"Әлем Барысы": не ұттық, неден тұтылдық?

"Әлем Барысы": не ұттық, неден тұтылдық?

Осыдан бірер күн бұрын Павлодарда қазақ күресінен алғаш рет "Әлем Барысы" халықаралық турнирі өткенін білесіздер. Сонда бас бәйгені шетелдік балуанның еншілеп кеткеніне "намыстанып" жүрген жанкүйерлер де бар сияқты, деп жазады "Алаш айнасы".

Бас бәйгенің шет елге кеткені ұят ба, әлде дұрыс па?
Алғаш рет өткізілген "Әлем Барысы" халықаралық турнирінде шетелдік балуанның, оның ішінде дзюдо өкілінің жеңімпаз атанғаны қазақ күресіне баға жетпес жарнама және насихат деп түсінген дұрыс болар.
Ал "бас бәйгені біздің балуандарымыздың бәрін оңды-солды лақтырып, шетелдік спортшы әкетті" деп байбалам салудың қажеті жоқ секілді. Егер "ұлттық күресімізді халықаралық аренаға шығарамыз, бірінші кезекте Азия ойындарының бағдарламсына енгіземіз" десек, онда шетелдіктердің жеңіске жеткеніне күйзелуге болмайтын шығар. Керісінше, олардың қызығушылықтарын арттыра түсеніміз дұрыс емес пе?!
"Күш атасын танымас" дейді қазақ. Иә, жеңіс қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін жақсырақ білетін өз балуандарымыздың біріне емес, сонау Бостандық аралынан келген Куба қабыланына бұйырды. Өзі де нағыз қара күштің иесі екен. Көбінесе білегінің күшімен жеңіске жетіп отырды. Дзюдодан сіңірген техникалық шеберлігін де жоққа шығара алмаймыз. Ширек финалда тек Асыл Бәрменовті салмағының ауырлылығымен, денесінің етженділігімен, бойының биіктігімен алды.

Дзюдо жұлдызы Тедди Ринер келсе ше?
Бір байқағанымыз, "Әлем Барысында" дзюдо мен самбодан ерен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген балуандар ерекше көзге түсті. Бас бәйгені Куба қабыланы, дзюдодан 2008 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2009 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Оскар Рене Брайсон Видаль жеңіп алды. Ресей самбошысы Максим Ширяев үшінші орынға ие болды. Бесінші орынды олжалаған тәжік Дадахан Құрбанәлиев те – самбошы (самбодан 2013 жылы Азия чемпионатында жүлдеге іліккен). Алтыншы орынды иеленген Нидерланды балуаны Даниэль Бернардус Герардус – дзюдошы. Бірақ қазақ күресінен халықаралық біріншіліктерде белдесіп жүргеніне біраз уақыт болып қалды. Боз кілемдегі өнерлерімен көпшілік сүйіспеншілігіне бөленіп, көрермендер көзайымына айналған чех Лукаш Крпалек пен поляк Мацей Сарнацки – екеуі де дзюдошы.
Бұл қазақ күресі, дзюдо және самбоның бір-біріне ұқсас екендігін білдіретіндей. Әйтеуір осы күрес түрлеріндегі балуандар біреуінен екіншісіне тез бейімделіп кете алады.
Бірақ биылғы "Әлем Барысына" дзюдо мен самбоның жарық жұлдыздары, ең ауыр салмақтағы теңдессіз чемпиондары келген жоқ. Егер қазақ күресінен боз кілемге дзюдоның жарық жұлдызы, 100 келіден жоғары ең ауыр салмақтағы Лондон Олимпиадасының чемпионы, сегіз дүркін әлем чемпионы Тедди Ринер шықса ше?! Осы ретте айта кетейік, Франция қарамаржанының салмағы – 125 келі, бойы – 205 см.
Сондай-ақ дзюдодағы ең ауыр салмақта Рафаэль Сильва (Бразилия) және Андреас Тольцер (Германия) сынды әйгілі балуандар бар. Павлодарда қазақ күресінен қарсылас шақ келтірмеген Куба дзюдошысы Видаль Брайсоннан да қарымды, осындай дзюдо саңлақтары келсе ше?! Онді біздің балуандар жүлдеге де іліге алмайтын шығар...

Балуандарымыз ысылып, намысқа жүгінулері керек
Сонда не, "балуандарымыз шетелдік тарланбоздарға төтеп бере алмайды" деп ұлттық күресімізді одан әрі "жасырып", халықаралық аренаға шығармай "тұншықтырып", жүре беруіміз керек пе? Бұл тек қазақ балуандарының ел ішіндегі белдесулерде жеңіске жетіп, темір тұлпар мінетін ғана өнері болып қала беруі керек пе?!
Керісінше, намысқа жүгіну керек сияқты. "Ерке" балуандарымыздың шеберліктерін арттырып, шапшаңырақ қимылдауға тырысқандары жөн сияқты. Өкінішке қарай, қазақ күресіндегі біздің алып балуандарымыздың кейбіреулері негізінен салмақ қосуға ден қойып кеткендей де. Бірақ салмақтары ауырлаған сайын қимылдары баяулап, тез алқынып қалатын сияқты...
Олар боз кілемде лыпылдап тұрса, қанеки? Сондай-ақ шығысқазақстандық Мұхит Тұрсынов бар. Сыр бойының саңлағы Айбек Серікбаев әлі де өсіп, жетіле түсер. Яғни балуандарымыз жоқ емес. Тек халықаралық аренада жеңістің оңайлықпен келмейтінідігін жете түсініп, халық және ел алдындағы жауапкершілік жүгінің мейілінше арта түскендігін сезіне білсе дейміз.

Максим Раков "Қазақстан Барысы" бола алар ма еді?
Айтпақшы, жақында Оңтүстік Кореяның Инхон қаласында бір қызықты белдесудің куәсі болдық. Дзюдодан командалық сынның жартылай финалында біздің Максим Раков пен өзбек Абдулло Тангриев күресті. Шектен тыс шиеленісті белдесуде Раков жеңіске жетті. Максимнің салмағы – 100 келі. Ал Абдулло – 130 келіге жуық. Ол дзюдо мен кураштан – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Екеуінен де әлем чемпионы. Дзюдодан тіпті Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған. Раков осындай тәжірибелі және алып балуаннан басым түсті.
Сонда, дәл қазір Раковты "Қазақстан Барысы" турнирінде белдестіріп көрер ма еді деп, сүйсінген едік. Бірақ Раков қазақ күресіне ауыса қоймас. Ауысқанын да қаламаймыз. Себебі алда – Рио Олимпиадасы. Қазақ спорты үшін Оның Олимпиада ойындарында ел қоржынына жүлде салғаны маңызды.

Қазақ күресінің философиясына терең бойлай түсуіміз керек
Қазақта "көш жүре түзеледі" деген мәтел бар. Ұлттық күресіміз де уақыт көшімен бірге жетіле түседі деп үміттенеміз. Бұлай дейтін себебіміз, балуандарымыз қазақ күресінің барлық әдіс-тәсілдерін меңгеріп, бәрін толық қамтымаған секілді. Өйткені көне көз үлкен буынның "жұлқа тарту, іштен орау, қырқа шалу, шиіру, тірсек пен тобықтан қағу, қапсыра құшақтау әдістері қайда, оларды неге қолданбайды" дегендерін аракідік естіп қалып жүрміз.
Яғни әдіс-тәсілдері шексіз ұлттық күресімізді әлі де зерттей түсу керек шығар. Тарих қойнаулары мен шежіре қатпарларында қалып қойып, бізге жетпей жатқан қыр-сыры да жоқ емес шығар.
Ең бастысы, "сең" қозғалды, қазақ күресі халықаралық аренаға жол тартты. Ендеше, тек алға, қазақтың ұлттық күресі!

Нұрғазы Сасаев

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста