты мен сұлбасы қалатыны туралы Абайдың мына жолдарында өлеңмен өрнектеледі:

 

Адам - бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы.

Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі - ол баяғы.

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?!

Шекспир де «Адам кім?» - деген сауалдың жауабын «Гамлет» драмасындағы Гамлеттің монологында келтіреді.

Что значит человек,

Когда его заветные желанья –

Еда да сон? Животное – и все.

Наверно, тот, кто создал нас с понятьем

О будущем и прошлом, дивный дар

Вложил не с тем, чтоб разум гнил без пользы.

Что тут виной? Забывчивость скота

Или привычка разбирать поступки

До мелочей? Такой разбор всегда

На четверть – мысль, а на три прочих – трусость.

Но что за смысл без умолку твердить,

Что это надо сделать, если к делу

Есть воля, сила, право и предлог?

Нелепость эту только оттеняет

Все, что ни встречу. Например, ряды

Такого ополченья под командой

Решительного принца, гордеца

До кончиков ногтей. В мечтах о славе

Он рвется к сече, смерти и судьбе

И жизнью рад пожертвовать, а дело

Не стоит выеденного яйца.

Но тот-то и велик, кто без причины

Не ступит шага, если ж в деле честь,

Подымет спор из-за пучка соломы.

 

Әкесі мен анасы сатқындық жасап, әкесінен айрылып, өзегін өрт шалған Гамлеттің адам баласы туралы ойлары қап-қара, қасіретке толы. Жас адамның өмір туралы ойларының осыншалық кірленуі заңды. Ең жақын адамдарының сатқындығы жүрегін жаралаған жас үшін өмірде еш қасиет, еш кие, еш мән қалмады. Өмір дегеніміз таңдаулардан тұрады дегенмен де, Гамлет таңдауы таусылғандай. Әкесінің өліміне қатысып, түк болмағандай немере ағасына шыққан ананың сатқындығы бәрінен де ауыр, бәрінен де қасіретті. «Болу ма әлде болмай жоққа айналу ма?» деген сұрақ Гамлет трагедиясының басты сауалы етіп шығарып, кейіпкерін Абайдың да, Шекспирдің де адамдыққа қойған талабы ар-намысты бәрінен биік қойып, адамдықтың негізгі өлшемі осы ар, намыс, ұждан деген қасиеттермен өлшейді. Жаратушының адамды жаратудағы мақсатының жарқын екеніне екеуі де сенімді, ал бірақ адамдар неге сол Жаратушының жаратқан болмысына сай емес? «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген Абайдың тұжырымы Шекспирдің Гамлеттің адам сүю проблемасының негізінде жатыр. Әкесінің рухымен сөйлесіп, шындықты білген дат ханзадасы кек алудың жалғыз жол екенін біліп тұрса да, ұзақ толғанып, терең күйзеліске түседі. Анасы мен ағасын жамандыққа қимайын десе әкесінің сөзі бар. Соңында бәрібір залым ағасының құрған торына түсіп құрбан болады. Оны көбі әлсіз кейіпкерге жатқызуы да мүмкін. Бірақ оның бойындағы адамдық пен мейірім оның мықты екенін көрсетеді. Таза жүрекке залымдықтың уы бойлай алмайды. Шекспир шығармаларының шынайылығы адам болмысын терең танып, оның жан дүниесінің сырларының бар қыртыстарын аша білуінде. Адамның жаралу мақсаты ізгілік бола тұра неге оның жануарлар сияқты шектеліп, тек нәпсінің құлы болып кететіне, бойындағы ізгі рухты жоқ етіп, тек тәннің қамын күйіттейтініне налиды. «Сведи к необходимостям всю жизнь, И человек сравняется с животным,» - деп адам әдсіздігін дәл табады. Шынында бәрінен айрылған адам үміт пен сенімнен айрылып тәні өлмегенмен жаны өліп, рухы сөніп тірі өлікке айналады. Бұл туралы Абай мына бір қара сөзінде былайша түйіндейді: «Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды?»

 

Гамлет - осы сұрағы мен осы болмысымен адамзаттың көркемдік кеңістігіндегі ең ұлы, ең ізгі бейне болып қалады. Ұлы бейнелер төңірегінде дау бітпейді, сауалға айқын жауап табылмайды. Гамлет те қарама-қайшылығы көп, күрделі кейіпкер. Ол туралы дау неше ғасыр өтсе де толастар емес. Шекспир мен Абай шығармаларынан адамның жақсы - жаман, жағымды -жағымсыз, сұлу - жексұрын, ізгі - зұлым, арлы - арсыз, ойлы - ойсыз екі шекараның арасындағы бүкіл болмысы соншалықты шынайы көрініп, әрі терең ашылады. Абай өлеңдерінің мазмұнында прозалық, драмалық сипат басым. Сондықтан оны нәзік лирик емес, сыншыл реалист ретінде танимыз. Шығармалары қазақ қоғамының түрлі әлеуметтік, адами қатынастары мен оның субьектілерінің сан алуан болмысын жасауда көрінеді. Шекспир драмада, Толстой прозада, Абай поэзияда адамтанудың биігіне шыққан қаламгерлер. Шекспир нақты іс-әрекеттер үстінде ойын арқылы танытса, Абай поэзияға тән әдіс-тәсілдер арқылы сипаттау және психологиялық портреттерін жасауды мақсат етеді. Ол поэзия жанрына проза жанрының әлеуметтік салмағын, психологиялық түйсігі мен философиялық танымын, көркемдік биігін артады. Сондықтан Абай поэзиясының жан-жақтылығы мен көпқырлылығы өзіне әлі күнге ешкімді ұқсатпай, ешкімді жеткізбей тұр. Оның пейзаждық лирикаларының өзінің әлеуметтік маңызы зор. Күзді суреттеуде әлеуметтік топтардың ерекшелігі басты назарда болса, қысты сипаттаған өлеңінде психологиялық арқау маңызды болған. Махаббат лирикасында жастардың эмоциясына қоса олардың психологиялық күйлеріне басымдық береді. Ақындарға жас адам бойындағы махаббат пен құмарлықты бірінші жақта өз сезінуі арқылы жеткізутән болса, Абай жастардың монологын сәтті қолданады. Тіпті Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы хат арқылы болған диалогты аударуында да Абайдың осы драма жүйесіне деген қызығушылығы байқалады. Егер ақын өмір сүрген кезеңде драма жанры қалыптасқан болса, Абайдың осы жанрда да сәтті шығармалар жазарына күмәнім жоқ.

 

«Бөтен елде бар болса» атты ел аузына іліге бермейтін Абай өлеңі ерекше өлең. Адамдар арасындағы қатынастың түрлі психологиялық сипаты шынайы көрінген драматизмге толы шығарма. Динамикасы серпінді, эмоциялық сілкінісі аса ширыққан өлеңнің Абайдың өз басына да қатысы болуы мүмкін деген ой туды. Өйткені адам өз жүрегінен өткізіп, сол жайлар қатысқандай аса эмоционалдық- экспрессивтік реңкте жазады. Бұл өлеңнен Шекспир драмасы кейіпкерлерінің бірін ғана емес бірнешеуін табуға болады. Мысалы мына төмендегі жолдарда «Отелло» трагедиясындағы негізгі кейіпкер, бүкіл драманың, Отелло мен Дездемона тағдырында шешуші роль атқарған Ягоның бейнесін айнытпай көрсетеді:

 

Желіккен жауға кез болса,

Араздығы сөз болса,

«Бәрекелді батыр» деп

«Мықты боп бара жатыр» деп,

Ескі досын көргенде

Есебі жоқ ант ішіп,

Аруақ, құдай айтысып,

Сыр алғалы айттым деп,

Жауыңды алдап қайттым деп

Құдайдан қорықпай антұрған

Иманжүзді тоздырар.

Келіп-кетіп көп жүріп,

Дұспандығын оздырар.

Алдайды деп жауыңа,

Ел тарттырмай бауырыңа

Көрінгенді азғырар.

