550 жылдықта ханның басы қайта ма?
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Кенесары ханның бас сүйегі елге қайтарылу ісін жүйелі түрде қолға алуымыз қажет. Бұл туралы «Хан Кенені қайтарамыз!» қозғалысының үйлестірушісі Нұрлан Әміреқұлов айтты.
Бұған дейін қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегін Ресейден қайтарып алу мәселесі талай көтерілген болатын. Тіпті, «Кенесары ханды қайтарамыз!» қозғалысының белсенділері Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге ресми түрде екі рет петиция жолдаған-ды. Енді Қазақ хандығының 550 жылдығына орай үшінші мәрте петиция жолданбақ.
"Елінің тәуелсіздігін сақтау жолында Ұлт-азаттық көтеріліс жасап, қасық қаны қалғанша күрескен Кенесары ханның бас сүйегін туған жеріне әкеліп, арулап жерлеу - әрбір қазақтың қасиетті парызы. Сол парызды орындау үшін Ресей заңына сәйкес 1 миллион адамның қолын жинау қажет екен. Ресей Президенті сонда ғана бұл мәселені ресми түрде шешуге келісім береді."- деді Нұрлан Әміреқұлов.
«Хан Кенені қайтарамыз!» қозғалысының үйлестірушісінің айтуынша, қазір Кенесарының қасиетті басын елге қайтаруды қолдап қол қойған 100 мың адам бар.
"Кенесары - қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға. Қазақ халқында «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген сөз бар. Біз сол қазақ тәуелсіздігі жолында шейіт болған бабаларымызды құрметтеуге, қастерлеуге тиіспіз. Ол үшін біріншіден Хан Кененің қасиетті басын қайтарып алу ісі толықтай елдің арманы мен ұлттың мақсат-мұратына айналуы керек. Екіншіден, мұндай мәселе қоғам тарапынан қолдауға ие болып, Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің арасындағы саяси дипломатия шеңберінде шешілгені дұрыс. Үшіншіден, Хан Кененің Қырғызстанда жерленген мүрдесін табу аса қиын шаруа. Ол сүйек табылмауы да мүмкін. Сондықтан да заңды жолмен Ресейдегі бас сүйекті елге әкелудің жолдарын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында халық болып жүзеге асыруымыз керек",- деді ол.
Сондай-ақ Нұрлан Әміреқұлов іргедегі Ресей билігі Ақ Патшаның сүйегін тауып арулап жерлегенін, оған арнап еңселі ескерткіш қойғанын тілге тиек етті.
"Ресей тіпті, Колчактың өзіне құрмет көрсетіп жатыр. Біз солардан үлгі алып, Кенесарының әруағына тағзым жасап, оның мүрдесін табуға тиіспіз. Себебі Кенесары - қазақтың соңғы ханы. Оның бас сүйегінің жоғалуы - Қазақ хандығының жоғалуы. Оның бас сүйегінің елге келуі 550 жылдық тарихы бар Қазақ хандығының өміршеңдігін көрсетеді", - дейді Н.Әміреқұлов.
Мамандар Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында тек Кенесары ханның басын елге қайтарумен ғана шектеліп қалмау қажеттілігін айтады. Олар Ресей Федерациясының басшыларынан Патша өкіметі және Кеңестер Одағы тұсында Қазақ елінен алынған басқа да мәдени-тарихи жәдігерлерімізді қайтаруды талап ету қажет деген пікірде.
«Кенесары хан» қоғамдық қорының директоры Мұхтархан Абаған бір сөзінде: "Кенесарының басын іздейтін түрлі ұйымдардың, зиялылардың, ғалымдардың басы бір арнаға тоғыса қойған жоқ. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін алдымен өзіміз бір жағадан бас шығарып алуымыз керек. Бұл бір. Менің айтқым келетін екінші мәселе «Кенесарының басын әкелуге миллион адам жинау керек» деп жұмысты біржақты ғана жүргізуге болмайды. Осы бағытта түрлі ғылыми конференциялар ұйымдастырып, қолдан келетін шаруаларды атқара берген жөн. Мысалы, Кенесарының атына қазақтың барлық қаласынан көше беру мәселесін қолға алатын кез келді. Мәселен, Алматыдағы Фурманов көшесін Кенесарының атына беруге болады. Өйткені Кенесары сондай құрметтеуге лайық тұлға", деген болатын.
Кенесары қазақ тәуелсіздігін сақтауды мақсат етті. Тарихшылар оның отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастамағанын дәлелдеді. Ол бірнеше мәрте дипломатиялық қадамдар жасап, І Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдап, тиісті талаптарын қойған.