 

Осындай аярлық пен екіжүзділік Ягоға ғана емес, «Король Лир» трагедиясындағы Лирдің үлкен қыздары мен «Макбет» трагедиясындағы Макбетке тән қасиеттер. Италия ақыны Дантенің «Құдіретті комедиясында» тамұқтың ең төменгі сатысында екіжүзділерді қояды, яғни екіжүзділік пен аярлықты ең ауыр күнә деп табады. Бұл қасиеттер Шекспир драмаларының негізгі мотивтері. «Гамлет» драмасындағы Гамлет өзінің ең жақын адамы анасы мен оның немере ағасының әкесін қастандықпен өлтіргенін білгенде адамдар аярлығының шексіздігіне көз жеткізіп, оны жазалауды шешеді. Отелло драмасындағы бүкіл әлемге бой бермеген Отелло мен Дездемонаның махаббаты аяр, залым Ягоның зұлымдығына төтеп бере алмай, олардың трагедиясымен бітеді. Қай кезең, қай қоғам, қай бір патша болмасын осындай екіжүзділіктің, аярлықтың алдында әлсіз болғандығын тарих талай рет дәлелдеген. Аярлардың негізгі қаруы жылы сөз бен жалған мақтау екендігін алыптардың шығармаларында жеткізіп-ақ айтады. Абай шығармаларында мақтан, мақтану, мақтаншақ, мақтаншақтық деген бір ұғымды түрлі контексте зерделейді. «Не іздейсің көңілім, не іздейсің» атты өлеңде мақтаудың екінші жағы сөгумен қатар жүретіндігін меңзейді:

 

Мақтау – жел сөз жанға қас

Қошеметшіл шығарған.

Бір мақтаса боқтамас,

Ел табылса құмарлан.

 

Мақтағанға сену адамның әлсіздігі. Бүгін аспанға көтерген жұрт, ертең жерге ұруы да мүмкін. Сондықтан Абай өлеңдерінде «Мақтағанға сенбе, мақтауды іздеме» деген қарапайым да, қасиетті өсиет бар. Ал қара сөздерінде бұл қағида терең талдауға ұласады. Ақынның жиырма бірінші қара сөзінде осы мақтан ұғымының мәні терең ашыла түседі. «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы - қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік - адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді - осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез - ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады.» Мақтан сөз бен жылы сөз кім-кімді де ерітпей, сендірмей, елітпей қоймайды. Шекспирдің де ерлігімен, даналығымен елді аузына қаратқан патшасы да, қолбасшысы да, аруы да бәрі осы бір қақпанға түсіп, соңы үлкен трагедияға соқтырады. Оған драматургтың кез-келген трагедиясынан мысал алуға болады. Оның ең бір жарқын үлгісі - король Лирдің тағдыры.

 

Корделия: Тақсыр ием, өзіңізсіз жарық дүниеге жаратқан,

Асырадыңыз, бақтыңыз-қақтыңыз.

Сыйға - сый, сыраға - балды білем мен де,

Қадір тұтып басыңызды,

Орындаймын сөзіңізді екі етпей.

Ал, мына екі апамның

Болса рас айтқандары,

Бұл дүниеде екеуі де

Бір сізді ғана сүйеді екен, -

Ендеше күйеуге неге тиеді екен?!

Мен олардай өз әкемді

Өліп-өшіп сүю үшін

Кіре алмаймын жат құшаққа.

Ерге шықсам, оны-дағы

Жан-тәніммен сүйем рас.

Сондықтан да, жарық жалғанда

Жалғыз сізді

Жақсы көрем деуге болмас.

Лир. Құдай ақы шын сөзің бе бұл, қызым?

Корделия. Иә, милорд.

Лир. Жас басыңмен, тап осынша тас жүрек пе ең?!

Корделия. Жалтара сөйлеген жараса ма екен жастыққа!

Лир. Жараспаса, жалаң шындық - жасауың!

 

Өзге екі әпкесіндей әкесін мақтап, жылы, әдемі сөзді келістіре айта алмаған Корделиядан безіп, қуып шыққан тасжүрек, даңғой, аңқау, сенгіш әкенің қайғылы тағдыры Абай өлеңдері мен қарасөздеріндегі ақиқат шындықты адам тағдыры мен шешімі тұрғысынан бейнеленеді. Жүрек түкпіріндегі махаббатты сөзден емес, көзден, жүректен танып білу де көрегендік. Әлемді билеген қаншама зор патшалар да сөзге келгенде ақиқаттан адасып қалатындығын тарих талай дәлелдеді. Сезім мәселесінде тілдің емес жүректің сезімталдығы, сананың көрегендігі, көңілдің жомарттығы қажет. Қызын сонша сүйген әкенің оның шынайы ойынан шошып, бойын аулақ салуы Лирдің сезімінің таяздығын, жүрегінің қатыгездігі мен ақылының келтелігін дәлелдесе керек. Сондықтан шығарманың алғашқы актілерінен-ақ король тағдырының басқаша шешімін көру мүмкін емес. Қанша патша, қанша шешен, қанша көсем болса да осы мақтанның Абай көрсеткен бірінші түрін қабылдау шын даналық пен көрегендік, биік парасатты, кемел ақылды танытса керек. Бұл биікті Абайдың өзі нұсқап қоймай, оның өлшемін, оның мәнін өзі айқындап берді. Өз шығармаларына сын көзбен қарап, өз бойына жетпей жатқанды шығармаларында анық айтып, еш сырын жасырмаған адал ақын Абай күлкі, мақтан, дүние сынды адамзатты сынайтын алдамшы дүниелерді, тұрлаусыз сағымдарды ой-тұжырым ретінде түйіп, адамзатқа түсіндірсе, Шекспир оны Еуропалық жүйеде еуропа оқырмандары қабылдайтын, түсінетін жанрда ұғындырды. «Болыс болдым мінеки», «Сабырсыз, арсыз еріншек» атты Абай өлеңдерінің сатиралық сипаты ликиралық кейіпкердің жан дүниесіндегі, мінез – болмысындағы әлсіздік Шекспирдің король Лир мен Отелло, Кассио сияқты кейіпкерлеріне тән. Адамның теріс мінездерін сомдауда сатираның мүмкіндігі мол, тілі улы, қарымы мықты. Абай шығармаларының драматизмі, әлеуметтік–психологолиялық жүгі олардың сатиралық сипатынан айқын сезіледі. Монолог пен диалог негізінен драмалық шығармалардың категориясы дегенмен Абай шығармаларында кеңінен қолданылғаны оның поэзиясының ішкі болмысының поэзия шегінен асырып, драма мен прозаға жақындатады. Абай өлеңдерінің көркемдік әдістер мен стильдік жүйесі тұрғысынан Шекспир принциптерімен сабақтасады. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі - надандық, екіншісі - еріншектік, үшінші - залымдық деп білесің.» «Залымдық - адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады.» «Қиянат - хақиқат пен растықтың дұшпаны.» Ал залымдық Гамлеттің түбіне жетіп, Лирді далада қаңғыртып, көзін қанды жасқа, аузын ащы зарға толтырып, Отелло мен Дездемона сынды ғашықтарды айырып, сертін бұзып, жүректерін қасірет тұңғиығына тұншықтырып, Макбетті жолдан тайдырып, есінен айырып, Ромео мен Джульетта сияқты кіршіксіз, жазықсыз жасты өлімнің тырнағына байлап берген, Шекспир трагедияларының өзегі болған, адамзаттың санасы мен болмыс бітімінің ізгілік пен зұлымдық сынды екі шегіне қамтып, шығармасына сыйдыра білген алып тұлға, адамзат трагедиясының бірегей суреткері Шекспир драмаларының лейтмотиві. Зұлымдық мәселесін адамзат қоғамының негізгі категориясы ретінде алға шығару суреткерлер танымының бірлігі, көзқарастың жақындығы, шығармашылық сабақтастықтың үлкен арнасы.

 

Өмірдің өтуі, уақыттың тұрақсыздығы әлемнің бар әдебиетінде өте көп жырланатын тақырып. Екі ұлы ақынның да шығармашылығынан бұл тақырыптың орын алуы заңды. Адамзаттың әрбірін толғантып, ойландырып, қам жегізетін бұл өлеңдердің мұң мен терең ой, философиялық лебі күшті.

 

Есіңде бар ма жас күнің,

Кімді көрсең - бәрі дос.

Махаббат, қызық, мал мен бақ,

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма сондай қызық шақ?

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?!

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар.

Жалынасың, боқтайсың,

Сағынасың, жоқтайсың

Махаббат кетті, дос кетті, -

Жете алмайсың, тоқтайсың.

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, сабыр қылайын

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап сынайын.

 

Абайды жастықтың аппақ көңілі, тап-таза ниеті, мөлдір сезімі уақытпен бірге сырғып өткені қинайды. Махаббат пен достық сияқты асыл сезімдер қайта айналып келмес сағымға айналды. Ақын жылайды, ашынады, ызаланады. Уақыт деген қатыгез үдерістің жылатпаған пендесі болмайды-ау. Ұлы драматург ақын ойына ой қосып, қимастық сезімін былайша бөліседі. Шекспир үшін бәрінен қорқынышты уақыт өтуімен адамзаттың өлімге жақындай түсетіні. Оның жанының жұбанышы өның ойы мен сезімінің тынысын танытушы – күнделігі, яғни өлеңдері. Шығармашыл тұлға үшін бар тірлігінің мәні туындылары. Бұл тұста Абай да «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» - деп ойға ой қосады. Даналардың шығармашылықты адамзатқа мәңгілік рухани ескерткіш, рухани мұра етіп қалдыру мақсаты мен ниеті олардың ақындықты, творчествоны үлкен жауапкершілік деп ұғуымен киелі. Абай өлеңінің эмоционалдық –экспрессивтік сипаты Шекспир өлеңінен басымдығы айқын.

 

Уақыт нәзік шеберлікпен ұрланып,

Ғажайып бір думан жасап тұрды анық.

Көңілімізді көншіткеннің әммесін,

Уақыт өзі алып қашар зыр қағып.

Кідіріссіз саған күндер селі кеп,

Суық қысқа сұлу жазды телімек.

Жапырақ жоқ ағаштарда нәр тоңып,

Ақ жамылған әлі жерді көріп ек.

Иісі аңқып раушан гүлдің арайлы,

Жазды еске сап өтіп кеткен талайғы.

Ұшпа-тұтқын мынау ызғар, аязда,

Түрме-әйнектен жазды еске сап қарайды.

Гүл реңін жоғалтыпты баяғы,

Сұлулықтың жанын бірақ жаяды.

 

Абай мен Шекспирде тек ой мен идея, мазмұн мен дүниетаным сабақтастығы ғана емес сөз оралымдары да дәл келетін мысалдар да баршылық. «От бед спасает только осторожность,» - деген Шекспир сөзі Абай поэзиясында былайша өрнектеледі: «Абайлап жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға», ал бәрінен де таңқалдырғаны единица ұғымының өте сәйкес келуі Абай Шекспирді оқығандай әсер қалдырады. «Король Лир» трагедиясында жалғыз қалып бейшара күйге түскен Лирге оның жанындағы сайқымазақ : «А теперь ты - нуль без цифры. Я лучше тебя теперь: я - шут, а ты - ничто,»- деп шындықты айтып, әжуәласа, Абай өлеңінде ол ел туралы үлкен ойға ұласады: «Единица – жақсысы, ерген елі бейне нөл, Единица болмаса, не болады өңкей нөл?». Единица деген ұғым екі ғұламаның танымында жай ғана бірлік емес, адамның жеке тұлғалық меніне айналады.

 

Қорыта айтқанда, Абайдың шығармалары әлемдік асыл сөз өнерінің шыңындағы ойлылармен ой мен таным, сұлулық пен суреткерлік жүйесінде деңгейлес. Ағылшын ақыны, драматургы Шекспир мен Абай шығармалары адамзатты тану мен оны ізгілік пен адамдыққа бағыттауда үндес. Сондықтан екеуі де ұлт шеңберінен асып, әлемдік көркемсөз биігінде қатарлас тұрған тұлғалар. Шекспир әлемде мойындалған тұлға. Ал Абай саяси себептерге байланысты қазақ ауылынан алыс кете алмай жүрген ақыл-ойдың алыбы. Түрлі ғасырлар мен алыс қашықтық, мәдениеттердің өзгешелігіне, ұлттық болмыстың бөлектігіне қарамай олардың арасын жалғайтын жақындық идеялық, танымдық, ой мен ниет үндестігі, өнерге деген құрмет пен асыл сөзге деген адалдық, адамзат алдындағы үлкен жауапкершілік. Шекспир адамның теріс іс-әрекетін көрсету арқылы жаманнан жирендірсе, Абай адамның мінін айтып, қоғамды сынау арқылы адамды түзетпек ниетін көрсетеді. Екеуі де көркемөнер мен әдебиеттің мүддесіне адал, оқырманға берілген, адамды сүйетін үлкен жүректі, адал ниетті асыл сөздің заңғар шыңдары.

 

 

Үсен Айгүл Әбдімүтәліпқызы, филология ғылымдарының докторы,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Abai.kz

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста